Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4615 0 пікір 19 Желтоқсан, 2012 сағат 12:39

Байқоңырдың байлығы өзімізге тисе...

Бұл аптаның айтулы жаңалықтарының бірі - еліміздің бас ғарышкері Талғат Мұсабаевтың: «Байқоңыр Қазақстанның қарамағына өтеді!» деген оқыс мәлімдемесі болғаны рас. Жасыратыны жоқ, осыған дейін мәрмәр мінберлерден ешқашан айтылмаған мұндай сөз дүйім елді елең еткізді. Әсіресе, ресейліктерге тәуелді Байқоңырдағы отандастарымыздың үкілеген үмітін қайта үрледі. Мәжілістегі Үкімет сағатына келген «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Байқоңырды біртіндеп Қазақстанның қарамағына қайтару үшін Ресей Үкіметімен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жалға алу туралы екі жақты келісімді біртіндеп тоқтату жөнінде қос елдің президенттері мәмілеге келіпті. Айтпақшы, қазір бұл іспен үкіметаралық комиссия айналысып жатқан көрінеді. Ол комиссияны қос вице-премьер - Қайрат Келімбетов пен Игорь Шувалов басқарады. «Әрине, жалға алу шартын бірден тоқтата алмаймыз. Ол жоспар бойынша бірте-бірте іске асырылады. Бірақ, Байқоңырдың өз меншігімізге нақты қай күннен бастап өтетінін айта алмаймын!» - деп ағынан жарылды мәжілісшілердің алдында бас ғарышкер.

Бәрін айт та, бірін айт, «Бәйтеректің» жырын айт...

Бұл аптаның айтулы жаңалықтарының бірі - еліміздің бас ғарышкері Талғат Мұсабаевтың: «Байқоңыр Қазақстанның қарамағына өтеді!» деген оқыс мәлімдемесі болғаны рас. Жасыратыны жоқ, осыған дейін мәрмәр мінберлерден ешқашан айтылмаған мұндай сөз дүйім елді елең еткізді. Әсіресе, ресейліктерге тәуелді Байқоңырдағы отандастарымыздың үкілеген үмітін қайта үрледі. Мәжілістегі Үкімет сағатына келген «Қазғарыш» ұлттық агенттігінің басшысы Талғат Мұсабаев Байқоңырды біртіндеп Қазақстанның қарамағына қайтару үшін Ресей Үкіметімен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жалға алу туралы екі жақты келісімді біртіндеп тоқтату жөнінде қос елдің президенттері мәмілеге келіпті. Айтпақшы, қазір бұл іспен үкіметаралық комиссия айналысып жатқан көрінеді. Ол комиссияны қос вице-премьер - Қайрат Келімбетов пен Игорь Шувалов басқарады. «Әрине, жалға алу шартын бірден тоқтата алмаймыз. Ол жоспар бойынша бірте-бірте іске асырылады. Бірақ, Байқоңырдың өз меншігімізге нақты қай күннен бастап өтетінін айта алмаймын!» - деп ағынан жарылды мәжілісшілердің алдында бас ғарышкер.

Бәрін айт та, бірін айт, «Бәйтеректің» жырын айт...

