Жұма, 19 Сәуір 2024
Аласапыран 3475 7 пікір 7 Қыркүйек, 2022 сағат 01:08

Әлемнің "екінші әскері" Пхеньянға қол жаюда

The New York Times (NYT) басылымы АҚШ барлау қызметінің есебіне сүйене отырып, Ресей КХДР-дан «миллиондаған артиллериялық снарядтар мен зымырандарды» сатып алмақ деп жазды. АҚШ үкіметінің айтуынша, бұл санкциялар Ресей армиясы үшін оқ-дәрі жеткізу тізбегін «қатаң шектегенін» көрсетіп отыр. 

Америка Құрама Штаттары барлау қызметтері Солтүстік Кореядан Ресейге қандай қару түрі келетінін нақтыламаған  және жеткізу мерзімін де айтпаған. Аты-жөнін атамаған америкалық шенеунік Ресейдің қысқа қашықтықтағы зымырандар мен артиллериялық снарядтар сатып алып жатқанын, сонымен қатар Солтүстік Кореядан «қосымша қару түрлерін» сатып алуы күтіліп отырғанын айтқан. Алайда нақты қандай қару екенін айтпаған.

Солтүстік Корея 152 мм артиллериялық снарядтар мен Катюша зымырандарын шығарады. Бұл туралы American Enterprise Institute бірнеше мақала жазған болатын. NYT басылымының ақпаратына сенсек Ресейдің бұл қадамы амалсыздан болып жатқан әрекет екенін көрсетеді. Мәскеу санкция құшағында жатқан Солтүстік Корея мен Ираннан қару алуға мжәбүр, есесіне Тегеран мен Пхеньян өзіне тиімді шарттарды Мәскеуге талап ретінде қоя алады. Мысалы экономикалық қолдау немесе Ресейдің ұшақтарын алу мәселесі қарастырылуы мүмкін. Солтүстік Кореядан кез келген қаруды сатып алу БҰҰ қарарына қарсы әрекет болса да, Мәскеу амалсыздан бұл қадамға барып отыр дейді басылым.

Бұған дейін Washington Post (WP) газеті тамыз айында Ресей ирандық дрондардың бірінші партиясын алғанын хабарлады. Басылымның хабарлауынша, кем дегенде екі түрлі дрон Ресейге жеткізілген. Олар соққы жасау және барлау саласындағы Мохаджер-6 және Шахед дрондары. Басылым ресейлік әскерилер дрондарды сынақтан өткізу кезінде көптеген техникалық ақауларға тап болғанын да жазды. АҚШ Ираннан дрон алу мен оны соғысқа қолдануға байланысты Мәскеу мен Тегеранға бірдей қатаң санкция салатынын жеткізген болатын.

Батыс елдері салған санкциялар Ресейдің әскери потенциалын едәуір азайтты. Ресей Украина майданында мыңдаған техникасы мен он мыңдаған әскерінен айырылып, оның орнын толтыру мүмкіндіктерін іздестіруде. Әлем елдері Батыс санкциясына ұшырамау үшін, Ресейге қару сатуға ниетті емес. Ресей қаруды онсыз да санкцияда жатқан елдерден құпия түрде алуға мәжбүр.

Abai.kz

7 пікір