Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4326 0 пікір 22 Желтоқсан, 2012 сағат 06:34

Жастар әдебиетіне тек Тыныштықбек пен Ақсұңқарұлы өлшем емес

Әдебиет деген сіз бен біз бүгін жасай салатын, қолмен тұрғызатындай дүние емес. «Бүгінгі қазақ әдебиеті» деген кезде де көп нәрсеге абай болуымыз керек. Себебі бүгін біз әдебиет санаған туындыны уақыт елегі лақтырып тастаса... (ар жағын айту өте қорқынышты).  Пушкинді әйгілі еткен Белинскийдің  мақаласы жарық көрмей тұрғанда Толстой ақсақалдың өзі түсінбеген. Тіпті сол кезде атақты, бір кеш онсыз өтпейтін Бенедиков деген әлдекімнің жұлдызы аспандап тұрғанын сарғайған қағаз беттерінен оқып білгенбіз. Ал бүгін сол Бенедиков деген ақын ғасырлар антологиясында кездеспесе, оқырманның аузына да түспейді. Осы бір ғана мысалдың өзі көпке ой салары анық.

Әдебиет деген сіз бен біз бүгін жасай салатын, қолмен тұрғызатындай дүние емес. «Бүгінгі қазақ әдебиеті» деген кезде де көп нәрсеге абай болуымыз керек. Себебі бүгін біз әдебиет санаған туындыны уақыт елегі лақтырып тастаса... (ар жағын айту өте қорқынышты).  Пушкинді әйгілі еткен Белинскийдің  мақаласы жарық көрмей тұрғанда Толстой ақсақалдың өзі түсінбеген. Тіпті сол кезде атақты, бір кеш онсыз өтпейтін Бенедиков деген әлдекімнің жұлдызы аспандап тұрғанын сарғайған қағаз беттерінен оқып білгенбіз. Ал бүгін сол Бенедиков деген ақын ғасырлар антологиясында кездеспесе, оқырманның аузына да түспейді. Осы бір ғана мысалдың өзі көпке ой салары анық.

