Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 1892 2 пікір 17 Тамыз, 2022 сағат 18:23

Мәжіліс депутаты: «Заречный» тұрғын алқабында мектеп жетіспейді

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Павел Казанцев, Мәжіліс депутаты Елдос Абақанов «AMANAT» партиясының өкілдерімен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы «Заречный» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесті.

Онда талқыланған басты мәселе мектеп құрылысы туралы болды.  Елорданың қарқынды дамып келе жатқанына қарамастан, Заречный алабында әлі күнге дейін мектеп салынбаған. №45 орта мектептің салынғанына 34 жыл болған. Бүгінде 400 баланы ғана қамти алатын мектепте 800-ге жуық бала білім алуда.

«Кездесуде бірқатар қалалық, тіпті республикалық деңгейдегі  мәселелер көтерілді. Қалалық деңгейдегі проблема – ол құрылыс, көшелерді кеңейту, коммуникациялық мәселелер және т.б.

Барлық мәселелерді жазып алдық, бақылауға аламыз», – деді Мәжіліс вице-спикері Павел Казанцев. Мәжіліс Төрағасы орынбасарының айтуынша, тұрғындар тарапынан көтеріп жатқан сұрақтардың басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың деңгейінде шешілетін мәселе.

Өз кезегінде Елдос Абақанов: «Ең көп көтерілген сұрақ -  «мектеп қашан салынады?». Мектеп бұл ауданға әрине жеткіліксіз, одан бөлек мектепалды даярлық класстарында жауып тастаған. Біздің мақсат – барлық проблемаларды тікелей естіп, олардың шешу жолдарын ойластыру. Әр сұрақ бойынша жеке-жеке жұмыс жасайтын боламыз. Кездесу аясында айтылған және олардың шешу жолдары бақылауға алынатын болады», – деді ол.

Тұрғындар депутаттарға аудандағы салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің саны мектеп пен балабақшаларға сай болуы керек деген пікірлерін айтты.

 

Abai.kz

2 пікір