Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 3627 4 пікір 15 Тамыз, 2022 сағат 12:43

Ғали Орманов Жамбыл Жабаев туралы не жазды?

Ақын, аудармашы, журналист, Ғали Ормановтың 1939 жылғы латын қарпімен жазылған күнделігі аударылды. Бұған дейін еш жерде жарық көрмеген құнды мұрада жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мәліметтер жазылған.

1939-1945 жылдар аралығында Жамбыл Жабаевқа әдеби хатшылық қызмет атқарған Ғали Орманов ұлы тұлғаның әрбір кездесуі мен сапары, шығармашылығы жайлы деректерді күн сайын хатқа түсіріп отырған. Жыр алыбының ел мен жерге деген аса жоғары сүйіспеншілігі мен үнемі халыққа қол ұшын созып, әрбір сәтте жанынан табылуға асығатын ұлтжанды қасиетін де осы күнделік арқылы терең тануға болады.

«Жамбылдың 1939-жылдың 18/І-дан бастап жазылған диновнигі. 19/І.1939», - деп басталатын күнделікте:

« 18/І. Ертеңгі сағат 8-де Рахимов Қырыкбай Алма-Атадағы ІІ дед кародектегі 13 жастағы балаға шақырып алып, жол расход ақша беріп, жетілуі ісі қиын. Бұл қиындықтан оқысаң құтыласың оқы деп ақылын айтып, Ұзын-ағашқа Жамбыл машинасына салып ала кетті.

19/І. Жамбыл ауданы Қастек колхозының адамы Егишова Сая бала деген домбырашы әйел келіп, қонып Жамбылға домбыра тартып беріп, амандаса келгенін айтты. Жамбыл қарсы алып, түнгі сағат 11-ге дейін әңгімелесіп, колхоздың жайын айтады. М: қысқы мал азықтары туралы.

20/І. Жамбыл таңертегі сағат 8-ге 20 минут қалғанда тұрып, Ұзын-ағашқа машинамен барып, аудандағы партия комитетіне Сая баланың келіп қонғанын домбыра тартып бергенін амандасып болғаннан кейін айтып, қысқы мал азығы жайында өзінің тұратын колхозының тағы басқа бірнеше колхоздардың жетістік жетусіздігін жазып әңгімелесіп қайтты.

20./ІІ. 20 күні кешке таман Жамбыл ауданы Қызыл-әскер колхозының бастығы Едилов пен колхоздың зовхозы Үсенов қарт келіп, Жамбылмен амандасып, қалжыңдап күліп отырып, Жамбыл Үсенов қартқа қанша малың бар деп сұрақ қойды. Тұрсымбет Үсенов 40 бас қой, 15-16 ірі қарам бар. Өзіңізде қанша?- бар деп күлісті. Жамбыл бұлармен колхозшылардың жағдайы жайында кең түрде әңгімелесіп, көңілді отырды.

14/ІІ. күні машинамен Ұзын-ағашқа барып, қазақ школының, орыс школының балаларының арасына барып, балалармен амандасып, ата деп келіп қолын ұстап амандасқан балаға оқып жүрсің бе? Жақсы оқы балам! Оқыған жақсы деді.

17/ІІ. күні атпенен Қара-қастектегі деддомға барып қайтты.

13./III. Жамбыл Тәжібай деген таныс шалдікіне барды. Көңілденіп,  домбыраны бірер қағып жіберді.

Жасымнан атым аян Жамбыл едім,
Сүрінбес қара  өлеңге даңғыл едім
Самғасам сары түнге  шалдықпайтын.
Қақырап  қайран дауысым  қалды менің.
Шалқыған  аспан-көкке қайран әнім,
Кіргізген талай жерде тойдың әрін.
А десем  ауызымнан бытырайды,
Шіркінге не болғанын біле алмадым.
Тәжібай  саған қалай менің мұңым.
Бұл сенен бір  сұраған  нағыз сырым.
Әнді алған  көмейімнен сыңғыраған,
Кінәлі бәлкім, бұған кәрілігім.

Жамбыл кешкісін ауылда болды.

12./II. Жамбылға саятқа шығып келгенімді айттым.

- Кекілік көп. Жер қара. Көрмейсіз. Бұғып қалады, дәл аяғымның  астынан дүр етіп ұшқанын бірақ  білесіз.... Бір сауысқан аттым. Оғым таусылып қалды. Сонша кекіліктен  бір атпағаның келіспеген екен! - деп Жамбы күледі де, сәлден соң былай деді:

Кекілік ұшып дүр етті.
Ғали шошып дір етті
Артынан бір сауысқан
Оқтың бәрін тауысқан.
Қарын ашып қалжырап,
Екі иығы салбырап
Кешке ауылға құр жетті.

19/XI. Доктор Барлыбаев келді.  Қар жауған. Доктор келіп амандасқанда: Жәкәң оның қолын алып тұрып:

Жүрек неге соғады өрге қарап,
Жағар-жақпас сүймеймін ішкен тамақ,
Байдан, сауған кедейдің сауынындай
Барлыбаев отырмыз оған қарап - деген секілді әр күнгі оқиғалар тізбектелген.

Ақынның жиен-немересі Айдар Қырықбайұлының сөзінше, күнделік 1939 жылы жазылған.

Күнделік латын әліпбиінен қазақша аударғанҚолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылми қызметкері  Әділәлі ЖАБЫҚБАЙҰЛЫНА алғыс айтамын.

Сол күйі сақталып, жазуы өзгермеген. Бүгінде сол күнделік жазылған әліпбиді білетін адамдар аз екен. Сондықтан күнделіктен кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.  Күнделіктің мазмұны бойынша Жамбыл Жабаевқа кімдер келген, қандай мәселелер талқыланған деген мәлімет көрсетілген. Күнделік еш жерде жарық көрмеген. Сондықтан Жамбыл атамыздың шығармашылығын зерттеуге септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді А. Қырықбайұлы

Биыл өтетін Ғали Ормановтың  115 жылдық мерейтой аясында  60 жыл бұрын қазақ тіліне аударған  Ресейдің  жазушы, кемеңгер ойшыл Лев Толстойдың әйгілі трагедиялық «Анна Каренина» романының  2 томдығы Жетісу облысының әкімдігнің  қолдауымен «Мазмұндама» (қоғамдық қоры) баспасынан  жарық көреді.

Жамбыл Жабаев жайлы деректерді жанында жүріп хатқан түсіріп отырған Ғали Орманов  Жетісу өлкесінде, қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген. Ол қазақ әдебиетіне 20-жылдардың соңғы ширегінде келген, орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласында да үлес қосқан. Көптеген өлеңдер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы атанған.

Abai.kz

4 пікір