Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 4407 3 пікір 23 Тамыз, 2022 сағат 13:26

Әлем халықтарының ертегілері (бірінші бөлім)

АУДАРМА

ӘЛЕМ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ ЕРТЕГІЛЕРІ

Аударған: Әлібек БАЙБОЛ, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан авторлары қоғамының, «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі, жазушы-драматург, әдебиеттанушы, сыншы, аудармашы.

Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Көшіріп басуға рұқсат жоқ!


Америка халықтарының ертегілері

АДАМ ӨМІРІ

(бразилия ертегісі)

Елдің айтуынша, біржолы бамбук* пен тас сөз таластырған екен. Әрқайсысы адам өмірі өзінікіне ұқсаса депті. Ал, онда екеуінің не турасында қызыл кеңірдек боп айтысқанын бірге тыңдап көрелік...

Тас:

– Адам өмірі менікі секілді болу керек. Сонда, ол мәңгі дәурен сүреді.

Бамбук:

– Жоқ, жоқ, адам өмірі менікіндей болуы қажет. Мен ажал құшам, алайда артынша-ақ тірілем.

Тас:

– Жоқ, негізі, бәрі басқаша болғаны жөн. Адам мендей-ақ болсын. Мен соққан жел, жауған жаңбырға да қыңқ етпеймін. Суға да, суыққа да, ыстыққа да – төзімдімін, көнбіспін, мықтымын, қаттымын. Менің өмірім – шексіз, мәңгілік. Жаныма батар ештеңе жоқ, қайғы-мұңнан да адамын, қамсызбын. Адам өмірі де сондай болуға тиіс.

Бамбук:

– Жоқ, қателеспе, адам өмірі менікіндей болу керек. Мен өлгеніммен де, өсімтал ұрпағым кейпінде қайта жаңғырам, жаңарамын, байлығым да – солар. Дұрыс па? Жан-жағыңды бір шолып шықшы, бәрі – менің ұлдарым, баршасы – балаларым, ұрпағыммен – баймын. Олардан да үрім-бұтақ өрбиді, тарайды, олар да өсіп-өнеді, жайқалады, бәрінің терісі: жып-жылтыр, жұп-жұмсақ, аппақ әрі теп-тегіс.

Тас – үн-түнсіз. Түнерген күйі кетіп қалады.

Сөйтіп, бамбук оны сөзден ұтады.

Міне, неге адам өмірі мен бамбук өмірі – өзектес, туыстас екенін енді ғана байқаған шығарсыздар?!.

*Бразилия – бамбук өсімдігіне бай мемлекет, өйткені оның алуан-алуан түрі бар және жергілікті халық аталған астық тұқымдасына жататын ағашқа асқан құрметпен қарайды.   


Африка халықтарының ертегілері

ХАМЕЛЕОННЫҢ ТҮСІ ҚАНДАЙ?

(бауле ертегісі)

Есте жоқ ерте заманда, Ньямье құдай шартараптағы адам, аң, жан-жануар біткенді шақырту үшін жұмыр жерге елшілерін жұмсайды.

Бәрі жан-жақтан жиылған соң, ол былай деп жалпақ жаһанға жарлық шашады:

– Айтыңдар, қане! Жерде не қалайсыңдар, әрқайсың? Рұқсат етейін.

Сонда, алдыменен адам әңгімеге араласады:

– Ат басын ауылға бұрып, сонда қалып егін ексем деймін.

– Ал, біз ну орманға орнықсақ, – деді аңдар.

Тек хамелеон ғана тіс жармады.

– Сен не сұрайсың? – деді Ньямье.

– Былай ғой, – деді хамелеон. – Табаным тиген орынның барлығы маған тиесілі болса деген тілегім бар.

– Мақұл, – деді айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған Ньямье. – Онда, ойға алғандарың орындалсын.

Міне, содан бері адамдар – ауылда, ал аңдар – орман-тоғайда тіршілік кешіп жүр. Ал, хамелеон қайда барса да, сол мекеннің қызылды-жасылды бояуына еніп, өз үйіндегідей алшаң-алшаң басып, емін-еркін жүретін көрінеді.

*Ньямье (Ньяме, Ньяма) – аспан құдайы, кейбір Батыс Африка елдері арасындағы басты тәңір боп есептеледі.


Азия халықтарының ертегілері

ДАНАГӨЙ ҚОЯН

(бирма ертегісі)

Ертеректе ағалы-қарындасты екеу тіршілік кешіпті. Әке-шешесі о дүниеге аттанған соң, мұраға қалған өгіз бен сиыр бөліске түседі. Ағасы – өгізді, қарындасы – сиырды еншілеп, содан тату-тәтті тарқасады. Біршама уақыттан кейін әлгі сиыр бұзаулайды. Сөйтіп, ағасының көзі манағы бұзауға түсіп, ол оны түнделетіп алып кетеді-дағы, өгіздің жанына қосып қояды. Таң ата айғай-шу, даң-дұң, шаң-шұң басталады. Қарындасы: «Бұзау – менікі!», ал ағасы: «Жоқ, менікі!» – дегеннен танбаған соң, ақыры ағайын ақ-қараны ажырату, төрелігін тыңдау мақсатында қазыға қарата тартады. Ағасы қорғаушы есебінде құсқа, ал қарындасы қоянға жүгінеді. Би істі таңертең шешуді ұйғарады.

