Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 3994 1 пікір 31 Тамыз, 2022 сағат 12:54

Әуезов және Семей

Төңкерістен кейін ғана алғашқы ашылған институттар іспеттес арнаулы оқу орындары көптеп ашылуына байланысты оларға арналған тұңғыш әдебиет оқулықтарын жазу іле-шала асығыстық пен қолға алынды. Бұл салада барлық пәндерден ұлт тілінде оқулықтар жасау жайында қойылған әлеуметтік талаптар мен тілектердің тегеурінді түрде қойылуын да еске алмақ керек. Бұл  іспеттес алғашқы талпыныстардың бастамасы, алғашқы қадамы да М. Әуезовтің талайына жазылды, яғни үлесіне тиді. Мұхтар Әуезовтің мұндай әрекет жолына түсуге сол тұстың әлеуметтік тілек, талабынан туған қажеттіліктер алып келді. Мұның бәрі туған жеріне ең жақын қасиетті қала Семей топырағынан басталды.

Ол 1924-1925 оқу жылында Петрограттағы университетте оқып жүрген жерінен арнайы түрде шақырылып, Семейде ашылған Қазақ педагогикалық техникум студентеріне  қазақ  әдебиеті  тарихынан  дәріс беру жауапкершілігі тапсырылды. Бұл ол кезең үшін өте күрделі де қиын талапқа М. Әуезовтің ұстаздық   пен  ғылыми іздену  жолындағы алдын  ала даярлығы  көп  септігін тигізіп  жатты. Өйткені ол ұлы  Абай мұрасы  төңірегіндегі  ізденістері  әрі сол тұстағы баспасөзге қызу араласқан тәжірибесімен осы жолдағы ой-өрісінің деңгейі биіктеп жұртшылыққа  кеңінен танылып та қалған болатын-ды.

"М. Әуезовтің ауыз әдебиеті үлгілерін жинап-бастыруы, толымды ғылыми зерттеу жүргізуі, қызғыштай қорып, қамқорлық жасауы – халық игілігі үшін жасалған ерен еңбегінің бір көрінісі".

Қазақ халық ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихынан оқыған дәрістерінде айтылған ой толғаныстары әрі күнделікті сабаққа даярлану үстінде өз бетінше ізденіп, жинақтап жүйелеген әдеби дерек, мағлұматтары негізінде қазақ әдебиеті тарихын дәуірге бөлудің алғашқы нобайларын, жоба белгілерін анықтай түседі.

М. Әуезовтің драмадағы тұңғыш еңбегінің заманалар қойнауына кеткен ғашықтық жайлы ауыр оқиғаға арналуы да тарихын таразылап білуге, кешегісінің ақиқатына жетуге ұмтылған азамат ісі. «Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоғына қарамай, елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады. Сюжеттік желінің тартылуы, композиция құрудағы шеберлік қаламгердің драма заңдылықтарын жақсы білгендігін көрсетеді», – дейді ғалым Р. Нұрғалиев. М. Әуезовтің драматургиядағы қарымды еңбегін түпкілікті зерттеген Р. Нұрғалиев Семей жерінде жазылып, алғаш сахналанған «Еңлік-Кебек», «Бәйбіше-тоқал», «Қаракөз» пьесаларының ішкі ерекшелігін, тұтынған мақсатын, жазылу жайын үңги қарады.

М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық мұрасы бойынша «библиографиялық көрсеткіштер» 1958, 1966, 1968, 1972 жылдары жарық көрді. Бұл еңбекте Әуезов шығармаларының жариялануы және оның өмірі мен шығармашылығының зерттелуі жайындағы еңбектер, шетел тілдеріндегі библиографиялық мағлұматтар қамтылған еді. Ал М. Әуезовтің қолжазба мұрасы атты мазмұнды еңбек жазушының жеке өз архивінде сақталған түрлі қолжазбалар, қойын дәптер, газет-журналдар қиындылары еніп, ғылыми сипаттамаға түсірілді.

