Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақмылтық 3501 9 пікір 15 Тамыз, 2022 сағат 12:07

Абылай қасіретін Тоқаев қайталауы мүмкін бе?

Қазіргі күні қазақ халқы мен Қазақстан мемлекеті аса күрделі кезеңді басынан өткеруде. Әсіресе, қаңтар оқиғаларынан кейінгі кезеңде Президент Қ.Тоқаев пен оның жүргізіп отырған саясатына қарсы неше түрлі шабуылдар жасалуда. «Жиырма мың террорист қані? Сол қаңтар қырғынында қаза тапқан жандардың жауабын кімнен сұраймыз?» деген сияқты айыптаулар сарыны әлі толастаудың орнына, күшейіп барады десек, артық айтқандық емес.

Мақсат – қазақ арасына жік салып, Президент Тоқаевтың саясатына күмән келтіріп, ұстанған бағытының дұрыстығына шәк келтіру. Егерде Президент Қ.Тоқаев билікті тастап, қашып кеткенде, мына халықтың жағдайы не болар еді? -деген сұрақ ешкімді ойландырмайды. Сонымен қатар, қаңтар оқиғаларынан кейін заң орындары тарапынан жасалған заңсыздықтар үшін де Президент кінәлі болып шығып отыр. Шындығына келгенде, заң орындарының ондай бассыздықтары үшін Президентке кінә арту ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе екендігін ешкім мойындағысы келмейді. Олай дейтініміз соңғы отыз жылда бұл күштік құрылымдар заңды қорғайтын емес, заңсыздықты заңдастыратын органға айналғаны жасырын емес. Мысалы, қазақтың рухани-мәдени болмысына қарсы бітіспес күрес жүргізген уаххабилік-салафилік ағым өкілдері қанша қылмыстар жасаса да сол заң орындарының қорғауында болды емес пе? Керісінше, соларға қарсы шығып, қазақтың рухани тұтастығын қорғамақ болған жандар жазаға тартылып, түрмеге қамалды. Сол органдар қызметкерлері бір күнде Президент қолына бар билікті алды деп, өз ұстанымдарынан бас тарта қоймайтыны белгілі. Оның үстіне кешегі билік кезінде «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған күштік құрылымдардың көпшілігі әлі күнге дейін кешегі биліктің сойылын соғып келе жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан елімізде орын алып отырған заң орындарындағы заңсыздықтар үшін Президентті кінәлау орынсыз. Егерде халық ақылға келіп, елдің болашағын ойламайтын болса, онда қазақ мемлекеттігінің ертеңін құрдымға кетіретіні анық. Бұл аздай соңғы кездері қазақ халқының өткеніне топырақ шашу да әдетке айналып бара жатқан сыңайлы. Қазақтың басын енді біріктіреміз бе?-деп, әрекет жасап жатқанда, қазақтың тарихи таным негіздеріне шабуыл жасап, ненің бұрыс, ненің дұрыс екендігіне түсіне алмастай соққы беру біздің кейбір ғылым саласында жүрген бауырларымыздың мақсатына айналғанын көріп, шошып отырмыз. Мысалы, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязовтың «Абылай хан туралы ащы шындық» атты мақаласы қазақтың өткеніне топырақ шашып, Абылайдай асылды түкке алғысыз ету мақсатында жазылған. Әйтпесе, рухани-саяси дағдарысқа ұшырап, жоңғарлардың табанына түскен қазақ халқының басын қайта біріктіріп, үш жүздің үш халық болып жіктеліп кетуден сақтап қалған Абылайдай арысқа қарсы сондай мақала жазады ма? Самат мырзаның Абылай ханға қарсы жасаған шабуылы бір бұл емес. Кезінде осы тақырыптағы мақаланы «Ана тілі» газетінде жариялаған екен. Ол мақаланы белгілі тарихшы Нәбихан Мұхаммедханұлы егжей-тегжейлі талдап, жауап беріпті. Ол мақаласын былай бастайды. «Ана тiлi» газетiнiң 2008 жылғы 18 желтоқсандағы № 51 (940) санында жарияланған тарих ғылымдарының кандидаттары Бейбiт Қойшыбаев пен Самат Өтениязовтың «Шын Абылайды бiлемiз бе?» деген мақаласын оқып, жаным түршiктi, ұйқым қашты, ерiксiз қолыма қалам алдым. Себебi, аталмыш мақала тарихқа терең бойлап, шын Абылайды бiлуге емес, шындық пен әдiлдiк туын көтерген болып, ұлы тарихи тұлғаны қаралап, ел iшiне жiк салу үшiн жазылған сияқты әсер қалдырды маған.»