Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4045 8 пікір 13 Қыркүйек, 2022 сағат 12:17

Салафилер Рух-әруаққа шабуылдауда...

Рух-әруақтың адам болмысындағы ролі қандай?

Соңғы кезде елімізде Рух-әруаққа қарсы шабуыл қайтадан жилеп кетті. Мақсаттары қалайда халықтың Рухқа-әруаққа деген сенімін жоққа шығарып, қазақты дәстүрлі діни таным негіздерінен  айыру. Ол мақсатқа жету үшін олар неше түрлі айла-шарғыларға барып, түрлі амал-әрекеттерін жасауда. Солардың бірі  Жарқын Мырзатай деген «белсенді» әулиелердің басына барып, оларда ешқандай қасиеттің жоқтығын дәлелдеуге күш салып жүр. Егерде уаххабилік-салафилік бағыт өкілдерінің бұл әрекеттеріне жауап бермей, мәселені жылы жауып қоя салсақ,  онда олардың тасы өрге домалары анық. Сондықтан бұл мәселеге өзіміздің қал-қадарымызша жауап бергенді жөн санадық.

Қазіргі күні адам баласы дін мен шариғаттың арасында қандай айырмашылық барын ажыратудан қалды. Шариғат амалдарын жасаса болды, діннің негізгі талаптарын орындадым. Мен енді Алланың алдында ешқандай борышым жоқ деп есептейді де, тек өзін ғана мұсылман санап, өзгелерді кәпір ретінде бағалайды. Ал, мұндай таным түсінік Алланың алдында қабыл ма? Қабыл емес пе? Одан хабары жоқ. Өйткені, қазіргі дінге қатысты көпшілік санасында қалыптасқан таным-түсінік осындай. Ал, бұл қазіргі өзін мұсылман санайтын адамдардың адам болмысындағы дін мен шариғаттың арасында үлкен айырмашылық барлығынан хабарсыздығы десек артық айтқандық емес. Сондықтан дін дегеніміз не? Шариғат дегеніміз не? Олардың арасында қандай айырмашылықтар бар? Ол айырмашылықтардың шығу себебі не?- деген сұрақтарға жауап берілуі тиіс. Осы сұрақтарға жауап ала алған адам ғана ақ пен қараны ажырата алатын деңгейге көтеріледі. Болмаса, адасқан күйі адасып кете бермек. Ол үшін адам деген қандай жаратылыс және ол қандай бөліктерден тұрады? -деген сұрақтарға жауап берілуі керек.

Адам негізгі үш бөліктен тұрады: тән, Рух, сана. Осы үш бөліктің арасындағы арақатынас адам болмысы қалай болып қалыптасатынын анықтайды.

