Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Сұхбат 3799 38 пікір 3 Қыркүйек, 2022 сағат 16:46

Желтоқсан партиясы: Сайлауға жастар түссін!

Бүгін белгілі қоғам белсендісі, Желтоқсан ардагері Нұрлыбек Қуаңбаев «Желтоқсан» ұлттық демократиялық партиясы құрылып жатқанын хабарлады. Ол өзінің желідегі парақшасында: ««Желтоқсан» ұлттық демократиялық партиясы құрылды. Қолдаңыздар», - деп жазды.

Біз дереу Нұрлыбек мырзаға хабарласып, құрылып жатқан партия туралы егжей-тегжейлі сұрап білдік. Жедел сұхбатты оқырман талқысына ұсынамыз:

Тоқаев партиямызды тіркеп берсін!

Сұрақ: Сіз «Желтоқсан партиясы құрылды» деп жаздыңыз. Ұлттық демократиялық партия. Бұл қандай партия? Қашан құрылды? Сьез, жиын, басқосуы өтті ме? Партияның басшылығында кімдер жүр? Құрамы, мүшелері қанша? Оның тіркелуі мүмкіндігі қалай?

Жауап: «Желтоқсан» партиясының құрылуы я құрылмауы бұрыннан келе жатқан әңгіме ғой. Бірақ мен бүгін Facebook-тегі парақшамда «Желтоқсан партиясының» құрылғанын мәлімдедім. 12 адамнан тұратын саяси кеңесіміз бар. 200-300 адамнан астам мүшеміз бар. Осы азаматтар маған ылғи партия құру туралы бастама көтеріп, ұсыныс айтатын. Мен оларға ылғи бас тартатынмын. Бірақ, осы жолы сол саяси кеңесіміздің мүшелері «қысым жасады» десем де болады.

Тоқаев сайлау өткізу, президенттік мерзімді 7 жылға ұзарту секілді бастамаларды ұсынды ғой. Мен мақұл деп қабылдадым. Мақұл, онда біздің партиямызды тіркеп берсін. Біз де партиямыздың атынан үміткер ұсынайық, онда.

Сұрақ: Сіз өзіңіз қандай да бір қоғамдық ұйымның атынан президенттік сайлауға қатысуға дайынмын дейсіз ғой?

Жауап: Иә, иә, дайынмын.

Сұрақ: Партияның бүгін-ертең тіркеле қоюы екіталай дүние...

Жауап: Партия тіркелмейді ғой...

Сұрақ: Ондай жағдайда сіз қандай ұйымның атынан үміткерлікке түсесіз?

Жауап: Мен тек қана Желтоқсан ұйымының атынан ұсынамын. Басқа партияларға бармаймын.

Сұрақ: Сіздің бұл бастамаңызды қолдайтын тағы қандай азаматтар бар? Аттарын атай аласыз ба?

Жауап: Мені Арман Шораев қолдайды. Еркін Рақышев қолдайды...

Сұрақ: Еркін Рақышев кеше Мұхтар Тайжан мырзалармен бірге басқосуға барды. Ал Мұхтар мырза осыған дейін президент Тоқаевтың Жолдауда айтқан бастамасына (президенттік мерзімді 7 жыл етіп өзгерту-ред.) қарсы шығып, үндеу тастаған. Ол азаматтардың бастамасына қатысты ойыңыз қандай?

Жауап: Егер Балташ ағам (Тұрсынбаев), «менің әкем» тірі болғанда, мұндай болмайтын еді. Балташ ағам ондайды қолдамайтын еді. Сондықтан ол жерде Еркін Рақышевтің не істеп жүргенін білмеймін. Балташ ағам кеткен соң, оның идеяларын басқаша пайдаланып кетуге болмайды ғой. Сондықтан, кешегі жігіттердің қосылған бастамаларына көңілім толмады. Жарайды. Біріксін, жасасын. Оған менің қатысым жоқ. Олар мені шақырған да жоқ.

Сұрақ: Бізде «Желтоқсан» деп аталатын бірнеше ұйым бар. Гүлбахрам Жүністің, Сіздердің ұйымдарыңыз, Ерлан Декелбаев ағалар бар. Олармен күш біріктіресіз бе?

Жауап: Декелбаевтың ұйымы жоқ. Ол ұйым басшысы емес. Мен ұйым басшысымын. Менің ұйымымда 200-ден астам адам бар. Олар мені қолдайды.

Сұрақ: Ресми тіркелген ұйым ба?

Жауап: Ресми тіркелген ұйым. Біз жұмыс істеп жатырмыз. Ерлан Декелбаевты сыйлаймын. Бірақ, ол ұйым басшысы емес.

Сұрақ: Жақсы. Егер сіз сайлауға түсетін болсаңыз, өзге де желтоқсандықтар (ұйымдар) сізді қолдай ма?

Жауап: Ұйымды ашу бір бөлек, ұйыммен жүмыс істеу бір бөлек. Мысалы, Гүлбахрамды алайық. Ол өз ұйымын ашып алған. Сол ұйыммен бірге жұмыс істеп жүр. Мен оны қолдаймын. Ол кісінікі дұрыс. Мен президент болмай-ақ, қояйын. Мысалы ретінде, егер мен түссем, осы адамдар мені қолдайды деп ойлаймын.

Президенттікке 60-тағылар емес, жастар түсуі керек!

Сұрақ: Оппозицияда жүрген азаматтармен күш біріктіру туралы ойыңыз қандай?