-деп бастап, «Қазақ хандарының бәрiнiң де тарихта өзiндiк орны бар. Ел билеушiлерiмiздiң тарихқа сiңiрген еңбектерiн жөнсiз жоққа шығара беру кiмге тиiмдi? Сәке, сiз Қарақалпақтан, мен Қытайдан ұлт болып ұйысайық, ел болып өсiп-өнейiк деп, Отанға оралдық қой. Олай болса, Сiздiң ғылымға жанаспайтын, береке-бiрлiктi жарастырмайтын осындай мақала жазудағы ойыңызды өзiңiзбен көп жыл бiр институтта жұмыс iстеген әрiптесiңiз ретiнде мен түсiнбедiм. Бұған не уәж айтасыз? Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетiнiң профессоры»- деп аяқтайды. Профессор Нәбижан Мұхаметқанұлы осы мақаласында Самат мырзаның әр-бір Абылай ханды қаралаған сөздеріне жауап беріп, автордың орынсыз пікірлерін жоққа шығарған. Егерде профессор Нәбижан мырзаның талдауын оқыған болса, онда Самат мырзаның сол мақаласын қайта жаңғыртып, тықпалауы ешқандай қисынға келмейді. Онсыз да қазіргі рухани тұтастығы ыдырап, сөгілуге аз ғана қалып тұрған қазақ арасына жік салу жақсылыққа апармайды. Ертеңгі күні халықтың рухани тұтастығын қайта қалпына келтіре алмай, кім-көрінгеннің жетегінде кетіп, мемлекетті күйрететін босақ, онда сол мемлекетті күйретуге қызмет еткен жандардың бірі Самат Өтениязов мырза болатыны анық. Бұл жерде мені артық айтып отыр дейтін ағайындар болуы мүмкін. Егерде шындыққа тура қарайтын болсақ, қазіргі күні тас түйін, рухани тұтастығы берік қазақ деген халық жоқ. Қазіргі күні біздің басымызды біріктіріп тұрған тіліміз бен «Қазақстан» атты мемлекетіміз ғана. Қазіргі қазақтың рухани ахуалы тоз-тоз болып ыдырауға шақ қалып тұр. Қазіргі қазақ халқы бірі - уаххабит-салафит, бірі – кришнаит, бірі – иегова мен түрлі бағыттағы сопылық ағымдар  және өздерін тәңіршілдерміз деп атайтын тобырлардан тұрады. Ол тобырлардың көпшілігінде Отан, Елім, Жерім деген ұғым жоқ. Олардың көпшілігін құрайтын уаххаби-салафилердің арманы халифат құру. Оларға қазақ үшін қасиетті ұғымдардың, дәстүрі мен мәдениетінің құны көк тиын. Оған Батыстың түрлі қызылды-жасылды попкультурасының жетегінде кеткен тобырларды қосыңыз. Осы күнге дейін қазақ жерінде болып көрмеген азғындықтың жеті атасы пайда болды. ЛБГТ деген бәле шықты. Жақында бір имамнан Астанада «некемізді қиып беріңдер» деп мешітке келген екі қазақ жігіттері туралы есіткенімде төбе-шашым тік тұрды. Міне осындай жағдайда қазақтың рухани тұтастығына жік салатын Самат Өтениязовтың мына мақаласы бүйірден қанжар салғанмен бірдей екенін айтпауға болмайды. Ендігі кезекте Самат мырзаның мақаласын талдауға бет бұрайық. Бұл мақала шеңберінде мен Самат мырзаның мақаласын басынан аяғына дейін талдап шығу ниетім жоқ. Самат мырза көтерген мәселенің барлығына кезінде профессор Нәбижан Мұхаметқанұлы жауап беріп қойған. Сол себепті, ол мәселелерді мен қайта талдап жатпаймын. Тек, осы күнге дейін біздің тарихшылар назарынан тыс қалып келе жатқан мәселеге тоқталып, сол арқылы Самат мырзаның неден қателесіп жатқанын көрсеткім келеді. Ол мақаласында Абылай хан туралы былай дейді:

