Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3505 0 пікір 27 Желтоқсан, 2012 сағат 07:54

Мырзан Кенжебай. Өзі ластың –саясаты да лас

Жер бетіндегі жанды мен жансыз зат атаулыны адал һәм арам деп екіге бөлсек, сол небір адалдың өзін арамға айналдыратын да адамдардың өздері. «Саясат-лас нәрсе» дегенді ойлап тапқан да сол адалды арамға айналдырушылар. Олар өздерінің арам пиғылы мен жандүниесінің ластығы ашылып қалған сәтте өтірік күліп тұрып осы «саясат-лас нәрсе» деген кесапат сөзді қайталап береді. Біздің кешегі өткен ғасырымызда да, өзіміз өмір өткізіп жатқан бүгінгі ғасырымызда да қаруы көп, арқасүйері күшті мемлекеттер әлсіз мемлекеттерге ойран салып, ойына келгенін істеп жатса да солардікі дұрыс дейтіндер де әлгі «саясат-лас нәрсе» дегенді ойлап тапқандар. Әуелі неше түрлі бірлестік, одақ, еркін экономикалық аймақ дегендерді құрып, алуан-алуан айламен қалай бұлқынса да қия баса алмайтын тәуелді, бағыныңқылы етіп алған соң өзінен саны аз ұлтты қырып-жойса да өзінің дұрыстығын кез-келген сәтте «дәлелдеп» шығатын отаршыл ұлттар да бар. Ойлап көріңізші. Мысалы, патшалық Ресейдің екі жүз жылдан астам қазаққа көрсетпеген қорлығы, жасамаған зорлығы жоқ. Қазақ даласын басып алғаны аз болғандай, тіліне де, дініне де  ұдайы шабуыл жасалумен келді. Бірақ соның бірде-бірі Кеңес заманында да толық ашылған да, жазылған да, айтылған да жоқ.

Жер бетіндегі жанды мен жансыз зат атаулыны адал һәм арам деп екіге бөлсек, сол небір адалдың өзін арамға айналдыратын да адамдардың өздері. «Саясат-лас нәрсе» дегенді ойлап тапқан да сол адалды арамға айналдырушылар. Олар өздерінің арам пиғылы мен жандүниесінің ластығы ашылып қалған сәтте өтірік күліп тұрып осы «саясат-лас нәрсе» деген кесапат сөзді қайталап береді. Біздің кешегі өткен ғасырымызда да, өзіміз өмір өткізіп жатқан бүгінгі ғасырымызда да қаруы көп, арқасүйері күшті мемлекеттер әлсіз мемлекеттерге ойран салып, ойына келгенін істеп жатса да солардікі дұрыс дейтіндер де әлгі «саясат-лас нәрсе» дегенді ойлап тапқандар. Әуелі неше түрлі бірлестік, одақ, еркін экономикалық аймақ дегендерді құрып, алуан-алуан айламен қалай бұлқынса да қия баса алмайтын тәуелді, бағыныңқылы етіп алған соң өзінен саны аз ұлтты қырып-жойса да өзінің дұрыстығын кез-келген сәтте «дәлелдеп» шығатын отаршыл ұлттар да бар. Ойлап көріңізші. Мысалы, патшалық Ресейдің екі жүз жылдан астам қазаққа көрсетпеген қорлығы, жасамаған зорлығы жоқ. Қазақ даласын басып алғаны аз болғандай, тіліне де, дініне де  ұдайы шабуыл жасалумен келді. Бірақ соның бірде-бірі Кеңес заманында да толық ашылған да, жазылған да, айтылған да жоқ. Ең әрі кеткенде халық бай мен жарлы болып екіге бөлінгені, қазақ байлары, орыс капиталистері шаруалар мен жұмысшыларды «аяусыз қанағаны» туралы оқулықтарда атүсті ғана айтылып өтті. Өйткені,  Кеңес үкіметі кезінде де орыстың шовинистік саясаты патша заманындағыдан күшеймесе әлсіреген жоқ. Олар қазақты  ашса-алақанында, жұмса -жұмырығында ұстады. Міне, сондықтан «саясат - лас нәрсе» дегенді ойлап тапқан да солар, яғни, өздерінің жандүниесі лас адамдар. Сенбесеңіз, сол Мәскеу басқарған кездегі қазаққа қарсы жасалған жауыздықтың басты-бастыларына ғана көз жүгіртіңізші.

1917-1919 жылдар аралығында қазақты ақгвардияшыл орыстар мен қызылгвардияшылар кезекпен қырды.

1928 жылғы конфискация, яғни, тәркілеу. Қазақтың ауқаттыларының мал-мүлкін, жерін тартып алып, өздерін жер аудару

1929-1930 жылдары ұлтын сүйген, яғни, ұлтшыл қазақтарды жаппай қамап, сотсыз ату.