Расында да, әу бастан «бағы жанбаған» «Бәйтеректің» жырының бүгін бітетін түрі жоқ. Өйткен себебі, аты шулы ғарыштық зымырандық кешенді жобалау жұмыстарының өзі әлі орта жолда... Талғат Мұсабаевтың айтуына қарағанда, бұған жобалауды 47 айға (!) дейін кешіктірген, жобаның құнын бірден 7 есеге (!) дейін өсірген Ресей тарапы тікелей кінәлі. «Жығылғанға жұдырық» демекші, Қазақстан жағынан бұл мәселеге зымырандық кешеннің не екенін жетік білмейтін мамандар араласыпты. Ал сонда бұл істің нәтижесі қандай болуы керек?!. «Бәйтеректің» құны, пайдалануға берілетін нақты мерзімі де белгіленбеген... Ресейге қатысты ешқандай міндеттер жоқ, барлық жүк Қазақстанның мойнына артылған. Жобаның әуелгі құны 223 млн АҚШ доллары болса, қазір ол 1,7 млрд АҚШ долларына дейін өсіп отыр» - деп түсіндірді Талғат Мұсабаев.
Бас ғарышкердің пікірінше, ресейліктердің діттегені өз мүддесі ғана.
- Олар Амур облысында «Восточный» атты өз айлағын салуға кірісті, - деді «Қазғарыштың» басшысы.
- Енді бізге «Бәйтеректі» құру өте тиімсіз. Себебі «Восточный» біздің Байқоңырмен бір ендікте орналасқандықтан, бірден-бір бәсекелес болмақ. Онда бізге айдалада иесіз қалған ескерткіштің қажеті қанша? Сондықтан, қазір қалыптасқан жағдайды түзету жұмыстары жүргізілуде. «Биыл екі елдің басшылары деңгейінде «Бәйтеректің» техникалық негізін «Ангара» зымыран тасығышынан «Зенитке» ауыстыру туралы келісім жасалды. Бұл жобаның құнын айтарлықтай қысқартуға жол ашады. Қазақстан өзінің айлағында ғарыштық жұмыстармен айналысуға білегін сыбанып кірісуі үшін, қазіргі кезде зымырандық кешенді «Зениттің» базасында бірлесіп пайдалану мәселелері шешілуде. Ол жерде біздің бірде-бір маманымыз жоқ. Бәріміз қоршаудың сыртында жүрміз!», - деп ол істің анық-қанығын айтты. Қысқасы, желге ұшқан миллиондар... Дуалмен қоршалған бос жер... «Көршіміздің» бізге болсын деген ниетінің жоқтығы... Турасы - құрдым. Бүгін «Бәйтеректің» былығы осылай әшкере болды. Ал Т.Мұсабаев айтқан «Зенит» кеткен есеміздің орнын толтырып, үмітімізді ақтай ала ма? Бас ғарышкердің айтуынша, «Егер біз айлақтың оң қанатын толық өз қарамағымызға алсақ, бұл Қазақстанның алға басқан үлкен қадамы болмақ». Жақсы сөз - жарым ырыс. Үмітсіз шайтан деймізде...

«Казахстан хочет Байконур себе»

«Байқоңыр қаласының Қазақстанның қарамағына өтуінің мүмкіндіктері қарастырылуда». Мәжіліс мінберінен айтылған осы батыл сөз ресейлік БАҚ-дың наразылығын туғызды. Ресейдегі бірқатар сайттарда «Казахстан решил вернуть себе Байконур», «Казахстан хочет Байконур себе» деген тақырыптармен көлдей-көлдей мақалалар басылды. Тоқетері, «Қазақстан өз аумағындағы алып ғарыш кешенін кәдесіне жарата ала ма?» дегенді сәуегей сарапшылар тағы сан-саққа жүгіртуде. Өзге емес, Мемлекеттік Думаның ТМД істері және отандастармен байланыс жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Слуцкийдің пікірінше, Байқоңыр 2050 жылдан кейін ғана Қазақстанның меншігіне өтеді. «Бұл форматтың өзі де, мерзімі де әлі түсініксіз. Шамасы, ол 2050 жылы екі жақты келісім күшін жойғаннан кейін іске асады», - депті.
Ресейлік БАҚ-тың жазуына қарағанда, Қазақстан билігі Байқоңыр кешені мен қаласын ресейліктердің басқаруынан шығарып алғысы келеді. «Егер мұндай жағдай бола қалса, ресейліктердің бәрі қаладан кетіп, ғарыштық нысандарда жұмыс істейтін адам қалмайды» деп даурығады сәуегей сарапшылар. Олардың ойынша, Байқоңыр Қазақстанның қарамағына берілетін болса, ресейліктер бір күнде қаланы тастап шығады. Ондай жағдайда ғарыш айлағында онсыз да сын көтермей тұрған кадр мәселесі ушығып кетпек. «Қазірдің өзінде ғарыштық техникаларда жұмыс істей алатын және айлақтағы нысандарды ұстап тұратын инженерлер жетіспейді», - дейді олар.
Шынымен, солай бола ма? Қазір Байқоңырда тұратын 70 мыңнан астам адамның 37 пайызы - Ресейдің, 60 пайызға жуығы - Қазақстан азаматтары. Оған қоса, айлақта зымыран ұшыруға келген 4 мыңға жуық ресейлік маман тағы бар. Осы жерде «Сонда ресейліктер Байқоңырдан түпкілікті кете ме? Кетсе, Байқоңырдың тағдыры қалай болады?» - деген сауалдар көлденеңдейді. «Ресей өзіне «Восточный» деген ғарыш айлағын салса, онда Байқоңыр өзімізге қалмағанда кімге қалады? - дейді «Қазғарыш» ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков. - Алайда ресейліктердің барлық ұшыру жоспарларын «Восточныйға» ауыстырамыз деген ойы жоқ. «Біразын қалдырамыз» дейді. Ойлап қарасақ, ресейліктердің кетуіне кем дегенде 10 жылдай уақыт қажет. Сол 10 жылда өзіміз қолымыздан келгенді іске асырып, халықаралық ұйымдардың коммерциялық тапсырыстарын орындайтын жағдайға жетсек, ешкімнің көмегінің керегі жоқ. Десек те, біз барлық қиын жағдайларға дайын болуымыз керек. Себебі Байқоңыр бүгін коммерциялық тапсырыстар бойынша да жұмыс істеп жатыр». Сондай-ақ оның айтуынша, біз 2014 жылы үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында ғарыш саласын өркендетудің бірінші кезеңін аяқтаймыз. «Жерді ғарыштан зерттеу жүйесі, «ҚазСат-2» жерсерігі жұмыс істейді. Ғарыш аппараттарын өндіретін зауыт, навигациялық жүйелер жұмысқа кіріседі. Бір сөзбен айтсақ, ғарыштық саламыздың даму қарқыны артады», - дейді М.Молдабеков.

