Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2958 0 пікір 9 Қаңтар, 2013 сағат 07:26

Мәдетбек Балғабайұлы. Ардақ тұншыққан ауа

(Ардақ Нұрғазыұлының өлеңдері жайлы бірер сөз)

(Ардақ Нұрғазыұлының өлеңдері жайлы бірер сөз)

Әдеби шығарма, әсіресе өлең қандай бейнелеу тәсілімен (стилмен) жазылсын, атап айтқанда ол дәстүрлі реализм ағымымен жазылысын, болмаса модернизмдік бейнелеу тәсілінің қайсы бір саласымен келсін, содан кейін өнер мен өлеңнің «халық үшін», «қоғам үшін қызмет ететін» жалпылық рөлі «өнер - өнер үшін», «өлең - өлең үшін» ғана қызмет ететін өнердің бүгінгі жалқылық сипатына қарай бой алдырып, өнер мен өлең өз болмысына барынша жақындаған бір кезең де болсын, бәрінде тек бір нәрсеге - ол болса ақын өмір сүрген қоғам мен қоғамының негізгі объектісі болған адамзаттың рухани болмысынан мықтап орын алады. Себебі, қоғам мен адам бірін-бірі тұлғалаушы әрі бірін-бірі жеміруші, сонымен бірге бұл екі түрдегі қозғалыс бір уақытта, тоқтаусыз жүріп отырады. Ендеше, ақындарда бұның сыртында емес. Ал бейнелеу тәсілі болса, сол барысқа қызмет етуші ғана. Енді жоғарыда аталған әдебиеттегі екі үлкен бейнелеу тәсілінің соңғысы, менің байқауымша шығармаға яғни, өлеңге өріс сыйлайды. Ойлау кеңістігін кеңейтетумен бірге, қоғамды құрап тұрған барлық жеке объектілердің осы кеше ғана бір нүктеге қарай шоғырлана бастаған танымын қайтадан қанаттандыру орайында ие етеді. Өлеңдегі көп құрылымды (қабатты)  кеңістік ақынға өзін өлеңінің әрбір қалтарысына жасыра білетін мүмкіндік те сыйлай алды. Сондықтан біздің өзгеше бейнелеу тәсілмен келген әрбір шығармаға шошына қарап, оны мүлде түсініксіз, жат ұғым ретінде қабылдап, ат-тонымызды ала қашуымыздың қажеті шамалы. Өйткені онда өзекті бейнелеуге қызмет ететін тәсіл өзгергенімен өзектегі құрлым мен мән көп уақытқа дейін өз қалпында қалады. Оның үстіне тәсілдің алуан түрлі өзекті мәні біз жатылып алған жалғыз қырынан ғана келетін алғашқы үрдіске де өз ықпалын тигізбей қоймайды. Сондықтан әрбір оқырман алуан ағыммен жазылған шығарманың өзегінде жатқан түпкі мәнге ден қоюы және әдебиетке өріс пен орай бағыштай алатын әралуан бейнелеу тәсілдеріне қарай өзін бейімдеуге және тәрбиелеуге, талғамын жоғарлатуға әбден қақылы.

Енді осы негізде біз Ардақ Нұрғазыұлының поэмалары мен өлеңдеріндегі кейбір үзіктерге үңіліп көрейік, Ардақтың «Құз басындағы құйын» атты поэмасы:

Ақыры аттап шықтым өзімнен, дала

Төрт қыбылам ішімде және сыртымда.

Біреуі өзекке, өзіне тартады

Енді біреуі жолдар... -деп басталады.