Біріншісі – тән. Тәңір тағала адамның тәнін жаратқанда Періштелерді шақырып алып, «Мен қазір мына қуыршаққа өз рухымнан үрлеймін. Сол кезде сендер  адамға сәжде жасайсыңдар деп бұйырған болатын. Періштелер барлығы келісіп, мойынұсынды. Тек, шайтан лағин ғана сәжда жасаудан бас тартып, пейіштен қуылды. Тәңір Тағала Адамға демді үрлесімен Адам орнынан «Алхамду Лилла, Астағфирулла» деп орнынан атып тұрды. Періштелер Адамға сәжде жасады. Алғашқы адам осылай жаратылды. Адамға Рухты үрлеуімен тәнге айналған қуыршақ топырақтан жасалған болатын. Және ол тән сол топырақта өскен нығметтермен қоректенеді. Нанын, етін, бүкіл жеміс-жидегін жейді, суын ішеді. Солардың қуатымен өмір сүреді. Рухтан ажыраған кезде қайтадан сол топыраққа қайтады. Тәннің болмысы осы және ол адамның физикалық болмысының негізі болып табылады. Тәннің өмір сүруін қамтамасыз ететін заңдылықтар жүйесі – шариғат. Адам өміріндегі барлық қатынастар осы шариғат шеңберінде жүзеге асады және шариғат жолы көп. Жер бетінде қанша халық болса, сол халықтардың өмір сүретін табиғатына орайластырылған сонша шариғат береді. Ол туралы Құран Кәрімнің «Маида» сүесінің 48 аятында мынадай аят бар: «...Сендердің әрқайсыларыңа әр түрлі шариғат және жол-жоба белгіледік. Егер Алла қаласа, әлбетте барлығыңды бір үмбет қылып жасар еді, бірақ сендерге берген шариғат, жол-жобаларыңда сендерді сынау үшін (әр түрлі үмбет қылып жаратты)». Ал, Рухтың жөні бір басқа.  Рух – Алланың адам баласына берген аманаты. Сондықтан Рух қуатты өзінің негізі болып табылатын Тәңір Тағаланың Өзінен алады. Өйткені, Рухты тәнге Алла Тағаланың өзі үрледі. Ол туралы Құранның «Сад» сүресінде мынадай аяттар бар: «70-аят. Бірақ ашық ескертуші (пайғамбар) болғандығымнан ғана (бұл ілім) маған уахи етілді.» де. 71. Сол кезде Раббым періштелерге: «мен балшықтан бір адам жаратамын. 72. Оның жаратып (бейнесін келтіріп, дене мүшелеріне толықтап, кемелді адам етіп), оған рухымнан үрлеп, жан салған соң, барлығың оған сәжде қыласыңдар» деді. 72. Періштелер барлығы сәжде қылды.. 74. Тек, Ібіліс қана сәжде қылмай, тәкаппарлық істеп, кәпір болып кетті.» Бұл аяттардан басқа да Құранның басқа сүрелерінде Рух туралы аяттар бар. Демек, Рух Алланың адам баласына берген аманаты. Уақыты келгенде Рух қайтадан өзінің келген жағына оралады. Ол туралы Құранның «Бақара» сүресіндегі: «Мен Оныкімін және Оған қайта ораламын» деген аятпен бекітілген (2/156). Алла Тағала Өзінің мейір-махаббатынан тұратын дінді Рухқа бере отырып, оған Алла мен адам арасындағы байланыстың үзілмеуін Рухқа тапсырды. Ал сана болса, тән мен Рухтың арасындағы арасалмақты айқындап отыратын күш деп бағалауға болады. Егерде сана Рухқа қызмет етіп, адамдағы рухани байлықты көбейтуге жұмсайтын болса, онда адам болмысы рухани байлыққа кенеліп, Алланың мейір махаббатын өзі өмір сүретін ортаға қарай бағыттап, қоғамның рухани нұрлануына қызмет етеді. Егерде сана тәнге, адамның материалдық болмысына қызмет ететін болса, онда адамның материалдық жағдайы жақсарады. Бірақ, санасы материалдық болмыс жетегінде кеткен адам обал мен сауапты, жақсылық пен жамандықты ажыратудан қалып, қара басының қамы үшін барлық нәрсені құрбан етуге дайын болады. Мұндай жағдайда сана адам бойындағы шайтанға айналды. Адам мұндай жағдайға түспеуі үшін рухының мықты болмағы лазым. Егерде тәннің қажетін ауыздықтай алмайтын Рухты өлген рух деп есептейді. Осылай адам болмысындағы Рух пен тән-адамның материалдық болмысы арасындағы күрес адам болмысынның болшағын айқындайтын негізгі өлшемге айналады. Егерде адамның Рухы ізгі амал жолында күресіп, Алланың мейір махаббатын халыққа шашып, қоғамның нұрлануына ықпал еткен болса, ондай Рух мәңгілік өмірге жолдама алады. Ал, адамның тәні-материалдық болмысы басымдық алып, шайтанның жетегінде кететін болса, онда ондай адамның Рухы тәнмен бірге өліп, мәңгілік өмір сүру бақытынан айырлады.