«1. Қазақ тарихында ханды халық еш уақытта сайлаған жоқ. Ханды сайлаған – билер, яғни рубасылар. Қазақта 41 ру болды...

2. Абылай еш уақытта қолбасы болған жоқ. Оның себебі қолбасы болу үшін әскері болу керек. Оның әскері болған жоқ. Ол түгілі басқа хандарда да әскер болған жоқ... Әскерді рубасылар береді... Ал Абылай қазақтың бір биімен, яғни рубасымен достық қатынаста болу түгілі бір дастарқанда отырып табақтас болып көрмеген адам. Демек өз заманында жексұрын, яғни нәпақасын Ресей басшыларынан тапқан адам.

3. 1771 жылы Абылайды Орта жүзге хан деп жариялаған Ресей өкіметі еді. Сондықтан оған Орта жүздің бірде-бір арғыны мен қыпшағы бағынған жоқ. Хан бола салып Ресейден әскери көмек сұрағаны – осы оқиғаға бұлтартпас дәлел. Оның Орынбор губернаторы И.А.Рейнсдорпқа жазған хаты және басқа айғақтар жеткілікті. Аталған хат Р.Б.Сулейменов пен В.А.Мойсеевтің 1988 жылы шыққан «Из истории Казахстана ХҮІІІ века» атты кітабының 127-128 беттерінде толық нұсқасы берілген.... Абылай өзінің қамқоршысы Ресейден әскер сұрағанда қазақ елін шетелдік жаулардан қорғау үшін емес, керісінше өзін хан деп мойындамай отырған қазақты қорқытып бағындырып ұстау үшін сұраған...» Егерде Самат мырзаның осы тұжырымдарын қабылдап, ден қоятын болсақ, онда Абылайды тарихымыздан сызып тастағаннан басқа амал қалмайды. Сонда қалай? Абылай хан туралы жазылған жырлар, аңыз-әпсаналар барлығы орыстар тарапынан жазылған болып шығады ма? Жоқ. Бұл жерде мәселеге Самат мырза бір қырынан ғана қарап, сол кездегі қазақ халқынының рухани-мәдени болмысының тоқырауға түсіп, халықтың рухани бірлігі ыдырағанын, оның салдары Қазақ хандығының саяси тағдырына ықпал еткен басты фактор болғандығынан мүлде хабарсыз екендігін көрсетіп отыр. Оның «Ханды ешуақытта халық сайлаған жоқ. Ханды сайлаған билер, рубасылар,» дегені шындық. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, ол билер қандай билер еді? Олардың қолдарында қандай құзіреттер ба еді? Міне осы мәселеге келгенде Самат мырза билер институтының қызметінен мүлде хабарсыз екендігін көрсетіп отыр. Билер институты қашан пайда болды? Қоғамдағы ролі қандай еді?

1320 жылы Йасауи жолының мемлекеттік идеологияға айналуы халықтың рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырып қойған жоқ, сонымен бірге мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесін қайта құруға ықпал етті. Бұрынғы рулық, тайпалық жүйелер ыдыратылып, орнына рухани негізде біріктірілген рулық, тайпалық жүйелер дүниеге келді. Қандық принцип тек жеті ата деңгейінде қалдырылды. Қазіргі күнге дейін қазақ арасында сақталып келе жатқан «Еншісі бөлінбеген қазақ», «Қасыңдағы әйеліңді сұраса келсең қарын бөле шығады» деген нақыл сөздер астарында халықтың бір кездегі қандық жақындағы жатыр. Олар жүздерге топтастырылып, мемлекеттің басқару жүйесін құрады. Бұл бір жағынан мемлекетті басқарудың көне түркілік жүйесін қалыптастырса, екінші жағынан Йасауи жолының құрылымдық жүйесін толық қайталады. Ру, тайпа, жүздерді басқару толығымен йасауийа тариқаты өкілдерінің қолына – билерге берілді. Қазіргі күні Тәуке хан құрды деп жүрген Билер кеңесі алғаш рет осы Өзбек хан кезінде қалыптасқан болатын. Шыңғыс хан «Йасасы» мен ислам діні шариғаты негізінде сол кезеңдегі түркі ислам мемлекетінің құқықтық негізі жасалды. Ол Жошы ұлысы құрамындағы түркі халықтарының рухани, мәдени, құқықтық сұранысын толық қанағаттандырып, түркі халықтарының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастыруға тиіс болды. Билер-йасауийа тариқатының өкілдері бар күшін Жошы Ұлысында ең әділетті қоғамды орнатуға салды. Пайғамбар дәуірінен кейінгі ең әділетті қоғам осы Жошы Ұлысында орнады. Абсолютті билік Ханда да, биде де, халықта да болған жоқ. Өйткені, бұл қоғам біріне-бірі тәуелді, бірінің бірінсіз күні жоқ, өте берік қоғам болатын. Сонымен бірге, хан тек Шыңғыс хан әулетінен сайлануы тиіс болды және хан билігінің киелілігі туралы ұғым қалыптастырылды. Сол кездегі Жошы ұлысындағы қоғамдық құрлыс моделін былай ойша сызып көрсетуге болады. Кереге  – қара халық; уық – ру, тайпа, жүздік құрылымдардың басшылары-йасауийа тариқатының өкілдері, қожалар; шаңырақ – хандық билік. Бұл жүйе XIX ғасырда өмір сүрген, Қоқан билеушілеріне қарсы күрескен ақын Мәделі қожаның Қанай датқаға айтқан сөзінде былайша бейнеленді:

Датқа-еке, осы жерде туып едім.

Саған келген жауларды қуып едім.

Шаңрағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,

Сен кереге болғанда мен уық едім.

