Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 4826 4 пікір 2 Қыркүйек, 2022 сағат 13:52

Тар заманның қызғыш құсы

Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорғаны мен едім.
Мен де айрылдым елімнен;
Көл қорғаны сен едің,
Сен де айрылдың көліңнен.
Аспанда ұшқан қызғыш құс!

Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Құбыланы төрткүл оңға алмай
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ерлердің ісі бітер ме?!

М. Өтеміс


Қазақ хандығы ыдыраған соң құрығы ұзын, құлашы кең екі алып имперя шамасына қарай Қазақ жерін бөліске салды. Басқа ноқта түсіп, аяққа шідер салынған соң өзгенің қабағына қарап, өгейдің күнін қешкен ұлт ендігі шығар жолды ғылым, білімнен іздеді. Сол жолда серкелері бастап, қосшылары қостап бастарын бәйгеге тікті. «Құ толағай жастанып, етігімен су кешіп жүріп» еліне есе-теңдік сұрады. Сол үшін де Қазақ тарихында сүйектерінің қайда қалғаны белгісіз, істеген ісі мен көрсеткен өнегесі  ескерусіз, атаусыз қалған тұлғалар аз емес. Сол боздақтардың бірі, бірі ғана емес бірегейі Жанболат Сөртіұлы еді.

Ағасы бардың жағасы бар

Жанболат Сөртіұлының атасы Қойкелді Қожағұлұлы торқалы той, топырақты өлімде топқа түсіп сөз бастайтын, даңқы мен дақпырты алыс-жақын ру-ұлысқа тараған білікті кісілердің бірі екен. Әкесі Сөрті ғұмырында екі әйел алып, бәйбішеден бес ұл, тоқалдан бес ұл сүйіп, ел арасында атаның даңқы, ұрпақтың ірілігі мен тірлігінің арқасында «жуан он сөрті» атаныпты. Ілеге қызайлар келіп ірге тебе бастағанда қазіргі Шыңжаңда жуңғар тайпаларының ықпалы кеми қоймаған. Судың басы, жердің шұрайлысы солардың қолында болатын. Әуелі Нылқыға қоныс шалып, дамылдаған Сөрті бала-шағасын асырау үшін етікшілікпен айналысып, Моңғулша саптама етік, ат әбзелдерін тігіп, Моңғул ақсүйектеріне қозылы қой, бұзаулы сиыр, лақты ешкіге айырбастап отырады. Екінші ұлы Шерінжап даяр өнімді нарыққа шығарумен бірге, өндіріске қажетті шикізаттарды толықтаумен айналысса, үлкен ұлы Кешіл (Өмірбек) ел ісіне араласып, атқа мінеді. Түгін тартсаң май шығатын жер жаннаты Жетісудың өр аңғарынан ойып орын алған, ащы тер мен қол өнерге арқа сүйеген бұл әулет көп өтпей ауқаттылар қатарына қосылып, іштерінен қажылық парызын өтеп,  мешіт-медірсе салған кісілер шығады. Алыс-жақыннан ахун-молдаларды аттай қалап елдеріне алып келіп, балаларының сауатын ашып, қара танытады.

Кейіпкеріміздің үлкен ағасы Шерінжап зәңгі (жүзбасы) болса, тағы бір ағасы Дарубай Сөртіұлы ақалақшы (мыңбасы) болып, ел билейді. Кейін Шың Шысайдың «алты саясаты» кезінде өлкелік Қазақ-қырғыз ұйымының жорасы, өлкелік парламенттің мүшесі болып сайланады. Ағасы Кешілдің (Өмірбектің) ағарту жұмыстарын ел ісіне еркін араласып, ықпалы кеңейіп, абырой-беделі өскен Дарубай жалғастырып жаңа өреге көтерді. Әулеттің атқа мінерлері Құлжа қаласындағы Байтолла мешітімен тығыз қарым-қатынаста болып, Бейсенбі (Қырғыз), Тұрсынбай Әлімахун, Сапарғали молла (тегі татар) қатарлы кісілерді ұсыныспен алып келіп Мұқыр, Жырғалаңда медресе ашады. Кейін ақалақшы Дарубай бірінші дүниежүзі соғысында солдатқа шақырудан қашып, Іле өңіріне келіп қоныс  тепкен Ақыметбек деген оқымыстыны ауылына алып келіп, балаларын оқытады. Бұл азамат білім саласына жәдитизмді алып келеді, сонымен бірге ұлт ұстазы А. Байтұрсыновтың төте жазуымен шәкірттеріне дәріс үйретеді. Осындай ортада есейіп-ержетіп, ел ісіне араласқан Жанболат Сөртіүлы ағасының тынысы ғана болып қоймай, Іле өңіріне танымал тұлғаға айналады.