Рух пен тән-материалдық болмыс арасындағы тайталас көбіне Рухтың жеңілісімен аяқталып отырды. Мұндай кезеңдерде адамзат қоғамы Алланың мейір махаббатынан ажырап, жабайылықпен өмір сүре бастайтын. Қазіргі тілмен айтсақ, сырты адам болғанымен ішкі болмысы мейір шапағаттан жұрдай биороботқа айналады. Сондықтан Жаратушы Құдірет адам баласы екі аяқты хайуанға айналып кетпесі үшін Алла мен адамзат қоғамы арасындағы байланысты жаңғыртып тұратын пайғамбарларды жіберіп отырды. Пайғамбарлардың соңы Мұхаммед (С.А.у) пайғамбар. Мұхаммед пайғамбардың (С.А.у) рухани қуаты 400 жылдан аса уақытқа жетті. Одан кейінгі кезеңде Алла мен адам арасындағы байланыс әлсірей бастады. Адам баласы материалдық құндылықтар жетегінде кетіп, адами болмыстан ажырап, рухани тоқырауға түсті. Егерде осындай кезеңде адам баласы Рухани әлеммен байланысты қайтадан қалпына келтірмесе, мұның соңы құрдым болар еді. Ол туралы кезінде бұл туралы Қожа Ахмет Йасауи бабамыз былай деген болатын:

Ей, достар, ақыр заман болды көргін,
Дінсіз, кәпір бұл әлемге толды көргін.
Хақ құлдығын қойып барша кәпір болды,
Соның үшін Қаһһар азап қылды көргін.

Ораза, намаз, иман Ислам қолдан кетті,
Күннен күн бетер деген хадис жетті.
Пайғамбар айтқандары келіп жетті.
Бұл дүниені қараңғылық басты көргін.

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,
Біліп тұрып, өздерін отқа атты.
Өзі қылмай халыққа ілім үйретті,
Дүние үшін исламды сатты көргін! (101-хикмет).

Демек, бұл Хикмет жолдары Қожа Ахмет Йасауидің дүниеге келуі жәй емес, сол кезеңдегі адамзат қоғамы мен Рухани әлем арасындағы байланыстың үзілген кезеңінде тарих сахнасына шығып, сол үзілген рухани байланысты қайта қалпына келтіру үшін дүниеге келгенін көрсетеді. Қожа Ахмет Йасауи Алла Тағала мен адам рухы арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтірді. Рухқа қатысты мәселелерді халық санасына құйды. Рухтың қайтадан Алла Әлемімен, Рухани әлеммен байланысу жолдарын көрсетіп берді. Қожа Ахмет Йасауидің осы еңбегінің арқасында адамзат басына сол кезеңде төніп тұрған ақыр заман апаты кері серпілді. Қожа Ахмет Йасауи Рухани әлеммен өзі байланысып қоймай, адамзат пен Рухани әлем арасындағы байланысты үзбей жалғап тұратын әулиелер мектебін қалыптастырды. Сол әулиелер мектебінің арқасында адамзат баласы осы күнге дейін өзінің өмір сүруін жалғастырып келе жатыр. Бұл айтылғандар Рухтың адам болмысында шешуші мәнге ие құдірет екендігін көрсетеді. Себебі, Рух тән сияқты топырақтан жаратылған жартылыс емес, Алланың адамға берген Өзінің аманаты. Олай болса, біз Рухты жаратылыс деп айта алмаймыз. Сондықтан Рух ешқашан Аллаға серік бола алмайды. Алла-Рух деп екеуінің арасына теңдік белгісін қоя аламыз. Сонымен бірге Рух жеті қабаттан тұрады. Бірінші қабаты – исму-л-йақин деп аталады. Бұл атау барлық жаратылыстарға берілетін атау. Екінші қабат – расму-л-йақин. Барлық жаратылыстардың суреті. Үшінші қабат – илму-л-йақин. Алла Тағала осы илму-л-йақин қабатын адамға беру арқылы адамды барлық жер бетіндегі жаратылысқа қожайын етті. Егерде кімде-кім Рухты Аллаға серік қосу деп, бас тартатын болса, онда ол адам адами болмыстан ажырап, хайуани болмыс деңгейіне түседі. Біз оның шындығында солай екенін уаххабилікті қабыл еткен жастарымыздан көріп жүрміз. Өзін ғана адам санап, өзгелерді көзге ілмейтін, өздерінің сенімінен сенімі басқаларды адам санамайтын, оларға қандай қианат болса да жасауға болады деп есептейтіндер Рухты Аллаға серік қосу деп санайтындар қатарынан шығады. Кезінде 1804 жылы уаххабилер Меккені басып алғанда қаланың тұрғындарына қандай зәбір көрсеткендігі, аяғы ауыр әйелдердің үшін жарып өлтіргендігі туралы деректер уаххабилер тарихын жазған тарихи кітаптарда баяндалған. Ал біздің заманымызда бұған Сирияға кетіп, сол жақтағы соғысқа қаысқандар мысалында айта аламыз. Сол жігіттер адамның басын кесіп, доп ретінде ойнағанын видеолардан көріп төбе шашымыз тік тұрған болатын. Сондықтан Рухты Аллаға серік қосу деп есептейтіндердің әр кезде қазақ қоғамы үшін қауіпті екенін айтып жатудың өзі артық және олар адами болмыстан ажырып, хайуани болмыс деңгейіне түсіп, қожайындарының ғана айтқанынмен жүретін биороботқа айналатынын дәлелдеудің қажеті жоқ.