Бұлардың ешқайсысының қолында абсолютті билік болған жоқ.  Абсолютті билік тек заңның қолына берілді. Заң бәрінен де жоғары тұрды.  Сол себепті бұл мемлекет одан кейінгі ғасырларда Алтын Орда атанды. Бұл мемлекеттің беріктігі – оның рухани беріктігіне тікелей байланысты болды. Осал жері де осы руханилыққа тәуелді еді. Сондықтан халықтың рухани, мәдени тұтастығын сақтау бірінші кезектегі мәселе болды. Қазіргі қазақ  санасында сақталған «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген мақалдың астарында сол кезеңдегі мемлекеттік ұстаным жатыр. Өйткені, бұл мемлекет халқының рухани тұтастығын ыдырату мемлекетті ыдырату еді. Мұны мемлекеттік биліктен шеттетілген Жошы ұрпақтары жақсы түсінді. Хан тағына отыра алмаса көптің біріне айналарын Өзбек ханның ортаншы ұлы Жәнібек те сезінді.

1342 жылы Өзбек ханның кенеттен қайтыс болуы Алтын Орда мемлекеті үшін қасіретті болды. Өзбек хан өзімнен соң мемлекетті басқарады деп үміт артқан ұлы Тыныбек Мауараннахр жерінде жорықта жүрген кезінде Өзбек хан қайтыс болды да, Өзбек ханның әйелі Тайдула ханым билерді Тыныбек жорықтан келгенше мемлекет билігін уақытша Жәнібек ханға беруге көндірді. Жәнібек таққа отырысымен мемлекеттің билік жүйесін толық өзгертті. Йасауи жолы өкілдерін мемлекетті басқару жүйесінен ысырып, олардың орнына ирандық дін өкілдерін билік басына қояды. Жорықтан оралған ағасы Тыныбек пен інісі Хызырбекті өлтіріп, мемлекеттің жеке билеушісіне айналады. Мемлекетті басқару жүйесі абсолюттік билікке негізделіп, мемлекетті басқарудың ирандық жүйесі қайта қалыптастырылды. Мемлекеттің діни бағытын өзгертуі мемлекеттің бүкіл болмысын өзгертуге алып келді. Асан Қайғы бастаған билердің күресі нәтижесіз аяқталды.

14 ғасырда дүниеге нақшбандийа тариқаты келді. Бұл тариқат өзінің дәстүрлік ерекшелігі жағынан араб, парсы мәдениетіне негізделді және «ахл ал-сунна уа жама‘а» тариқаты деп аталды. Ол қоғамдық қатынастарды реттеуде X-XII ғғ. конформистік бағыттағы ғұламалар тарапынан жасалынған шариғат үкімдерін басшылыққа алған тариқат ретінде тарих сахнасына шыққанын білдіретін және ол ғасырларға созылған Евразия кеңістігінде билік иесі болған түркілерге, түркілердің рухани тірегі Йасауи жолына қарсы бағытталған еді. Нақшбандийа тариқатының Мауараннахрдағы XVI ғасырдағы өкілі Қожа Ахрар «Шыңғыс хан Йасасының күлін көкке ұшырамын»- деуінің өзі нақшбандилердің басты қарсыласы кім екенін анық аңғартады. Ең бастысы рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастарға салынған тыйым алынып тасталды. Керісінше, халық арасында қандас адамдар арасындағы некеге Пайғамбар сүннеті деп, ішкі некені талап етті. Бұл мемлекеттің негізгі тірегі болған рулық, тайпалық жүйелерді ыдыратуға тікелей ықпал ететін фактор еді. Ол өз кезегінде мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін, билер институтын күйрететін, ханды абсолюттік билікке жеткізетін бірден-бір құралға айналды. Бұл хандар үшін аса қажетті идеология болып көрінді. Сондықтан олар нақшбандийа тариқатына қолдау көрсете бастады. Өзбек ұлысының үшке бөлінуі, Қазақ хандығының күйреуі осы хан әулетінің нақшбандийа тариқатына қолдау көрсетуімен тікелей байланысты болды. Тек Қазақ хандығы емес, Шайбанилер мемлекетінің күйреуі де, Ноғай Ордасының күйреуі де осы нақшбандийа тариқатын мемлекеттік идеологияға айналдырғаннан бастап жүз жыл мерзімді құрайды. Осы аралықта нақшбандийа тариқатын қабылдаған халық өзінің дәстүрлі мәдениетінен толық ажырап, өзге мәдениетті қабылдап үлгереді екен. Өзінің дәстүрлі мәдениетінен ажыраған халық сыртқы дұшпандардың оңай олжасына айналады. «Жеті жарғы»  осы нақшбандийа тариқатын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтеріп, Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесінен ажыратуымен ерекшеленеді. Ендігі кезекте «Жеті жарғыға» кеңірек тоқталайық.

