Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 3569 1 пікір 31 Тамыз, 2022 сағат 13:59

Президент Тоқаев Торғайға барады

Биыл Алаш ардақтысы, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толды. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, 5 қыркүйек күні Қостанай облысына барады. Жұмыс сапары аясында ағартушы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми іс-шараларына қатысады.

Ұлт ұстазының мерейтойы әлемнің бірнеше елінде ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі.

Қазақстан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына дайындықты бір жыл бұрын бастаған болатын. Былтыр қарашада Үкіметтің арнайы қаулысы қабылданып, мерейтойды өткізуге жауапты комиссияның құрамы бекітілді. Комиссияның ұйымдастыруымен қазақтың арда азаматының атын таныту мақсатында 63 пункттен тұратын жоба жасалды.

Оның ішіне: ғылыми конференция, симпозиум, форум түріндегі, онлайн және оффлайн форматтағы жиындар өткізу,  ғалымның еңбектерін әлемнің танымал тілдерінде басып шығарып, халыққа таратуға бағытталған 8 шараны өткізу, айтыс, мүшәйра, фестиваль, конкурс форматындағы республикалық және өңірлік деңгейдегі 12 байқау жариялау, Ахмет мұрасын сахналық қойылым, кино, спектакль арқылы дәріптеуге арналған шаралар ұйымдастыру, ақпараттық-имидждік бағыттағы шаралар өткізу, халықаралық деңгейдегі  ауқымды 7 шара мен сәулет және реставрациялық бағыттағы 7 шара өткізу кіреді. Сондай-ақ, ұлт ұстазының 150 жылдығы белгісі бар пошта маркалары мен Ұлттық банк монеталарын шығару жоспарланған.

Халықаралық деңгейде Түркияның Стамбұл қаласында дөңгелек үстел мен фотокөрме, Әзербайжан астанасында «Баку конгресі және Ахмет Байтұрсынұлы» атты конференция өтпек.

Алдағы уақытта Қостанай мемлекеттік университетінің базасында Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы, қызметі, жазған еңбектерін таныту мақсатында «Ахмет әлемі» атты интерактивті портал құрылады. Сәулет құрылыс жұмыстары да қарқынды жүрмек. Ұлт қайраткерінің атымен аталатын музей үйлерге жөндеу жұмыстарымен қатар ірі мегаполистер: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте Ахаңа арналған ескерткіштер бой көтермек.

Маралтай Ыбыраев, ақын:

- Ахмет Байтұрсынұлы қазақ руханиятындағы алып тұлға, қазақтың бес арысының бірі. Оның қазақ тілі мен әдебиетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде қазақ әдебиеттану ғылымын тереңінен зерттеп, даму кезеңдеріне бөліп берді. Халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинады. Ол қазақтың ұлттық әліпбиін жасап шығарды. «Оқу құралы» атты зерттеу еңбегі осы алғашқы қазақ әліпбиімен жазылып, басылып шықты. Бұл еңбек әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған оқулық. Ахаң қазақ журналистикасының негізін салушы. Ол «Қазақ» газетін ұйымдастырып, санаға сілкініс жасады. Өткір мақалаларымен қоғамның күйіп тұрған мәселелерін көтерді. Біздің міндет осынау ұлы ағартушы, ғалым, Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынұлының атын өшірмей, еңбегін ұрпақ есінде мәңгі сақтауға атсалысу.

Abai.kz

1 пікір