Ендігі кезекте осы Рух-әруақтың қазақтың діни танымы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен қаншалықты орын алатынына тоқталайық. Мысалы, қазақтағы Рух-әруаққа қатысты салт-дәстүрдің бір парасы кісінің дүниеден өтуіне байланысты екенідгі белгілі. Кісісі қайтыс болған үй жетісін, қырқын, жүзін, жылын береді. Осы салт-дәстүрлер не үшін керек? Діни уағыз айтатын Арман Қуанышбаев сияқтылар «Жетісі, қырқы, жүзі, жылы дегендер Құранда жоқ, шариғатта жоқ. Сондықтан бұл бидғат,-деп бір-ақ кеседі.  Осыларды тыңдаған кезде өзіңе «біздің ата-бабамыз мұсылман болмаған ба?»-деген ой келеді. Шындығында солай ма? Жоқ. Шариғат шеңбері бойынша солай. Ал, біздің ата-бабаларымыз айн ал-йақин-тариқат деңгейінде өмір сүрген. Бұл қазақтың өмір сүру қабаты болғандықтан Рух-әруақтың қозғалысы мен қажетіне қарай өмір сүреміз. Мысалы, қайтыс болған кісінің жетісін беру не үшін қажет? Былай қарасаң бұл дәстүр шындығында түкке қажеті жоқ сияқты. Алайда, дүниеден өткен кісінің Рухының алғашқы қабаты тоғыз күнде өмір сүруін тоқтатады. Біз Рухтың ол қабатымен жетісін беріп қоштасамыз. Рухтың екінші қабаты қырық күнде кетеді. Біз онымен кісінің қырқын беріп қоштасамыз. Рухтың үшінші қабаты тоқсан күнде кетеді. Біз онымен жүзін беріп қоштасамыз. Қалған төрт қабат Рух бір жыл толғанда жер бетінен көтеріліп, Рухани әлемеге өтеді. Міне, осы Рух қозғалысының барлығы біздің салт-дәстүрімізден орын алған. Рухтың осындай қозғалыста болатынын қазіргі кванттық физика ғылымы толығымен дәлелдеп отыр. Рухтың тәннен ажыраған соң бір жылдан кейін жер бетінен толығымен көтерілетінін клиникалық өлімді басынан кешірген кісілердің басынан өткізген оқиғалары куә болады. Мысалы, досымның ұлы Батыс Қазақстан жақтың қызына үйленді. Бір жылдан кейін құдалыққа бардық. Келіннің нағашылары Саратов облысында тұрады екен. Оларға бардық. Сол жерде құдағидың ағасымен таныстық. Аңқылдап қалған, көңлінде зәредей арамдығы жоқ, нағыз қазақы жігіт екен. Тілінде қосатын орысшасы болмаса, нағыз қазақ. Сол жігіт біз кеткен соң бір жарым айдан кейін жол апатына ұшырап, клиникалық өлімді басынан кешіреді. Араға бір жыл салып, 2018 жылдың шілдесінде қасында 80 жастағы анасы мен құдағиымыз бар сол жігіт Түркістанға келді. Осы жолы өзінің бізге клиникалық өлім сәтінде басынан кешкендерін былайша баяндап беріп еді: «Мен қатарда тұрған сансыз адамдардың арасына келіп қосылдым. Адамдардың алдына қара сызық сызылған. Алдымызда екі үлкен қақпа тұрды. Бірінші қақпадан нұр шашып тұрды. Екінші қақпа қап-қара, қара түнек. Сол қақпадан бір екі кісі шығып, қатарда тұрғандарды бір-бірлеп қара қақпаға апарып, кіргізіп жатыр. Жас балалар ұшқан бойы келіп, нұр шашып тұрған қақпаға кіріп жатыр. Мен  танитын жан бар ма екен деп, жан-жағыма қарадым. Адамдар тобырының арасынан осыдан бір жылдай бұрын қайтыс болған өз аулымыздың бір кісісін көрдім. «Сен кеткелі бір жылдай болған жоқ па? Бұл жерде неғып тұрсың?