Кемеңгер тұлғаның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында өмірі мен шығармашылығына қатысты барлық құжаттар, деректер бір ізге түсіріліп, толықтырылып, хронологиялық тәртіп бойынша жүйеленіп, ғалымдық, педагогтік және қоғамдық қызметтеріне қатысты қызықты деректер «М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылық шежіресі» атты кітапқа енді. Дегенмен, бұл еңбек әлі де толықтыра түсуді қажетсінеді. Кемел дарын иесінің сиясы кеппеген күйінде жоғалып кеткен «Ел ағасы» пьесасы мен «Сұғанақ сүр» атты повесінің, орыс тілінен аударылған бірнеше шығармаларының және 20-жылдары жазылған туындылары қолжазбасының табылмағаны осыны айғақтайды.

К. Оразалин «Абайдан соң» атты шығармасында М. О. Әуезовтің балалық, бозбалалық, жігіттік шағынан мол мағлұматқа қанық етсе, «Абай ауылына саяхат» еңбегінде де жазушы өміріне қатысты қызғылықты деректер ұсынады. Жарты ғұмырын Абай кезі кеткеннен кейінгі кезеңінің шындығын жазуға арнаған Оразалин ұлы ақынның ұрпақтарымен біте қайнасып өмір кешкен Әуезовтің бар болмысын ашуға тырысады. «Абайдан соң» романының үшінші кітабы Әуезов өмірінің Семей кезеңін  аша түсуде аса құнды. Оразалин жазушының кіндік қаны тамған жері, өскен ұясы, қоршаған ортасы, жақын туыстары жайындағы деректерді кұрғақ баяндамай, Әуезов үлгісімен ұлттық бояуды барынша пайдалана жазған.

Ұлы жазушының 1919 жылға дейінгі өмір кезеңінде аздаған дау тудыратын, шешімін әлі күнге толық таба қоймаған мәселе бар. Ол жазушының Семей қаласында оқуымен байланысты. Абайдың құрметіне 1914 және 1915 жылдары әдеби кештердің өткені белгілі. М. Әуезов өмірінің Семей қаласымен байланысты тұсын айқындау ниетінде азды-көпті тер төккендердің зерттеуші, жазушы қауымның бірқатары Әуезовтің жоғарыда аталған кештерге қатыспағандығын айтса, К. Оразалин екі кешке де Әуезовтің қатысып, ұйымдастыру ісіне араласқанын алға тартады. Ахмет Әуезов «Бала Мұхтар», «Жас Мұхтар» атты кітаптарында М. Әуезовтің балалық шағынан мол мағлұмат береді. Жазушының өмірі мен шығармашылығының шежіресін жазуда Ахмет Әуезовтің еңбегі негізгі басшылыққа алынып, сілтеме жасалатын дереккөз болуда. Бала Мұхтардың қырдағы қазақ балаларынан еш айырмасыз тірлік кешуі, зеректігімен танылып, болашағынан белгі беруі А. Әуезов естелігінен мағлұм етіледі.

Жазушы өміріне қатысты деректердің дәлдігі, нақтылығы бәсеңдеу тұсы –  оның алғашқы өмір жолына қатысты. Яғни балалық, шәкірттік шағынан мағлұмат беретін дәлелдер солғын, сәйкессіз тұстар басым. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бергі он жылда еліміз өркениет жолында көптеген табыстарға кенелді. Оның бірі жетпіс жыл салтанат құрған кеңестік дәуірдің қыспағы кесірінен жария етілмей, беймәлім түрде сақталып келген, көп құпиясы бар рухани мұраларымыз бен қайта қауышуымыз. Жазушының өмірбаянына қатысты «Өз жайымнан мағлұмат» атты мақаласы да – талай жылдар бойына жарияланбай келгені белгілі.