Тәуке хан таққа отырған соң рухани тұтастығы ыдырап, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына ерген ру, тайпалардың арасындағы ауызбірлікті қайтадан қалпына келтіруге ұмтылды және ол «Жеті жарғы» заңында толық көрініс тапты. Бұл заңда сырттай қарағанда, қоғамдық қатынастарды реттеу жолдары да, некелік қатынас та өзгерген жоқ. Өзгерген тек діни идеология мен сол діни идеологияны жүргізуші қожалар әулеті болды. Басқаша айтқанда, йасауийа тариқаты мемлекеттік дін ретіндегі ролінен ажырап, орнын нақшбандийа тариқаты өкілдеріне босатуға мәжбүр болды. Бұрынғы билер институтының иесі болған қожалар рухани биліктен шеттетіліп, қазақ халқының құрылымдық жүйесінен шығарылып тасталды. Бұрын құқы хан әулетімен тең болған, халықтың рухани жетекшісі, қазақ халқының рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырған, мемлекеттегі заң билігі мен ханды сайлап қою құқын қолында ұстаған билер жай халықтың қатарына қосылды. Бұрын әдет жолы да, дін жолы да йасауийа тариқаты өкілдерінің қолында болған болса, енді дін нақшбандийа тариқатының өкілдерінің қолына беріліп, әдет жолы әр рудың, тайпаның өз ішінен шыққан, әдет жолын жетік меңгерген тұлғаларға берілді. Алайда, нақшбандийа тариқаты өкілдері йасауийа тариқаты өкілдері сияқты халықпен бірге көшіп-қонып жүрген жоқ. Тек жылына бір рет келіп, зекет жинаумен шектелді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениетінің  бұзылмай сақталуына ықпалын тигізді. Нақшбандийа тариқаты өкілдерінің қатарына  түркілік мәдениеттен бас тартып, парсылық мәдениетті қабылдаған бұрынғы йасауийа тариқатының өкілдері де қосылды. Ол қожа әулеттері «азизан» қожалар немесе қысқартып «әзлер», «әздер» деп те атайды. Олардың қатарына қазіргі күні Түркістан, Сайрам сияқты қалалардағы өзбектенген, бірақ өз шежірелерін Қожа Ахмет Йасауимен байланыстыратын қожаларды жатқызуға болады. Бұлар өз қолдарындағы уақфтық мүліктерді сақтап қалу үшін сондай жолға барғанын байқауға болады. Ал өз жолынан бас тартпай, Иасауи жолына адал болған қожа әулеттері қазақ халқы құрамынан мүлде шығарылып тасталды немесе өздері кезінде пір болған рулардың құрамына сіңіп кетті. Қазіргі күні қазақ шежірелерін талдап көрсеңіз, олардың арасынан бұрын йасауийа тариқатының өкілдері болған қожалардың бар екендігіне көз жеткізуге болады. Бұл «Жеті жарғы» заңының қазақ қоғамына енгізген басты жаңалығы осы болатын. Ал әдет, ғұрып, салт-дәстүрдің «Жеті жарғыдан» да бұрын солай болғанын А.И. Левшин былай баяндайды: «Сей золотой век, о котором вспоминают они со вздохами, есть царствование знаменитого хана Тявки.

Киргизы Большой и Средней Орды утверждают, что народные законы их гораздо древнее хана Тявки …». Демек, Тәуке хан қазақ қоғамына оншалықты өзгеріс әкелмегенін көреміз. Тек, билер институтының құрамы ауыстырылды. Бұрынғы кезде өз шежірелерін Әзірет Әлінің Хаула атты әйелінен туған ұлы Мұхаммед ибн ал-Ханафийамен байланыстыратын (қожалар) Йасауийа тариқаты өкілдерінен құралған Билер Кеңесі – енді, қазақ ру, тайпаларының өз арасынан шыққан білімдар кісілерден құралды. Басқаша айтқанда, рухани биліктің киелігіне (сокральность духовной власти) ауыр соққы берілді. Бұрын халық ерекше рухани, киелі күшке ие, Жаратушының еркімен халыққа басшылыққа келген әулиелер ұрпақтарының соңына ерген болса, енді өздері сияқты  жәй кісілерден сайланған биге мойынұсынуға мәжбүр болды. Бұрын  ру, тайпаларға рухани жетекші-би болатын кісілер, осы қожа әулеттерінің өкілдері бір белгілі орталықтарда тәрбиеленіп, халық арасына ілімі жетілген кезде жіберілетін. Содан кейін ғана олар халық арасына барып билік жүргізетін. Барған жерінде ол бидің туған-туысы, ағайын жек-жаты жоқ болатын. Бұл биге әр кезде кез-келген дауды шешуде тек әділін айттыратын. Осыған байланысты қазақ арасында сақталған «Қожада бауыр жоқ» деген аталы сөз бар. Бұл бір жағынан әділдік принциптерінің бұзылмауының кепілі болса, екінші жағынан еншісі бөлінбеген қазақтың рухани, мәдени тұтастығы  мызғымастығының кепілі болды; үшіншіден, мемлекеттік сананы халық санасынан өшірмеудің кепілі болды. Әр ру, тайпаның  «қазақ» деген бүтіннің бөлшегі екендігін олар рухани бірлік арқылы халыққа сезіндіре білді. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата жолы қатаң бақылауға алынды. Бұл жолды бұзған жеке адамдар өлім жазасына кесілсе, руымен, тайпасымен бұзғандарды жүздің құрамынан шығартып «сарт» атандырды.

