Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4284 0 пікір 8 Қаңтар, 2013 сағат 08:36

Жұмекен Нәжімеденов. Партиялық поэзия

ТОПЫРАҚ

Сәби шыр етіп жерге түскенде -
түбі сол адамның қабірі қазылар
тұстың топырағы әйтеуір бір белгі
беруге тиіс.

Ескі иланым

 

 

ТОПЫРАҚ

Сәби шыр етіп жерге түскенде -
түбі сол адамның қабірі қазылар
тұстың топырағы әйтеуір бір белгі
беруге тиіс.

Ескі иланым

 

 

Топырақ деп текке айтпаған ырыс алды,
топырақ жайлы астам ойлау қиын - ұқ:
қабыр қазған кезде ағайын жиылып
көму үшін кесір-кедей бір шалды -
төрт құлақты қара қазан шыққанда
шу етісті ел: «О,
мықты алла,
мықты алла!»
Бір қария жүзі шұбар-тас-кәрі
хикаяны тым алыстан бастады.
1
Бай - бай еді,
әулеттен ед бір текті,
содан шығар ырым-сырым дегеннен
осқырынған көбең сын-ды үркек-ті.
Ұл тапты ерке жас тоқалы беделді ең,
тағдыр -
тастай қыңыр әрі ақымақ:
ат-қазықтың басындағы топырақ
сол нәресте туған шақта бұрқ етті.
Шошынды бай,
салауатты ел салдырлап,
байекеңе басу айтып болды әлек,
Құрбан шалды - жаратқан-хақ,
қолда деп,
құран оқып жатты талай молда кеп.
Байдың бірақ тамырында қан құрғап:
«Көшем!» деді.
Баршылықтың бәлесі:
«топыраққа көмдірмеймін дәл осы
ұлымды мен,
қасарғанда тағдырға!»
Әрі ырғасып, бері ырғасып,
ақыр-түп
шөгерді әкеп жүз атанды бақыртып.
Сандық-сандық қазынасын салды ырғап,
бір жөткірді қарауытып бай әлгі.
Туған жерден ауар мезгіл таянды,
қоңсы-қорым бірге көшті;
қанша амал:
хақ бұйырса -
етпес деген ештеңе,
көшпе, көшпе, көшпе, көшпе, көшпе деп,
ақыл-кеңес дарыта алмай кещеге,
дана-дана қарттар қалды шаршаған.
2
Тағдырынан құтылатын бір ыңғай
тапқан жандай, тартып кетті бұрылмай
қымызға - мас, қырсыққа - бас,
қыңыр бай.
Сөйтіп, қатал «жазымышпен» кектесті,
өңмендеді өткізем деп өтпесті.
Бірер қыстап, бедел таппай бетке ескі
тағы көшті...
көшті, көшті, көп көшті.
Жер іздеумен құнарлырақ,
тектірек,
жазықтардан, жайылымдардан өтті көп.
Көшу, көшу -
шешкен теңін түндегі
таң-азанда қайта буды ел тепкілеп.
Нені ойласын -
күдік тапты не түрлі,
күдігі сол:
тез тозатын секілді
бейтаныс жер,
бедеу топырақ, жат алап.
Түйесі де шөлден өлсе қаталап,
құтты қоныс бола ала ма жер ондай -
көше берді сөйтіп қатал, керең бай.

