Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5136 0 пікір 21 Желтоқсан, 2012 сағат 11:16

Ақеділ Тойшанұлы. АҚЫРЗАМАН

Ақырзаман - әлемнің күйреуі, тарихи уақыттың аяқталуы туралы эсхатологиялық миф. Мифтердің барлығында әлемнің пайда болуы туралы әңгімеленсе, тек қана  эсхатологиялық мифте әлемнің күйрейтіндігі туралы айтылады. Әлемдік мифологияда әлемнің күйреуіне от, топан су, індет, жойдақсыз суық себеп болатындығы туралы айтылады. Әлемнің күйреуі дегеніміз Жаратқан мен оған жақтас ізгі күштердің ғаламға орнатқан тәртібі мен заңдылығының бұзылуына, тығырыққа тіреліп құрдымға кетуіне зұлым күштердің араласуынан, ең бастысы адамзатты азғыруынан, ақ жолдан тайдыруынан туындаған кесірлі жайттар себеп болады.  Бір сөзбен айтқанда әу баста Тәңір орнатқан ғаламдық үйлесімді жүйе быт-шыт болып бұзылады да, хаос пайда болады, нәтижесінде ібіліс-шайтан бастаған кесірлі күштер жеңіске жетеді. Эсхатологиялық мифте осылайша болашақ болжанады, алайда ол трагедиялы сипатта болғанымен ақырзаманнан кейін де Жаратушы бастаған ізгі күштер қайтадан  жеңіске жетіп, әлемді ретке келтіріп, қайтадан ақиқат жеңіске жететіндігі, күнаһар жандар мен қара күштер жер бетінен мүлде жойылып, жаңа әлем мен жаңа адам пайда болатындығы туралы утопиялық арман-аңсар көрініс табады.

Қазақтың дәстүрлі түсінігінде ақырзаманның белгілері адамның азғындалуы, заман райының бұзылуы, табиғаттың бүлінуі сыпатында суреттеледі. Әсіресе отаршылдық бұғау мен  ол әкелген  буржуазиялық-капиталистік үлгі сауда-саттық, базар элементтері, хандық биліктің жойылуы, орыстың әкімшіл-әміршіл жүйесінің орнығуы, бөтен дінге шоқындыру секілді басқыншылық әрекеттер билер мен ақындардың сөздерінде заманақыр белгісі ретінде үрейлі бейнеленеді. Бұл туралы әсіресе орыс отаршылдығына қарсы күресуші Шортанбай, Мұрат, Дулат секілді зарзаман ақындары тереңнен толғаған.

Мысалы ел аузынан жазылып алынған бір өлеңде ақырзаман белгісі аталған ақындар жырлаған жайттармен үндес:

Ақырзаман болғанда,

Белгісізден би шығар,

Белдеусізден үй шығар.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ.

Ақша деген мал шығар...

Екі аттың бірі жорға болар,

Екі адамның бірі молда болар.

Жаққаны көмір болар,

Мінгені темір болар.

Еркегі қазаншы болар,

Қатыны базаршы болар.

Ақырзаман туралы эсхатологиялық миф ел басына күн туып, соғыс-зобалаң пайда болып, жұрт іргесі шайқалғанда, халық тығырыққа, күйзеліске ұшырағанда жанданып, ел аузында жаңғыра түсетіні байқалады. Әсіресе орыс отаршылдығы әкелген зұлмат зарзаман ақындарында ақырзаман белгісі ретінде суреттелді. Хандық билік жойылған соң Ресей орнатқан әкімшілік жүйе былайша суреттелді:

Ағашты жерге үй салып,

Алды кәпір ауқымдап.

Енді еркіне қоймады,

Қарт бурадай тақымдап.

Дуанбасы, болыс тұр,

Орыстың сөзін мақұлдап.

Отаршыл жүйенің елді діннен, салт-санадан, ата-баба жолынан аздыруы ақырзаманның белгісіндей сезілді:

Құбылаға бақпаған,

Шошқаның етін қақтаған.

Атасының қанындай,

Арақты ас қып сақтаған.

Отыртпаған сүндетке,

Шоқындырған суретке.

Амалың болса, қылшы енді,

Кәлимасыз кәпірге,

Кіріптар қылған құдіретке!

Мәтіндерді саралағанда халық  негізінен ақырзаман белгісін елдің азуы, жердің тозуы деп ұққаны байқалады. Ақырзаман белгісін Шортанбай «Зарзаман»,  қырғыз ақындары  Қалығұл «Ақырзаман», Арыстанбек «Тар заман», Албан Асан «Ақырзаман» деп бедерлеген. Қырғыз ақындары да ақырзаман елесін орыс отаршылдығымен байланыстырады. Арыстанбек былайша толғайды:

Алда, Кудай, капыр-ай,

Алматыдан аттанып,

Орыс келе жатыр-ай.

Узун чөптүн баарысын,

Ооруп келе жатыр-ай...

Акырзаман кишиси,

Башка болот деп айткан.

Адеби жок сүйлөгөн,

Кашка болот деп айткан.

Халықтың байырғы танымында ақырзаман боларда космос кіндігі саналатын «Темірқазық орнынан ауады, тас бұршақтай жауады» деп те түсінгені байқалады. Тағы бір әңгімеде қойдың жаурынын ақырзаманды болжауға негіз етеді. Мәселен, «Жауырын сүйектің дәл ортасын бөліп тұрған қырлы сүйек бір жағына қарай біртіндеп ауып барады. Заман өткен сайын осы қырлы сүйек жаурынның бір шетіне таяи бермек. Осы сүйек жыл өткен сайын бір бағытта жылжып барады, енді бір замандарда сол сүйек жаурынның бір шетіне жетеді де, жер өз қонағынан тайып, ақырзаман болады» деседі қариялар.

Жалпы, ақырзаманнан кейін де өмір-тіршілік жаңаша жалғасады, ғалам тыңнан жасалады деген түсінік әлем халықтарына ортақ  таралған. Мұндай өліара кезеңде «Көктен Қайса (Иса), жерден Мәді шығады-мыс» деген түсінік мұсылмандарда кездеседі. Сол кезеңде күнаһар жандар тамұқ отына күйіп, мәңгілікке жоғалып, ал пәк жандар қайтадан тірілетіні, әділет пен ізгілік салтанат құратыны рәмізделеді. Бұл ұғымдар жайында Сүлеймен Бақырғани «Ақырзаман» шығармасында былай деп жырлайды:

Дажжал малғұн шығып ап Румға келгей,

Сексен мың жөйт, тарса жиналғай.

Мәді шықты деп Дажжал хабар тапқай,

Одан артық тағы ғажап кереметтері бар...

Мұхаммед ата-анам келгін дегей,

Барша ол үмбеттерім жүргін дегей,

Райхан атты бостандарды бердім дегей,

Одан артық  тағы ғажап кереметтері бар.

Ақеділ Тойшанұлы,

фольклортанушы,

филология ғылымдарының кандидаты.

«Abai.kz»

Әдеб.: Әдеби жәдігерлер. Жиырма томдық. Т.7. Сүлеймен Бақырғани. Ақырзаман / Құраст.: Т.Қыдыр. Алматы:Таймас, 2008.403,407-б; Заманақыр //Радлов В.В. Алтын сандық. Алматы: Ана тілі, 1993. 236-б; Заманақыр // Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары . Т.5. Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2005. 150-б; С.Қасқабасов. Жаназық. Астана:Аударма, 2002. 289-б;Б.Омарұлы.  Бұғауға бағынбаған жырлар.Алматы: Ана тілі, 1998.35-38-б.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3620