Ал, өздері сол ру, тайпаның мүшесі болып табылатын биден биге қойылатын адалдық пен тазалықты талап ету қиын. Өйткені, ол әрбір ру биінің, тайпа биінің туысы бар, бауыры бар. Әрбір би «өзімнің шыққан тауым биік болсын» деген принциппен де өз пайдасына бұрады. Оның үстіне «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген принцип және бар. Осылардың бәрі қазақ қоғамының рухани тұтастығына үлкен нұсқан келтірді.

«Жеті жарғының» тағы бір жаңалығы әр жүздің басына хан сайлануы еді. «Жеті жарғыдан» бұрын әр ру, әр тайпа, әр жүздің басында тек биі болатын болса, енді әр жүздің басына бимен қоса хан сайланды. Бұл бір жағынан Шыңғыс ұрпақтарының саясаттағы ролін күшейткенімен, екініші жағынан елдің ішкі тұтастығына зиянын тигізді. Бұрын Шыңғыс хан ұрпағының қайсысының таққа отыратынын билер шешетін болса, ендігі кезекте бұл қарадан шыққан билер қолына берілді. Ең бастысы «Жеті жарғыда» рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдарды бірте-бірте ыдырату тетіктері қарастырылып, болашақта хан билігінің абсолюттік билікке жету жоспары жасалынғанмен, ол абсолюттік билікті қамтамасыз ететін құрылымдар мәселесі қарастырылмады. Оны Тәуке ханның өзінде де, одан кейінгі хандардың ешқайсында, көне түркілік мемлекеттікті басқару жүйесі ыдыраған кезде орнын басатын хан мен оның уәзірлерінен тұратын бюрократиялық аппарат пен ханның жалдамалы әскері де, сот жүйесі мен ішкі қауіпсіздікті қорғайтын құрылымдық жүйелері қалыптастырылмады. Басқаша айтқанда, «Жеті жарғы» заңының мемлекеттің көне түркілік жүйесін ыдыратуға ықпалы болғанымен, жаңа жүйені қалыптастыруда ешқандай ықпалы болған жоқ. Қысқаша айтқанда, «Жеті жарғы» қабылданғаннан кейінгі қазақ қоғамы бұрынғы басқару тетігі, рухани, мәдени тұтастығы бар халықтан, әртүрлі сопылық тариқаттар соңына еріп, рухани, мәдени тұтастығы бұзыла бастаған, әр ру, тайпа билерінің соңына ерген тобырға айналды. Бұл айтылған сөздер жалаң болмас үшін нақты мысалдарға көшейік. Мысалы, XVIII ғасырдың екінші жартысында Ұлы жүзде Төле би өлген соң Ташкент маңындағы қазақ ру, тайпалары билікке таласып, келісімге келе алмай, билікті Шайхантаур ұрпағы Жүніс қожаға тапсырғаны тарихтан белгілі.

Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін-ақ Қазақ хандығының  көбесі сөгіле бастады. Оның тағына отырған Қайып хан 1718  жылы ішкі қақтығыстар кезінде қаза табады. 1723 жылы Жоңғар шапқыншылығы басталғанда Түркістан тағына Полат отырғанымен Қазақ хандығын біртұтас мемлекет деп айту қиын болатын. Йасауи жолының қазақ арасынан шығарылуы, Шыңғыс хан ұрпақтарының бәріне таққа отыруға деген үмітін оятты. Бұрын билерден аса алмаған төрелер арасында өзара тақ үшін күрес басталды. Төрелердің ішкі араздығы,  Йасауи жолымен бірге хан билігінің киелілігі туралы ұғымның қазақ санасынан шайылуы Шыңғыс ұрпақтарының таққа отыруына қарсы топтардың шығуына ықпал етті.. Мысалы, оған Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырындағы мына жолдар дәлел бола алады:

Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті;

«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»-деп

Боларын осы апаттың болжап кетті;

Төреден Әйтеке би безін деді,

Қазақты батыр, көсем басқармаса,

Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді;

Хан-сұлтан, төре күні өткен деді,

Олардан ақыл-айла кеткен деді;

Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қыл,

Басқарар енді уақыт жеткен деді.

