Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4197 0 пікір 3 Қаңтар, 2013 сағат 14:40

Дәулет Асау. Қазақстан ұлттар лабораториясына қалай айналды?

Қазақстанды ұлттар лабораториясына айналдыру саясаты 1868 жылдан басталды. Осыдан ғасыр жарым уақыт бұрын қазақ жерін мекендеген халықтың түгелге жуығы тек қана қазақтар еді. Орыс мұжығы біздің ата-баба мекенімізге Столыпиннің әйгілі жер реформасынан кейін, 140 жыл бұрын ғана аяқ басқан. Әйтсе де, қарашекпендердің ол жолғы қаптауы Қазақстанның демографиялық ахуалына онша әсер ете қойған жоқ. Сондай-ақ патшалық Ресей мен қызыл коммунистерден құқай көрген орыс ұлтының өкілдері әдетте «жабайы далаға» емес, өркениеті дамыған Кәрі Құрылыққа қарай қашты. Ал, ел ішіне келіп қашқан-тығылғандары қазаққа сіңісті болып, қазақша сөйлеп, өздері де қазақ болып кетті.

Екінші науқан - 30-50 жылдар ішінде жүргізілді. Кеңес үкіметі еш жазығы жоқ жеке азаматтарды ғана емес, КСРО аумағында тұратын тұтас халықтарды Одақтың шығыс аймақтарына, оның ішінде Қазақстанға жаппай жер аудару саясатын жүргізді. Тіпті Екінші Дүниежүзілік соғыс қызып тұрған жылдары, соғыстан кейінгі уақыттарда да жұртты тұрғылықты жерінен күштеп көшіруді толастамады.

Қазақстанды ұлттар лабораториясына айналдыру саясаты 1868 жылдан басталды. Осыдан ғасыр жарым уақыт бұрын қазақ жерін мекендеген халықтың түгелге жуығы тек қана қазақтар еді. Орыс мұжығы біздің ата-баба мекенімізге Столыпиннің әйгілі жер реформасынан кейін, 140 жыл бұрын ғана аяқ басқан. Әйтсе де, қарашекпендердің ол жолғы қаптауы Қазақстанның демографиялық ахуалына онша әсер ете қойған жоқ. Сондай-ақ патшалық Ресей мен қызыл коммунистерден құқай көрген орыс ұлтының өкілдері әдетте «жабайы далаға» емес, өркениеті дамыған Кәрі Құрылыққа қарай қашты. Ал, ел ішіне келіп қашқан-тығылғандары қазаққа сіңісті болып, қазақша сөйлеп, өздері де қазақ болып кетті.

Екінші науқан - 30-50 жылдар ішінде жүргізілді. Кеңес үкіметі еш жазығы жоқ жеке азаматтарды ғана емес, КСРО аумағында тұратын тұтас халықтарды Одақтың шығыс аймақтарына, оның ішінде Қазақстанға жаппай жер аудару саясатын жүргізді. Тіпті Екінші Дүниежүзілік соғыс қызып тұрған жылдары, соғыстан кейінгі уақыттарда да жұртты тұрғылықты жерінен күштеп көшіруді толастамады.

Сталиннің жаппай халықтарды Қазақстанға жер аударуы Батыс Украинадан басталды. 1936 жылдың сәуір айында КСРО Халық кеңесі комитетң «Саяси сенімсіз поляктарды Украин КСР-нан Қазақ КСР-на көшіру туралы» Қаулы қабылдайды. КСРО Министрлер Кеңесінің 28 сәуір 1936 жылғы № 776-120 «өте құпия» грифімен бекітілген Қаулысына сәйкес Украина дан күштеп көшірілгендерді орналастыру жөнінде БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті бюросының жоспары бойынша Украина мен Польша шекарасынан Қарағанды облысына15000 шаруашылық - 45000-тен астам немістер мен поляктар (поляктар - 35820, немістер -10000) жер аударылады. 1936 жылы 25 шілдеде Қазақстанға 25778 адам тиеген бірінші кезектің 40 эшелоны келді.

1937 жылдың 21 тамызында осындай зар күй кәрістердің басына туды. КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-ның № 1428-326 «Қиыр Шығыстың шекаралық аумақтарынан кәріс ұлтын көшіру туралы» Қаулысы шықты. Аз уақыттың ішінде қазақ жеріне 20141 отбасы немесе 98474 кәріс азаматтары көшірілді. Оларды негізінен еліміздің оңтүстік аймақтарына орналастырды. 1938 жылдың қазанында дәл осы «өте құпия» бұйрықпен «Азербайжан КСР шекаралық аймағынан ирандықтарды көшіру туралы» қаулы шықты. 1940 жылы көктемде Батыс Украина мен Белоруссиядан көтерілісшілер ұйымдарына қатысушылар, бұрынғы Польша армиясының официерлері, сотталғандар қоныс аударылды.

Қазақстанда 1941 жылдың басында 53772 поляк тұрып жатты. Сол жылы депортацияланған халықтар тарихындағы аса қайғылы тарихи құжаттардың біріне қол қойылды. КСРО ХКК мен БКП(б) ОК-ның 26 тамыздағы қаулысымен, яғни Екінші Дүниежүзілік соғыс басталысымен неміс тұрғындары түгелдей шпиондар, фашистердің қолшоқпары деп жарияланып, орын тепкен жерлерінен зордың күшімен көшіріле бастады. 1942 жылы Қарағанды облысындағы неміс қоныстанушыларының саны 350 мың жетті. Кеңес үкіметі 1943-1944 жылдары қазақ жеріне қарашайларды, қалмақтарды, чечендерді, ұңғыштарды,еврейлерді, Қырымда тұратын татарларды,  гректерді, армяндарды, балкарларды, болгарларды, түрік-месхетиндіктерді қаптатты. Олардың бәрі сатқындар, халық жаулары деп танылды.

