Жұма, 19 Сәуір 2024
Талап 2499 18 пікір 24 Тамыз, 2022 сағат 15:25

Халық наразы. Ассамблея бізге керек пе?..

Кеше Қазақстандағы Украина Елшісінің ресейліктерге қаратып айтылған сөзінен кейін, ұзық уақыт ұйқыда жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясы бас көтерді. Олар Елші Петр Врублевскийдің:

«Олады көбірек өлтіруге тырысамыз. Біз қазір орыстарды қаншалықты көп өлтірсек, балаларымыз соғұрлым аз өлтіреді. Бары осы», - деген сөзіне шүйліккен.

Ресей Украинаға басқыншылық шабуыл жасап, қалаларын қиратып, аяусыз атқылап, екі халықтың арасына ұмытылмас араздық отын жаққаннан кейін украин азаматының сөзі қандай болары белгілі. Оның үстіне Украина Елшісі Қазақстандағы орыстар туралы емес, Украинада ойран салып жатқан Ресей әскері туралы айтып тұрғаны бесенеден белгілі.

Ресейдің билік органдарында, БАҚ саласында жүрген үгіт-насихатшылары, тіпті президентінің өзі талай рет Қазақстанда ұлтараздық тудыратын мәлімдемелер жасап келеді. Ондай даулы мәлімдемелерге келгенде Қазақстан халқы Ассамблеясының көзі көрмей, құлағы естімей қалады. Бірақ кешегі Украина Елшісінің сөзі Ассамблеяға қатты әсер етті.

«Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Украинаның Қазақстан Республикасындағы елшісі Петр Врублевский мырзаның қазақстандық блогердің біріне берген сұхбатында айтқан сөздерін қатаң айыптаймыз және оларға жол беруге болмайды деп санаймыз. Бейбітшілік пен бірлік мемлекеттік саясаттың және қоғамдық шоғырланудың басты қағидаттары болып табылатын біздің елде кім айтса да мұндай мәлімдемелерге жол берілмейді.

Дипломатия өшпенділік пен араздықты қоздыру үшін емес, бейбітшілік пен ынтымақтастық идеалдарына қызмет етуі керек.

Қазақстанның біртұтас көпэтносты халқы үшін достық, өзара көмек және бейбітшілік қағидаттары мызғымас ереже. Олар бізге Тәуелсіздігіміз қалыптасқан ең қиын жылдарда этносаралық қақтығыстарды болдырмауға және еліміз бен халқымыздың тұтастығын сақтауға көмектесті.

Бізге өшпенділік тілі жат, этностық өшпенділікті оның кез келген көріністерінде насихаттауға болмайды.

Барлық қазақстандықтарды арандатуларға берілмеуге, керісінше, балаларымыздың бүгіні мен болашағы үшін елдегі бейбітшілік пен халық бірлігін сақтауға және нығайтуға шақырамыз», - деп мәлімдеме жасады Ассамблея.

Кейін «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» Украина Елшісін депортациялауды сұрады.

«Мұндай мәлімдемелер Елші мәртебесіне және дипломатиялық этикаға сәйкес келмейді. Бұл татулығы жарасқан 120-дан астам этникалық топ, соның ішінде, орыстар мен украиндар тұратын елімізге,  бейбітшілігімізге нұқсан келтіреді. Осыған байланысты Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы Қазақстан Республикасы СІМ-нен Украинаның елшісі Врублевскийді нон грата деп жариялауды талап етеді», - деді қауымдастық.

Бұған дейін 2022 жылғы қаңтар айында alash.online сайтында Қазақстан халқы Ассамблеясын таратуды талап еткен петиция жарияланған болатын.

«Назарбаевтың сайлауда басқа ұлттар арасында көбірек дауыс алуын қамтамасыз ету үшін ғана құрылған Қазақстан халықтары ассамблеясын тарату мәселесін тағы көтереміз. Енді бұл құрылымның керек емес екендігі айдан да анық. Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылғы мамыр айында Қазақстан Республикасы Конституциясына бірқатар өзгерістер енгізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді, ол ҚР Парламенті Мәжілісіне тоғыз депутат сайлау құқығына ие болды. Ол жердегі басты талап депутаттар Қазақ ұлтынан болмауы тиіс. Біз Қазақстан республикасының азаматтары, Қазақ ұлтының конституциялық құқығын шектейтін, және елімізге ешқандай пайдасы жоқ ұлтаралық араздықты қоздыратын Қазақстан Халықтарының ассамблеясын таратуын талап етеміз.

Осы петиция туралы жаңалықтар ресурстарын хабардар етіңіз. Тек осылай ғана біз қоғамдық резонансты көтеріп, биліктің назарын проблемаға аудара аламыз», - деп жазылды мәтінде.

Петиция бүгінде 10494 адамның қолдауына ие болса, 411 адам қарсы болған.

Әлеуметтік желілерде де Қазақстан халқы Ассамблеясын қажет емес орган деп санайтындар жетерлік.

«Ассемблеяның төрағасы президент Тоқаевтың өзі болса да таратылсын деп айтам! Бұрын да бұны айтқам. Қазір де бұндай пікірдемін.

Бүгінге дейін бұл Ассамблея аман болып тұрғаны «Жаңа Қазақстанның» идеологтарына үлкен сын. Карин мен Балаеваның құлақтарына алтын сырға!»,- деп жазды саясаткер Мұхтар Тайжан.

«Украина елшісінің департациясына қарсымын.Керісінше Ассамблея заман талаптарына сәйкес емес және унитарлы біртұтас Қазақстанда мұндай ұйым керек емес ,таратылуы керек деп ойлаймын.Ассамблея таратылсын,елші өз жұмысын атқара берсін»,- депті Ләззат Ғұсман атты Facebook қолданушысы.

Көпшілік осы секілді пікірлерін бірінің ізін ала екіншісі әлеуметтік желіде жариялап жатыр… Бұл көптің пікірі. Ал Ақорда қоғамның осы талабын ести ме? Белгісіз!

Айжан Темірхан

Abai.kz

18 пікір