3
Қозғал, шоқал,
көш, көш, көк тас,
тау, ырғал,
бай да көшті - байлығынан ауырған.
Атқа ер-тұрман,
жүк артатын түйеге
шыдамады дұрау-ағаш, бауырғал.
Көлеңкесі құсап бұлттың жылжып паң,
ауыр малмен шығып еді бір жұттан,
тағы ілікті жұт ішінде жұтқа шын -
қайдасыңдар, шоқал-шоқпыт, ықтасын?!
Бай жұтады, онда хақтың ісі не,
жел - құйын боп ойнап мінді күшіне.
Жыртық болсын, ірге болса, қымтар ең,
қанша амал бар іргесі жоқ кісіге!
Астам пиғыл кетті жапан-түзге алып,
қосылды оған қыңырлық пен қызбалық.
Көшті, көшті
баласының өлігін
туған жердің топырағынан қызғанып!
Қырылып кеп қалды дейді сонда мал,
апат келді дейді аңызда болмаған.
Тәңір айтты дейді бірде бұлт жыртығын сығалап:
«Қоныс іздеп болмай-ақ қой енді алаң!»
Сонда ғана ес жиыпты сорлы бай,
ес жиғызған: «Әттеген-ай, қорлық-ай!»
Жегі жеді өркөкірек жанды лас,
кешегі бай атанды ілез «қаңғыбас».
Су бүрік, бұл, жел көтерген шаңды бас!
Бай жоқ!
Енді «қаңғыбастың» ық жағын
қасқырлар да, ұрылар да аңдымас.
Өлер шағында, айтпақшы, әлгі бай-қасқа
баласына былай депті:
«бөтен жерге жайғаспа,
қайырымсыздық етпес еді тап мұнша:
біздің топырақ ата-жауша, сатқынша,
қанша кедей болсаң дағы ақ-табан
хақ бұйыртқан топырағыңды тап, балам!»
4
Қоныс емес, іздегені бас қамы,
көшіп келед, көшіп келед қасқа әлі,
жел-қаңбақтың көлеңкесі құсап көшті, көп көшті,
ұмытты тек ескі есені, кекті ескі,
тағдырына тәнті болды бай ұлы.
Арық атқа қамшысы мен айылы
ауыр тартқан шағында,
ақ шағылда, алданумен сағымға,
тағдырынан қашып жүріп
ақыры
тағдырымен беттесті.
Түсінігі, түйсік-жібі дүмбілез,
дүмбілездеу жан ед бұ да бір мінез.
Көшіп, көшіп қонған жерде,
бір түнде,
бір жөтеліп күркілдеп,
бір ықылық атты-дағы жұмды көз.

5
Қарт айтты әлгі қарап тұрып қазанға:
- Қырсық құдай, жеңдің ғой сен,
Жең енді!
Осы жерге жерленбесін дегенді
қазан көміп тапсырып ед қасқа бай,
айла-амалы болмаған соң басқалай
жалғыз ұлын әкетіп ед қашырып,
«Жазмыштан озмыш жоқ» -
осыны ұқ!
Кері кеткендер, кел, жылайық қосылып!
Бастан өтті не бір жағдай, не күндер,
жаулық әкел, ей, келіндер, кебін бер.
Қанша-мұнша асау көкірек, аш сана
Қорқыт құсап өз көрінен қашса да,
бұйырмысы - жазуы осы - көміңдер!..
* * *
«Бұйырмыс» та, «жазмыш» та - кәрі ұғым,
қалай ата - бәрібір ғой, бәрібір.
Қай жерде адам, ырыс таптың, құт құрап,
қай жерде, адам, маңдайыңа бітті бақ,
қай жердің де өз тағдыры бар шығар,
топырағыңа біткен тағдыр - мықтырақ.
Туыпты әкем баурында бір үрпектің,
әкемнің де тілегін қарт тілепті бір текті.
Ол туғанда кім білген:
қай қабақтың топырағы бұрқ етті?!
Болмады, рас, қоныс іздеу ықылас,
өз көрінен қашпағаны да ып-рас.
Қызыл вагон - қызыл, қызыл от-тізбек
алып кетті деседі ғой - өтті шақ.
Қызыл вагон - қызыл, қызыл от-тізбек
жанып кетті деседі ғой түндерде
шұбыра ұшқан оқ құсап.
Түбі қайтып оралар-ау деп біз де,
күттік, күттік - өтті, бітті қан майдан.
Кім біледі, майдан да емес,
әкем сонау шалғайдан
бір бұрқ еткен топырағын кетті іздеп?!

1983

Қоңыр жырым бар еді, кешкіғұрым...

Қоңыр жырым бар еді, кешкіғұрым
мәз боп оқыр ақын ем ескі жырын -
қолға алып ем, көк аспан бетіндегі
іріп кетті қоңыр бұлт секілденіп.