КСРО НКВД арнайы қоныстандыру бөлімінің 1946 жылы қазан айындағы анықтамасында 2436940 адам есепте тұрған. Олардың 655674-сі ерлер, 829084 -сі әйел кісілер, 979182 -сы 16 жасқа толмаған балалар. Осы жылдың дерегінде Қазақстанға 890698 адам сырттан қоныстандырылған екен. Соғыстан кейін Батыстан Украин ұлтшылдары әскери жасағының сарбаздары мен олардың отбасы мүшелерінен 150 мың адам Одақтың түкпір-түкпіріне лақтырылды. Украин ұлтшылдарының бір бөлігі қазақ даласына өткен ғасырдың басында, 20-30 жылдары кулак ретінде жер аударылған. Сталин өлген 1953 жылы КСРО ІІМ қадағалаушы органының есебінде 2826419 арнайы қоныстанушылар болса, соның 1013610 адамы Қазақстанда тұрып жатты. Депортацияланған халықтардың басым көпшілігі Қарағанды облысының аумағына орналастырылды. 1949 жылы 1 тамыздағы есебі бойынша, облыста жалпы саны 39990 отбасыны құрайтын 117043 арнайы қоныстанушы болған. Оларды есепке алу үшін Қарағандыда Ішкі істер министрлігінің 113 арнайы комендатуралары құрылды.

Депортацияланған жандар жаңа жерлерінде аштыққа, ауруға ұшырап, көшіп-қонып жүргенде отбасы мүшелерінен айырылып қалып, басқа да тұрмыстық қиыншылықтарды бастарынан кешірді. Үкімет оларға қазынадан заң бойынша бөлінуі тиіс болымсыз материалдық көмектің өзін көрсетпеді. Оларды орналастыру үшін баспана салуға қажет материал мен қаражатты, адам басына күнделікті бөлінетін ас-су нормасын бермеді, жағдай жасамады. Көшіп келгендер өздері зордың күшімен күркелер құрастырып, жеркепелер салды, саз-балшықтан кірпіш құйды. Олардың арасында аурулар мен үсікке шалынғандар, содан қаза тапқандар көп. Дегенмен, Қазақстанға жер аударылған ұлттардың жағдайы басқа республикаларға депортацияланғандарға қарағанда көш ілгері еді. Ежелден бауырмалдығымен, қонақжайлылығымен атағы шыққан қазақ халқы сырттан соры қайнап жеткен түрлі ұлттардың бәрін бауырына басты, қолындағы нанын бөліп берді. Баспасы жоқтарды өз үйлеріне кіргізіп, бір бөлмесін ұсынды. Бүгінде сол келімсек ұлттардың қай-қайсы да қазақтың кеңпейілдігінің арқасында аман қалды, шырағын өшіріп алмай, соңынан ұрпақ өрбітті.

Қалай дегенмен де, кеңестерден қысым көріп, бөтен жерде жергілікті ұлтқа күні түскен босқындар қазақтың тілін тез үйреніп, ел ішіне тез сіңісті. Көпшілігінің өздері қазақ болып кетті. Жер ауған халық өкілдері қиын-қыстау заманда қанатының астына алып, қамқорлық көрсеткен қазаққа деген құрметтерін осылай білдірді. Сондықтанда олардың көлемі қарақұрым болғанымен, біздің ұлттық менталитетке, мәдениетке теріс әсерін тигізбеді.Қызыл коммунистердің қалың бұқараға қарсы аяусыз күресу саясаты тұтас КСРО-ны, оның ішінде Қазақстанды арнайы қоныстанушылар мен сотталғандардың концлагерьлері мекеніне айналдырып жіберді.

Үшінші науқан - қазақ үшін аса қасіретті болған - тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі. 1954-57 жылдары 500 мыңнан астам славян ұлтының өкілдері Қазақстанға келіп қоныс тепті. Елге келіп кері қашқандарымен қосып санағанда олардың саны 1миллионнан асып жығылады екен. Міне, осы кезде жаппай ұлттық мектептер жабылып, ұлттық кадрлар билік басынан шеттетілді, іс қағаздары орыс тіліне көшірілді. Елдің, жердің менталитетін, салт-дәстүрлерін сыйламайтын, тасыр мінез көрсететін келімсектермен ауыл жігіттері арасында ұлтаралық қақтығыстар көптеп орын алды. Әрине, бұл жайт кеңестің насихатына сай келмейтіндіктен айтылмады, жасырып-жабылды. Ұлттық демографияға сойқан болып тиген науқанның түпкілікті мақсатында тек тың жерлерді игеру ғана емес, Қазақстанды ұлттар лабораториясына айналдыру, қазақты орыстандыру саясаты жатты. Әйтпесе, отарлау саясатының нәтижесінде Ресейдің қарамағына өткен байырғы қазақ жерлері - Орынбор, Омбы, Қорған, Хажы Тархан, Сарытау, Түмен, т.б өңірдің қазақтары, ашаршылық жылдары Ресей мен Украинаға барып тұрақтап қалған басқа қазақ (500 мыңдай) атамекенге оралуға, тың жерлерді игеруге даяр отырған екен. Бірақ, кеңес өкіметі Қазақстанға қандастарды емес, славяндарды қаптатты. Соның кесірінен Қазақстанда тұратын қазақтың үлес салмағы 29 пайызға дейін төмендеп, ұлттық диаспоралардың саны 130-дан асып барып жығылды. Сөйтіп, Қазақстан кеңес өкіметінің қолымен жасалған ұлттар лабораториясына айналды.

«Abai.kz»

0 пікір