«Ақыры аттап шыққтым өзімнен, дала, төрт қыбылам ішімде және сыртымда» деген жолдардағы адамның «өзінен аттап шығуы» өзінің туадағы болмысынан немесе соның қармағынан өзге дүниенің - өзіне тән емес болмыстың құшағына қарай ентелеуі, бірден бейтаныс болмасада жаралмышына жат сыртқы дүниенің әсеріне ұшырай бастауы. Ардақтың «Төрт қыбылам ішімде және сыртымда» дейтін жері де осы. Енді осыдан барып адам бірі - өзінің туада бар болмысы, атап айтсақ, жеке бастық немесе  ұлттық болмысы, құн көзқарасы, салт-дәстүрі, қағида-нанымы сияқтылармен, енді бірі - қазіргі күллі ғаламдық экономика мен мәдениеттің қалыпсыз біртекті тұлғаның әсері сынды керағар болмыстың арасында бір мезгіл таңырқаулы, сенделісті ғұмыр кешеді. Яғни «Біреуі өзекке, өзіне тартады, енді біреуі жолдар...» болады да, сонымен жалпы бүгінгінің адамның өзі маған көбіне-көп қайшылқтың бірлігінен қалыптасып бара жатқан сияқты сезіле береді (бұл жерде Ардақ тілге алған «өзек» пен мен мақаланың басында тілге алған «өзек» екеуі екі басқа ұғым) Өйткені біртұтастыққа ие белгілі бір топтың немесе бір ұлттың бүгінгі күнде өзін бүтіндей жабық, тұмшаланған күйде ұстау мүмкіндігі жоққа тән. Оның үстіне енді бір мағынадан өзін белгілі уақыт жабық немесе жартылай жабық формада ұстап келген белгілі бір қоғамдық топтың сыртқы ортаның қытықтауына ұшрауы өзге шарттарды толық дайындай алған жағдайда, құдыреттенудің орасан орайына ие етуі де ғажап емес. Міне, бұл Ардақ айтқан «жолдар...». Алайда, өкінішке орай жер бетіндегі көптеген халықтар осы «жолға» жалаң аяқ, жалаңаш қолмен кірді, ашығын айтқанда өз болмысын сақтай отырып, өркениет қазанынан алтын қасықпен ас ішетін орайды дайындамай тұрып жолға шықты. Ардақ «Саябақ» поэмасында «Даланы торлаған жолдар, сірә қайда барады?!» немесе «Құйын» атты өлеңінде «көшеде өзімді жоғалттым,» -дейді. Бұл жеке Ардақтың немесе қазақ қоғамның ғана емес, бүгінде көптеген халықтың тағдырына құрылған сюжет. Шындығында бір халық жөнінен экономика мен мәдениеттің біртұлғалануы өз болмысының тұлғалы тұстарынан саналы-санасыз түрде айырылуы мен өзгенің өрге бастар үлгісінен гөрі теуіп тастаған өресіз нәрселерін талдаусыз қабылдай беруінде ішкі байланыс болады. Халықтың рухани бейғамдығынан, берекесінің белбеуі босап кеткен кезеңде дүниенің тұтқасын ұстап тұрған алпауыттардың бодаусыз еркіне жығу мақсатын жүзеге біршама еркін асыратын орай да жаратып береді. Ардақ осы жерде «қараңғылқтан да қара жанар арбайды» деп айтады. Бұл «Құз басындағы құйын» поэмасының бір тармағы, ары қарай оқиық:

Қураған ағаштың басында

Қарғалар отыр қарайып.

Таң шапағында шулай бастады,

Бірі ұшып, бірі қонып.

Аппақ қардың беті шимайланып кетті,

Қалықтаған қара көлеңкелер көшіп. - дейді.

«Қураған ағашты»  экономиканың ғаламдық біртұлғалану себебінен  бұрынғы көп тұрғылығынан, бай мазмұндылығынан, алуан реңділігінен бірден жұтап, бір бояуға ғана жиналып бара жатқан бүгінгі адамзат мәдениетінің символы деп танысақ, ал «аппақ қардың бетіне қара көлеңкелерін» түсіріп, сол ағаштың басында «шулап» жүрген «қарғалардың» кімдер екендігі саналы оқырманға бірден белгілі болатыны сөзсіз. Оның үстіне Ардақтың «Ақ өлең» атты өлеңдерінде:

«Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есым ханның ескі жолы» бұл арада қиылспайды,

Ол туралы емес, қарғалар туралы ойланған жөн.

(Түнеріп келе жатқан түнге

Қарғадан басқа не теңеу болады?!) » - деп келетін өлең жолдары бар.

Осыған қарай отырып, қарғалардың қалайда ұнамсыз кейіпкер екендігін сезінесіз. Ал қарғалардың көлеңкесі шимайлап жатқан «аппақ қар» ол шимайланудан бұрын бір халықтың немесе белгілі бір этнографиялық, тарихи тұтастыққа ие белгілі бір топтың былғанбаған, болмысын өз қалпында сақтай алған рухани кеңістігінің бейнесі. Енді осы кеңістік бірден шимайланған екен, сол халықтың да, сол халықты құрап тұрған жеке адамдардың да рухани болмысы айырылу мен қабылдаудың арасында үздіксіз өзгеріске ұшырай бастайды. Әсіресе, өзінің тарихи, ұлттық құндылығының бодауына сырттың ықпалын еш талғамсыз, ашқарақтана қабылдаған халықтың беретін бодауы өте орасан болмақ. Ардақ «Құз басындағы құйын» поэмасында:

Мейірге бөленген бір тамшыдан жаралған дүние

Топырақтан нәр алып, өркен жайса

Түлеп ұшқан түндей қараңғылық тамырдан

Бірге көтеріліп келеді, - немесе «Ақ өлең» дерінде:

 

Жылт етіп, өшіп-жану қашанда қалада

жолдардың әдеті.