Бала қазым бар еді көлде момын,
көрмегенім жақсы еді, келмегенім:
бұғып жатқан бір жауыз мылтық атты -
қоңыр қаздың мамығын бұрқыратты.

Бұдан артық жаныңа батырар кім,
сәл шыдай тұр, мен де бір қатырармын:
Қоңыр қаздың мамығын жастық етіп,
қоңыр-қоңыр ой ойлап жатып алдым...

1970

МЕЗГІЛ

Шайқап ішіп дүрілдеп,
жүрген әкім кешегі,
сол ауылда бүгінде
қарауылшық деседі.

Шындық іздеп, үздігіп,
әр кітапты бір үңгіп:
кешегі оттың біз бүгін
күлін көсеп жылындық.

Таласамыз өжетсіп:
жұрт көңілін қомсынтып,
кеше шыққан газеттің
жыртығына қол сүртіп.

Мезгіл қатал,
ендеше:
мынау төсек-көрпемде
жоқ едің-ау, сен кеше,
жоқ боламын ертең мен.

1969

ӘЖЕ

1
Қарынға сап сары май сақтайсың ғой маған деп,
отырсың ғой күнде сен балам келіп қалар деп.
Машинаға көрінген кеп қалды деп жүгіріп,
көрінгенге үзіліп: балам, балам, балам деп.

«Қырық бір тас» дорбада күнде шешіп, күнде ашып,,
отырсың ба ойдағы «әулиеңмен» ымдасып?
Сүт бетінде қаймақты көрген сайын мені ойлап,...
қырқып алып шетінен шәйға салып бір қасық.

Сол баяғы күтумен, сол баяғы жер үймен,
қажыды ма қолдарың ақ шашыңды өруден.
Қажыды ма көңілің түс көрумен түнімен,
ертесіне сол түсті жақсылыққа жорумен.

Ал, өзім ше?
Көрінген қарасынға тартамын,
сенімі бар көңілде күдік, үрей бар тағы.
бір жымиған жігітті жылынамын дос етіп,
бір шәй берген кемпірді алданамын шеше етіп.

Тірлік солай болып тұр,
жағдай солай, қайтейін,
күту, күту ғұмыр бір, күту екен әйтеуір.
Бір мұңайып алам да хат жазамын мен саған,

ІІ
Қалың елді қақ жарып, «беделімді өсіріп»,
бардым талай, қарт ана, қайтайын деп көшіріп,
ермей қалдың сен маған,
көнбей қалдың - қинадың,
жалғыз ұлды қидың да, жалғыз қырды қимадың.
Мен жіберген аз пұлды таңдайыңа түйір ғып,
көсеге ғып отырсың жалғыз қара сиырды.
Астананың самала-шамдарына, баяғы
шым-үйіңнің түтінін ауыстыруға аядың.
Жаулығыңның бір ұшын иығыңа асып ап,
үш шығасың күніне Қызылоба басына,
асықпадың бірақ та біздің төрге, қарт ана,
бір-ақ рет шығуға шөбереңді арқалап.
Сен отырсың баяғы бөстегінде ешкінің,
мен отырам кафеде шампан ұрттап кешқұрым.
Сен, саласың сақсиян-құраныңды оқып ән,
ал, мен қайбір жиында президиумға отырам.
Шеген үйді сен тұрған ойлай-ойлай ми алаң,
сонда өзімнің паркетті пәтерімнен ұялам.
Төрді сайлап едім мен, неменесін іркемін,
отыратын өзің жоқ - үңірейіп тұр төрім.
Әй, қартым-ай, қартым-ай, туған жер деп...
кетпедің,
туған жерді сен титтей Қызылоба деп пе едің..

 

Аты жоқ өлең

Көмір қаздың,

күй шерттің талай-талай -

не еліктей алмадың, не қайталай,

даралығы да емес-ау бұл тұлғаңның,

қырсығы емес өзінше ұмтылғанның

бір жұмбақ бар, мен үшін елес мүлде -

түсінбейді сондықтан сені ешкім де!

 

Алашадан -

атадан қозғағанда

Тумысың да жат емес өзге адамға,

бірақ сені өзісіп ешкім,

ешкім

сөйлегенін мен ғұмыры естімеппін!