Білек пен білімге тең жүгінген

1933 жылы «12-і сәуір төңкерісінен» кейін Шың Шысай билікке келгенде, оған қарсы одақ құрған Іленің әскери-әкімшілік басшысы, генерал Чжаң мен дунгендердің «бала генералы» Ма Кеңес одағының әскери араласуымен жеңіліске ұшырап, нәтижесінде Чжаң өзін-өзі өлтіріп, «бала генералдың» қалдық күштері Ілені өрлеп, оңтүстік Шыңжаңға қарай қашады. Жол бойы өрттеу, тонау қалыпты жағдайға айналады, мұны Қазақтар жадында «дуңген үріккен жыл» атады. Осы кезде Жанболат айналасына ел ішіндегі мерген, батыр жігіттерді жинап күзет қояды, қарапайым халықты жол өтінен көшіріп, қорғанысты күшейтеді. Шәушек бақты шекарасынан «ақтардың» киімімен кірген Кеңес әскеріне жол бастап, қанпезер жауды жұлдыз асырып жібереді.

1935 жылы өлке орталығы Үрімшіде Қазақ, Қырғыз, Моңғул ұлттарының құрылтайы өтеді.  Құрылтайға Іледен Дарубай Сөртіұлы, Мақсұт Сасанұлы, Әуелқан гуң қатарлы ел ағалары барып қатысады. Осы құрылтайда Дарубай өлкелік үкімет парламенттінің мүшесі, өлкелік Қазақ-қырғыз ұйымының жорасы болып сайланады. Ал, Іледе құрылған Қазақ-қырғыз ұйымының төрағасы Мақсұт, орынбасары Жабықбай ақалақшы болады. 1936 жылы Тоғызтарау ауданында Қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту ұйымы құрылып, төрағасы Жанболат Сөртіұлы, орынбасарлары болып Әбдіуали Жәйірбекұлы, Мәлікажы Балғынбайұлы сайланады. Айта кету керек, ол заманда аты аталған ұйымның құзырына мәдениет, білім, денсаулық және спорт саласының құқығы толық берілген. Сонымен бірге оңтүстік шыңжаңдағы Яхупбектің жеті шәрі мемлекеті құлаған соң, генерал Людың ұсынысымен Шыңжаң (жаңа шекара) деген өлке құрылып, бүкіл әскери-әкімшілік құрылым өзгеріске ұшырап, орталық Құлжадан Үрімшіге көшеді. 1888 жылы  Іле генерал мекемесі сақталып, орталығы Күреге орналасады. Осыдан кейін Іле-Тарбағатай аймағы құрылып, орталығы Құлжа қаласы болып белгіленеді. Оған қарасты Іле мекемесі, жың, шәуешек – екі төте қарасты меңгерме ресми құрылды. Минго заманында Іле аймағы қайтадан құрылып,  құрамына Құлжа, Суйдің, Буратала, Жың, Тоғызтарау-қас, Қорғас сынды алты аудан, Текес басқару мекемесі (жарты аудан) кірді(1). Осы дерекке негізделсек, сол кездегі Тоғызтарау ауданының аумағына қазіргі Күнес, Нылқы, Шапшал аудандары толық кіреді. Кемеліне келген кезде осындай мүмкіндікке қол жеткізген Ж.Сөртіұлы аянбастан еңбек етті. Ағалары бастаған ағарту жұмыстарын ауылдық, медіреселік деңгейден көтеріп, бүкіл Іле топырағын қамтыған масщтабқа көтерді. Ұстазы Ақыметбек әбзи Қүлжадағы Қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту үйымына білімге жауапты инспектор болып барған соң, барлық күш-жігерін сапалы ұстаздар қосынын қалыптастыруға жұмсады. Қазіргі Құлжа ауданының Жабықбай ақалақшы ауылында «тұра асу курсын», Текес ауданының қожаназар руының Мышан манпаң ауылында «қаражон курсын» ұйымдастырып «дәріс оқуға қазан төңкерісі және аштық кезінде ауып келген Саражы, Тобахан, Нұрқыдыр, Құтбанбек, Жамалдин, Әлқожа, Әкімқұл,  Асылбек, Зулқария, Айтақын, Түнғатар сияқты алаш зиялыларын ұсыныс етеді (2).». 1946 жылы Іленің шығыс бес ауданындағы мұғалімдерінің білім толықтыру курсын Сөрті әулетінің өсіп-өніп әбден кемеліне келген кезінде Тоғызтарау ауданының Мұқыр елді мекенінде «бағыстан» мектебінде салтанатпен өткізеді. Ол кезде мұндай әлеуметтік, мәдени шаралардың барлық шығыны ел басқарған игі-жақсылар мен бай-бағландардың мойнына жүктелетін. Халықтың назарын ғылым мен білімге аудару үшін Жанболат Сөртіұлы аймақтық Қазақ-қырғыз мәдениет-ағарту ұйымымен бірлесе отырып комисия құрып, Шапшал, Талды, Аралтөбе, Нараттағы жаңаша ашылған мектептерді аралап шығып, олардың қаржылық, ұйымдық мәселелерін толық шешіп, символдық мағынадағы атаулармен атап шығады. Сонымен көшпелі қазақ өміріне бақстан, көгерсін, ағарсын, гүлден, гүлстан, шынар деген мектептер жаңбырдан соңғы жауқазындай жамырап шыға келеді.