Сен де үйренесің,

Үйренбесең,

Өшіп-сөнбесең.

Өзіңді оталып алсаң, бір тоқтамайтын

Әбден тозығы жеткен машина сияқты сезінесің. - деп айтады.

«Сенде үйренесің, үйренбесең...», бірақ «оталып алсаң, бір тоқтамайтын әбден тозығы жеткен машина сияқты сезінесің», -дейді. Иә, түсінікті, кім жанармай құйса, рөлін кім ұстаса соның нұсқаған бағытына қарай салдыр-гүлдір етіп кете бермек, оның өзінде де тежегіші де әбден тозған, «үйреніп» алған соң тоқтауы жоқ, кете береді. Бұл - белгілі бір топтың ғана қоғамдық суреті емес, адамзат қоғамының бүгінгі болмысының объектив формаласына да біршама жақын. Ал енді  осының өзі, атап айтқанда, бір топтың немесе бір ұлттың рухани дүниесінің  белгілі деңгейде немесе салмақты түрде сыртқы дүниенің меңгеруіне ұшырауы осы қоғамдық топты құрап тұрған жеке адамдардың алдына ең алдымен сірә, кім болып өмір сүру (ldentification) керек дейтін мәселені бірден көлденең тартқаны бар. Өйткені бүгін де жер бетінде кім болып өмір сүретінін, кім болып өмір сүріп жатқанын байқай алмай қалғандардың тартқан тағдыр-талқысы аз ба?! Ардақтың «Құз басындағы құйын» поэмасын:

Толқындар жұлмалаған таулардың өркешіндей

Теңізді есіп шыққан түйткіл -

Суқараңғы жанарда қамалған қараңғы.» - деп аяқтайтыны да, меніңше, осы түйінге қатысты болса керек.

Ал, қазақ қоғамы да бұның сыртында емес. Ұзақ жылдар өзгеге қабылдатудан гөрі, үнемі өзіне қабылдау жағында болып келген бұл қоғамның кімнен нені қабылдағанын, өзінен нені жоғалтып алғанын біз тізбелемесек те ойлы қазақтың санасында сайрап тұрғаны анық. Біз тек бұл жерде ежелдің ең күнінен бастап оқ пен оттың ортасын ғана мекендеп келген бұл халықтың осы бейбіт күнде, әсіресе, қазақ қоғамының ішіндегі ең үлкен бірлік әрі системалы бірлік - қазақ елінің тәуелсіздігі десек, осы бірліктен кейін де қазақ қоғамында өзгелік ағымдардың өркен жаюына тиімді орай жаратылуы, соған қол қусырып қарап тұратынына таңғалатынмызды айтқымыз келеді. Бүгінгі қазақ қоғамындағы немесе қазақ еліндегі мемлекеттік жүйенің батыстықтарша ойлап, шығыстықтарша шаршауын былай қойғанда (шындығында бұл талай елдің басында бар хал, ал батыс қоғамының өзі де барынша дертті қоғам), осы өңір бірден аяқ астынан дүниедегі ірі діндердің ықпал таласатын өңіріне айналғандай әсер беретіні бар. Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай қазақ жаратылысына жат құбылстардың, ағымдардың төңіректің төрт бұрышынан қазақ қоғамына қарай ағылып, дүниедегі ықпалды  діндердің жаңа құрлық ашылғандай осы өңірге қарғаша қаптап, өз ықпалдарын орнықтыруға бекігені де белгілі. Атап айтсақ, хиристиан, католик діндері бүгінде қазақ қоғамының айрылмас бір бөлегіне айналды. Ал өзге діндердің біз естіп көрмеген айырым түрлері де осының ішінде және оларда өз ықпалын көрсетпей қойған жоқ. Осындай көп жақтылы әсердің нәтижесінде, әсіресе, кейде осылардан табиғи келетін, кейде жоспармен жүргізілетін ми тазалау (brain washing), рухты өлтіру (menticide), ой тізгіндеу (thought control) қатарлы қоғамдық операцияның ықпалынан қазақ қоғамында алуан үлгідегі, жаңа писихологядағы, өзгеше мінездегі адамдар тобы біртіндеп қалыптасып үлгірді. Енді бір сөзбен айтқанда, жаңа талғамдағы адам пайда бола бастады. Ардақтың жоғардағы «түлеп ұшқан түндей қараңғылық тамырдан бірге көтеріліп келеді» дейтін жері де осы. Яғни, рухани дүниенің бұндай көбік тәрізді көпсуі ұлт тұлғасын құрап тұрған жеке объектінің өзінен жаттану (alienation) барысын барынша тездетті. Осы жерде Ардақтың «Құз басындағы құйын» поэмасына қайтып оралсақ:

Көшеде келе жатқан екеудің бірі

Көлеңкеге айналды.