- деп сұрадым. Ол маған «Бір жыл болмай арғы жаққа өткізбейді екен»-деп жауап берді. Менің сонда ойыма келді. Ее, бізде қайтқан кісінің жылын беретін себебі, осы екен ғой деп. Сол кезде нұр шашып тұрған қақпадан бір ақсақалды кісі шығып, «Әй, Қайырғали, сен үйіңе қайт. Керек кезде шақырып аламыз»-деп мені кері қайтарды. Сол кезде ол кісіні Әзірет Сұлтан деп ойладым. Менің Түркістанға зиаратқа келуімнің себебі осы»-деп, әңгімесін аяқтады. Бұл жігіт пен біздің арамыздағы әңгіме 2018 жылдың 6 шілдесінде болған еді. Келген күні жөн сұрасқаннан арығы бар алмадық. Өте әлсіз еді. Кешке досым отбасымен бірге ол кісілерді Арыстан бабқа алып кетті. Ертесіне кешке біз қонаққа шақырдық. Сол күні кешке  кешегі зорға сөйлеп отырған жігітті танымай қалдық. Кәдімгі сау адамдай әңгімеге толық арласып отырды. Арыстан бабқа, Қожа Ахмет Йасауи бабасына, Гауһар Анаға барып, құданың қандай өзгеріске түскенін байқадыңдар ма?- деп досым мен келіншегі күліп қойды. Құдағиымыз болса, Гауһар Ананың басына келіп, ағасының үстіне қайтіп су құйғанын айтып, күлдіріп алды. Әшейінде, өздігінен жүре алмайтын ағасының екі шелек суды алып, жүгіріп бара жатқанын көргенде, құлап қалама деп қорыққанын, жәрдем берейін деп, қасына жүгіріп жеткенде ағасының өзім деп, қолын қайтарып тастағанын баяндап берді. Біз бұл баяндалған оқиғадан қандай ғибрат ала аламыз? Біріншіден, қазақтың барлық Рухқа қатысты дәстүрлері жәйден-жәй пайда болмағандығын, бұл дәстүрлердің барлығы Рухтың қозғалысымен сабақтастықта қалыптасқандығын көрсетеді. Екіншіден, әулиелер мен Рухани әлем арасындағы байланыстың үзілмейтіндігіне, әулиелер  басындағы рухани қуаттың адамның рухани болмысына ізгі ықпалын тигізе алатындығына нақты дәлел. Сондықтан әулиелерді біздің рухани болмысымызды Рухани әлеммен байланыстырып тұратын Құдірет күші деп айтсақ болады. Құдайға шүкір, әлі күнге дейін қазақ жерін алып жатқан Әулилердің қуат-күші сарқылған жоқ және сол әулиелердің арқасында қазақ жерінің Рухани әлеммен  байланысы үзілген жоқ. Оған дәлелді ұзақтан іздеп қажеті жоқ. Қазіргі күні бүкіл жер бетін алып жатқан апаттардың Қазақстан мен Орта Азияны айналып өтуі сол әулиелердің шарапаты. Әйтпесе, Европадағы мың жыл бойы тартылмаған өзендердің тартылып, өзен табанынан «Бұл тасты тапсаңдар жылаңдар» деген сөздердің шығуы адамзат басына үлкен қатердің келгенін айғақтайтын дәлелдер емес пе? Мұндай апаттар дүниенің төрт бұрыш түгел шарпып жатқанын көріп отырмыз. Пәкістандағы болып жатқан су тасқаны салдарынан 1 млннан аса үйлердің қирауы, 33 млн адамның далада қалуы өздігінен болып жатқан жоқ. Одан Индия, Қытай, одан ары Жапония, Америка құрлығы барлығы дерлік апат астында. Жер бетінде сау жер қалмады десе болады. Міне осындай жер бетін түрлі апаттар шарпып жатқанда біздің еліміз бен жеріміздің аман қалуының басты себебі – еліміз бен жерімізді түгелімен алып жатқан әулиелердің  Рухани әлеммен арадағы байланыстары екендігін түсінуіміз керек. Өкінішке орай, көпшілігіміздің сол әулилердің шарапатынан хабарымыз жоқ. Керісінше, солардың біздің руханиатымызға игі ықпалын жоққа шығарып, олардың барлығы жалған екендігін дәлелдеу үшін жандарын салып жатқан Жарқын Мырзатай сияқты жандар бар.