Жаңа өмірдің жаршысы

1944 жылы Нылқы ыластай көтерілісі басталып, партизандар Құлжа қаласын қоршауға алғанда, Жанболат та мықты мергендер мен жаужүрек жігіттерді қасына алып, жорыққа аттанып, тәуелсіздік үшін күрестің бел ортасында жүрді. Шығыс Түркістан республикасы құрылғанда Тоғызтарау ауданының әкімі болып тағайындалып, іле-шала шығыс үш ауданды негіз етіп құрылған Тоғызтарау атты полкын жасақтау жұмысына басшылық етті. Әкім кеңсесінде әскерге қабылдау штабы құрылып, Құлжа қаласын азат еткен партизандардан үш жүз жігітті іріктеп алып, қалған 800 жігітті Нылқы, Күнес, Тоғызтарау сынды көрші үш ауданнан 18-25 жас аралығындағы азаматтармен толықтырды(3). Заман талабына сай қаруланып, қатаң жаттығудан өткен полктың керекті мініс аты мен ер-тұрманын ел ішінен жинап берді.

1945 жылы жазда әкім Жанболат Сөртіұлының бұйрығымен Тоғызтарау ауданының орталығы Тастөбеден көшіп қазіргі орнына келіп орнықты. Бүкіл халықтың атсалысумен жатағы, асханасы, қақпа-қорғаны бар он бөлмелі мектеп салынды. Міне, бұл сан мыңдаған шәкірттерді ұясынан ұшырған аудандық қазақ №1 орта мектеп еді. Содан кейін барып аудандық әкімдік, астық, бажы мекемелері, мешіт, клуб қатарлы әлеументік нысандар іркес-тіркес бой көтерді. Сонымен бірге Текес өзені мен екі жырғалаң (көлденең, шашы) өзенінің тоғысатын тұстарынан Қапшағай көпірі, Күнеспен жалғасқан жерден Қазақ көпірі салынды. Әр елді мекенде халық демалатын саябақтар ашылды. Ағарсын ауылының шетіндегі демалыс бағы мен алма бақ, Қосағаш кентіндегі өрік бағы осы жол авторының әлі есінде.