1932-1934 жылдары қазаққа қарсы қасақана жасалған ашаршылықтан 4 миллиондай қазақты қырып тастады.

1937-1938  жылдары «Халық жаулары» деген жала жауып қыру

1941-1945 жылдары  әрбір бесінші қазақ соғысқа алынып сүйегі жат жерде қалды.

Семей полигоны, Байқоңыр ғарыш айлағының қасіреті әлі де сол күйінде. Қазақ сәбилері мүгедек, кемтар болып дүниеге келуде. Жер мен су уланған.

1953 жылы басталған тың көтеру кезінде жан-жақтан келген қылмыскерлердің қазаққа жасамаған қорлығы жоқ.

Бүгінде азаттық алған Қазақстанның мектептері мен оқулықтарында бұл туралы толық әңгімеленбейді. Осының бәрін жасаған отаршыл Ресей екені атап айтылмайды. Осылай дей бастасаң-ақ «О-ой, саясат деген лас нәрсе ғой» деп өте шығатын қазақтар да көп-ақ. Бүгінгі  қазақ жастары өз ұлтын, елін, жер-суын бірнеше ғасыр бойына кім езгіге салып келгенін біз оқу орындарына арналған тарих оқулықтарында ұдайы айтып отыруымыз керек. Ал өз ұлтының шынайы тарихын білмеген, отаршыл ұлттың тарихшылары жазып берген тарихты оқыған ұрпақ шындықтан хабарсыз, ақиқаттан адасып қалған, санасыз, ұлттық намыс дегеннің не екенін білмейтін маубас, әйтеуір жер басып жүрген бір тірі жан болып шығады. Бұл бір ұлтқа қатысты «лас саясат» төңірегіндегі ғана мысал. Ал халықаралық деңгейдегі «саясаттың ластығы» жүздеген, жүзмыңдаған, тіпті, миллиондаған адамдардың ажал құшуына әкелетіні тарихтан мағлұм. Мұндайда әуелі тұтас бір халыққа, тұтас бір дінге қара күйе жабылып, оларды өзге жұртқа жексұрын, сұмпайы, жабайы, қанқұмар етіп көрсететін жалақор, жалған ақпараттар таратады. Қарап отырсаңыз «обал» және «сауап» деген ұғым мұсылманда ғана бар. Мысалы, бұл екі сөзді мүйізі қарағайдай болса да ешбір ғалым не ағылшын, не орыс тіліне тәржімалай алмайды. Тағы да қарап отырсаңыз, әлемдегі болған ең үлкен соғыстардың ешқайсысын ислам мемлекеттері жасамаған. Сонау бірінші дүниежүзілік, екінші дүниежүзілік соғысты да, Азия, Африка елдеріндегі ұсақ мемлекеттерге, сонау жылдары Вьетнамға, Кореяға, Гренадаға, Доминикан Республикасына, Ғиракқа, Ливияға, Ауғанстанға және өзгеде елдерге қанды қырғын жасағандар Америка мен Еуропа елдері ғана екенін әлем жұртшылығы көріп отыр. Мысалы, соңғы алпыс жылдың аржақ-бержағында

Ислам діні мен ислам елдеріне қарсы әсіресе, арабтар мен парсыларға қарсы оларды соғысқұмар, адамзат өркениетінің дұшпаны, террорлық әрекет жасаушылар ретінде әлем халықтарына жеккөрінішті етіп көрсетудің небір құрық бойламас қулыққа, өтірік ақпарларға толы сайқал саясат жүргізіліп келеді. Бұл негізінен 1946 жылы Израиль мемлекеті құрылғаннан көп ұзамай басталды да оны Америка, Англия сияқты басқаның есебінен байыған күшейіп алған мемлекеттер  жыл сайын құлшына жүргізіп келеді. Ондай лас саяси науқанның соңы көбіне арабтарды жерден атқылап, әуеден бомбалап қырғынға ұшыратуға жалғасып отырады. Мысалға, Ғирақ (Ирак) мемлекетін тып-тыныш 25 жыл Саддам Хусейн басқарып,  өзінің ұлан-ғайыр байлығының арқасында қарһәлләзи күн кешіп отырған Ғирақ (Ирак) мемлекетін Америка адам жаны түршігерлік қырғынға ұшыратып, ықылым заманнан сақталған еш мемлекетте жоқ мәдени мұраларына шейін тонап Америкаға әкетті. Өздерін өздері әлемдегі ең мәдениетті, ең демократияшыл  ел деп алты әлемді алдаумен келатқан АҚШ және оның талай жұрт «есуас» атаған президенті Буш Англияның және басқа НАТО-ға мүше елдердің қолдауымен бейбіт елдің қанын судай ағызып, президент Саддам Хусейнді дарға асты. Ливияны да сөйтті. Муаммар Каддафи елін ешкімнен кем, ешнәрседен кенде қылмай, мұңсыз-қамсыз қарһәлләзи ел қып басқарып отырды. Халқының әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы Американікінен артық болмаса, кем болған жоқ. Бар айыбы Ливия ислам мемлекеті болды. АҚШ пен Еуропаға міне, ең алдымен осы ұнамады. Бір қызығы АҚШ Ғиракқа да, Ауғанстанға да қанды қырғын әзірлеп жатқан кезде Ресей тарапы бұл саяси-бейбіт жолмен шешілуі тиісті мәселелер деп,  Ғирақты да, Ауғанстанды да қолдаған болып отырды да бейбіт елді қыру басталғанда жалт беріп, теріс айналды да кетті. Ливиядағы жағдайда да сөйтті. Соған қарап, ата-бабаларымыз «бұлармен дос болсаң жаныңда айбалтаң болсын» дегенді бекер айтпаған ба деп те қаласың. Ал орыстардың өздері «Бейбітшілік керек болса, қаруың дайын тұрсын» дейді.