Қазіргі күні жер бетін жайлаған түрлі апаттардың басты себебі, Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыстың үзілуі екендігін адам баласы әлі күнге түсіне қойған жоқ. Алла мен адамзат арасындағы байланыс үзілген күні адам баласы азғындыққа түсіп, материалдық байлықтың соңынан кететіні, биороботқа айналатынын дәлелдеп жатудың өзі артық. Ал, биороботтар Аллаға керек пе? Жоқ! Нух пайғамбарға дейін дейін жер бетінен бес өркениеттің не үшін жойылғаны Құранда анық жазылған. Азғындыққа ұшырап, адами болмысынан ажырағаны үшін оларды Тәңір Тағала жер бетінен жоқ етті. Біздің өркениет те сол сол өркениеттердің жолын құшатымыз белгілі болып отыр. Жоғарыда келтірілген деректер біздің өркениет басына да ақырзаман апаты келгендігінен хабар береді. Олай болса, бұл айтылғандар адамзат баласының басына ақырзаман  апаты келгендігін білдіреді. Бізден бұрын келіп кеткен бес өркениеттер санатына алтыншы болып, біздің өркениет қосылғалы отыр. Бұл қатерден құтылудың жолы бар ма? Бар! Ол жол – Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланысты қайтадан қалпына келтіру. Ол үшін кезінде адамзат баласының басына келіп тұрған ақырзаман апатын кері ысырған Қожа Ахмет Йасауидің жолын қайтадан қалпына келтіріп, иманды, ізгілікті қоғамды қалыптастыру. Сондай жағдайда мына төніп келе жатқан қатерден құтылу мүмкідігі бар. Қазақстан Республикасы ҚМДБ-ның басшысы Наурызбай Тағанұлы Ихсан іліміне толығымен бет бұрып, сопылық жолды  дәстүрлі діннің негізі етіп алатын болса, онда мына қоғамның ізгілікті қоғамға айналатынына, еліміз бен халқымыз ақырзаман апатынан аман қалатынына иманым кәміл!

Зікірия Жандарбек, т.ғ.к.

Abai.kz

8 пікір