Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4984 14 пікір 12 Тамыз, 2022 сағат 13:33

Бопай ханым - ХVІІІ ғасыр ақиқатын меңзеген роман

АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ ОҚИҒАСЫНЫҢ 300 ЖЫЛДЫҒЫНА 6 АЙ ҚАЛДЫ

(Мәди Айымбетов. Бопай ханым. Астана, 2021.)

Белгілі жазушы М.Айымбетовтың романын қарап шығып біраз тебіреніп ойға қалдық. Романның тақырыбы Бопай ханым аталғанмен негізі Әбілхайыр ханға арналған екен. Бұл жағдай заңды құбылыс, себебі Бопай ананың өмірбаянын Әбілхайырсыз елестету мүмкін емес. 2023 жылдың басында «Ақтабан шұбырынды...» оқиғасына 300 жыл толады. Қазақ елінің басына түскен осы бір трагедияны біз ерекше атап өтуге тиістіміз. Ал осы тарихи зұлматта қазақ елін ажалдан құтқаруға Әбілхайырдың ролі бірінші орында тұрады. Олай болса ел басына түскен аласапыран заманда Бопай ананың да ролі үлкен екенін айтпақшымыз

Алдымен мына мәселені айтуға міндеттіміз. Осы уақытқа дейін қазақ елінің тарихшылары да, жазушылары да Әбілхайыр туралы шындықты жазбай нақақтан қаралап келді. Осы тақырыпта ғалымсымақтарымыз бен саясаткерлеріміздің кінәсі ұшан теңіз... Осы мәселені келешек ұрпағымыз қалай кешірері белгісіз...

Тарихшылар саясаттан аса алмады десек, белгілі жазушыларымыз І.Есенберлин, Ә.Кекілбаевтар да солардан аса алмады. І.Есенберлин тіпті Бопай ханымды қаралағаны сонша, Барақ сұлтанмен ойнас қылып қойған... ХІХ ғасырдағы Кенесарының қарындасы Бопайды да оңдырмаған...  Ондай келеңсіз суреттеулер мен баяндаулар аға буын жазушының бірі С.Мұқанов шығармаларында да жазылған еді. Мысалы қазақтың тұңғыш демократы, ұлы ғалымы Ш.Уәлихановтың әжесі Айғанымды орыс генералдерымен әмпей қылса, әкесі Шыңғыс 23 жастағы аға сұлтан, Есенейдің әйелі Ұлпанмен ойнас қылған... Шын мәнінде ондай жат қылықтар қазақ өмірінде болмайтындықтан қандай оқушыға болса да жиіркенішті көрінеді... Аталған ханымдар қарапайым қазақ әйелі емес өз заманының алдыңғы қатарлы, яғни тарихымызда есімін алтын әріппен жазып қалдырған жандар еді. Мысалы Ұлпан оқыған аса білімді жан еді. (Оның ауылы белгілі, сол елден шыққан атақтылардың бірі Ғ.Мүсірепов сол кісінің немере туысы). Сондай ақ оның күйеуі Есеней Сәбең айтқандай кәрі шал емес, 29 жастағы жігіт еді.

30 жыл егемендіктің арқасында талай жыртығымызды жамағанымыз рас. Алайда кейбір ақиқаттарымызды бұрмалап, бүркемелеп одан бетер тұқыртып жатырмыз. Демек біздің тарих ғылымы бейшаралық, дәрменсіз және Ресейдің сойылын егемендік  жағдайда соғатын жалтақтығы - ешқандай ақылға симайды. Мысалы ғалымдарымыз бен жазушыларымыздың Әбілхайыр хан тарихын бұрмалап ұрпағымызды алдап келе жатқаны ж.б. жәйіттер еліміздің тарихына көптеп қиянат жасады. Сол әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қазақстан басшылары Ресейге жалтақ болғандықтан осы мәселеге көз жұмып келеді. Сол кемшілікті тарих ғылымы жөндесе ешкім кедергі жасамас еді... Мысалы Алматы телеканалдары Әбілхайыр туралы бес рет теле түсірілім жасады. Солардың бірде бірін экранға шығарған жоқ.

