Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2765 2 пікір 14 Тамыз, 2022 сағат 15:12

Қызылжарелді мекенін "Сырлыбай би" ауылдық округі, Қызылжар ауылы деп өзгерту туралы ұсыныс жасалды

Қызылорда облысы, Арал ауданы Қызылжарелді мекенін "Сырлыбай би" ауылдық округі, Қызылжар ауылы деп өзгерту туралы ұсынысты қолдайық!
9-тамыз күні Арал аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері Махатов Бауыржан келіп ауыл тұрғындарының біршама азаматтарымен кездесіп,мынадай хабарлама айтқан болатын.Қазіргі таңда үкімет тарапынан округ атауын өзгерту туралы жарлық бар.Соған мүмкіндік болса осы елден шыққан би,батырларыңыз болса ұсыныс қабылдаймын деді.

Мақсат: округ атауын өзгерту.Іздегенге сұраған демекшіонымен біздер бір топ ауыл тұрғындары: Тарих бетінде өзіндік орны бар «Сырлыбай би»атауын ұсынғанды жөн көреміз. Негіз төмендегіше: Қазақстан Ұлттық энциклопедия, 8 том.                Бүгінгі күні аймақтар мен округтерге тарихи тұлғалар есімін беру үрдісі жүріп жатыр. Бұл бір жағынан қуантарлық іс. Себебі, «Тарихты тұлғалар жасайды» - деген қанатты сөз бар! Яғни өткен арғы-бергі тарихымызда халқымыздың ел болып, мемлекет құрып ұйысуына хандар мен сұлтандардың, батырлар мен билердің, бертін келе зиялыларымыздың атқарған қызметі мен рөлі зор болды. Солардың бірі де бірегейі шекті Қожасұлы Сырлыбай би! Шекті Сырлыбай би (қыз Жібектің әкесі) шамамен алғанда 1660-1750 жылдар аралығында кіші жүз ханы Әбілхайырмен тұстас өмір сүрген. 1731 ж. 10 қазанда Ырғыздың майтөбесінде Әбілхайыр хан, Бөкенбай, Есет батырлар, Құдайменде мырза бастаған кіші жүздің 27 старшындары ант беріп Ресей бодандығын қабылдағанда, Сырлыбай би бастаған әлім-шөмен руларының игі жақсылары қарсы шығады. Әсіресе, 1731-1733 жж Ресей патшалығының арнайы құпия тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Тевкелев бастаған 500-ден аса казак-орыс әскерлерінің Арал одан әрі сыр бойына қарай жүргізген дипломатиялық қызметіне Сырлыбай би бастаған шекті рулары қарсы тұрды. Ол турасында Тевкелевтің естелігі мен Анна Иоанновна жазған рапортында егжей-тегжейлі баяндалған. Арал өңірі қырғыздарының (қазақтарының) бұндай табанды қарсылығы Ресей патшайымы Анна Иоановнаның өзін алаңдатады. Оған орыс патшайымының Әбілхайрырға жазған хаты дәлел болады. Көрнекті тарихшы академик Манаш Қабашұлы Қозыбаев «Ресей елшісі М. Тевкелев пен Қазақстанның империяға қосылуын қолдаған Әбілхайырға қарсы Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай би бастаған қозғалысты және сол қозғалыста бір ұрыста оққа ұшқан Байғараны «азаттық үшін күрестің алғашқы құрбандығы» - деп атады. Жалпы алғанда, Сырлыбай би бастаған шектілердің Тевкелев сияқты орыс елшілері мен қақтығысуы Ресей империясының кіші жүздегі отарлау саясатына қарсы алғашқы азаттық қозғалыс болып табылады. Себебі Ресей патшалығы Тевкелев сапарының негізінде сырдың төменгі ағысына кіші жүз ханы Әбілхайырға орда тігеміз деген желеумен әскери бекініс салып, кіші жүздің жайлауларымен қоса, сырдағы қыстауларында бақылауға алуды көздеді. Дегенмен шектілердің табанды қарсылығынан бекіністі Ор өзені бойына (қазіргі Орынбор) салды. Сырлыбай би туралы тағы бір дерек кейін 1748 жылы Әбілхайыр өлгеннен кейін кіші жүзге баласы Нұралыны хан сайлауға қатысқан. Шектілердің шежіресінде, Сырлыбай би Жақайымның Тоқбурасынан тарайтын Бердіңғұл руынан. Сырлыбай би «Қыз Жібек» дастанында Жібектің әкесі ретінде де жырланады. Сырлыбай бидің ұрпақтары қазіргі таңда үлкен рулы елге айналып, көбі Арал ауданының Қызылжар ауылын мекендейді. Қорыта келе Сырлыбай би Қожасұлының ұлт тарихындағы орнын зерделеп, оның ұрпақтары тұрақтаған елді-мекенді "Сырлыбай би" ауылдық округі, Қызылжар ауылы деп өзгерту, өткен рухани және мәдени құндылықтарымызды терең және тура түсінуге жол ашпақ. Әсіресе, өскелең ұрпақ ол жайында жан-жақты біліп, қастерлейтін болады. Сонымен бірге. «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «Ұлы Дала тұлғалары» мемлекеттік бағдарламаларының аясында Сырлыбай би Қожасұлы туралы бұрын-соңды жарық көрмеген мұрағат құжаттары мен қолжазбаларды жинақтап толықтырып жинақ ретінде жариялау бүгінгі елімізді, ұлтымызды көрсететін қадам болар еді.

Ұзақбаев Жомарт

Abai.kz

2 пікір