 

Себебі, сен бір түрлі,

бір түрлісің,

жүрегің - тас,

секілді сыртың - мүсін.

Сені ұқтырам демеймін мұны айтқанда

жағымпазға, жалқауға, суайттарға.

Сөзім бардай тіл ұшы таңдайымда,

ойламайын десем де сен жайында -

қиялымда келбетің түртіп тұрар,

сиқырың бар бір түрлі ынтықтырар.

 

Көңілдендің сен мүлде ерек бүгін,

жұрт секілді сен де іштің - өрекпідің.

Сезем, сен де бізге ұқсап күлмек болдың,

сол ниетіңнен көрінді бөлектігің.

Әзіл айттың кейідің талай-талай,

бездің бізден,

еліктеп, не қайталай

алмадың сен ешкімді

содан-дағы

бір ортақтық сенен де таба алмады.

 

Бірге жүрдік бірталай мекенге ұшып,

төбелесіп көрдің сен шекең де ісіп.

Өзіміздің жігітсің!

Он досының

ортасында отырған бөтен кісі!

 

Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі,

Бөтен кісі,

сен жалғыз, жетім кісі!

Сен - уақыттың алдына түсіп жортқан

радиосигнал секілдісің.

 

ЕМЕН

Қайраттылар, ұнамасын, ұнасын -

қара еменнің тамыры асыл, түбі асыл

қара емендер құламасын, құласа

көлеңкесі, көлеңкесі құласын.

Ышқына ұлып қанша соқсын жел мейлі,

қара еменнің иілгісі келмейді:

қайғыға да қайысқысы келмейді,

Шабамын деп ел ұмтылды ауыл боп,

жығамын деп жел ұмтылды дауыл боп>

түбін көрді дауыл деген жау ырғап:

тым мықты екен!

Жыға алмады оны ешкім,

«қайырымсыздық, қаталдықтың символы -

емен» десті ел сондықтан,

десті, десті, деместі.

Маңай ғана сыбыр-күбір кеңесті,

Жапырағын жанай ғана жел есті.

Ол да көкшіл шыбық еді ең баста,

ырық берді ме ел шыбық - емен болмасқа!

 

Емен болды ол,

Еменді шыбық деген кім?

Шыбық дей ме - шыбығына еменнің!

Әйтсе де емен кінәлі еді,

расы:

емен болып жаралғаны - кінәсі.

 

 

ӘЙКЕН

(қызыма)

Бұталардың кірпіктеріне ілініп,

дір-дір қағып тамшылар тұр тама алмай.

Жетіп келіп кетті қызым бұрылып,

біздің үйге өкпесі бар адамдай.

«Қызық»,- дедім,- «бұл үйді де бір үй де...»

«Папа»,- деді, - «уақыт та жоқ кіруге,

нан-дүкенге соғар шаруам бар әлі,

әрі Болат ұзақ күтіп қалады».

«Қарағым-ай!» - жүдеп қалдым бір түрлі,

кірпігіне бұтаның

мөлдір, мөлдір, мөлдір шықтар іркілді.

 

Мөлт етіп бір қарады да

кетті қызым асығып.

Бір әдемі кинодан

көргендей боп әсерлі бір үзінді,

үйге кірдім -

көргенімді қызымды

шешесінен жасырып.

 

«Қыз - жат жұрттық», түсінем ғой мұны мен,

бірақ кірпік іле алмадым түнімен.

Менің балам еді ол кеше, балапан

ұясынан ұшқан екен шынымен!

Кіп-кішкене балапаным, бөпем-ау,

Сенің де енді өз үйің бар екен-ау?!

Қам көңілсің қайратыңды жеңсе мұң:

айналайын, дей жаздадым, «мен сенің әкең ем ғой,

сөз қайтарар кісің бе ем!»

Өстіп ойлап жабықтым мен ішімнен,

ал, сыртыммен кісі болдым түсінген.

Әлдене дерт асқынғандай бір түрлі,

тамағыма тас тұрғандай бір түрлі,

ішім удай ашып қалды бір түрлі,

жанған отым жасып қалды бір түрлі.