Тек Әбілхайыр емес Бопай тарихын көптеген ғалымсымақтарымыздың бұрмалағаны ешқашан кешірілмес сорақылық. Бопай Адай елінің қызы екенін көре алмайтын бейбақтарымыз болғаны аянышты ақ. Ғылым докторы К.Есмағамбетов көз көрекі, Бопайды біле тұра Төренің қызы деп Қазақ ұлттық Энциклопедиясына жазды. Тевкеловтан бастап «...сестра адаевца Мырзатай батыра...» деп жазғанын біле тұра неге бұрмалайды екен...

Тағы бір мәліметті еріксіз еске салуға мәжбүр болдым.  1960 жылы  аулымызға Құлақтан кіріп бойды алар атты Алматыдан шыққан әндер жинағы келді. Ауылымыздың кәрі жасы түгелдей, аса үлкен қуанышпен қарсы алды. Ән текстерін көріп өкініш айтқандар да аз болған жоқ. Мен сонда төртінші класс оқушысымын. Жылыой деген әндегі «Торы айғыр тоқпақ жалды тоғайда бар» деген шумақты көріп таң қалғаным соншалық. Тоғайда жылқы түгілі, тұлпар түгілі есек те болмайтын еді ғой деп айтқаным есімде. Жасым онға жаңа келсе де осы бір келіссіз шумақты байқап едім. Ел ішіндегі үлкен кісілер оның тоғай емес адай екенін және оны бұрыннан білетінін айтты. Қазір ойлап қарасам қазақтың белгілі руы Адай еліне Ресейдің жаман көзбен қарайтын орны бар. Ал біздің өз қандастарымыздың не өші бар екен...  ХІХ ғасырдағы Ресей энциклопедияларының бәрінде Адаевская лошадъ деген мақала бар, алайда Адайдың өзі туралы және олардың басқа Кіші жүз тайпаларымен бірге Ресейге қарсы үш жүз жыл соғысқаны туралы және олардың жанкешті ерліктері туралы ештеңе жазбаған... Ондай шындықты қазіргі күнде де жазбайды...

Тарихымыздың шындығы Әбілхайыр мен Бопайдың өзіне және басқа тарихи тұлғаларымызға керегі жоқ... бізге қажет екені сөзсіз қағида, яғни бүгінгі ұрпағымызды жалған тарих пен алдауды доғару өте қажет.

Аталған тақырыпқа жасалған қиянаттың бәрін жіпке тізіп көрсету мүмкін емес, ендігі міндетіміз тарихи романға айтатын лебізімізді бастайық...

Әбілхайыр мен Бопайдың танысуы әрине кездейсоқ жағдайда болған туралы бірнеше мәлімет аңыздар бар. Роман авторы олардың танысуын Әбілхайырдың жаралы болып Бопай ауылында жатқан нұсқасын алыпты. Осынау тарихи тұлғалардың сүйіспеншілік хикаясы туралы ел арасына тараған аңыздардың өзі тым қызық әсерлі болғаны соншалық, Ресей зерттеушілерін де өте қызықтырғаны белгілі. Романдағы олардың танысу оқиғасы көп оқушыларға ұнамауы мүмкін, және Бопайдың емші қасиеті жан жақты көрсетіліпті. Әбілхайыр мен Бопай сұлу туралы ел ішінде неше түрлі аңыздар тараған. Солардың шындыққа сай келетіндерін іріктеп көптеген зиялы адамдар ХІХ ғасырда орыс басылымдары шығарған еді. Орыс тілінде Торғай газетіне басылған мына аңыз солардың ішіндегі бізге ұнағаны:

«...Кiшi Жүздегi əйгiлi батыр Жəнiбек сұлтан мен Əбiлхайыр бiр жақтан келе жатып бiр ауылға күн батар алдында түседi. Бұл бiр батырдың ауылы екен. Ауыл иесi аса бай адам жасы үлкен кiсi екен. Оның бой жетiп отырған қызы Бопай сұлуды көргенде Əбiлхайыр ес-ақылы кетiп ғашық болады. Жəнiбек батыр бұған таң қалады, себебi ол бұрын қыз көрмей жүрген жiгiт емес,  жас төренiң мына мiнезiне таңданбай қайтсiн… Келесi күнi аттанып жолға шыққан соң Əбiлхайыр күтпеген өнер шығарып сол жерде қалатынын айтады.  Жəнiбек батырға өз жөнiмен кетуге тура келдi. Қайтсем де Бопай сұлуды алмай тынбаймын – деп Əбiлхайыр сынды жас батыр оған ермей қалып қояды… Сол ауылға қайтып келген Əбiлхайыр өзiнiң төре тұқымынан екенiн жасырып Бопайдың əкесiнiң малын бағуға жалданады. (Невольник. Предание о киргиз-кайсацком хане Абулхаире. //ТОВ. (Тургайские областные ведомости). 1899. № 52. стр. 7-8...) Ұзын бойлы,  батыр тұлғалы, жiгiттiң сұңқары Əбiлхайыр батыр жылқышы болып жүрсе де аз уақыт iшiнде ауыл адамдарына жақсы жағынан көрiнiп құрметке ие болады. Əрине, көп ұзамай Бопай сұлуға да ұнап қалады. Сырын ашқан жас батырды Бопай сұлу да жан тəнiмен ұнатып ғашық болады. Осылай ғашықтар романы басталады. Ғашықтар ажырымастай дəрежеге жеткенде Бопай сұлудың əкесiнiң рұхсатын сұрайды. Оның əкесi мұндай жағдайды күтпеген едi. Бұл бұрыннан малды жəне белдi ауыл болған соң, оның үстiне қыздың басы бос болушы ма едi - айттырулы болса керек, сұлтан деген аты болғанмен жалғыз атты кедей жiгiтке қызын бергiсi келмеген шал неше түрлi айла-шарғыны ойлап табады. Соның бiрi:”Қызымның қалың малына ала аяқты 90 күрең ат жəне 60 ақсұр ат əкелесiң, əйтпесе қызымды бермеймiн…”-деп шарт қояды… Осындай ауыр шартқа амалсыз келiскен жас батыр – Бiр айдың iшiнде осы айтқаныңызды əкелемiн – деп аттанып кетедi. Алайда, - Жалғыз атты кедей жiгiт бұл шартымды орындай алмас – деп үмiттенген едi Бопай сұлудың əкесi.  Ғашықтық өртiне күйiп жанған жас батыр, тiрi жүрсем Бопай сұлуды алмай тынбаймын – деп серт берген Əбiлхайыр əлгi айтқан жылқыны таныстарынан, ағайындарынан, бəрiнен сұрайды, алайда ешқандай нəтиже шықпайды. Шарқ ұрған жас батырдың осындай аянышты күйiн есiткен баяғы Жəнiбек батыр жетiп келедi. Қу кедейлiк қолын кесiп отырған жас төренi аяған, əрi келешегiне сенген Жəнiбек батыр Əбiлхайырға керектi 150 айғырды өз жылқысынан шығарып санап бередi. Оған қоса ол өзi барып Бопай сұлудың əкесiне қазақ əдет ғұрпы бойынша құда түседi… Сөйтiп əйгiлi қазақ батыры Жəнiбек сұлтан екi ғашықтың басын қосып үлкен азаматтық жасайды…  Əрине бұл оқиға халық аңыздарының əртүрлi нұсқаларының бiрi. Алайда шындығына келсек те Əбiлхайырдың Бопай сұлуға үйленуi аса көп қиыншылық жағдайда болғанын осындай аңыздардың көптiгiмен дəлелденедi. Мiне осынау қиыншылықты жеңу үшiн Əбiлхайыр мен Бопай сұлу тек бiр-бiрiне ғашық болып қана қойған жоқ, сондай-ақ ежелгi дəстүрдi бұзуға мəжбүр болды… Қалай болғанда да Əбiлхайыр сынды жас батырдың Бопай сияқты əйгiлi сұлуға үйленуi оның шын мəнiнде өмiрдегi бақыты едi. (Невольник. Предание о киргизском хане Абулхаире. ТГ. (Тургайская газета). 1900. № 1.стр.5...)

Міне біз, және көптеген оқырмандарымыз осы айтылған тарихы аңызды Мәди Айымбетов кітабынан көргіміз келген еді. Өкінішке орай автор басқа аңызды алған екен.