Жазушының отызыншы жылдарға дейінгі қолжазба күйінде сақталған мақаласы Смағұл Сәдуақасовтың қойған алты сұрағына жауабы, соңына «Мұхтар. Ленинград. Ғинуардың 29-ы» деп жазылған. Жазушы 1946, 1949, 1950, 1953, 1958, 1959 жылдары жазған өмірбаяндарында ресми мәліметтерді көбірек қолданып, өмірінің маңызды тұстары, өскен ортасы, білім жолындағы алғашқы баспалдақтар, қоғамдық қызметтері, абайтанудағы алғашқы қадамдары жөнінде жазады. Ал, өз жайымнан мағлұматында жазушы талғам-түсінігі, өмірлік құбылыстарға, әдебиетке деген көзқарастарын айқын білдіріп, пікірін бүкпесіз жеткізе алған. Ғұлама жазушы өмірінің Семей кезеңі жөнінде толымды деректер беріп, балалық, шәкірттік шағы, қайраткерлік, оқытушылық, жазушылық қасиеттерінің шыңдалған шағынан мағлұмат берген шәкірті, әдебиет зерттеушісі – Қайым Мұхамедханов.

Бала кезінен М. Әуезовтің білгірлігі мен біліктілігіне куә болып өскен ол жазушының Семейде өткізген күндеріне қатысты беймәлім деректерді «Қазақ әдебиеті» газетінде, сондай-ақ, Семейдің облыстық «Семей таңы» мен «Иртыш» газеттері бетінде жариялап тұрған еді. Қ. Мұхамедханов М. Әуезов жөніндегі деректерін, ой түйіндеулерін «Мұхтар  –  семинарист» (Семей таңы, 1977) , «Ұлы жазушы, көрнекті қоғам қайраткері» (Семей таңы, 1977) «Ұлы жазушы, ойшыл, ғалым, ардагер азамат» (Семей таңы, 1977) атты мақалаларында тұжырымдады.

Әуезовтің «Оқыған азамат» әңгімесі қоғам өміріне өзіндік үлесін қоспақ ниетте мәдениет, ағарту істеріне араласып жүрген азаматтар өмірінің көрінісі.

Шығарманың жазылуына ықпал еткен оқиға жөнінде Ғ. Сармұрзин көптеген деректің басын шалады, ал Қ. Мұхамедханов М. Әуезовтің 1940 жылы Семейге келу сапары жөнінде жазған мақаласында қаланың Жаңасемей бөлігін аралап жүріп, көршілес тұрған екі үйге байланысты былайша ой өрбітеді:

Мынау үй, – деді Мұхаң әлгі үйді нұсқап, –  бір асыл азаматтың мекен-жайы еді. Сейітқазы дейтін жігіт, біз оны жақсы көргендіктен Сейіт дейтінбіз. Тоқымбай дейтін кісінің жалғыз баласы болатын. Өзі сондай сымбатты, көркіне ақылы сай, жаны таза бір азамат болатын. Біздің Ахметтермен осы қаладағы екі класстық русско-киргизское училищесінде оқыған талапты жас еді. «Ес – аймаққа» сол басшылық ететін. Менің «Ел ағасы» дейтін пьесамды даярлап, алғаш сахнаға шығарған режиссер сол болатын деп барып, Сейіт үйіне қарсы тұрған үйде Жолдасбай деген бай тұрғанын, оның Қатипа деген қызы Сейітқазының әйелі болғандығын, –«Оқыған азамат» әңгімесінің жазылу тарихы, кейіпкерлер прототипі жөнінде Қ. Мұхамедханов, Ғ. Сармұрзин, Г. Төребаевтардың естеліктері негізінде кейінгі зерттеушілер де байламды пікірге келе алды.

«Оқыған азаматтағы» Мақсұт – Ес аймақ труппасының тұңғыш режиссері – Сейіт Тоқымбаев. Жұмағұл – осы труппаның белді мүшесі, оқыған азамат Смағұл Әмзин екені, әңгіменің шынайы оқиғаның ізімен жазылғаны бұл күні айтылып, дәлелденді. Әңгімеде XX ғасыр басындағы қала мен ауыл тіршілігі, қазақтың оқыған азаматтары арасында болған оқиға баяндалған.