Бұл жолдар хан билігінің киелілігі туралы ұғымның өз мәнін жоғалтқанын аңғартады және ол нақшбандийа тариқатын өзгелерге қарағанда Бұхара, Самарқандпен шектес Кіші жүз руларында түркілік мемлекеттік жүйе туралы ұғымның толығымен мәнін жоғалтқанын көрсетеді. Бұдан кейінгі кезеңде Абылай хан таққа отырғанша, қазақтың басы бірігіп, біртұтас ел ретінде іс-қимыл көрсете алмағаны тарихтан белгілі. Абылай хан таққа отырғаннан кейін ғана қазақ өзінің біртұтас халық екендігін, Түркістанның қазақ даласының рухани орталығы екендігін қайта сезіне бастады. Абылай ханның бұл еңбегін М. Мағауин былай суреттейді: « … Ел билеу ісінде Қазақ хандығының ежелгі заң жарғыларын қалпына келтірген Абылай әскери істе де өткенді қайта тірілтеді». Шындығында, Абылай хан өз шамасы жеткенінше қазақ қоғамын қайта қалпына келтіруге барын салды. Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне қайта көтерді. Алайда, рухани билікті толығымен қайта келтіріп үлгермеді. Билер кеңесін бұрынғы дәрежесіне көтере алмады. Тек кейбір ру, тайпаларда қожа әулеттері пір болып, рухани, діни мәселелерді қолына ала алды. Оған мысал ретінде Кіші жүзге пір болған Түркістандық Мұхаммед қожаны, барлық қазақ  жұртына пір болған Абд ал-Жалил қожа мен Уақ тайпасының пірі болған Сарғалдақ қожаны, т.б. жеке ру, тайпаларға пір болып, билік жүргізген қожаларды айтуға болады. Бұл жалпы қазақ жұртына түгел жайылмады. Оның үстіне қолында шоғырланған биліктен ажырағысы келмеген ру, тайпа билері әрқайсысы өз білгенінше әрекет етті. Билердің Абылай хан реформасына қарсылығын сезген орыс өкіметі ханға қарсы шығып, бүлік шығаратын тұлғаларды билер арасынан іздей бастады. Орыс патшасы 1779 жылы 4 қазанда құпия түрде Орынбор губернаторына «Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіру үшін, оған «бақталас» біреуді іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн» деген жарлығын жолдады (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдардың жинағы (Құраст. З.С. Тайшыбай). -446 б.). Осы жарлықты Ресей отаршылары Қазыбек бидің ұлы Бекболаттың қолымен іске асырды. «Абылай аспас Сары бел» атанған оқиға Абылай ханның осы діни-идеологиялық реформаны іске асыра алмауының негізгі себебі және Қазақ мемлекеттігінің күйреуінің басы болды. Қазақ қоғамында киелі саналған хандық биліктің қадірі кетті. Қазбек бидің ұлы Бекболаттың үш мың адаммен Абылай ордасының үстіне баса көктеп келуі, халық жадынан мемлекеттік сана деген қасиетті ұғымның кетуінің айғағы десе болады. Осыған дейін қазақ тарихында хан ордасына басып келу болған емес. Хан халқына жақпаса, ханды ордасымен қалдырып, өзге жаққа барып, Шыңғыстың басқа ұрпағын шақырып, хан сайлап, мемлекеттігін ары қарай жалғастыра беретін. Ал, Абылай хан заманында осы үрдіс бұзылды. Мемлекеттің тірегі болуға тиіс Бекболат бастаған билер Ханның өзіне қарсы шықты. Ол билер үшін мемлекеттің тағдырынан көрі қолындағы биліктің сақталуы маңызды болды. Біз оны мемлекетке тірек болады деген Бекболаттың өзі Абылай хан ордасының үстіне әскер әкелгеніне қарап баға бере аламыз. Осы оқиғадан кейін Абылай хан Арқадан кетіп, Түркістанға келіп, одан Самарқантқа баруы, қайтарында Ташкентте қалып, азғана кісімен Түркістанға қайтар жолында Сайрамның әкімінің бес мың кісімен қарсы шығуы, сол кезде сол маңда отырған қазақтардың Абылайға қол ұшын беруге жарамауының астарында бір ғана себеп бар еді. Ол – қазақ халқының ар-иманының тірегі, рухани тұтастығының кепілі, батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі ұшса құс қанаты талатын сайын даланы мекен еткен қазақ деген халықтың рухани өзегі болған Йасауи жолынан бас тартып, әр түрлі сопылық тариқаттардың соңынан еруі болатын. Ата-баба жолынан бас тарту – «Жеті жарғыға» дейін киелі саналып келген рухани билік пен саяси билік өкілдерінің киесінен айырлуына әкелді, Пайғамбар ұрпағы, Шыңғыс хан ұрпағы деп ғасырлар бойы басына көтерген тұлғалардың халық алдындағы абыройын кетірді.   