 

«Титтей ғана балапаным, бөпем-ау,

біздікі екен - біздің үй.

Сенің енді өз үйің бар екен-ау», -

қайталадым осы ойларды ішімнен,

ал, сыртыммен кісі болдым түсінген...

 

Айналама қарап алдым сақтана:

жігіт деген жыламайды,

тек қана

бұталардың кірпігінен - жылтыраған көлгірсіп

тамып-тамып кетті кенет мөлдір шық...

 

АЛТЫН КӨРСЕ ПЕРІШТЕ...

Алтын деген жалғыз сөздің күші,

үні жалтақ етіп жібереді-ау кісіні -

тоғышарлық ойдың бұ да ұшығы,

соған енді, енді отырмын түсініп.

 

Ағай айтты - ұқпадым,

Абай айтты - ұқпадым,

Жарылғанша жүрегім

ойдың бойы өсе алмапты бір елі.

Періште кім жол шегер,

тайғақ дейді аяғы -

шын періште болса егер,

жолдан неге таяды?!

Бұзғаны да Алла алдында о да антын,

ақ пейілдің тартқаны да қаралтым,

періштені шынымен қызықтырса сары алтын -

ауруына алтын ем,

құлқын құлы ғой надан.

 

Әртіс шығар бәлкім ол

періште боп ойнаған

пиғылы арам, әрі ақылы қысқарақ?!

«Періштені таяды деп кім айтты,

кім айтса да, суайтты

сабау керек еді әу баста ұстап ап!»

 

 

МӘЖІЛІС

Бұлбұлға айдап салмақ болып аң-құсты,

талай ауыз, азулармен аңдысты -

түк шықпады ешқайсынан, ол әлі

әлдекімнен үміт еткен болады,

үміт еткені Үкі еді бір - ол да алыс...

Қалың қамыс қайдасың деп Жолбарыс

жортып кетті.

Түлкі қашты.

Қарға үшты.

Қауқар қайда аң мен құсты ұстарлық:

аңдар жөңкіп,

ұшып қашты құс барлық.

Бір аң қашты - сонда кетті құштарлық,

бір құс қалды - сонда қалды іштарлық.

 

Бақа болсаң - Бақа деген атты ақта,

атын ақтап Бақа қалды батпақта.

«Ау, ағайын, ау, мырзалар!» - деп әлгі абдырады;

ұшып кетті көп Қызғыш,

қалды бұғып тек бір құс.

Тырнақты да, тістілер де жай қалды,

күштілер де жай қалды,

бұлбұл құсқа қарсы ашпақ боп майданды,

бүркітке ұсап дүр сілкініп, сайланды

қызыл Қораз айдарлы:

«Мына орманда неше алуан тұрғын бар,

соларға тек айтылмаған бір мұң бар:

Таңың атсын,

Күнің батсын - бір бәрі,

бәрібір сол бұлбұл болып тұрғаны!

Батылдық жоқ - азаматтық жоқ онда,

бақыр-тиын пайдасы жоқ қоғамға.

Сайрау ма сол?

Сайрау емес, құр шырыл,

айтар болсақ сыр-шынын:

Заман, сенің ішкі дертің - бұлбұл сол,

Орман, сенің қырсығың сол, қырсығың!

Күнің үшін қорған, деді, атақ, ар,

шыбық үшін орман, деді, атақ, ар.

Бұлбұлдар ма!

Табиғатқа жат олар,

табиғатты түбі құртуға апарар!»

 

Сол-ақ екен,

шулап берді бақалар:

«Ата-мекен келе жатқан мың жылдан,

жерімізді кептірсе егер Күн жылдам -

соның бәрі бұлбұлдан!

Біздің шалшық әдемі еді-ау, әдемі,

батам десең - батпағы да бар еді,

соның көбі құрғап қалса шілдеде -

бұлбұлдардың әлегі!»

Қораз айтты:

«О, құдайдың атқаны,

ашылмаса ырыздықтың есігі,

бұлбұлдардың кесірі

тарының да ерте піспей жатқаны!»