Табиғат келбетін суреттеу барлық жазушыға, ақынға тән қасиет, дегенмен - де М.  Әуезовтің табиғат келбетін суреттеуі, пейзаж жасау шеберлігі, оны қолдану әдісі ерекше. М. Әуезов табиғат суреті арқылы шығармаларына рең беріп, бойына қан жүгірткен және табиғат суретін шығармаға бастаушы алғашқы баспалдақ ретінде қолданған. Шығарманы бастаудың қиындығын табиғат суреті іліп әкетіп, ауыр жүгін өз мойнына алып, автордың шабытының шалқуына өзіндік ықпалын тигізіп тұрғандай.

Тұрғын халқының көбі қазақ болған Сібірдің кішілеу қаласы қыстың ақ киімін даламен бірге жамылып, жабайы табиғаттың жайлы күйін күйлегендей. «Бұл қала Сібірдегі үлкен өзендердің бірінің сол жағасында орнапты» деген сөйлемдер автор нысана еткен қаланың Семей екендігі күмән тудырмайды. Оқиғаны үшінші жақтан баяндап, кейіпкерлеріне тура мінездемелер бере отыра, олардың іс-әрекеттері арқылы мінез-келбетін аша түседі.

Ойымызды түйіндей келе, Әуезов пен Семей өлкесінің байланысы қат-қабат терең екеніне көзіміз әбден жетпек... «Әуезов Әлемі» – Ғасырлар парағының алтын қаріптерімен жазылары сөзсіз. Екеуін де бір-бірінен бөле жара алмайтынымыз айқын да ақиқат. Оған оғылан ойлы жүйрік «жас тұлпарымыздың» Семейден бастау алған «Қасқа» ғұмыр жолы – куә

«Әуезов Әлемi» дейтiн кең дүниенің жаратылысы мен табиғатын екі сөзбен қайырып айту мүмкін емес. Оны терең танып, жан-жақты талдау – әр дәуір, әр ұрпақтың киелі мiндетi, борышы. Халықтар арасына рухани-кемел көпір салған жампоз жазушы тұлғалар аз емес-тін... Солардың бірегейлерін атап өтсек: Француздар – Бальзакты, орыстар – Толстойды, американдықтар – Драйзердi, немістер – Гетені қалай зерттеп, зейiндеп, құрмет тұтса, қазақтар Әуезовті дәл солай тануға ұмтылғанда ғана ұлттың өзiн-өзi тануы, өзiн-өзi бағалауы, өзiн-өзi қадiрлеуi қалыптаспақ, күшеймек, жалғаспақ...

«Әуезов Әлемi» көзге көрiнбейтiн ғажайып ұлы сиқырымен, құдiретiмен ұлттық рух тәуелсiздiгiн қорғауға, сақтауға үйретедi...

М. Әуезов құдiретi – оның елге деген шексiз махаббаты мен сенiмiнде жатыр. Осы бiр ақиқатты сезiну мына бiздерге, бүгiнгi тәуелсiз мемлекеттiң iргесiн нығайтып жатқан ұрпаққа қажымас қайрат, жасымас жiгер қосады деп сенеміз!

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Мұхамедханов Қ. Мұқаң туған жерінде. Кітапта: Біздің Мұхтар. – Алматы: Жазушы, 1976 ж. – 432 б.
  2. Марғұлан Ә. Алғашқы өрлеу. Кітапта: Біздің Мұхтар. – Алматы: Жазушы, 1976 ж. – 432 б.
  3. Қаратаев М. Жомарт дарын. Кітапта: Туған әдебиет туралы ойлар. – Алматы, 1958 ж, – 301- 320 б.
  4. Нұрғалиев Р. Арқау. Екі томдық шығармалар. – Алматы: Жазушы, 1991 ж. – 576 б.
  5. Қабдолов З. М. Әуезов. – Алматы: Санат, 1997 ж.
  6. Бердібай Р. Мұхтар шыңы. – Алматы: Ғылым, 1997 ж. – 208 б.
  7. Мұхтар Әуезов. Таңдамалы. “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы Алматы, 1997 ж.

Ерік Омарғали,

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559