Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 2874 1 пікір 19 Тамыз, 2022 сағат 12:57

БАҚ туралы арнайы заң қажет пе?

БАҚ мәселесі кәсіби ортада кеңінен талқыланғаны дұрыс деп ойлаймын. Дегенмен, әріптестеріміз тарапынан селқостық байқалады. БАҚ туралы заң жобасына да тек орыс тілді журналистер белсенділігі жоғары. Неліктен, қазақ тілді әріптестеріміз кәсіби мәселелерге қызығушылық танытпайды?

Қазіргі журналистика жайындағы подкастыма, көтерілген мәселелер турасында алғашқы болып пікір білдірген Гүрмәрия Барманбекова ханымға алғыс.  Алғы буын журналисттер кәсібилігі мен белсенділігі бәрібір жоғары ғой.

Бибігүл Жексенбай


Журналист Бибігүл Жексенбай ұйымдастырған бас редакторлар клубының арнайы бейнеподкастын (1-шығарылымы) көрдім. Дер кезінде жарық көрген өте маңызды контент. Ұзағынан сүйіндіргей!

Медиа саласының майталмандары: «Хабар» арнасының директоры Жайна Сламбек, саясаттанушы, журналист Нұрмұхамед Байғараев, «Ұлысмедиа» порталының жетекшісі Самал Ыбраева ойларын ортаға салды.

Бейнеподкаста көтерілген мәселелерге байланысты азын-аулақ пікірімді білдіре кетуді жөн санадым.

БАҚ туралы арнайы заң қажет пе деген сауал болды?

Қажет емес. Онсыз да өмір сүруге әбден болады. Заңның көп болғанынан гөрі бар заңдардың орындалуын қадағалау әлдеқайда маңызды. Мейлі блогер, мейлі журналист болсын, жауапқа шақыратын заң баптары бар. Оны Нұрмұхамед айтты: Азаматтық Кодекс пен Қылмыстық Кодексте арнайы баптар белгіленген.

БАҚ туралы заң журналистер мен блогерлерді «көгендеп» ұстау үшін қажет десе, жөн бөлек. Онда мемлекеттегі шынайы демократияны да көксемей-ақ қойған дұрыс.

Блогер мен журналистің мәртебесін арнайы заңмен бекіту керек пе?

Мүлдем қажет емес. Ол онсыз да белгілі. Екеуінің мақсат-мұраты, кәсіби деңгейі бөлек. Журналистің жүгі де, жауапкершілігі де ауыр. Кез-келген блогер бұл жүкті көтере алмайды.

Иә, сапалы, пайдалы, кәсіби контенттер жасай алатын блогерлер жоқ дей алмаймын. Нұрмұхамедше айтқанда «лайк пен донат үшін жанпида» демейтіндер жоқ емес, бар. Бірақ аз.

Журналистерге берілетін марапаттар туралы.

Кейінгі жылдары марапаттан қадір қашты. Марапат – марапат емес, тойбастар үлестіру немесе бордақы жемдеу сияқты болып кетті. Ұят!

Мұраты биік, мақсаты айқын журналистке марапатыңның да, шен-шекпеніңнің де көк тиынға керегі жоқ! Аудитория басқадан бейхабар болса да, шебер маманды дөп басып тани алады. Қадір тұтып, құрметтейді. Төбесіне көтереді. Осыдан артық қандай марапат керек?

Журналист марапат алып тұрып, өзіне: «Осы жұрт мені шынымен де мойындай ма, бастығымнан басқа кім танитын болды екен?» деген сауалды қоюы керек.

Мемлекеттік тапсырыс не үшін керек?

Білмеймін. Бәлкім, БАҚ-ты ауыздықтап ұстау үшін болар.

Билік үшін тайталасатын топтардың мүддесін қорғайтын БАҚ болса, түсінер едім. Ал мемлекетке не үшін керек тапсырыс? Шынымен де түсінбеймін. Кез-келген ізгі ойлы журналист мемлекеттің кемшілігін көрсетіп, сын айтуы мүмкін, бірақ еш уақытта сатпайды.

Жоғарғы оқу орындары мемлекет пен халықты бір деп қарайтын, отансүйгіш журналистерді даярлап шығаруға тиіс.

Қоғамның, биліктің, жекелеген азаматтардың абыройына дақ түсіретін жалған ақпараттармен кәсіби журналистер қалай күресуі керек деген сауал тастады Бибігүл.

Ондайлармен күресу журналистердің міндеті емес. Күресетін арнайы органдар бар. Ал журналистер рейтинг қуып кетпей, өз кәсібін адал, сапалы атқарса болғаны.

БАҚ қоғамды өзгерте ала ма?

Өзгерткенде қандай! Бірақ өзгерту оның тікелей міндеті емес.

Дей тұрғанмен, БАҚ қоғам санасының қалыптасуына ықпал ететін құрал екенін естен шығармаған абзал. Өкінішке орай, аудитория санасының дәп қазіргідей «қараңғыланып» бара жатуына себеп болған факторлардың бірі – БАҚ, әсіресе телевидение дер едім.