Халықаралық жағдайдағы «саясат ластығы» кімнің қаруы көп, кімнің арқа сүйері мықты болса, сонікін дұрыс деп шығаратынын биылғы қарашаның екінші жартысында

Израиль Фалестиннің Газа секторын тас-талқан қылғанын көзіміз көрді. Иә, Израиль деп аталатын оймақтай ғана мемлекет араб елдеріне қарсы алуан түрлі бүлдіргі әрекеттер жүргізгеніне де 60 жылдан асып кетті. Филастинді (Палестинаны) былай қойғанда сонау жылдары Ливанда болған қырғындарды көз алдыңа елестетсең, Израильдің тырнағының ізі сояудай болып көрінеді де тұрады. Өткен ғасырдың бас кезінде терроризм дегенді  арабтарды қыруға қолданған да, оны бүгінде ислам терроризмі деген терминге айналдырған да ең әуелі осы ел. Ал биылғы соғыс әрекеттері ше? Бұ жолы да АҚШ Израильді қолдайтынын алты әлемге ашықтан-ашық көрсетті. Бірнеше күнге созылған осы қырғынға Ресей мен өзге де бірнеше батыс елдерінің телеарналарының айтуынша арабтар кінәлі-мыс. Бұның қып-қызыл өтірік екенін, бұл үшін Израиль мен Америка толып жатқан айла-шарғы ұйымдастырып, қажет болса өздері теракт, яғни, террорлық әрекет жасай салатынын әлем жұртшылығы біліп отыр. Біле тұра, Ресей де үндемейді. Өйткені, «саясат-лас нәрсе» екенін олар да өздерінің Чеченстандағы соғысымен дәлелдеп отыр. Әйтпесе, чечендер Ресейге барып соғысып жатыр ма, әлде Ресей әскерлері Чеченстанға барып соғысып жатыр ма деген қисынға - логикаға қарап-ақ кімнің ісі әділ екенін көруге болады ғой. Израиль мен Палестина арасындағы соңғы (бірақ бұл соңғы бола қоймасы анық) қараша айында болған соғыс кезінде оның қалай басталғанына, кім-кімге зорлық, әлімжеттік көрсеткеніне Ресей телеарналары арқылы баға беріп жатқандардың бәрі дерлік фамилиясы орысшаға келіңкірейтін, бірақ нақты ұлты кім екені күмән тудыратын адамдар. Мысалы, Таяу Шығыс жанжалдарын талдау Орталығы деп аталатынның директоры А. Шумилин деген. Осы арада бұл орталықты кімдер ашқан, оны кімдер қаржыландырады деген сұрақ туады. Егер оны Ресей қаржыландырып отырған болса мұнда неге араб ұлтының өкілі жоқ деген сұрақ туындайды.

