Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 1828 0 пікір 24 Шілде, 2022 сағат 10:43

Жаңа Қазақстандағы парламентаризм жаңа даму жолына түсті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа жолдауында Қазақстандағы парламентаризмді күшейте түсетін, заң сапасын арттыруға қызмет ететін Парламент жанынан құрылым құруды ұсынды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет Парламентпен бірге Парламентаризм институтын құру жобасына жең түре кірісіп кетті.

Осылайша, заңнаманың тиімділігін талдауды (нормативтік құқықтық актілерді талдау) қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу арқылы Қазақстанда парламентаризмді дамытып, оның тиімділігін арттыруды мақсат еткен құрылым пайда болды.

Президент өзінің жолдауында «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына сүйенуіміз керек екенін баса айтқан болатын. Осы бағыттағы жұмысқа күш салуымыз абзал екенін атап өтті. Сол жылы Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырды. Осы бағытта елдің Үкіметі мен Парламентіне аса ірі салмақ түсетіні айқындалды.

«Біз қоғам игілігі үшін сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан басқа да саяси партиялармен және қозғалыстармен ынтымақтастықта жұмыс істеуіміз қажет. Қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелер көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуы тиіс»,-деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар өзекті мәселелер бойынша Үкіметке сауал жолдап, өздеріне тиесілі құқықтарын толықтай пайлануы керек екенін ескертті. Заң шығарушы Парламент пен атқарушы билік өзара ынтымақтастықта, елдің мүддесіне сәйкес келетін кез-келген іске бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара кірісуі керек екенін айтты.

«Мемлекет басшысы ретінде елімізде көппартиялықты, саяси бәсекелестікті және ой-пікірдің сан алуандығын дамытуға ықпал етуді өз міндетім деп санаймын. Бұл саяси жүйе тұрақтылығының ұзақ болуы үшін маңызды. Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздегі көппартиялық жүйенің дамуына оң ықпал етуі тиіс»,-деген еді Президент.

Дамыған парламентаризм – зайырлы, тәуелсіз, құқықтық, демократиялы мемлекеттің бір көрсеткіші. Біздің еліміздегідей Парламентаризм институтына ұқсас құрылымдар шетелдің дамыған мемлекеттерінде де кездеседі. Олардың негізгі жұмысы депутаттарға заңнамаға өзгерістер енгізу кезінде оның ғылыми негіздемесін айқындауға, жаңа нормаларді қабылдауда және заң жобаларын әзірлеуде олардың экономикалық-қаржы есебін шығаруға, сондай-ақ заңдарды іске асырудың ықтимал әлеуметтік, экологиялық, заңдық, экономикалық салдарын болжауға көмектеседі. Бұл қызметтің бәрі іске асу үшін арнайы білім алған мамандар бірлесе жұмыс істейді. Институт, сондай-ақ, дамыған шет елдердің тәжірибесін зерттеу мақсатында әлеуметтік-сараптамалық сауалнамалар жүргізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттікке келген төрт жыл ішінде елдегі парламентаризмді дұрыс жолға қою туралы айтуды тоқтатқан емес. Үкіметке тапсырма беріп, үнемі дамыту үстінде. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та  мемлекет басшысының парламентаризді қалыптастыруда үлкен еңбегі барын атаған болатын.

«Сол жылдары (90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында) ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына атсалысты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, даму институттары осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қалыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы парламентаризмнің жаңа заң шығару қызметіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендетуге қатысты ұстанымымды қолдап келеді. Ол менен бір мүшел жас кіші, осы күні ел басқарып отырған төңіректегі көршілеріміздің құрдасы және замандасы болып саналады. Жұмыс істеуіне ыңғайлы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы өзі ел басқару ісінен кетіп бара жатып.

2022 жыл халқымыз үшін ауыр басталды. Қаңтар айындағы қаралы күндерден кейін халық ел басшылығынан үлкен саяси өзгеріс, ширақ қимыл күтті. Сондықтан Мемлекет басшысы әдеттегідей, халқына жолдауын күзге қалдырмай, наурыз айында жолдады. Президент өзі айтқандай, елді басқарудың саяси жүйесі бір орнында тұрмай, заман ағымымен өзгеріп отыруы керек. Биылғы жылы билік басында көптеген өзгерістер болды.

Президент бұл жолғы жолдауында елдегі қалыптасып қалған суперпрезиденттік жүйеден арылуымыз керек екенін, парламенттің рөлі бұрынғыдан да күшеюі керек екенін баса айтты.

«Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өткізуді ұсынып, нәтижесінде халықтың 70 пайызынан астамы өзгерістерді қолдап дауыс берді.

Осы референдум барысында мына мәселелер бойынша Ата заңға өзгерістер енгізілді:

Суперпрезиденттік бас­қару үлгісі­нен президенттік респуб­ликаға түбегейлі көшу;

Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;

Парламенттің рөлін күшей­тіп, мәртебесін арттыру;

Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру. Мінекей, маусымдағы референдумда қарастырылған мәселелерді Мемлекет басшысы өзінің жолдауында айтып өткен болатын.

Конституцияға енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты биліктің заң шығарушы органы айтырлықтай өзгерді. Алдағы уақытта бұл өзгерістер Парламентаризмнің дами түсуіне ықпал ететін болады. Ата заңның реформасы Парламент билігінің рөлін артырып, құзіретін кеңейтті. Президент Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа қысқартты. Оның бесеуін Қазақстан халқы Ассам­блея­сы ұсынатын болады және Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Мәжілістегі кво­тасы Сенатқа берілді. Соған сәйкес Мәжіліс депутат­тары­­ның жалпы саны 107-ден 98-ге қысқартылды, бірақ саны қысқарғанымен құзіреті артты. Жаңа нұсқа бойынша заң қабылдау құқығы тек төменгі палата қолында болады. Ал Сенатқа Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі. Бұрын Сенат заң жобаларын қабылдамай тастаса Мәжіліс оны айналып өте алмайтын. Енді саяси жүйеде тепе-теңдік және теже­мелік тетіктерді нығайту және заң шығару жұ­мы­сын оң­тайландыру мақ­сатында Мәжі­ліске заңдарды қабыл­­дау (бұрын заң жобаларын қара­ған және мақұлдаған), ал Сенатқа заң­дарды мақұлдау не мақұл­дамау (бұрын заңдарды қабылдаған) құзы­реті бері­лді.

Сондай-ақ Сенаттың өкілеттігі бірқатар құқық­тармен толықты. Ендігі жерде Президент жаңадан құрылған Конституциялық Соттың және Жоғары Сот Кеңесінің төрағаларын тағайындауды Сенаттың келісімінен кейін іске асырады. Республикалық бюджеттің атқары­луын бақылау жөніндегі есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып өзгеріп, оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының алдында есеп беретін болады.

Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен, яғни про­по­р­­ционалды және мажоритар­лы жүйе бойынша сайланады. Бұл Аралас сайлау жүйесі барлық азамат­тың құқықтарын толық сақ­­тауға, сайлаушылардың мүдде­сін қор­ғауға мүмкіндік береді.

Осылайша, Парламенттің рөлін арттыру президентке, атқарушы билікке тәуелділіктен алшақтатады және Парламентаризмді дамыта түспек.

 

Abai.kz

0 пікір