Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 2638 21 пікір 8 Қыркүйек, 2022 сағат 13:25

Әшімбаев: Астана атауын халық шешуі керек!

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елордаға Астана атауын қайтаруға қатысты пікір білдірді. 

«Бұл мәселеде адамдар өз пікірін айтуға құқылы. Азаматтың өз пікірін айтуға мүмкіндігі болуы керек, яғни бұл тұрғыда қудалайтындай саясат жоқ. Ең бастысы, халықтың пікірін ескеруіміз керек. Халықтың, қала тұрғындарының пікірі – негізгі фактор. Осы орайда жарияланып жүрген ұсыныстарды естіп, Мәжілістің депутаттары тиісті бастаманы көтеріп жатыр. Бұл тұрғыда халық не айтса, сол болуы керек. Халық қолдаса, осындай шешімдерге баруымыз тиіс», - деді М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сенат төрағасы бұл мәселеде ешқандай саяси ойындар жоқ екенін, яғни Қазақстан халқының пікіріне назар аударуға мән берілгенін айтты.

«Жаңа Қазақстанның аясында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте қоғамдағы ойларды пысықтап, тиісті шешім қабылданады. Астанаға қатысты шешім әлі де қабылданған жоқ. Осы мәселе бойынша талқылау процесі жүріп жатыр. Мәжіліс депутаттарының бастамасын жан-жақты қарап, талқылауымыз керек», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов елордаға Астана атауын қайтару ұсынысына қатысты пікір білдірді.

Abai.kz

21 пікір