Әдеби процесс үзіліссіз жүріп жатады. Әдебиет туралы білетіндер жүз түрлі пікір айтып, мың түрлі долбар жасайды. Аяғында шешімді ұлы уақыт-ағзам шығарды. Сол толассыз процестің қашан аяқталарын құдай біледі. Біз тек соның жалғасы туралы бірер сөз айтпақпыз. Бір кездері жастар десе Дидар Амантай, Бақыт Беделхан, Алмат Исәділ, Бауыржан Бабажанұлдарының қатары ауызға ілігетін. Қырықты алқымдаған бұл буынның ізін ала, отызымызда орда бұзамыз деген тағы бір толқын ұлы процеске кіріп кеткен еді. «Жұмбақ жанымен» Мақсат Мәлік, «Қағаз қаласымен» Қанағат Әбілқайыр, «Текесін теріс ағызып» Қанат Әбілқайыр, Дархан Бейсенбекұлы «Тағдыр тақтасымен», Бейбіт Сарыбай «Рауғаш ерте гүлдейді», Мирас Мұқашев «Ақ шағаласын» ойнатып прозаның есігін қақса, Тоқтарәлі Таңжарық «Түн парақтарын» жазып, Ерлан Жүніс «Киелі түндердің дұғасын» оқып, Бауыржан Қарағызұлы, Ақберен Елгезек сияқты бір қатар ақындар поэзия табалдырығын аттаған. Әр кезде басылым беттерінде бұл қаламгерлер туралы пікірлер айтылып, бағалары берілді. Биылғы «Жас толқын» сериясымен Дархан Бейсенбекұлы мен Қанағат Әбілқайыр қайта бір жинақтарын ұсынып үлгерді. Алғашында тәп-тәуір бастаған Мақсат Мәліктің қаламының ұшы қағаз бетін сүймей кетті ме, әйтеуір басылым бетінде жарық көрген жаңа шығармасын көзіміз шала қойған жоқ. Алдымен «Айна» атты жыр жинағымен елді қуантып, артынан «Рауғаш ерте гүлдейді» деген әңгімелер жинағын ұсынған Бейбіт Сарыбай туралы да осы тақылеттес ой туады. Не жаңа өлеңдері жоқ, не жаңа әңгімесі жоқ (кітаптары шыққалы екі жыл болды). Егер болса, неге баспа бетінде жарық көрмейді? Әлде жұрттан жасқана ма? Осы сияқты жауабы жоқ көп сұрақтардың басын шаламыз. Басында елді дүр еткізіп, жарнама жасап, артынан құмға сіңген су сияқты зым-зия болатын жас таланттардың өздеріне артылған зор үмітті ақтауға тырыспай, шығармашылығының тізгінін босаңсытып алғандары өкінішті-ақ. Бұл аты аталған, аталмай қалған (аттарын аттауды мақсат еткен жоқпыз) жастардың бәріне түгел қатысты сөз. 
Өртеңге шыққан шөптей қаптап келе жатқан жастардың шығармашылығын бірер бет мақаламыздың аясында талдап, сараптап кету еш мүмкін еместігін жақсы түсінерсіз. Сол себепті біз қалың оқырманының көзіне түсіп, талас-тартысқа арқау болған қаламгерлердің атын атап кетсек. Солардың бірі - Нұрлан Қабдайұлы. Нұрланның қаламынан туған әңгімелердің жандылығы мен шынайылығы, образ жасаудағы шеберлігі көңіл қуантады. «Сұр әңгімесінде» ашаршылық жылдары қазақ ауылындағы бір ғана отбасының тарихын айтып, бүкіл қазақ даласын жайлаған трагедияның полотносын жасайды. Жан сақтау үшін адамның қандай да әрекетке баратындығын өз сәбилерін жеуге белін буған жас отбасының диалогы арқылы жақсы жеткізген. Көп сөзділік жоқ. Айтар ойын ситуациямен сәтті берген қаламгер одан әрі дамитын драманың кілтін ұстады. Келіні мен ұлының осы сөздерін естіген қарт ақырын ғана жөргектегі немересін алып, өлікке толған қалаға қарай «үмітсіз шайтан» деп, бет алады. Сол қалада отырған қалпы демі үзіліп кеткен қарттың қойнында домбырасының қайысын емген немересін бір қыз тауып алады. Сүркейсіз қаланың сүреңсіз суретін жасаған Нұрлан әңгімесінің өзегі тарихта бар оқиға болғанымен, адам баласының тіршілікке құмарлығы мен ұрпақ жалғастырғысы келетіндігін жеткізе алған. Қазіргі «модный» тілмен айтқанда, қаптаған измдердің біріне жатқызатын болсақ, экзистенциализм бағытындағы сәтті шығарма деп қойып қалмақпыз. «Кезек» деген кезекті әңгімесінде бүгінгі қоғам тап болған несие деген қамыттың зардабын айтады. «...Іскер банктегі кеңесшінің аузында аз көрінгенмен, қағазға түскенде аспандап шыға келетін пайыздың жайын» ойлаған кейіпкердің санасын сансыратқан ойын бір жарым беттік әңгімеге арқау қылған Нұрлан кейіпкердің монологы арқылы бар шындықты жайып салады. Жұрттың бәріне пайыздық қарыз беріп, жіпсіз байлап отырған банктің қызылмен жазылған атауына көзі түскен қарияның «ұяттан нарттай болмасаң да, күйтің келісіп, бөртіп тұр екенсің-ау» деген ойымен-ақ тек банкке емес, «таяқтың бір ұшы өзіңе тиеді» дегендей адамдарға да қатысы бар екенін сондағы кассир қыздардың немқұрайды қызметтерімен жеткізеді. Нұрлан Қайдайұлының әңгімелерінің айтары бар, тілі жатық. Тек кей тұстарында ұзақ баяндау мен тым асыра суреттеуге бой алдыратыны болмаса, осындай ізденіспен қазақ әдебиетіне шама-шарқынша өз үлесін қосар.
Өлең-сөздің өлкесіндегі жас буынның аяқ алысы кісі қуанарлықтай. Тынбай еңбек үстінде жүретін Ерлан Жүністің «Киелі түндердің дұғасы» жинағы - қазіргі қазақ поэзиясындағы жемісті еңбек. Бертран Рассел «Мен неге бола ғұмыр кештім?» деген мақаласында махаббатқа қатты берілгенінің үш себебін айта келіп, «дәл соған пара-пар сезіммен мен білім қудым» дейді. Ерланның махаббатқа қаншалықты берілгенін білмейміз, бірақ білімге құштарлығын байқадық. Ерланның өлеңдерін оқып отырып, поэзиялық қуаты мен біліміне тәнті боласыз. Жақында ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген өлеңдер топтамасы Ерланның қандай ақын екенін шегелей түскендей. «Жолжазба» циклындағы өлеңдердің тепсініп тұрған сымбаты мен ішкі қуаты қай оқырманын болса да сүйсінтпей қоймайды.
