Сенбі, 28 Қаңтар 2023
Құйылсын көшің 1644 2 пікір 9 Қыркүйек, 2022 сағат 12:56

Жолдау және қазақ көші

Көктемгі жолдауға қарағанда,  бұл реткі жолдау әлеуметтік, экономикалық мәселелерге көбірек көңіл бөлгені көрініп тұр. Бірінші тараудың басында «салық реформасы аясында сән-салтанатқа салық» салуды енгізген жөн. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады», - делінген.

Біздің айғайшыл демократтар мен кісілік құқық қорғаушылар осы тақырыпқа мүлде жоламайды. Егер Батыс пен АҚШ елдеріңдегі аталмыш салық бізде  қолданысқа енсе, бюджеттің бүйірі толып біраз әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді. Әрине, сайрағыштарын сайратып, Президенттің жаңа өзгерістеріне мойынсұнғысы келмейтін жіліктің майлы басын ұстап отырған мүдделі кландар бұл салыққа тіс-тырнағымен қарсы.

Көршіміз Қытайда жан саны он милионнан асатын қаржы, өндіріс орталықтары болып қалыптасқан оншақты мегаполис қаладағы қозғалмайтын мүлік нарығына салық енгіземіз дегеніне біраз уақыт болды. Бірақ билік пен қаржыны шеңгелдеп алған кландар бұл қадамға барғызар емес. Бұл жағдай социалистік лагерден бөлініп шыққан елдер мен өткен ғасырдың басында тәуелсіздікке қолы жеткен Азия, Африка, Латын Америкасындағы авторитарлық елдердің бәріне ортақ құбылыс. Бұл салықты қымбат қозғалмайтын мүлік пен автокөлікке салып қана қоймай, қазақ қоғамы үшін бәсекеге айналып, ысырапшылдыққа негіз болып отырған «той бизнесіне де» салынса, кредит алып той жасайтын оспадар мінезімізге тоқтау болар ма еді?!

Президент сонымен бірге, дамыған елдер экономикасының күретамыры болып отырса да, бізде кенжелеп қалған шағын, орта кәсіп пен ауылшаруашылық саласының жәйін сөз етті.

«Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 милиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде трилиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр», - деді.

«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады....Судың қырық пайызы құмға сіңіп жатыр», - деді.

Сарапшылар осы ғасырдың ортасына таман орта Азия елдерінде суға деген мұқтаждық еселеп артады деп болжайды. Осылай жалғаса берсе әлемде мұнайға қарағанда су көзіне деген талас басты орынға шығып, ендігі геосаяси жанжалдың тамыздығы шекара аттаған өзендер мен көл болады деп отыр. Осы отыз жылда айналадағы көршілермен шекарамыз толық анықталып, бекітіліп, қол қойылғанымен транс ұлттық өзендер мәселесі толық шешілмей, сөз бұйдаға салынып келе жатыр. Іле  мен Ертістің, Сыр мен Шудың, қайнары Сібір  ормандарынан басталатын өзендер туралы келіссөздің нүктесі әлі қойылған жоқ. Ал, жер асты суларын  пайдалану технологиясы мен ащы суды тущы суға айналдыру инженериясы ғалымдарымыз бен зерттеу институттарының арнайы зерттеу тақырыбына айналып, бағыттамалы қаржы бөлінген жоқ. Жер жағынан әлемде тоғызыншы орынды ұстайтын, астық өндіруші, экспорттаушы ретінде санаулы ірі елдердің қатарына қосылатын Қазақстан үшін судың қамын бүгіннен бастамасақ, кейін кеш болады. Міне, осы тұрғыдан келгенде Президентіміз өте кешенді, активалды, өткір мәселені дер кезінде қозғап отыр.