Белгіленген уақытқа бәрі түгел үлгеріп жетеді, тек қоян ғана кешігеді, қалғаны күтумен болады. Міне, көптен күткен қоян да келді. Сонда, қатал қазы оған сын тағады:

– Уа, қояным! Сен уақытты бағаламайды екенсің, тағы өзіңді қорғаушымын дейсің!

– Бұныңыз қалай, құрметтім?! – деп қоян айыбын жуып-шайып әлек. Уақытты қадірлеймін. Бірақ, бір шұғыл шаруа шығып қалды, ғапу еткейсіз.

– Сонда жаңағы ісің бұдан да маңызды ма? Ал, баян ет... – деп тергейді, би.

– Иә, мырзам! – деді қоян. Елдің егістігі өртенді, тұрғындарды аяп кеттім. Өршіген өртті өшіру мұратында мұхиттағы суды себетке құйып, таси бастадым. Сол себепті де кешігіп қалдым.

Қазы күліп жібереді.

– От шықса о туралы білер ек қой, солай ма? Бұдан бұрын, себетпен су тасыды дегенді сенен естуім. Байқауымша, ақылдан алжасқан секілдісің қояным, сандырақтап тұрғаның – мынау!

Сонда ол бүй дейді:

– Мұным сандырақ болса, онда бүгінгі талқыға түскен мәселе – екібастан ессіздік. Құдайшылығын айтыңызшы, о заман да, бұ заман, ілгерілі-кейінді бұқаның бұзаулағанын кім көрген, мырзам?

Қазы:

– Сен данагөй қоян екенсің, – деп оның тапқырлығына тәнті боп, істі қыздың пайдасына шешіп кеп жібереді.


Океания халықтарының ертегілері

ЖҮРЕТІН АҒАШ

(папуас ертегісі)

Біржолы, Онгари ауылы айналасындағы жағажайда кішкентай бала жалғыз өзі ойнап жүреді. Сөйткенде, ол ауылға ақырын жылжып, жылыстап бара жатқан биік ағашты* байқап қалады. Балаға әлгі ағаш сұсты, қорқынышты, үрейлі көрінеді. Зәресі зәр түбіне жеткен бала, айғайлаған қалпы қыстаққа қарата жүгіреді.

Еркек біткен жиылып, ақылдаса келе ағаш Онгари ауылына еніп, үйлерді қиратып, кісілерді, доңыздар мен иттерді қырғынға ұшыратып, жан-жақты жапырмай тұрғанда, оны отап, шауып, жығатын боп шешеді. Олар көрші қыстақтағы жігіттерді көмекке шақырып, бәрі тас балталарын қолға алып, тамырын талқандауға кіріседі.

Ерлер екі күн талмай тер төгіп, тағы бір күн** бар қайсар-қажырмен және талпынады. Сол аралықта биік ағаш ауыл аузына жақындап та қалған еді. Солқ-солқ соққан балталар қоя ма, содан міне, діңі де сыр беріп, айырылып, елдің үрейін қашырған ағаш теңселе-тербеле, қақырай барып гүрс ете құлайды. Ағаш арлы-берлі тербелгенде үстіндегі жеміс-жидек жерге шашылады. Теңізге түскендері – тұңғыш теңіз балықтарына, ал өзенге түскендері – тұңғыш өзен балықтарына айналады.

Сөйтіп, Онгари ауылы аман-сау қалып, сәйкесінше алғашқы балықтар пайда болыпты. Егер сол кезде, алғыр бала жүріп бара жатқан ағашты көріп қалмаса, онда қазір Онгари да, аулап жейтін балық та табылмас еді.

*Папуас елінің аңыздарында алып адамдардың, аң-құстардың, жан-жануарлардың, ағаштардың кейпіне ене алатын, жан біткенге жамандық әкелетін қорқынышты құбыжықтар, яғни жындар туралы баяндалады.

**Негізінен, маринд-аним (оларды «кая-кая», «тугери» деп те атаған) жұрты сандарды айқындайтын 2-ақ сөз білген: «сакод» («бір») және «ина» («екі»). Маринд-аним 3 санын айту үшін, «ина-сакод», яғни «бір» және «екі» (3) деген, 4 санын атау үшін «ина-ина» деген, осылай кете береді, тағысын тағы. Бірақ, 5 санын «лясанга» («қол»), 10 санын «ина-лясанга» («қос қол»), 20 санын «анем», яғни «адам» деген. Себебі, қол-аяқтағы саусақтарды қоса есептегенде 20 саны шығады. 

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606