Халық отырықшылыққа көшкеннен кейін атыз-арық, су құрлысы да назардан тыс қалған жоқ. Іле генарал мекемесі кезінде оңтүстіктен келген тараншыларға қаздырған манжур, сібе каналдары және Қазақ-моңғулдар бірлесіп қазған «сартоған» каналы жаңғыртылып, жөнделіп қана қоймай, жаңадан май, жырғалаң, мұқыр қатарлы 7 канал қазылып, ел игілігіне берілді. Соның нәтижесінде аудан Шығыс Түркістан уақытша үкіметінің аты затына сай астық қамбасына айналды. Осы еңбектерінің өтеуі әрі халықтың алғысы мен сенімі болар Жәкең Іле аймағы әкімінің орынбасары болып жоғарлап, саясаттағы салмағы артты.

Тар заманның соқпағы

Шығыс Түркістан республикасының төрағасы Әлихан төре бастаған бірнеше адамды Кеңес одағының Құлжадағы консулдығы жиынға шақырып, артынан барымталап кеткен соң, әрі «11 тармақты бітім» бойынша біріккен үкімет құрылып, «Шығыс Түркістан республикасы» деген атау айналыстан шыққан соң, төңкеріс ошағы болып толықтай тәуелсіздікке қол жеткізген Іле, Тарбағатай, Алтайда наразылықтар күшейіп, әсіресе, Алтай бетінде бұлғақ басталуы алдында тұрды. Осы өлара кезеңде Ақыметжан Касми, Ысқақбек Момин бастаған батырдың көңілін тауып, Алтайды орнықтыру үшін артынып-тартынып келген делегацияның құрамында аймақ әкімінің орынбасары Жанболат Сөрті де болды. Оспан батырмен әңгімелері жараспаған басшылар Құлжаға қайтқан кезде Алтайдың көркем табиғатына қызыққан Жанболат сонда қалып, батыр сиға тартқан бесатармен айға жуық аң қарайды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуымен империялар ойын шартын өзгертіп, өз ықпал көлеміндерін қайтадан бөліске салды. Өрісі тар, өнегесі мандымаған, берекесі қашқан, саны аз, әлсіз ұлттар қақпанға түсті. Төте жолмен келіп төрге шыққан көсемдері ойын шартына көнбеген соң қайтып оралмады. Бассыз қалған халық қайтерін білмей арыпталасты. Отпен ойнап, дауылға қарсы жүгіргендердің жолы болмады. Сабыр сақтап, әліптің артын баққандар да аман қалмады. Өйткені әділдік іздеп, еркіндік аңсаған ғазиз бастары еш ноқтаға сыймайтын!

Жоқтан бар болып, аздан көбейіп, әлсізден алып күшке айналған, 22 жыл қан төгіп билікке келген компартияның армиясы Шыңжаңға келіп кіргенде Жанболат Сөртіұлы Құлжадағы жұмыс орнын тастап, Тоғызтараудың мойынгүзер деген жеріндегі қыстауына орнығып, қызыл сөз, қиаңқы тірліктен ауаша өмір сүргісі келеді. Толассыз шырқалатын қызыл ән, кеңірдегі созылғанша айқайлайтын ұран, таусылмайтын жиналыс, бай-бағыланның түбіне жетіп, әлеуметтік теңдік орнатамыз деген қияли жоспар танымы мен түсінігі  көшпелілердің ортасында қалыптасып, өркениеттің бұлағынан сусындаған, қан майданда сыннан өтіп, толысқан қайраткерге тосын сезілгені, жан дүниесімен қабылдамағаны сөзсіз. Өйткені біз сөз еткен кісі «заманың түлкі болса, тазы боп шалатындардың» сортынан емес-ті.

Компартия билігі түбегейлі орнады. Алғашқы сылап-сипаудың дәуірі аяқтады. Ішкі-сыртқы дағдарыс күшейіп, «Америкаға қарсы тұрып, Кореяға көмек беру» соғысы басталды. Маоның төте тапсырмасымен Цин империясы кезінде тайпің тианго қозғалысын, дуңгендердің көтерілісін жаныштап, Яхупбектің жеті шері хандығын құлатуда қатегездігімен аты тарихта қалған жерлестері Зоу Зоңтаң генералдың аяқталмаған жұмысын мәресіне жеткізуге мандат алған генерал Уаң Чжын батыс солтүстік бюроның бас қолбасшысы мен бас комисарының қолы қойылған «Көшпелі ұлттар мекендеген өңірлерде жер реформасын тоқтата тұрыңдар, малын тәркілемеңдер» деген арнаулы нұсқауын қайырып қойып, таптық күрестің майданына білек сыбана кірісіп кетті. Жер, мал-мүлік тәркіленді, елдің игі-жақсылары қамауға алынды сонымен кішікірім толқу, бұлғақ әр жерде басталды.