 

Осылайша Қораз, Бақа екеуі

бұлбұлдарды тілге тиек етеді.

Бақа да өз өнеріне сенеді,

Қораз да өз өнеріне сенеді.

Ешкім елеп жатпаса да, сен оны

тұл-сөз деме, өсектің де өз теңі бар:

әлдебіреу сенеріне сенеді...

 

Әттең әлгі Бұлбұл қайда?

Бұлбұл жоқ,

тек орман тұр жапырағы ың-жың боп,

сырттай сынға түсіп жатты құр атақ,

атағына жатты еркелеп көл-айдын,

Бұлбұл - алыс түкпірінде тоғайдың

Сырттан үкім шығаруға рахат!

Тым болмаса сөз тусын деп қаңғыған,

Құлақтар тұр, әр ауызды аңдыған.

Безіп шыққан барлық құс пен барлық аң

бізсіз жиын өте алмайды деп ұғып,

бұлбұлға үкім ете алмайды деп ұғып

Қыран жүрді сонау биік аспанда.

Тасалау жер жөн шығар деп, қашсаң да,

Түлкі жүрді қарсағымен жолығып,

Барыс жүрді өз-өзімен айдалаға долығып.

 

Дүние тыныш.

Орман сүттей ұйыды,

Қызыл Қораз қомдайды әлі иығын.

Ең қиыны, қиыны:

ашылды ақыр бір түкпірде бүйығы

бақалар мен қораздардың жиыны...

 

ІШТІҢ МЫЛЖЫҢЫ

Қанша мылжын болғанымен мына дау

түбі менің пайдамды айтып тынады-ау.

Өрт екен ғой, өрт екен ғой бір алау -

дау үстінде біреуге ұнау, ұнамау.

 

Дау үстінде көрсетті әркім өз әлін,

сен де создың дауды, мен де созамын.

Езге есептеп тірлік етсең, есіл ер,

әрбір ісің әділетсіз шешілер!

 

Жо-жоқ, ашық айтыс емес біздің дау,

одан гөрі жымысқылау, құзғындау.

Жасырмаңдар, бәрінде дау-мұң бар бір:

бұлтпен тартысқаны сын-ды шыңдардың;

жапырақ пен желдің жұлқысқанына

өп-өтірік таң қаласың тағы да,

О, қушыкеш, оянғанда ой-ақыл,

сенің-дағы талабың бар коятын

әрбір жайға, әр пікірге бола тым

қарсылығын бар ішіңнен жанатын.

 

Рас, қастық-достық жайлы сөз емес,

сөз емес деп сөз айтудын да өзі егес.

Үйкеліс пен егестердің заңынан

туады екен күй қағынып, жанып ән.

 

Өмір деген осы, сірә, мен білсем:

мен біреуге мұңымды айтып сендірсем,

бір әлсізге күш көрсетіп келдің сен.

Жасырмаңдар бәрінде дау-мұн, бар

бір бұлтпен тартысканы сынды шыңдардың,

жапырақ пен желдің жұлысқанындай -

келеді ол тек дау-жанжал боп танылмай

табиғилық арқасында баяғы

жақсылыққа әкеледі аяғы:

кім жарылса шындық айтып ағынан

бәрібір сол...

мен жеңген боп табылам.

Сонда-дағы таусылмайтын көп дау бар -

қалыс қалу,

қарсылықтар,

қолдаулар.

 

Өз көңліме өзім құлақ түрейін,

өз кеудемді өзім жарып кірейін:

алқымдайды бір сезімді бір сезім,

бір ойымды сойып жатыр бір ойым...

 

БИІКТІК

Биіктігі бір елі -

мына жұрттың тұл бейлі:

мұңыңды айтсаң - күледі,

шыныңды айтсаң - күндейді.

 

ПАРТИЯЛЫҚ ПОЭЗИЯ

Төбе басқа, деседі ғой, тау басқа,

таулар жайлы толғадым мен әу баста.

Таудан аққан бейне ақ бұлақ, ақ бұлақ

екпінім де секілді еді қаттырақ.

