Сенбі, 20 Сәуір 2024
Үміт пен күдік 2743 7 пікір 8 Қыркүйек, 2022 сағат 12:39

Ұлттық қор балаларымызға қормал бола ма?

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының соңғы жолдауындағы жұртты елең еткізген бастамасының бірі - "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасы болды. Бағдарламада: Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балаларға 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, арнайы жинақ шоттарына бөлініп, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсауына болады. Бұған дейін ұлттық қорды тек, мемлекеттің дағдарыс кезінде ғана пайдаланатын, халыққа қол жетімсіз ресурс ретінде санап келген ел-жұрт бұл жаңалықты таң-тамаша көңіл күймен қабылдады. 

Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Алайда, балалар жинақ шоттарына қанша қаражат жиналады? - деген сұрақ әрбір ата-ананың көңілінде тұрғаны анық. Себебі, аты таудай ұлттық қордан 50 пайыз үлес аз ақша емес -деп түсінетін адамдар да бар. Бірақ үлес тек, ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызынан бөлінетінін ескерген жөн. Инвестиция  жақсы, ұтымды жұмыс істесе, одан кіріс те мол түседі. Ал ол өкіметтің іскерлігіне байланысты. Жалпы Ұлттық қорда 2021 жылдың тамыз айындағы өкімет отырысындағы мәлімет бойынша 56,9 млрд. АҚШ долл. бар. Ал инвестициялық кіріс 2020 жылы 316 млн. АҚШ долл., 2021 жылдың сегіз айында 2,3 млрд АҚШ долл. деп атап көрсетілген. Осы көрсеткіш бойынша қарастырсық, 2022 жылға жалпы инвестициялық кіріс шамамен 3,4 млрд болды. Бұл сан инвестициялық кірістің төмен, небары 5-6 пайыз ғана екендігін көрсетеді. Алайда бұл көрсеткішті кемінде 10 пайызға арттыруға толық мүмкіндік бар еді. Одан да артық көрсеткішке жетуге де болады. Бұның бәрі өкімет құрамындағы кадрлардың қаржылық   біліктілігіне, отандық бизнесті дамытудағы құлшынысы мен жауапкершілігіне байланысты. Анығы сол - ұлттық қордың инвестициялық деңгейі артса, балалар үшін бөлінетін үлес те артып отырады.

Елімізде орташа есеппен жылына 400 мың нәресте өмір есігін ашады. Осы есеппен қарастырсақ, қазіргі кезде 18 жасқа дейінгі балалар саны шамамен 6,5 млн. Ал Ұлттық қордың инвестициялық кіріснің 50 пайызы - 1,7 млрд. долл. Осылай есептегенде жылына әрбір баланың жинақ шотына шамамен 260 долл. жиналады. Қазіргі курспен есептегенде (470 теңге бір  АҚШ долл.) 120-125 мың теңге шамасы. Әр ай сайын 10 -11 мың теңге көлемінде болады. Бұл жерде бала саны көбейсе немесе  инвестициялық кіріс төмендесе, жинақ шоттағы ақша да азаяды. Бұны да ескерген жөн.

Ересек балаларды есептемегенде, өмір есігін енді ашатын, туыла сала ұлттық қордан үлес алатын балапандарымыздың 18 жасқа дейінгі кірісін есептейтін болсақ, ол шамамен - 4 мың доллардан артық ақша болады (қазіргі жағдай тұрақты жалғасатын болса).  Теңгемен есептегенде 2 млн. шамасында болады. Бұл ақша 18 жасқа толған сол азаматтар үшін аса көп те ақша емес. Себебі, қазірдің өзінде жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдерінің оқу ақысы орташа 1 млн. теңге көлемінде. Оның үстіне уақыт өткен сайын оқу ақысы арта түсуі бек мүмкін. Демек, бұл қаржымен 1-2 жылдық оқу ақысын өтеуге болар. Ал баспана алу қалалы жерлер үшін мүмкін емес, ауылды-елді мекендерде алғашқы тұрғын үй жарнасы ретінде ұсынуға болар.

"Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасы арқылы президент ұлттық қордың нағыз ұлттық сипат алуын мақсат еткені даусыз. Алайда, баласы есейіп кеткен немесе үйленбеген, баласы жоқ адамдар бұл қодың игілігін қалай көреді? Егер осы топтағы адамдар Ұлттық қордың игілігін көрмесе, онда оның "Ұлттық" сипаты толықтай көрініс таппай қалады. Бұл да келесі кезеңдерде өкіметтің алдындағы шешуге тиісті сұрақтың бірі болмақ.

Қалай болмасын, "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасы азаматтар үшін қаржылық мәселелерін толық шешіп кетпесе де, пайдалы екені даусыз. Халық өзінің ұлттық қордан үлесі барын сезінеді. Болашақта ұлттық қордың жұмысына сыни көзбен, бақылап қарайтын, өкіметтен оны көбейтуді талап ететін болады. Өкімет те бұл саладағы жұмысын жандандыруы мүмкін. Президент сайлауының кезектен тыс өтуі, парламент сайлауы және оның соңында өкімет құрамының жасақталуы бір-бірімен тізбектеліп келіп отыр. Демек, президент жолдауының баянды болары анық.