Журналистің басты міндеті – ақпаратты дер кезінде, боямасыз, бұрмаламай, әсірелемей, өз пікірін қоспай жеткізу ғана. Көбінесе журналистер бұл талаптан шыға алмай жатады. Себептері көп: белгілі бір топтың мүддесін көздеу, ақшаға сатылу, кәсіби деңгейдің төмендігі, рейтинг қуу, журналистік этикадан алшақтық, т.т. с.с.

Осы күні көпшілік газет оқымайтын, телевизор қарамайтын болғаны рас. Газетті неге оқымайтынын айта алмайды екем, газетші емеспін. Тележурналистпін. Сөйте тұра телевизорды сирек қараймын. Өйткені контенттердің мазмұны мен маңызына көңілім толмайды. Жалпы көгілдір экрандағы көп нәрсеге көңілім толмайды. Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Айтпақшы, Бибігүлге дәп осы тақырыпқа бір подкаст арнауға кеңес берер ем. Мәнсіз-мағынасыз шоулар, жаның түршігетін негативтерден мезі болдым. Шоулар мен негатив ақпараттар да керек шығар, бірақ оларға басымдық беріп абырой таппайсың.

Негатив ақпараттарға селт етеді деген желеумен БАҚ өресі төмен аудитория сұранысының ығына жығылғалы қашан. Осылайша тобырға айналған топтың одан сайын көбейе түсуіне өз үлесін қосып жатыр деуге әбден болады.

Бұрынғы кезде телевидениенің жарнамаға күні қараған емес. Бүгінде ол жарнама үшін нақты мақсат-міндетінен бас тартты. Нарық заңы солай дерсіз. Солайы солай-ау, бірақ біздікі жабайы нарық, әсіре нарық болып жатыр. Артық емес, тыртық нарық болып жатыр.

Қалайық мейлі, қаламайық, телевидение не ағартушылық не «қарайтушылық» рөл атқарары сөзсіз. Позитив контент жұрттың жанын жадыратады. Негатив контент жабырқатады, көңіл күйін түсіреді, рухын аздырады. Ондай қоғам гүлденіп дамудың орнына азғындайды. Көгілдір экрандағы танымдық, тағлымдық, аналитикалық хабарлар жұртшылықты өркениетке, мәдениетке, білімділікке жетелейтіні – айтыла-айтыла жауыр болған мәселе. Әзірге естір құлақ табылар емес.

Нұрмұхамедтің қандай ақпаратты оқуды, көруді аудитория өзі таңдауы керек деген пікірімен қуана келіскім келеді, бірақ келісе алмаймын-ау! Біздің қоғам бұған даяр емес. Бибігүл дәл теңеу айтты, біздің халық бала сияқты деп. Бұл ойды Мао Цзедун да айтып кетіпті: «Халық деген ақ қағаз, не жазсаң сол болады» деп. Мен бұған біздің халық тісі шықпаған баладан да төмен деңгейге құлдилады дегенді қосар едім. Сондықтан оған ақпаратты «шайнап беру» керек. Осыны күнде сезінгенде жылағым келеді.

Дәлел деймісіз? Көп. Біреуін ғана айтайын.

Кеше ғана елордадағы жаңа мешіттің ашылуын көрген боларсыздар? Қақпа ашылғанда есік алдында тұрған қалың көпшіліктің бірін-бірі кимелей, жанталаса алға лап қойғанын да көрген боларсыз? Сонша алқынатындай не көрінді десеңізші! Өзің оқып келген өркениетті елден мұндай жабайылықты көрмеген боларсың, Нұрмұханбет? Қазақстаннан күнде көруге болады. Әуелдем, мешіттегі намазға барғанда бірінші қатарға таласып, кәмімгідей итеріскендерді де көріп шошығам. Бірінші қатарға тұрғандардың иығына періштелер бірінші қонады екен-мыс. Құдайдың үйі деп жүрген орында Құдайдан ұялмау жабайылық емей немене?

Осындай тірліктегі аудиторияда қандай таңдау болсын?

Әзірге сол қолмен тізгінді, оң қолмен қамшыны ұстауға тура келеді. Ренжіме, бауырым, бұл мәселеде мен Бибігүл мен Жайна жағындамын.

Бір нәрсені ерекше ескерген абзал. БАҚ қоғамнан (кейбір елдердегідей) зомби немесе нақұрыс жасайтын емес, игі ықпал, ізгі бағыт беретін, турашыл, шыншыл БАҚ болуы тиіс. Қаражат табам деп қайыршы күйге түспейтіндей етіп, мемлекет жағдай туғызсын.

Өресі биік, мәдениеті жоғары қоғам орнату айтуға жеңіл. Жылдар бойы бүлінген дүниені оңалтуға жылдар керек. Әзірге қоғамның көзі ашық, көкірегі жарық бөлігі тым аз. Оның өзінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып, жетісіп тұрғаны шамалы. Жарымқұрсақ, алаңкөңіл күйде. Ертеңінің қалай боларын уайымдап, есеңгіреп тұрған аудиторияның биік таңдау жасай қоюы екіталай. Телекөрерменнің «Парасат майданынан» көрі «Қалаулыммен» (қазір атауын өзгерткен сияқты) көңілін жұбататыны содан болса керек.

Гүрмәрия Барманбекова

Abai.kz

1 пікір