Бопай Əбiлхайыр үйiне құтты келiн болып түстi. Ол келiн болып түскелi Қажы сұлтан шаңырағының тасы өрге домалай бастады. Көп ұзамай Əбiлхайырды халқымыздың игi жақсылары ақ киiзге көтерiп хан етiп сайлады Осы оқиғалар баяғыдан берi Əбiлхайыр сынды кедей жiгiттiң Ресей басқыншыларына қарсы тұрып халқымызды қызғыштай қорғаудағы кеудесiн оққа төсеген ерлiктерiнiң жан-жақты бағалана бастағаны едi… Тарихтағы ұлы адамдарға табиғат жан-жақты талант пен көрiктi де аямай бередi. “Ел мақтаған жiгiттi қыз жақтаған”-дейдi халқымыз.

Адамзат тарихындағы ұлы адамдар сұйiспеншiлiгiн еске алсақ Юлий Цезарь мен Клеопатра, Аттила мен Онория (Рим императорының қарындасы), сондай-ақ Шоқан Уəлихановтың басындағы махаббат хикаялары адамдар арасындағы сүйiспеншiлiктiң аса құдреттi күшiн көрсетедi… Əбiлхайыр мен Бопай сұлу арасындағы шынайы ғашықтық пен махабат қазақ елiндегi келешек ұрпақ үшiн тамаша үлгiлi оқиғаның бiрi болды. Əбiлхайыр қазақ елi алдындағы азаматтық борышын жүз есе артық орындағаны белгiлi. Ал, Бопай сұлудың өз басы да қазақ əйелiне тəн кiшiпейiлдiлiк, ақылдылық, ұстамдылық, парасаттылық жəне басқа сол сияқты қасиеттерiмен Əбiлхайыр шаңырағында жақсы келiн, əрi жақсы бəйбiше атанды. Əйел болса да ердiң ақылы мен батырлығын өз бойына сидырған абзал жан едi…

М.Айымбетовтің романының ерекшелігі Әбілхайыр туралы тарихи шындықты нақтылап бергені: Ол  Әбілхайырдың және басқа еліміздің игі жақсыларының ешқашан Ресейден бодандық сұрамағаны. Алғаш рет шындықты жазған көркем шығарма болып тарихта қалады. Реті келіп тұрғанда еске салып өтуге міндеттіміз.

Қазақстан егемендігінің он жылдығы атап өтіліп жатқан жылдары Светқали Нұржанның «Хан кегі» (Таң қауызын жарғанда, А. 2002, ІІІ том. 291-352 бб.) атты поэмасы осы тақырыпқа яғни Әбілхайыр мен Бопай сұлуға арнап жазылған еңбегі жарық көрді... Әттең, көркемдігі жағынан теңдесі жоқ кесек туынды болғанымен тарихи шындықтың жаңалықтарын пайдаланбағаны санымызды соқтырған еді. Бұрынғы көп айтылып жауыр болған жалған мәліметті қайталап Әбілхайырға Ресейден бодандық сұратып қойғаны бізді қатты өкіндірді. Сондықтан біз оған ешқандай лебіз жаза алмадық. Мәди Светқалидың және басқалардың осы уақытқа дейін айтып келген қысыр жорамалын қайталамапты. Тарихи шындықты беріпті.

Светқали ...Аузында тістегеннің кетіп барам,

                  Мен – дағы бір күштіге тығылмасам! (303-бет)деп Әбілхайырға Ресейден бодандық сұратып қойған. Ол аз болғандай:

Тәуекел, Әз Тәукелер бір кездері

                   Орысқа шапқылап па еді еріккеннен! (304-бет) -  деген, және басқа жыр жолдарымен Әбілхайырға және басқа хандарды  Ресейден бодандық сұратып қойған еді. Бұлар аз болғандай Әбілхайырға  Елек пен Сыр бойына, Түркстанға қала салып бер (311-бет) деп Ресейге жалындырып қойғаны, әлдекімнің айтағына еріп жалған тарихты қайталаған еді.

Ал Мәди кітабында бұл өрескелдіктер жоқ. Алайда Әбілхайырды өлтіруге Барақтың тікелей қатыспағанын жазғаны тарих шындығына дәл келмейді. Автор соңғы жылдары Барақты жақтайтын әлдекімдердің жорамалына сүйеніпті.