2017 жылы маусымда Дүниежұзі қазақтарының IV құрылтайынан кейін қазақ көшінің бағытында орасан зор өзгерістер болды. Тәуелсіздіктің алдында басталып, тәуелсіздік жылдарында нарықтық реформалармен қатар жүргізілген қазақ көші теориялық, практикалық жақтан толысып, жаңа кезеңдерді бағындырды. Осы құрылтайда бұрынғы тәжірибелер қортындыланып, жаңа бағыттар белгіленді. Сонымен Алаш көші ішкі көшпен қапталдаса, қатарласа адамы сирек, еңбек күші тапшы солтүстіктегі бес облыс пен батыстағы екі обылысқа бағытталды. Ол жаққа көшкісі келген отбасыларға жан санына қарай квота мен қаржы бөлініп, жол шығыны төленді. Жергілікті әкімшілікпен бірлесе отырып босаған пәтерлермен қамтамасыз етілді. Басқада тұрмыстық жеңілдіктер қарастырлды. Бүкіл ел бойынша түлектерге бөлінген мемлекеттік гранттың төрт пайызын қандастардың ұрпағы игіліктенетін болды. Міне, бұл қандастарға қаратылған бағдарламалар еліміздің ішкі-сыртқы жағдайын, ұлттық қауіпсіздік мәселесін сарапқа сала отырып жолға қойылған қазақ көшіндегі маңызы зор, ықпалы ұрпақтарға жалғасатын сапалық секіріс еді.

Жолдауда осы тарихи, реалдық жағдайлар көрініс таба отырып, қысқа да нұсқа былайша қорытындылапты: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгерді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпы ұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», - дейді.

Кезінде астанамыз Алматыдан арқаға көшкенде көп адам түсінбей, қарсы тұрған. Тіпті бұл көштің болашағы жоқ, бірнеше жылдан кейін қайта көшіп келеді деген сәуегейлерде болған. Бірақ, «жалпы ұлттық мүддені басшылыққа алған» бұл тарихи қадамның дұрыстығын қазір әбден дәлелдеп отыр. Қазақ елінің ел басқарудағы, қала салудағы жасампаздық қабілетін бүкіл әлемге «Нұр-Сұлтан» деген заманауи қала арқылы паш етті.

«Осы орайда, шетелден дарынды жандарды елге тарту қажет. Әсіресе шығармашылық және кәсіпкерлік салада жетістікке жеткен азаматтарды шақыру керек. Мен тиімді көші-қон саясаты туралы айтып отырмын», - деді Президент.

Жолдауда айтылған осы түйінді өзімзше тәпсірлеп көрейік. Ресми мәлімет бойынша екі милионның үстінде қандастарымыз өмір сүріп жатқан Қытайда компартияның XI съезі III пленумнен кейін немесе 1978 жылдан бастап нарық қалыптаса бастады. Қазір сол кезде туылған сәбилер қырықтың қырқасынан асты. Олардың ішінде біразы жоғары білім алған соң екі ел арасындағы шекара саудасының көрігін қыздырды. Тіпті орта мектепті бітіре салып саудаға араласып кеткендер бар. Бұл күнде тәжирибесі мол, капиталы қомақты қандас бизнесмендер қосыны қалыптасып үлгірді. Ішкі Қытайда және дамыған елдерде жоғары білім жұрты, медицина, медия, IT, құнды қағаздар саласында еңбектеніп жүрген қыз-жігіттер жетерлік. Кеңес одағы тарағаннан кейін Моңғолия Ресей, Өзбекстандағы қандастарымыз да нарықтың алғы шебінде жүріп, бизнестңң қыр-сырын игерді. Өз атамекенінде отырғандықтан да сол елде табылған қазба байлықтан аздап үлесін алды. Шетел мамандарын елімізге тартуда осы қандастарымыздың кәсіби қабілетін, тәжирибесін, капиталын атқарушы билік ескере ортырып, оларға екі елде емін-еркін бизнеспен, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сонда ғана еліміз аты затына сай, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» болып қалыптасып, тәуелсіздік үшін «Мың өліп, мың тірілген» ата-бабамыздың бізге тапсырған аманатын ұрпақтан-ұрпаққа жалғай алады.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3142
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2240
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1914