Өткен жылдары «Түн парақтарын» жазған тағы бір жас ақын Тоқтарәлі Таңжарық туралы да жылы пікір білдіруге құқылымыз. Ақын өлеңдері «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында поляк тілінде Польша елінен шығатын болды. Бүкіл Орталық Азия ақындарынан таңдау жасаған комисссия Тоқтарәлі Таңжарыққа тоқтапты. Бұл Тоқтарәлінің қай деңгейдегі ақын екенін көрсетсе керек. 2014 жылы Польшада өтетін ақындар фестиваліне құрметті қонақ ретінде шақырылуы Тоқтарәлі Таңжарықтың ғана емес, қазақ поэзиясының мерейі, биігі деп қабылдаймыз.
Тағы бір ерекше ілтипатпен айтпақ ақынымыз - Гүлжайнар Қалдина. Биылғы «Жас толқын» сериясымен шыққан кітаптар туралы біраз талқылаулар болғанымен, ауызға түспей қалған осы қыздың «Әке әлдиі» атты жыр жинағы. Жас қаламгердің өлеңдерінен бұрын, «Әке тілегі» деген поэмасын айтпақпыз. Жастардың поэмаға қалам тартуы сирек. Гүлжайнардың поэмасы жай ғана поэма деп айта салатын дүние емес. Көркемдік деңгейі жоғары, оқиғасының өрбуі  шынайы. Тарихи шындыққа құрылған оқиға желісі нанымды шыққан. Қазақы өмірдің, кеңпейілді қазақы көңілдің қыр-сырына қанықтырып, қазақ қызы Данагүлдің, Қарашаштың көрсетіп кеткен өнегесін әлі ұмыта қоймағанын айтады. Оқырманын қуантады. Сүйіншілейді. Бір отбасының шаңырағы ортаға түскенде, данагөй келінінің ақылымен, шаңырақтың күлі көкке ұшпай, қайта тұрғызылады. Өшкен шырақ қайта жанады. Поэма жанрына барып және соны сәтті шығарған Гүлжайнардың қаламынан буыныңды босатып, еркіңді билейтін жырлар туады.
«Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» емес пе?! Биыл тұңғыш жинақтары жарық көрген жастарды жас дегенімізбен, олардың да артынан іле-шала бір топ жас қуып келе жатыр. Әлі де Университет қабырғасындағылары бар, күні кеше тәмамдағандары бар, бәрі шетінен сен тұр, мен атайын.
«Құлай сүйіп өмірімен, өлеңмен,
Сені Алматы - ару дейді ел,
Сенем мен.
Көйлегіңнің етегіне ілесіп,
Көлбең қағып мен де артыңнан жөнелгем.
Қарсы алдымда жалаңаштап кіндігін,
Сол Алматы маған қарап тұр бүгін.
Алатаудың жас тоқалы секілді,
Жанарына жасырған бір сұмдығын.
Кездесу де, күю, сүю - түс бәрі,
Есімде жоқ қалай құлап, құшқаным.
Жүрегім деп айтты кейін сені ағам,
Мен жағамды ұстадым», - деп, өзімен бірге Іленің асау толқындары мен терең иірімін ала келген Қайсар Қауымбекұлының жырлары  байсалды.
«Қайғыңнан кисе кең дала кебін,
От болып маздар көзімде кей үн,
Ләйләні сүйген мен ғана едім,
Жұматай ақын өзіңнен кейін», - деп, ғашықтықтан бір өзі дәмелідей Жақсылық Қазымұратұлының да аяқалысы жаман емес. Осы қатардағы Қозыбай Құрман, Әрібиәрібек Дауыл, Мұрат Сұлтанбай, Бекзат Смадияр, Шерхан Талап, Аслан Тілегенов, Сайрагүл Дархан, Асхат Құралбек, Сағдат Адал, шығыстық Бауыржан Игілік, Шара Сейденқызы, Құндыз Жұбаева, Ықылас Шалғынбай сияқты жас талаптардың әдебиетке деген пейілдері ерекше.  
Сөздің реті келгенде, жас әдебиетшілердің төңірегіндегі бірер мәселені айтпай кетуге болмас. «Поэзияда генерал жоқ!». Осы бір сөз әркімнің өз шама-шарқынша мықты ақын болуына жол ашып тұр. Яғни саған, егер мықты ақын болсаң, ешкім кедергі ете алмайды. Алайда өлең-сөздің обалы деген болады. Сені оқып отырған қалың оқырман бар. Сен солармен қалайда санасуың керек. «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің өзі: «Оқушылар пікірін ескере отырдым, әр түрлі романға берілген жұртшылық бағасын байқап қарадым. Одақ көлеміндегі және республикалардағы алдыңғы қатарлы сыннан үйрендім», - демейтін бе еді, атақты романның жазылу тарихы жайлы толғанғанда. «Әдебиет - ардың ісі» деген тіркес әрқайсымыз айтатын жаттанды сөзге айналды. Осы сөздің байыбына бара алдық па? Ардың ісімен айналысу үшін арымыз қаншылықты таза? Осы сауалдардың бәрі бізді ойландырады. Ойландыруы керек.
Тағы бір қызық. Семейден бір жас келе қалса, екі сөзінің бірі - «Тыныштықбек. Тыныштықбек оқыған өлең. Тыңдаған өлең», «Оның жанында сен кімсің?» дегендей. Қарағандыдан келгендердің аузында «Серік Ақсұңқарұлы». Аспанға қараса да, Қарағандының төбесін көретіндей. Екеуі де қазақ поэзиясында орындары бар ақын. Сөз жоқ. Бірақ бізге өлшем емес. Олар мүмкін сенің талабыңды тасқа ұрмайын деп мақтаған шығар. Біздің жастар осындай дерттен арылуы керек. Жастар арылау үшін, үлкендердің өзі осы аурумен ауырмасын!

Қорыта келіп айтарымыз: жас қаламгерлеріміз ақырын-ақырын бауыр жазып келеді. Бүгінге дейін біраз жас таланттың шығармасын талдағандықтан, кейбірінің атын атамадық.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

"Жас қазақ" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2271
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3584