Ал Таяу Шығыс институты деп аталатынның президенті Евгений Сатановский деген екен. «Россия 24» деп аталатын осы хабарды көрсететін телеарнаның Таяу Шығыс бюросының шефі Сергей Пешков деген. Ал болып жатқан уақиға туралы хабарды Ольга Шнейдер деген жүргізеді. Бірде-бір араб атаулы жоқ. Осылардың бәрін тыңдап, көріп отырған адам осының бәріне мұсылмандар, оның ішінде арабтар кінәлі екен деп ойлайды. Тіпті, әуелі арабтар Израильдіктерді 3-4 күн зымыранмен атқылап жатса да бұлар шыдап отыра беріпті-мыс. Олардың екі сөзінің бірі «теракт», «терроризм» дегеннен басталады. өйткені, Америка мен Батыс Еуропа елдері  әртүрлі жарылыстар, адам өлтіру, өртеу сияқты қасіретті уақиғалар жасап, оны мұсылмандар істеді деп пайдаланатын «терроризм» деген сөзді ислам дініне, ислам елдеріне,  қара таңба қып таңып қоюды үйреншікті ісіне айналдырып алды. Мысалы Тель-Авивтің қақ ортасында автобус жарылып 15 адам жараланды, мұны жасаған Филастин-Палестина террористері, «хамасшылар» десе, палестиналықтарға ешкім жақтаса алмайтынын, яғни, терроризмді қолдаушы атанып кетуден қорқатынын олар жақсы біледі. Мұндайда палестиналық арабтарды қолдауға Ресейің мен Қытайыңның да аяғын тартары сөзсіз. Өйткені,  Ресейдің өзі соншама жылдан бері әлдебір «чечен террористерімен» соғысып келеді. Ал қытайдың «ұйғыр экстремистері» дегені бар. Өз бостандығы, өз жері, өз тілі үшін күресіп жатқан чечендерді «боевик» деп атайтын орыстар өткенде Газа секторын әуеден бомбылап, жерден атқылап жатқан Израильдің әлімжеттігі, зорлығы туралы ләм-мим деместен, әлдебір араб «боевиктерін» аузынан тастаған жоқ. Тіпті, осы қантөгістен репортаж жүргізген журналистер және пікір айтқан «директор», «президенттер»  орыс емес, басқа ұлт азаматтары, өз ұлтына жаны ашып тұрған тіпті еврей ұлтынан болуы да мүмкін. Алайда жаны таза, адамгершілік ар-ұяты бар адам екі жақтың кінәсі болса, соған талдау жасап барып, жұртшылыққа жария етуі керек. Ал журналистік этика, журналистік мәдениет бойынша уақиға болып жатқан елден хабар беріп тұрған, оны мына жақта қабылдап отырған журналистердің ананікі-дұрыс, мынанікі-бұрыс деп жұртшылыққа пікір таңуға еш хақы жоқ. Әттең, бұл уақиға  керісінше Израильді қолдау, сонікі дұрыс деген сыңайда суреттелді. Ар-ұяты бар адам ең болмаса палестиналықтарда Израильдікіндей бомбалап жатқан не ұшақ, не танк жоқ, олардікі қолдан жасалған тұрпайы зымырансымақ қана екенін айтар еді. Ал израиль әскерінің әуе күштері америкалық соңғы техникалық жетістіктермен жасалған алуан түрлі бомбасы, зымыраны бар ұшақтармен жарақтандырылған. Танкілері де сондай. Ендеше, азу тісі балтадай арлан қасқырға қалт-құлт етіп күнін көріп жүрген кетік қоян шабуыл жасауы мүмкін бе?

Иә, Американың Құрама Штаттары мен Батыс Еуропада ислам елдеріне, ислам дініне деген өшпенділік өрттей қаулап тұрғаны, осы өшпенділіктен олар қандай сорақы да жантүршігерлік әрекеттер жасап жүргені жасырын емес. Осы қанды уақиға кезінде әлгінде аты-жөні айтылған «директорлар» мен «президенттер» де, жүргізуші журналистер де өз сөздерінің арасына «терроризм», «исламский джихад» деген сөздермен бірге бұларға Иран көмектесіп отыр дегенді қайта-қайта айтумен болды. Бұл - белгілі әдіс. Келесі қырып-жою Иранға жасалады деген сөз.

Қалай десеңіз де қазір әлемдік саясат сахнасы көк теңіздің төріндегі бүкіл тіршілік иелеріне ойыны мен ойранын қатар салып, ойына келгенін істеп жатқан үш-төрт акуланың әрекетін көзге елестетеді. Ендеше, солай екен деп ақты-ақ, қараны-қара демей, үнсіз отыра беруді қандай саясатқа жатқызуға болады? Бұл лас іске араласпай «Аяз әліңді біл» деп жан бағу ма, «әліптің артын бағу ма?». Ол жағы қаратабан жәй халыққа беймәлім! Егер бұл жерде «дін мемлекеттен бөлек» деген ұстанымды тұтынатынымыз рас болса, қасиетті Құрандағы «Егер бір мұсылманды біреу өлтіріп жатқанын көре тұра, үндемей кетіп қалса, ол адамның күнәсі әлгі кісі өлтірушінікінен де ауыр болады» дегенді еске алып, алдымен мұсылмандар діни орталықтары мен Қазақстандағы әртүрлі діни бірлестіктер Күштінің Әлсізге зорлық көрсетуіне наразылығын білдірсе, артық болмас еді-ау...

«Abai.kz»

0 пікір