Жұма, 26 Сәуір 2024
Билік 1910 0 пікір 30 Тамыз, 2022 сағат 16:14

Ата Заң: «Күшті Президент - ық­палды Парламент - есеп беретін Үкімет»

Биыл 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясына 27 жыл толды. Еліміздің басты құжаты Ата Заңымыз 1995 жылы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған. Ол 9 бөлімнен, 98 баптан тұрды. Конституция  «Жалпы ережелер»,  «Адам және азамат»,  «Президент», «Парламент», «Үкімет», «Конституциялық кеңес», «Соттар және сот төрелігі», « Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару»,  «Қорытынды және өтпелі ережелер» деген бөлімдерден құралған. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші рет қабылданған Конституция еді.

Алдыңғы Конституция 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Жалпы алғашқы Ата Заңнан 1995 жылғы Конституцияның айырмашылығы, азамат құқығына ғана емес, адам дүниеге келгеннен бастап ие болатын ажырамас құқықтарына қатысты толықтырулар енгізілді. Ата Заң қабылданбас бұрын халықпен біраз талқылау жүргізілді. Заң жобалары үш миллион адам қатысқан 33 мыңға жуық ұжымдық талқылаудан өткен. Талқылау барысында 55 бапқа 1100-дей өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 30 мыңға жуық ескерту мен ұсыныс келіп түскен. Осылайша Конституция өз мәресіне жетіп, дайын болғанда қабылданды. Біздің Ата Азаңымызға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды.

Бүгін еліміздің саяси келбетін көрсететін, әлемге, адамзат баласына көзқарасын айқындап берген Конституция күні.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция күнімен құттықтау сөзінде осы маңызды мерекенің «Жаңа Қазақстан» құруға бет алған еліміз үшін саяси мәні зор екенін атады.

«Биыл бұл мейрам айрықша саяси мәнге ие болып отыр. Ата заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жалпыұлттық референдумның нәтижесі халқымыздың бірлігін және елімізді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалардың барынша қолдау тапқанын көрсетті.

Біз заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бірдей мүмкіндік қағидаттарын ұстанып, Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Еліміздің әрбір жауапты азаматының реформаларды іске асыруға белсене қатысып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын кезі келді.

Конституцияда белгіленген демократия құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктері Қазақстан Республикасы дамуының нақты стратегиялық бағдарын айқындайды.

Қолға алынып жатқан өзгерістердің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттілігімізді мейлінше нығайту және қоғамды үйлесімді дамыту. Бұл міндеттерді орындауға еліміздің әрбір азаматы атсалысуы қажет, қадірлі отандастар!»,- деді Президент барша қазақстандықтарды құттықтай отырып.

Конституцияға 1998, 2007, 2011 жылдары бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Ал, 2022 жылы Негізгі Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың орны ерекше. Ата Заңымыз қабылданған уақыттағыдай биылғы Конституциялық өзгерістер бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданды. 33 бапқа 56 түзету енгізілді. Қазір Конституция 10 бөлім, 99 баптан тұрады. Атап айтсақ,

еліміз суперпрезиденттік басқару формасынан парламенттің күші басым президенттің басқару формасына көшті;

жер және оның қойнауынан шығатын табиғи ресурстар, су мен өсімдіктер, жануарлар дүниесі халыққа тиесілі болды;

бұрын мороторий енгізілген өлім жазасына тыйым салынды. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;

Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылды;

Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады: 70 пайыз пропорционалдық, 30 пайыз мажоритарлық;

Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша мандатынан айыруға мүмкіндік береді;

Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;

Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;

Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталды.

Құқықтық жағынан басты өзгерістің бірі болған Конституциялық Соттың құрылуы деп айта аламыз. Алдағы уақытта еліміздің азаматтары өз құқықтарын қорғайтын басты ұйым Конституциялық Сотқа жүгіне алады.

Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдумға Қазақстандағы дауыс беруге құқығы бар 11 миллион 734 мың 642 адамның 7 миллион 986 мың 293-і қатысты. Олар 68,06 пайызды құрады. Өзгерісті қолдап дауыс бергендер 77,18 пайыз болса, қарсы болғандар 18,66 пайызды құрады. Қорытынды түзетулер халықтың көңіліне қонымды, демократиялық ұстанымға сай болды дегенді білдіреді. Мұны сарапшылар да жасырмады.

«Жаңа Қазақстан-әділетті Қазақстан бақыты өте дұрыс бағыт. Әділет пен заң бір біріне егіз ұғым. Әлемдегі адам құқықтарына сай стандарт бойынша адам құқықтары мен демократиялық жол деген екі принцип қатарласып жүруі керек. Алда суперпрезиденттік басқару жүйесі болмайды. Президенттің өкілеттігі қысқарып, ешқандай партияның құрамында болмайды. Мемлекет басшысының жақындарына артықшылық берілмейді. Олар ұлттық компаниялардың басшысы бола алмайды және мемлекеттік органдарды қызмет етпейді. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін өз бетінше тағайындай алмайды. Мәслихатқа кемінде екі үміткер ұсынуға мүмкіндік берілген. Сонымен қатар Президент Конституциялық Сот, Ұлттық банк, Жоғары Сот Кеңесі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағалары мен бас прокурорды Сенаттың келісімі арқылы ғана бекітеді. Осы аталған орган қызметкерлері саяси ұйымдарға мүшелікке өтпейді»,-деді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова Конституциялық өзгерістердің артықшылықтарын атап.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бейбіт Исабаевтың айтуынша референдум нәтижесінде келген өзгерістер ел Президентінің өкілетін арттырмайды, керісінше билік тармақтарының өкілеті күшейіп, теңгерімділікке қол жетеді.

«Биліктер арасында баланстың болуы, Парламентке берілетін өкілеттіктер, мәслихатқа берілетін өкілеттіктерді көрген соң халық өзінің қалауын айтады. Бұл жерде ешкімге артықшылық берілмеу керек. Барлық уақытта халықтың пікіріне құлақ асу принципі еліміздегі жаңа бастамаларды қолдаудың тетігі десек болады. Мәжіліс депутаттарын сайлау үшін партияның тізімі ұсынылмайды.

Енді халық тең және төте сайлау өткізеді. Ал, заңды Сенат мақұлдап, Мәжіліс қабылдайды. Сөйтіп Президенттің қол қоюына жіберіледі. Егер ол келіспесе кері қайтарады. Бірақ, депутаттардың 3-тен 2 бөлігі Президент шешімін қабылдамаса Президент сонымен келіседі”,-деді әріптесінің сөзін қолдаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген.

Жаңа Қазақстанның жаңғырған Конституциясы алдағы уақытта билік пен халықтың арасын жақындатып, достығын нығайта түсетініне сеніміміз мол.

 

Abai.kz

0 пікір