Мәдидің Барақ өліміне қатысты жалған жорамал деректерді пайдаланғаны да оқырмандарына санын соқтырып әттеген ай деп айтқызды. Осы эпизодтар Светқали поэмасымен ұқсас, онда мынандай мадақтап жазылған жыр жолдары бар:

...Күректей қою сақал түнді тіреп,

           Шалқалап хантақтада жатыр Барақ деп жырлағаны тарихи шындыққа келмейді. Ол Әбілхайырды өлтірген соң тек қашып пысып жүріп жан сақтады. Сонша жерден келіп іздеп тапқан Адай жігіттері тек сақалын алып кете барғаны ешқандай ақылға симайтын эпизод. Шындығында Әбілхайырдың кегін қайтарған адайлар Барақ пен Сырым батырдың туған туыстары мен бала шаға немерелерін түгелдей қырған еді. Барақтың бір келіні ғана тірі қалған. Оның ішінде бала қалды ма, жоқ па белгісіз...

Сондықтан Барақтың бала шағасының жазықсыз қырылғанын жоқтайтын ешкім болмады. Ал Сырымбеттің туыстары Төле биге барып Кінәлі Барақ еді, және сонымен бірге жүрген Сырымбет болса жазасын алды. Ал Сырымбеттің өзі кінәлі болса да балаларының жазығы жоқ еді. Соған яғни балаларының құнын Әбілхайыр ұрпақтарынан құн алып беріңіз деп талап етті. Қара қылды қақ жаратын әулие Төле би керісінше Сырымбеттің туыстарына Әбілхайырдың құнын оның баласы Ералыға төлейтін етіп шешті... Осы тарихи нақты мәліметтер И.В.Ерофееваның 1999 жылғы кітабында жан жақты берілген... Бұл мәліметтерді сонау 80-жылдары Ә.Кекілбаев Әйтеке би атты зерттеуінде жариялаған еді. Шоқан мұрасын зерттеп жүрген біздер таппаған осындай құнды мәліметтерді Әбекең тауып Шоқантануға үлкен сый жасаған еді...

Мәди Айымбетовтың  Бопай ханым атты кітабы туралы  айтсақ жоғарыда көрсеткеніміздей Әбілхайыр мен Бопай туралы тарихи шындықты көптеп берген алғашқы көркем шығарма екенін мақтанышпен айтамыз. Автор мұнымен тоқтап қалмас, осы еңбегін толықтырып шығарар деген үмітіміз бар. Оған айтар тілегіміз мынандай:

ХҮІІІ ғасырдың 30- жылдардағы тарихына арналған тарауларды кіргізсе нұр үстіне нұр болар еді. 1723 Ақтабан шұбырынды оқиғасы туралы көп жазылды. Бәрі бірін бірі қайталап жоңғардың ғана сүйегін жуумен келе жатыр. Ресей туралы бір сөз айтқан жоқ. Осынау қырғынды жасаған Ресей яғни І Петр патшасы екенін халқымыз әлі күнге дейін білмейді. Ақтабан шұбырынды оқиғасының авторы орыс ағайындар екенін осы уақытқа дейін халқымызға білдірмей келе жатқан біздің өкімет басшыларының жалтақтығы екенін қалай жасырамыз.

Қысқаша айтқанда Қазақ мемлекетін   әлсіреткен, ыдыратқан, құлатқан Жоңғар мен қалмақ емес, паналатып, қолтығына алды деп жүрген Ресей болып шыққаны жаңалық емес. Оның  Содан бері талай зеттеулер жарық көріп жатса да, Қазақстан тарихы оқулығының ешқандай басылымына, осы айтылған және басқа тарихымыздың жаңалықтары кіргізілмегені еліміздің тарихын оқыту әлі күнге дейін тоқырау үстінде екенін көрсетеді.

Осынау қазақ еліне соншама қиянат жасаған, яғни  Ресей көп жылдан бергі өзінің жасағаны аз болғандай Шығыстан артиллерияның жаңа қаруларымен жасақтап жоңғарларды айдап салғаны - шын мәнінде атақты патша І Петрдің жоспары екені бұл күнде халыққа белгісіз болса да, тарихшыларға белгісіз емес. Осынша қиянат жасап қырып жіберетіндей қазақ еліне І Петр неге шүйілді. Енді осыған қысқаша шолу жасайық.