Бағын байлап отырған - Үкімет!

Жасыратыны жоқ, Талғат Мұсабаев шырылдаған шындықты бүгежектемей бетке айтатын санаулы-ақ жағалыларымыздың бірі. «Ғарышқа қазақ ұшпайды. Өйткені қаншама тер төгіп, бір қазақты ұшыруға жанымызды салып едік, мүмкіндік келгенде Үкімет ақша бермей қойды!» - деп ол ақиқатын айтты. Қазіргі кезде Байқоңырда күйіп тұрған мәселенің бірі - тұрғындардың әлеуметтік ахуалы. «Бұған дейін мен ғарыштық мәселелеріммен толық айналыса алмай жүрдім. Себебі Байқоңырдағы балабақша, мектеп, зейнетақы, су құбыры сияқты әлеуметтік мәселелерден қолым босамады. Тұрғындардың шағымдарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаумен күнім өтті. Мен оларға кіммін?!. Содан шығар, пысқырып та қараған жоқ! Ал бүгін үкіметаралық комиссия құрылып отыр. Бұл комиссия тыңдамайтын министрлердің басын жарса да, сөзін өткізеді. Министрлердің бәрі комиссияның алдында құрдай жорғалайтын болады. Ақырында денсаулық мәселесімен Мұсабаев емес, Денсаулық сақтау министрі айналысатын болады!», - деп жұртты бір күлдірді бас ғарышкер. Сонда бұл комиссия бұрын неге құрылмаған? 18 жыл бойы Ресейдің заңымен жүріп-тұрған отандастарымыздың хал-күйіне неге жан баласы назар аудармаған? Осы жағы әрі түсініксіз, әрі күлкілі. Әрине, Байқоңыр - біздің брендіміз, мақтанышымыз. Алайда Қазақстан өзгелермен терезесі тең ғарыштық державаға айналуы үшін, әуелі Байқоңырда оқу-ғылым, инфрақұрылым сияқты кезек күттірмейтін мәселелерді қолға алсақ, құба-құп. Талғат Мұсабаевтың айтуынша, ел бюджетінен жыл сайын 300 млн «жасыл қағазды» бөліп отырсақ, ғарыштық  державаға тез айналамыз. Әй, қайдам? Қаңғып кеткен «ҚазСатқа», батпаққа батқан «Бәйтеректің» өзіне қаншама миллиондарды шашқан жоқпыз ба?.. Оны кімнен даулаймыз? Жауабы жоқ сұрақ бұл.

Төлен ТІЛЕУБАЙ,
Астана

Тақырыпқа тұздық

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, Премьер-министрдің орынбасары:

«Өздеріңіз білетіндей, 2004 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру уақытын 2050 жылға дейін созу туралы келіскен болатын. Қазақстан Республикасының Үкіметі, әрине, бұл келісімді қолдайды. Екі елдің басшысы осы жылдың қазан айында үкіметаралық комиссияға «Байқоңыр» ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану мәселесін қарастыруды тапсырды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы ғарыш саласында да стратегиялық серіктес. Барлық мәселе үкіметаралық комиссия шеңберінде қарастырылады. Стратегиялық серіктестікке сәйкес аталған комиссияны екі елдің премьер-министрінің орынбасарлары басқарады. Бұған қоса айтарым, қатып қалған қағида жоқ. Кез келген мәселеде тығырықтан шығатын жол болады»   