Бұрындары «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ержүрек халық Абылайдай арысын қорғап қала алмады. Өйткені, оның қадірін білмеді. Қорғамақ түгіл ордасының үстіне ат ойнатты. Қазақ хандығында Абылай хан кеткен соң қолына мемлекеттік билікті ұстап тұра алатын ешқандай саяси күш болған жоқ. Бұрынғы ынтымағы берік рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар болғанда Қазақ хандығы күйрер ме еді? Сан ғасыр мемлекеттің тірегі болған билер институты немесе мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі «Жеті жарғының» ықпалымен ыдыратылды. Нәтижесінде хан өлген соң мемлекет иесіз қалды. Абылайдың орнына отырған оның ұлдары орыс отаршылдарының қолындағы қуыршаққа айналғанына да тарих куә. Егерде соңында тіреп тұрған халқы болса, олар сондай күн кешер ме еді?  Бұл қазақтың қасіретті тарихы. Қазақ мемлекеттігінің осылай күйреуіне Тәуке хан қабылдаған «Жеті жарғы» заңының шешуші ролі болды. Міне осы қазақтың қасіретті тарихынан хабары жоқ Самат мырзаның Абылай ханға жапқан жаласы шын болып көрінуі де мүмкін. Алайда, Қазақ хандығының күйреуінің астарында сол кезеңде қазақ халқының рухани тұтастығын ыдыратуға бағытталған діни-идеологиялық саясат жатқанын, сол үдерісті тоқтатпақ болған Абылай ханның жүргізген саясаты мен ол саясаттың сәтсіздікке ұшырап,  Қазақ хандығының тарих сахнасынан кетуге ықпал еткен негізгі фактор болғанын әр қазақ түсінуге тиіс. Ең бастысы қазіргі күні елімізде қалыптасқан діни-рухани ахуал Абылай хан заманындағы ахуалдан да күрделі. Қазіргі қазақ бір жағынан түрлі діни ағымдар жетегінде кетіп, ішкі рухани тұтастығы әлсіреген болса, екінші жағынан  материалдық құндылықтар жетегінде кетіп, Отан, туған жер т.б. киелі құндылықтардан алшақтап, қара бастың қамын күйттеген заманға тап болды. Отан мүддесі, ел мүддесі деген қасиетті, киелі ұғымдардан мән кетті. Кез-келген нәрсені сатуға, сатып алуға болады деген саудагерлік психология мен шаппай ақымды төле дейтін масылдық психология қалыптасты. Міне осындай күрделі кезеңде Ел тізгінін қолға алған Президент Қ.Тоқаевтың мойнына аса ауыр жүк артылып отыр. Сыртқы саясатта шашасына шаң жұқтырмас жүйріктің мемлекеттің ішкі саясатына келгенде сүріну қаупі бар. Ол қауіп бір жақты емес, түрлі бағыттардан келіп отыр. Ең бастысы кешегі жалғанды жалпағынан басып, 30 жыл бойы елді қанап келген, қолында қаржылық мүмкіндігі мол әулет өкілдерінен келетінін елдің көпшілігі сезеді. Қолдарынан сырғып шығып кеткен билікті қайта қолдарына алуға әрекет жасайтыны анық. Әулет өкілдері мен олардың шотын шабушы топтың әрекетінің алдын алып, оларға алдын ала соққы бермесе, онда елдің тағдырына қатер төнері анық. Олар оңай шағылатын жаңғақ емес. Қаңтарда Президентке «Орныңды босат, қазір 20000 террорист көшеге шығады» -деп қоқан-лоққы жасағанда олардың айтқанадары шын болатын. Ауғанстанның солтүстігінде Сириядан шығарылып, шоғырландырылған 15-16 мың террористердің болғандығын қаншама БАҚ-та жарияланған деректер айғақтайды. Олардың Түркіменстан шекарасын бұзып, басып кірмек болған әрекетінен де ел хабардар. Қаңтар бүлігін ұйымдастырушылар сценариінде осы террористерді Қазақстанға әкеліп, елде қанды қырғын салу салу жоспары болғандығы анық. Ондай жоспардың болғанын көтерілісшілердің бірден Алматы аэропортын басып алуы айғақ бола алады. Осы қатер туралы Ресей барлауының басшысы Патрушевтің Қазақстанның қауіпсіздік органдарын алдын ала ескерткендігі туралы БАҚ беттерінде жарияланды. Елді сол қатерден құтқарған Президенттің ОДКБ әскерлерін жәрдемге шақырғандығы болды. Енді жағдай қайта күрделенетін болса, біз ондай қадамға бара алмаймыз. Оның себебі жалпы халыққа аян. Сондықтан бұл жолы халықтың өзі елі мен жерін қорғап қалуға әрекет жасауы тиіс. Ол үшін ішкі араздықты қойып, халық Президент Қ.Тоқаевтың айналасына топтасуы керек. Болмаған жағдайда Абылай хан заманындағыдай мемлекеттіктен айырлып қалу қаупі төніп тұр. Таңдау өзіңде қазағым!

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

9 пікір