Осы кезде мынадай сұрақ туады: Балаларға арналған ұлттық қорда  сақталатын қаржының сыйақысы қалай есептелінеді?. Егер "Отбасы банкы" секілді мемлекеттік сыйақы 20 пайыздық мөлшерде беріле ме? Олай болу үшін қаржы теңгемен сақталуы тиіс. Ал теңгемен сақталса, инфляция оны "жеп" қоймай ма? Керісінше шетел валютасымен сақталса, оның өсімі өте төмен пайыздық есеппен жүргізіледі. Бірақ, инфляциядан "аман" қалуы да ғажап емес.

Осыларды оқыған қарапайым халық не істесем жөн? - деген ойда болуы мүмкін. Менің берер кеңесім екеу. Бірі: "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасы бойынша ашылған жинақ шотқа ата-аналардың да өз мүмкіндігіне қарай қаржы аударып тұруына өкімет рұқсат берсе, (беруі керек деп ойлаймын) соған тұрақты түрде қаржы аударып тұрғаны жөн. Басқа банктерге жинаса да болмай ма?-деп сұрайтындарға айтарым: Бұл бағдарламаның ерекшелігі - одан 18 жасқа толмай ақша ала алмауыңыз. Бұл ақшаны жинай алмайтын немесе жинағанын қайтадан шығарып алып жаратып қоятындар үшін таптырмас тәсіл. Екіншісі: қымбатшылықтың шет-шегі көрінбей, күн санап асқынып отырған қазіргі уақытта, теңгесіне доллар сатып алып банкке жинауға шамасы келмейтін азаматтар қолда бар теңгесін қазірдің өзінде балаларының болашағы үшін жарата беруі абзал. Жинаған теңнесін инфляция "жұтып" отырғаннан көрі, дәл қазіргі нарық жағдайында бадалардың жан-жақты білім алуына, спортпен, өнермен айналысуына жұмсай бергені дұрыс. Өйткені, бүгіннен ертең қымбат заман болып тұр. Сонда балаларымыз мемлекеттің есебінде жоғары білім алуына қазірден негіз қалай бастайды. Ал ол - "мемлекет балаларымызға үлес беретін болды, сол арқылы білім алатын болады" - деп арқаны кеңге салып жүріп, ертең күні не грантқа іліне алмай немесе ақылы бөлімде оқыта алмай қалудан әлде қайда қайырлы болмақ.

Жоғарыда ұсынылған екі ұсыныс ол ұлттық қордың қазіргі белгілемесі бойынша қарастырылған пікір. Ал "Балаларға арналған ұлттық қор" бағдарламасын басқаша қарастыруға бола ма? -деген сұрақ туса, оған айтарым: Толықтай болады. Онда басты шарт ретінде мыналар көрсетілуі тиіс:

-  Ұлттық қордың инвестициялық мүмкіндігін жыл сайын арттыру өкіметтің нақты және басты міндетінің бірі болуы керек. Ол үшін қаржылық және кәсби білікті мамандар конкурс арқылы жұмысқа тартылуы және отандық бизнес шынайы бәсекелестік негізде дамуы қажет.

- Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа толғанды күтпестен, дәл осы күзден бастап берілуі тиіс. Былайша айтқанда, әр жыл сайын балалардың есеп-шотына түскен ақшаны сол уақытта шығарып алып, пайдалануға ата-анасына мүмкіндік берілуі керек. Бірақ, ол қаржыны тек баланың болашағына, оқуына, еміне, киім-кешегіне ғана жұмсау қаржылық-техникалық тетіктер арқылы бақылауы шарт. Болмаса, тойшыл қазақ оны өздерінің туған күніне, тойына, құдалығына жаратып жіберуі мүмкін.

- Осы бағдарлама жарияланған сәтте 18 жасқа толған немесе одан да кіші жастағы балаларға сол жасқа дейін қанша қаржы жиналуы тиіс болса, соның бәрін бір жолата беруі керек. Себебі, мектеп жасындағы балаларға қосымша курстарға баруға, спортпен айналсуға және басқа да шығындарға көп қаржы талап етіледі. Бұлай істелсе, нарықтың қыспағындағы ата-аналарға жеңілдік, ал мемлекет үшін жас буынды дер шағында баулудың тиімді тәсілі болар еді. Өйткені, жас күнінде алған білім тасқа таңба басқандай демей ме?  Жас өспірім кезінде қажетті білім мен шеберлікті, өнерді дер шағында бере алмасақ, есейіп кеткен соң қайыры шамалы болтыны анық. Ал бұл өз кезегінде мемлекеттің бәсекеге қабілетті адам капиталын дайындауға тиімді болмайды.

Сөз соңында ата-аналарға айтарым: Ақиқаты сол - балаларымыз үшін өкімет те, мектеп те, мемлекет те жағдай жасауға тырысады, бірақ ата-анадай жауапкершілікті ешкім арқалай алмайды. Себебі - тас түскен жеріне ауыр. Сондықтан, ойын-тойды, басы артық шығынды қысқартып, материалдық дүние арқылы бір-бірімізбен бәсекелестікті азайтып бар мүмкіндігімізді ұрпағымыздың сапалы адам болуына арнайық ардақты ағайын.

Қастер Сарқытқан,

Абай атынадғы ҚазҰПУ профессоры

Abai.kz

7 пікір