Бертін келе төбені де жыр еттім,

жырым одан төмендеген жоқ бірақ.

 

Дару алған алғыс, тілек, батадан,

бояуларым ашық түсті, ақ-адал.

Жұрт айтқандай, «бұғып» жатқан жоқ түгім,

бар айыбым: бояуымның көп түрі,

ойларымның биігірек шоқтығы.

Тірлік еттім адал ойлап, ақ аттап:

иі қанған идеалды мадақтап,

қайырымды, кісілікті мадақтап,

түсінікті мадақтап

келем, келем,

өлең деген сан-қилы:

кейбірінен құмның исі аңқиды,

кей сөзімнен мұңның исі аңқиды;

кей жолымнан шық исі аңқиды,

кей ойымнан жөргек исі аңқиды -

пәктігі сол ақыл-жүрек-пиғылдың.

Пәк сезімді ән жасадым, күй ғылдым,

қара тасқа қызу құйдым, тер төгіп,

алақаным жүред содан өртеніп.

Канал тарттым әжімінен ананың,

балалардың күлкісінен шолпы өріп.

Ақ бұлақты ақық еттім көмкеріп,

көк аспанды шатыр еттім төңкеріп.

 

Үміттенгіш, сенгіш,

ыстық әрі аппақ

жүрегімнен сөз суырам сабақтап.

Ойымды - ойлап,

қағазымды парақтап

жүріп жатқан жайым бар, дос, далақтап.

Күнге үш мезгіл:

таңертең, түс, кеште мен

барлық, барлық жарамсақ пен кещеден

сақтаңдар деп тілек етем

бауыр, достан, таныстан,

тілек етем тағдырдан

күнге үш мезгіл нан ұстап.

Сонсоң, сонсоң...

Көз-көңіліңе қонатын,

қорқам сенен, бір өлеңі жоқ ақын!

 

Амал қанша,

берік бол, дос, болмасқа,

қаруым жоқ шыншыл-дығым-нан басқа.

Сенде де бар балдай үміт, бай талғам,

менде де бар «әттең-ай» мен «майталман».

Шынымен-ақ түсінбейсің сен кейде,

Мен де кейде келістіріп айта алман.

Саған не жоқ!

Сенің үнің - ең ескі үн,

сен ешкімге менен жақын емессің,

ерік өзіңде - төрелік де,

тоқтық де -

тек, әйтеуір

сен қорқатын жоқ түк те:

құмға қүйған суға ұқсап

сіңіп-құрып жоғалармын көптікке.

Менде сені қағып, жасқар жоқ талап,

мұрнын тесіп, арқасына ершік сап,

мезгіл өтті өгіз мінер ноқталап.

Менің жырым көл болса егер қоғалы,

қолға үйренген барысы мен қабаны;

барлық кезде жабайы ғой сұлулық:

жабайысы болса, ол - аққу, ақ қанат.

 

Сен ғой мені жау санайсың саналы ең,

Жау деп ұғам Отан жауын ғана мен.

Солай, достым.

Солай болмақ алда да,

өлең-ойын, тым ауыр деп алдама.

Ауырлама сезім-образ-үғымды,

сен арқалап жүрген жоқсың жырымды.

Жаман-жаман кітап жазу арқылы

оқушыңды жазалап ең, жарқыным,

Мені де ептеп алмақсың-ау жазалап.

 

(Неге сонша көтересің еңсені)

тек алуға жаратылған азамат,

ауырламай отырмын ғой мен сені?!

Рас, рас төбе басқа, тау басқа,

таулар жайлы жаздым, рас, әу баста.

Таудан аққан бейне ақ бұлақ, ақ бұлақ,

рас, рас, екпінім бар қаттырақ.

Өйткені мен есті сөзге

жүректің

отын қостым;

төбені де жыр еттім -

үнім одан әлсіреген жоқ бірақ.

 

Сонда да әлсіз бейнеленсе ой кейде,

биіктетер билігін кес,

асыл досым, ақыл қос.

Сен қоя тұр бақай баққан бақыр-дос,

«Партиялық поэзия сөйлейді!»

zhumeken.kz

0 пікір