Сол Ақтабан шұбырынды катастрофасынан бір жыл бұрын, яғни 1722 жыл І Петрдің Парсы жорығы болғанда, оған Яицкий (1790 жылдан соң Урал- деп аталған) казачьи отрядынан бірде бір солдат көмекке бара алмады. Себебі олар жаяу қалған еді. Көлік аттары мен барлық  жылқы табынын Әбілхайырдың жігіттері айдап кеткен болатын. Тек жылқы емес, сонда Әбілхайыр Яицкий городокті (қазіргі  Орал қаласы, ол кезде қазақтар Теке қаласы деп атаған.) алудан сәл қалған еді. Сондықтан І Петр жалғыз Әбілхайырды емес бүкіл қазақ елін басып алу керек- деп бұйрық берді. Сол үшін барлық артиллерияның жаңа қаруларымен жоңғарларды қаруландырып шығыс жақтан баса көктеп кіргізіп, батыстан тісіне дейін қаруланған орыс әскерлерін және қалмақтарды қақаған қыс кезінде жапыртып жіберіп қазақ елін қапы қалдырып тез арада  Ресейдің отарына айналдыру керек болды. Шабуыл екі жақтан да қақаған қыста басталғаны рас.

Шығыстан шапқандар І Петрдің жоспарын орындап қазақ елін қырғынға ұшыратып Түркстанға дейін келді. Ал батыстан шапқан орыстар мен қалмақтар жоспарды орындай алмады. Оған кедергі жасаған Әбілхайыр хан болды. Ол орыстар мен қалмақтарды тоқтатып қана қойған жоқ, Еділден асыра қуып, талайын қырып жіберді. Демек қазақ елінің жартысы ғана Ақтабан шұбырындыға ұшырады.

Ақтабан шұбырынды оқиғасы қазақ еліне Ресей тарапынан жасалған қинаттың ең үлкені еді. Осынау біздің халқымыздың тарихындағы аса үлкен қиыншылық тудырған катастрофада екі ірі тарихи тұлға негізгі роль атқарды. Олар І Петр мен Әбілхайыр хан болатын. І Петр туралы көп жазылды, оның өмірі мен қызметі саяси және мемлекет қайраткері ретінде біздің оқырмандарымызға белгілі. Алайда біздің халқымыз әлі күнге дейін Әбілхайырдың шынайы тарихы мен ролін мемлекет қайраткері ретінде толық білмейді. Бұл жағдай әрине біздің тарих ғылымының көп кемшіліктерінің бірі...

Аталған оқиға Ресейдің кезекті қиянатының бірі болса, осы  бір қиын жағдайдан қазақ елін құтқарған Әбілхайыр сынды батыр қолбасшыны осы уақытқа дейін Ақтабан шұбырынды оқиғасындағы ролін айтпақ түгілі, Ресейге қазақ елін бодан қылды - деп нақақтан айыптап келді. Оның Ресей патшасына 1730 жылы жазған «тарихи хатында» бодандық туралы бір сөз жоқ, онда тек башқұрт халқымен арадағы үзіліп кеткен достықты қайта орнату болатын. Алайда тарихшылар осы уақытқа дейін сол хаттың орысша аудармасын пайдаланып келген... Сондай-ақ Әбілхайыр ешқашан Ресейге бодан болу үшін ант берген жоқ...

Мәди Айымбетов романында тағы бір толықтыратын бөлім бар. Кітап авторы 1738 жылғы оқиғаларды біраз баяндапты. Алайда сол жылғы мынандай негізгі тарихи оқиғаларды кіргізсе нұр үстіне нұр болар еді.

Қазақ тарихында осы жылы тағы бір ерекше оқиға болды. Әбілхайырдың сол кездері, яғни бұрынғыдай Башқұрт халқының Ресейге қарсы кезекті көтерілісіне көмек көрсеткені болды.