Серікбай НҰРҒИСАЕВ, Мәжіліс депутаты:

Қазақстан мен Ресейдің арасындағы Байқоңыр ғарыш айлағы мен Байқоңыр қаласын жалға алу туралы келісім 1994 жылдан бастап күшіне енді. Содан бері 16 жыл өтіпті. Бұл келісім қалай жұмыс істеді? Екі жаққа қандай пайда, қандай жақсылық, қандай қиыншылық әкелді? Не шешілді, не шешілмеді? Намысымызды, патриоттық сезімімізді таптайтын қандай қиянат жасап кетті? Оның ішінде балалардың ділі, діні, оқуы, көзқарасы, дәстүрлі тәрбиесі, отаншылдығы бар... Себебі, Сырдың бойы тұнып тұрған үлкен қазақи өлке. Соның ішіндегі бір қаланың  жағдайы ондағы ағайынды, тіптен өзгертіп жіберді.
Қазір қаланың да, айлақтың да проблемасы көп. Ғарышқа ұшатын аппараттар тұратын айлаққа бірде-бір қазақстандықты кіргізбейді. Ол жерде не тұрғанын, не жасалып, не болып жатқанын білмейміз. Біздің бірде-бір маманымыз, инспекторымыз, мемлекеттік қызметшіміз кіре алмайды. Яғни айлақ толығымен ресейліктердің қолында. Екіншіден, Байқоңыр қаласы қазақтың жерінде, елінде тұр. Тұрғындарының 60 пайыздан астамы - қазақстандықтар. Бірақ жалға берген дүниенің ішінде болғаннан кейін, халықтың толыққанды қазақстандық құқықтары іске асып жатқан жоқ. Енді жұрт соны талап етуде. Ол - білім алу, жұмысқа орналасу, тұрғын үй жалдау, зейнетақы алу және т.б. әлеуметтік мәселелер. Байқоңырдың экономикасы, халқының әл-қуаты еліміздегі басқа қалалармен салыстырғанда төмендеу. Өйткені, онда жекешелендіру жүрген жоқ. Басқа қалада тұратындар пәтерін, дүкенін, мейрамханасын жекешелендірді. Бизнеске қосылды. Өсіп-өнді. Бірақ Байқоңырда ештеңе өзгерген жоқ. Агенттік төрағасына сауал қойғанда да «Осыған уақыт келді ғой» дегенді айттық.
Біз 16 жылда ғарышты игеруге бет бұрдық. Үлкен мемлекеттік бағдарлама, заң қабылдадық. Агенттік құрдық. Ақша, штат бөлінді. Жұмыс істеп жатырмыз. Демек, Қазақстанның ғарыш саласы бойынша болмысы, мәртебесі, болашаққа деген көзқарасы өзгерді. 16 жылдың ішінде Ресей, Франция, Сингапур, АҚШ, Қытай сияқты ғарышты игерген елдердің қатарына кірдік.
Ресейліктер кетсе, Байқоңыр құлап қалмайды. Оны көтеруге Қазақстанның бюджетінің мүмкіндігі бар. Одан қорқатын ешнәрсе жоқ. Ал айлақты бірлесіп пайдалануымыз керек. Себебі, ресейліктердің оны тастап бір күнде кете қалатындай мүмкіндігі жоқ. Біріншіден, олар да ақшасын есептеп отыр. Екіншіден, халықаралық деңгейдегі мойнына алған міндеттемелері бар. Бұдан 10-20 жыл бұрын әлемдік қауымдастық алдында шартқа отырып, қол қойып, мөрін басқан Ресей ол келісімді қалай бұза алады? Оның үстіне, басқа ұшыратын айлағы жоқ. Сондықтан, олар кете алмайды. Ал біз соны пайдаланып, серіктестік деңгейіне шығуымыз керек. Оған қоса, 1994 жылы 115 млн АҚШ доллары деген тәп-тәуір ақша еді. Қазақстанның бюджеті бүгінгі таңда 6,5 трлн теңгеге жеткенде, ол өте күлкілі ақша болып қалды. Яғни заман да, біздің мәртебеміз де өзгерді. Ендеше, Байқоңырдың өз заңдарымызға өтетін бағытын белгілеп, қадамын ақырындап бастауымыз қажет.

"Жас қазақ" газеті

 

0 пікір