Жауап: Қазіргі уақытта сайлауға бір ғана адамды түсіру керек. Ол жас болуы керек. Мен секілді алпысқа келген, Еркін Рақышев секілді алпысқа келген жігіттер болмайды. 35-45 жастың арасындағы жігіттерді сайлау керек. Солар Қазақстанда реформа жасауы керек. Шалдардан құтылу керек.

Сұрақ: Сіз президенттік сайлауға түспейсіз бе?

Жауап: Жоқ! Мен сайлауға түспеймін. Менен президент шықпайды. Партия құрамын. Сол партиядан жас жігітті үміткер ретінде шығарамын.

Сұрақ: Президенттік сайлауға қатысу үшін де, партия құру үшін де ақша керек. Және аз ақша емес. Сіз қаржыландыру мәселесін қалай шешпексіз?

Жауап: Бізде ақша жағынан проблема жоқ. Оның қайдан шығып жатқанын айтпай-ақ, қояйын.

Сұрақ: Партия құруға ақшаңыз жете ме?

Жауап: Жетеді. Үміткер шығаруға да ақшамыз жетеді.

Сұрақ: Жақсы: Мен де сіздің ақшаңызды қазбалап сұрамай-ақ, қояйын. Бірақ, сіз президенттікке  алпыстан асқандар емес, жастар баруы керек дедіңіз. 3-4 адамды атай аласыз ба?

Жауап: Айта алмаймын. Бірақ,  3-4 жас жігіт бар. Олардың кім екендерін айтсам, дау болып кетер.

Сұрақ: Бізде қазір билікте жүрген азаматтардан (Үкімет, Парламент т.б.) президент болуға лайық деген адамдар бар ма? Бірлі-жарымын мынау деп көрсете аласыз ба?

Жауап: Бар жігіттер. Билікте жүргендердің ішінде де бар. Биліктен тыс жүрген адамдар да бар. Егер мен қазір бір адамның атын атасам, «Нұрлыбектің «Желтоқсаны» осы адамды итеріп жатыр, анаумен-мынау байланысты» деген алып-қашпа сөздер көбейеді. Сондықтан, мен біреуді атай алмаймын. Мысалы... Мысалы, жақында құрылған Ұлытау облысы бар ғой...

Сұрақ: Берік Әбдіғалиұлы ма?

Жауап: Иә, сол жігітті атай аламын. Қазақстан президенті болуға лайық адам. Басқасын айтпаймын. Әрі қарай, шу болып кетеді.

Дәл қазіргі уақытта Тоқаевтың 7 жыл отырғаны дұрыс!

Сұрақ: Кеше жолдаудан кейін Президент те сайлауға қатысатынын айтты. «Президент 7 жыл отыруы керек және бірақ мәрте сайлауға түсу құқы берілуі керек», - деді. Сіз не дейсіз?

Жауап: Нұреке, дәл қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаевтың 7 жыл отырғаны дұрыс. Мені талап тастаса да сол.

Сұрақ: Жуырда Дос Көшіммен осы сайлау туралы сөйлестік. Ол кісі: «Бұл сайлауда Тоқаевқа оппонент жоқ», - деді.

Жауап: Жаңа ғана айттым ғой...

Сұрақ: Ераға Бапи, Рысбек аға Сәрсенбайлар алдағы уақытта сізге хабарласып, «Нұрлыбек, біз сайлауға байкот жариялаймыз. Қатарымызға қосыл», десе? Ол кісілердің кешегі кездесуде қандай шешімге келгенін біз білмейміз ғой. Десе де, қандай да бір шешімге келіп, сізді қатарларына шақырса, сіз қосыласыз ба?

Жауап: Жоқ.

Сұрақ: Сіз: «Желтоқсан партиясы немесе ұйымының атынан өзім түспесем де, додаға түсіретін адам бар», - дедіңіз. Обьективті баға беріңізші, осы сайлаудың сіз үшін фавориті кім?

Жауап: «Желтоқсан» партиясынан бір жігіт, мүмкін екі жігіт президенттік сайлауға түседі. Жас жігіт. Ол желтоқсандық болуы, желтоқсан оқиғасына қатысуы міндетті емес. Оны көрсесіңдер. Тоқаевтың түсетіні түсінікті ғой. Ол Тоқаевқа бәсекелес болады. Тіпті, жеңіп кетуі де мүмкін.

Екіншіден, Тоқаев қазір өзін жеті жылға сайлап отыр ғой, шынын айтқанда. Бірақ, бұл жерде конкуренция болуы керек. Тоқаев Назарбаев сияқты болмауы керек. Оның тақтан айырылып қалу мүмкіндігі болуы керек. «Желтоқсаннан осындай жас жігіт шығып жатыр», - деп ертең ел де, Тоқаев та шошитын болады. Яғни, мен осы жолы шахмат жүрісін жасап отырмын.

Сұрақ: Яғни, «Тоқаевқа Әміржан Қосановтан да қатты оппонент бола алатын адам шығарамын» дейсіз бе?

Жауап: Мен Әміржан Қосанов туралды мүлде әңгіме айтпаймын. Ол кісінің қажеті жоқ. Бірақ, мен жас жігітті алып шығамын.

Сұрақ: Тоқаев сайлауға түседі. Оны кім ұсынуы мүмкін? Оны партия ұсына ма, жоқ, Ассамблея ма?

Жауап: Ол маңызды емес. Оны кім ұсынғаны маңызды емес. Тоқаевқа да, қасындағыларға да бәрібір...

Соңы: Жақсы, сұхбатыңызға рахмет.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

38 пікір