Міне сол 1738 жылы Ресей басшылары башқұрт көтерілісін басу үшін қазақтарды айдап салып бір оқпен екі қоянды атып алмақшы болды. 1738 жылдың ақпанында генерал Татищев Әбілхайырға хат жолдап – Башқұрттардан қазақтар кек алуына жақсы жағдай туды. Әрбір башқұрттың басын әкелген қазақ жігітіне 60-100 рубль ақша беремін - деп хабарлады. Сонда Әбілхайыр ақшаға қызыққан бірде бір қазақты жібермеді. Себебі Татищев ұсынған ақшаның көптігі сонша 60 сомға 12 жақсы ат, әлде 20 жақсы сиыр алуға болатын еді. Керісінше Әбілхайыр бұрынғыдай башқұрттарға көмектескен. Алайда осынау тарихи оқиғаны Ресей тарихшылары әдейі бұрмалап айтып және жазып келе жатқан еді. Ағылшын тарихшысы Олкотт Брайн оны жоққа шығарып Әбілхайырдың Башқұрт көтерілісіне көмектескен шындығын айтып Ресей тарихшыларының жалған жорамалдарына тосқауыл қойды.

Сол жылы августь айында Ресей басшыларымен кездесу болғанын да қысқаша болса да баяндайық. Сол кездесуді ресейліктер Әбілхайыр ант берді деп жалған документ жасап біздің халықтың миын айналдырып келді. Ерекше тарихи жағдай сол кездесуге Әбілхайыр азғантай адаммен (27 кісі) Башкириядан келген еді. Себебі ол Башқұрт көтерілісіне көмектесіп Ресей әскерлеріне қарсы соғысып жатыр еді. Татищев Әбілхайырды Башқұрт жерінен шығару үшін неше түрлі айла шарғы қолданды. Әбілхайырды «...Любой ценой... Башкириядан шығару керек деп қаншама бұйрық берді және көп қаражат шығарды. Тарихшы Н.М.Устюгов осы тарихи жағдайларды өз зерттеуінде жан жақты көрсетті (қараңыз Н. В. УСТЮГОВ. БАШКИРСКОЕ ВОССТАНИЕ 1737-1739 гг. М.-Л. 1950). Сондағы тапқан айласы осы Батыс Қазақстан жерінде  1738 жылы августь айының басында кездесу ұйымдастырғаны еді. Осы кездесуге Шақшаұ Жәнібек 27 адаммен келді. Осы кездесуді пайдаланған Ресей басшылары Әбілхайыр бастаған Кіші жүз қазақтары және Жәнібек бастаған Орта жүздің бір бөлігі Ресейге ант берді деп жалған докумен жасап осы күнге дейін бізді алдап келді. Аталған документті 1874  Адай көтерілісінен соң И.Крафт жоққа шығарды. Одан соң ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Х.Досмұхамбетұлы мұндағы жазылған мағлұматтың ешқандай ақылға симайтынын жан жақты талдаған болатын. Қысқаша айтқанда осы оқиғаға Кіші жүздің бірде бір рубасы әлде биі, батыры қатыспағанын тіпті ең үлкен рулар Адай мен Беріштен бірде бір адам қатыспағаны, ал алты ата Әлімнен екі адамның болғаны, сондай ақ қатысқандардың бәрі қызмеші қойшы қолаңдар екенін айтқан болатын. Қалай болғанда да біздің өкімет пен тарих ғылымы осы жалған документке осы күнге дейін алданып келе жатқанын айтуға міндеттіміз.

Сөз соңында айтарымыз белгілі жазушы Мәди Айымбетов Бопай мен Әбілхайыр сынды тарихи тұлғаларға шынайы роман жазып бергені үлкен жетістік екені. Роман  жарыққа шыққан бойдан біз алғысымызды айттық. Оның романында жазылған тарихи оқиғалар бұрынғы аға буын жазушыларымыз бен тарихшылырымыздың еңбектерін  жоққа шығарады және оқырмандар ырзалығын алып жатыр. Әрине біз көрсеткен кейбір нақты тарихи оқиғаларды пайдаланып келесі кітабына толықтырып жазса нұр үстіне нұр болады демекпіз.

Самат Өтениязов,

Мадрид және Әл Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к.

Abai.kz

14 пікір