Жырғалаңда қожаназар, оразай, мөңке руларының ақсақалдары мен рубасылары тәркіленген малды мұздауан асырып, оңтүстік Шыңжаңға қарай бағыттаған әскерилердің құралын тартып алып, көтеріліске шықты. Жанболат Тоғызтарау-қас ауданында Қазақ-қырғыз мәдниет-ағарту ұйымының басшысы болғанда сол кісінің орынбасары, кейін Тоғызтарау атты полкы құрылғанда рота, батальон командирі болған Мәлікажы Балғынбайұлы бастаған көтерісшілердің түп мақсаты аудан орталығында түрмеде жатқан ел ағасы Жанболатты құтқарып алу екен. Соңында Құлжадан мұздай қаруланған көп армияның келгенінен хабар тауып, жандарын шүберекке түйіп Қалибек пен Қамзаның соңынан Үндістанды бетке алып, ауа көшеді. Соңынан түскен қуғыншылардан толықтай құтылғанымен, шекара түбінде бәрі де қолға түсті.

Тегі Атұштық, Тоғызтарау аудандық полицияның бастығы болған Ғүпыр деген кісі барлық жала мен пәлені Жәкеңнің басына әкеп үйеді. Онымен қоймай барлық айыптауларды мойындап қол қойсаң, бостандыққа шығасың деп шырғалайды. Алтайда Оспан батыр сыйлаған бесатар тіл біріктіріп, көтеріліске шығудың белгісі деп қаралады. Сөртінің тоқалдан туған бес ұлының ішінде Дарубай мен Жанболат билікке араласып, даңқы алыс-жақынға тез тарады. Әрине ел іші болған соң өсек пен егес, бақталастық пен іштарлық қатар жүретіні сөзсіз, оған жымысқы саясат араласқан соң, аңқау Қазақ өкпе мен өлімнің арасын байыптап кетпей, шерінен шығып, есесін қайырам деп өмірлік шерменде боп қалды. Алды нақақтан күйіп, өліммен бетпе-бет келіп тұрған ел ағасын айыптаймын деп, кәріне ұшырап,   көзінің сұғы өтіп, содан оңалмай кетсе, артының ұрпағы кіндік қаны тамған жерге жете алмай, қиыр жайлап, шет қонып кетті. Ел мен ердің киесі бар екенін, барлық жала мен жамандықтың ерте ме кеш өтеуі болатынын ендігі ұрпақтары жадына ұстаса жөн. Ел арасына тараған әңгімеге сенсек, «Жанболат пен Мәлікажы атылмасын» деген Үрімшіден әлде Си-аннан суыт келген телеграманы милиция бастығы Ғұпыр басып тастап, үкім орындалған соң жарыққа шығарған. Елім деп еміренген есіл ер, тар заманның қызғыш құсы осылай аумалы-төкпелі уақытта мезгілсіз дүлей күш пен жаланың құрбаны болып, шейіт кетті. 70 жыл бойы аты аталмады, ел-жұртына сіңірген еңбегі қасақана елеусіз-ескерусіз қалды. Шағын ру шежірелерінде, ауыл үйдің әңгімелерінде тиіп-қашып әңгіме болды. Сондықтан да болар бұл кісі жөніндегі деректер  өте аз, кей еңбектері өзгенің атына телініп жүр. Қытай Қазақтарының тарихындағы осы ақтаңдақтың орны толсын деп қолға қалам алдық. Енді іздеушісі табылып, зерттермендер назары осы кісіге ауса, тарихи әділеттік орнап, зорлық пен қиянаттың құрбаны болған тұлғаның аруағы дамыл тауып, риза болар!

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:

1. Ю Вэйчен // Шынжаңның жер аттары және құрлымдар өзгерісі:

Шынжаң халық баспасы // Үрімшы, 150 б.

2. Тоғызтарау тарихи материалдары // 1.кітап // 24 б.

3. Қожай Доқасұлы « Офицердің күнделігі» // ұлттар баспасы, Пекин, 63 б.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2250
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3503