Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
1470 4 пікір 15 Тамыз, 2022 сағат 14:08

Министр мұнайды жаңа бағытпен тасу жайлы айтты

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Ресейді айналып өтетін Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттауды жоспарлап отыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Министр бұл сөзін 12 тамызда кешке Атыраудағы брифинг кезінде айтты.

Жұма күні күндіз Reuters агенттігі ұлттық "ҚазМұнайГаз" компаниясы күзден бастап Баку арқылы Жерорта теңізіндегі Жейхан портына тәулігіне 30 мың баррель мұнай жіберіп отыру үшін Әзербайжанның мемлекеттік SOCAR компаниясымен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Агенттіктің хабарлауынша, Қазақстан 2023 жылы Әзербайжанның өзге құбыры арқылы Грузияның Қара теңізіндегі Супса портына 3,5 млн тонна мұнай экспорттауды да жоспарлап отыр.

"Мен де сол жаңалықты оқыдым. (Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы) мұнай тасымалдау жайлы қандай да бір келісімге қол қоямыз деп ойламаймын. Мұндай мәселелер ұлттық компаниялар деңгейінде қаралады, техникалық жағы талқыланады. Себебі осындай міндет тұр. Бірақ айтылғандай келісімге қол қою, қыркүйектен бастап мұнай тиеу жайлы әңгіме болып отырған жоқ", - деді Болат Ақшолақов.

Ол сонымен бірге Reuters айтқан Әзербайжан арқылы тасымалданады деп айтылған мұнай көлемі айтарлықтай көп емес екенін де жеткізді.

"Бұл біздің экспорт бағыты мәселесін шешуге көмектесе алады деп санаудың өзі күлкілі. Біріншіден, ол бізді құтқара алмайды, өмірімізді жеңілдетпейді, екіншіден министрлікте мұндай келісімге қол қою жоспар жоқ",- деді министр.

Жұма күні "Қазмұнайгаздың" баспасөз қызметі Reuters ақпаратын растаған да жоқ, терістемеген де еді. SOCAR министрлікке түсініктеме беруден бас тартқан.

Ақшолақов жұма күні журналистерге берген жауабында "басты мақсат" – Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) үздіксіз жұмыс істеуіне күш салу. Ол КҚК-ны мұнай тасымалдайтын негізгі және өте тиімді бағыт деп атаған. Қазақстан мұнайының 80 пайызын тасымалдайтын Каспий құбыр желісі консорциумы жыл басынан бері бірнеше рет жұмысын тоқтатқан.

4 пікір