Жерден көтерілген ақ қарға

Үміттің қарауытқан орманына қарай беттеді, - дейді.

Бір халықта екеудің біреуі осылай «көлеңкеге» айналып бара жатқан болса, әлбетте, «үміт орманның қарауытып» көрінетіні табиғи. Содан кейін осы поэмада:

Жер бауырлаған соқыр тұманды қалқан қылып күндер

Өтірікті бойлап шеру тартып келеді

Қара жамылып алған жандар

Қызыл шырақтың өшуін күтпестен,

Жолды кесіп өтіп барады. - дейтін жолдар мен қатар:

Қоқсық салынған жәшіктен көтерілген көк түтін

Белден асқан көшпен араласып барады.

Уақыттың таразысына өрмелеп шыққан жандар,

Көз сүйегіне қанша мысқал топырақ сыйятыны туралы

шүйіркелесіп отыр. - деген жолдар бар.

 

Ең басындағы «жер бауырлаған соқыр тұманды қалқан қылып алған күндер өтірікті бойлап шеру тартып келеді» дейтін жолға азырақ тоқталатын болсақ, Ардақтың «шарапқа қосылған уда да сағаттың тілі бар» деп келетін және бір өлең жолы осыған барынша сәйкесіп тұр. Былайша, сені жаңағы өзіне икемдемекші болған жеке адам, не ұйым-топ, немесе белгілі бір ағым болсын, олардың бәрінің де сені иландырарлық көзқарас дайындығымен, өзіндік ритмімен келетіні белгілі. Немесе «шарапқа қосылған уда да сағаттың тілі бар» да, олар өз көзқарасының, идеясының шындық екендігін дәледеуге оңды-солды тәсілдер қолданып, өздері жаратқан жасанды реалдық (hyperreality) арқылы сеніміңді жаулап, өз мақсаттарына барған сайын жақындай түспек. Ал, осыдан барып анау «қызыл шырақты күтпестен жолдан кесіп өту», «қоқыс салынған жәшіктен көтерілген көк түтіннің белден асқан көшпен араласып» алуы, анау «уақыттың таразысына өрмелеп шығып» дәуірдің белгілі жеңісіне қол жеткізген жандардың «көз сүйегіне қанша мысқал топырақ сыятыны туралы шүйіркелесіп отыруының» өзі көз үйренген қалыпты істей сезіліп кете беретіні бар. Атап айтсақ, Ардақ жоғардағы өлең жолдарында бір халықтың руханятындағы моралдық азғындық, екіжүзділік, ақшаның адамдықтың орнын басуы, ұлтсызданудың үдеуі, тән құмарлығы мен дүниеқорлықтың әшкере етек алуы, намыссыздық дертінің асқынуы, сыртқы ағымдардың ұлттық болмысты шетке қағуы сынды қалыпсыз өзгерістер туралы қайғыра тіл қатып отыр. Жер бетіндегі басқа халықтарды былай қойғанда, кейде осы себепті қазақ халқының тұлғалық ұжданына да (CollectiveConscience)  сызат түскен кезеңдер мен соған тән оқиғалар да болмай қалған жоқ. Ал Ардақтың да тынысының тарыла беретін жері - осы. «Саябақ» поэмасында:

Қабырғаға ілулі тұрған қобызым аққуға айналды да

қанатын қақты.» - деп қазақ елінің басына келген бақытты осындай тыныста жеткізе алған Ардақтың кейде «даланы торлаған жолдар, сірә, қайда барады?!» деп аһ ұрып отыратын кездері де бар. Бұл әрі ақынның, әрі азаматтың болмысы...

Сонымен, өлең көп болымсты, алуан ерекшелікке құрылатын болса керек. Бүгінде оқырманның алуан түрлі пікіріне, ұқсамаған бағасына тұтқа болып жүрген Ардақ өлеңдерінің өлеңде болатын өзге ерекшеліктері мен сыйпаттарынан гөрі музыкалық сыйпаты ең көрнекті деп бірден басып айтуға болады. Ардақ өлеңдерінің көбі жаңағы бірден өз мәнерін көз алдыңа көлденең тартатын жанрлар мен сызба суреттік қасиетке ие өлеңдерде болатын сыртқы үндестіктен гөрі ішкі ырғаққа, өлеңнің немесе бір үлкен шығарманың бас-аяғын қабыстырып тұратын жасырын әуенге құрылған, құдды біз естіп жүрген классикалық музыкалар немесе қазақтың байырғы күйлері сынды алғаш орындалғанда нені айтып тұрғанын бірден аңғара алмағанымызбен, сол шығармалар сынды адамды бастан-ақыр бей-жай қалдырмайды.

«Abai.kz»

0 пікір