Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дидар-ғайып 3200 10 пікір 15 Тамыз, 2022 сағат 14:00

«Қазақстандағы ескі оппозицияның соңғы тұяғы болатын»

Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер Балташ Тұрсымбаев 76 жасында өмірден озды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Балташ Тұрсымбаевтың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. 

«Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Молдабайұлы Тұрсымбаевтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айтамын. Балташ Молдабайұлы ұзақ жылдар бойы еңбек жасап, бірқатар жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Қоғамымыздың дамуына бар күш-жігерін арнады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – делінген жеделхатта.

Балташ Тұрсымбаев 1946 жылы Ресейге қарасты Омбы облысында дүниеге келген. Ол 1990-1991 жылдары ауыл шаруашылық, азық-түлік және экология жөніндегі Қазақ КСР мемлекеттік кеңесшісі болып қызмет істеді. 1991 жылдан 1999 жылға дейін Қазақ КСР премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылық министрі, Қостанай облысы әкімі, қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары, премьер-министрдің орынбасары,  Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды. Кейін мемлекеттік қызметтен кетіп, оппозицияның белді өкіліне айналды.

Балташ Тұрсымбаев қоғамдық өмірге белсене араласып, Қазақстан билігін қатаң сынаған саясаткер ретінде ел есінде қалды.

Abai.kz ұжымы Балташ Молдабайұлының жақын туыстары мен отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.


Қазақ қайраткерлерінің қара нары болды

Ермұрат Бапи:

- Балташ аға Тұрсымбаев Қазақстандағы протестік қозғалыстың жарқын өкілі еді.  Қазақстандағы ескі оппозицияның соңғы тұяғы болатын. Қазір Балтекеңнің ізін басып келе жатқан азаматтар қайғырып, жетім қалғандай күй кешіп отырмыз. Бұл кісі біздің қатардың ғана емес, 2019 жылғы сайлаудан кейін пайда болған жаңа протестік қозғалыста арындап шыққан жастардың да ақылшысы бола білді. Жаңа қарсылық қозғалысына қосылған өкілдерге өзінің ақыл-кеңесін айтып, оларға жол нұсқап, жанашыр болып жүрген ақсақал еді. Аға соңғы төрт-бес жылдың көлемінде «Ел мен жер» деген үлкен халықтық қозғалыс құрып, ел мен жердің жоқтаушысы болды. Қазақстанның көптеген өңірлеріне барып, жерінен айырылған азаматтарға, шаруа қожалықтарына, ауыл тұрғындарына араша түсіп, тыным таппай, жанұшырып көмек қолын созды.

Соңғы 25 жылдың көлемінде Назарбаев жүйесінің қайтпас сынаушысы болды. Ол айтарын айтып кетті. Біздің көптеген зиялы, қоғам қайраткерлері деген атты алып жүрген азаматтар бұғып жатқан кезде, бұл кісі халыққа араша түсіп, өзінің азаматтық ой-пікірін ашық түрде жария еткен, билікті қатаң сынаған қазақ қайраткерлерінің қара нары болды.

Биылғы Қаңтар қырғынынан кейін Алматыда құрылған қаңтар оқиғасын зерттеу жөніндегі тәуелсіз комиссияның белді мүшесі болып, тағы да жер-жерге барып, жазықсыз жапа шеккен азаматтарға араша түсіп, комиссияның қамқорлығына алды. Өзінің ағалық, ақсақалдық көңілімен саяси панасыз қалған, заңи қолдаушысы жоқ халыққа пана болуға тырысты.

Ең бастысы Балташ аға президент Тоқаев жария еткен Жаңа Қазақстанға құштар, Қазақстанды жаңаша құруға ынтызар еді, марқұм. «Дат» газетіне берген соңғы сұхбатында «Егер осы қыркүйектегі президент жолдауынан кейін елде нақты өзгерістер басталса, мен ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаймын, оған көмек беріп, қасында тұруға дайынмын. Бірақ маған ешқандай қызметтің қажеті жоқ, менің жасым 75-тен асты. Қоғамды президенттік биліктің маңына топтастыруға қолғабысымды тигіземін» деген еді.

Қарап отырсақ, Балташ ағамен қазақстандық оппозициялық қозғалыстың бір дәуірі бірге кетті.  Енді ол кісінің ой-санасында кеткен Қазақстанды өзгерту, адам кейпіндегі мемлекет пен қоғам құру, билік пен халық арасын жақындастыру туралы аманатын кейінгі ұрпақ орындайды деген ойдамын.

Қарағайға қарсы біткен қайраткер еді...

Қазыбек Иса:

- Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсымбай ағамыз да дүниеден өтті деген суық хабар жетті. Қазақ саясатындағы қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар қайраткерлердің бірегейі еді Балташ ағамыз! Былтыр ғана күзде мерейлі жасы - жемісті 75 жасымен құттықтау жазып едік…

Мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығының айтулы арысы, саңлақ саясаткер Балташ ағамыздың зор қарымы мен іскерлік дарынын билік, яғни мемлекет жеткілікті пайдалануы керек еді. Билікте жүрсе де, елдің қамы үшін қасқайып тұрып, шындықты айтып жүрді. Әдеттегідей әділін айтқандар секілді орнынан кеткен соң, ауылшаруашылығы арпа мен бидайды айыра алмайтын, асфальтта өскен коммерсанттардың қолына түскен еді… Ақыры не болғанын азық-түліктің басым бөлігін шетелден сатып алып, ауадан басқасының бәрі қымбаттап, қиындық қыспағында отырғанымызға қарап біле беріңіз…

Мен қалай парламентке бардым, аспандағы ғарышта бір мәселе болса да, оған жердегі Қазыбек Иса кінәлі деп жамандай жөнелетін жалдамалы жалақорлар тобыры пайда болды. Кәдімгі аттары штатта тіркелген, бұйрық бойынша бірінен соң бірі шығып тұрады кезектерімен... Былтыр көктемде солардың бірі, Балташ ағамызға өтірік «іні» болып жүрген бір пақыр камерасын алып жетіп барып, шатып-бұтып сұрақтар қойып жатты да, ай-шай жоқ, тақырыпқа қатысы жоқ мен туралы пікір сұрап, жат та кеп жамандасын…

Сонда Балташ ағамның сұсты қалпымен арандатушының ақымақ сұрағын қайтарып тастап, ақиқатын айтқан үлкен азаматтығына, ешқандай бұрын араласып көрмеген мен туралы ізгі лебізіне бек риза болдым. Ақиқатын айтатын әділдігі туралы әңгіменің бәрі растығына куә болдым.

Балташ ағамыздың «ЕЛ мен ЖЕР» үшін тер мен шер төгіп жүрген зор еңбегін ел жақсы біледі. Арысының нар тұлғасы халқының есінде ерекше асқақтай береді.

Балташ ағамыз тереңнен ойлап, алысқа қарайтын, тарихты да әділ таразылай білетін зиялы тұлға еді. Анау бір жылдары жергілікті әкімдер Түркістанға Ақсақ Темірдің ескерткішін орнатпақ болғанда Балташ Тұрсымбай: «Алтын Орданың құлауына үлес қосқан билеушінің ескерткіші Алтын Орданың мұрагер елі Түркістанда тұруға лайық емес», - деп тоқтатып тастаған деген хабар естіп, разы болған едік.

Балташ ағамыздың отбасына, туған-туыстарына, қайраткерін қабырғасы қайыса жоқтап жатқан қалың қазаққа көңіл айтамыз! Алла алдынан жарылқасын! Пейіште рухы шалқи бергей! Иманы саламат болсын!

Abai.kz

10 пікір