Жұма, 19 Сәуір 2024
Дей салдым-ау 2443 15 пікір 11 Тамыз, 2022 сағат 15:16

«Әр нәрсені уақытында аяқтау керек, мен де солай жасадым»

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, мемлекет қайраткері Бердібек Сапарбаев «Желмая» youtube бағдарламасында Қаңтар оқиғасына қатысты пікірін білдірді.

Қоғам қайраткері Қаңтар оқиғасынан сабақ алып, Президенттің қазіргі жүргізіп отырған саясатын қолдауымыз маңызды екенін айтты.

«Қаңтар оқиғасы кезінде бастысы елімізде тезірек тыныштық орнаса екен, адам шығыны болмаса екен деп тіледім. Жамбыл өңірінде жұмыс істеп жатқандықтан маған алдымен керегі президенттің тапсырмасы болды. Ол Жамбыл халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Оқиға кезінде өзімнің тәжірибем мен күшімді іске қостым, әріптестеріммен, әсіресе құқық қорғау органдары, прокуратура, әскер бар солармен бірігіп, халықты тыныштандыру, тұрақтандыру болды. Екі күнде соның бәрін орнаттық, өкінішке қарай адам шығыны болды. Барлық мүмкіндікті пайдаланып, адам шығыны болған отбасыларға қолдан келген көмегімізді жасадық. Біз енді осы оқиғадан тиісті нәтиже шығарып, сабақ алуымыз керек. Қандай кемшіліктер жібердік, соны ескеруіміз керек... Барлығымыз Тәуелсіздігімізді сақтап қалуымыз керек. Ол үшін бәріміз бірігуіміз қажет. Мемлекет басшысының қазір жүргізіп отырған саясатын қолдауымыз керек. Бізге бөлінуге болмайды, ол еш уақытта жақсылыққа апармайды», - деді Сапарбаев.

69 жастағы Бердібек Сапарбаев биыл сәуірдің жетісінде Жамбыл облысының әкімі қызметінен босатылған болатын. Содан бері зейнет демалысында.

«45 жылдай мемлекеттік қызметте жұмыс істедім, оның 30 жылдан астамы билік саласында екен. Қызметтен кеткен үш айда 40 жылда істемеген жұмыстарды атқардым десем болады. Әсіресе балаларым, немере, ағайын, туысқан, достарға бардым. Әр азамат өзіне ұнайтын жұмыспен айналысуы керек. Сол кезде адам тоқ болады, оның болашағы бар әрі бақытты болады. Қанша жыл жұмыс істегенде шамам келгенше халықтың сенімінен шығып, жағдайын жақсартуға тырыстым. Әр нәрсенің өз бастауы мен аяқталуы болады. Одан кейін әр нәрсені уақытында аяқтау керек, мен де солай жасадым. Еңбек еткен бес өңірде жаман жұмыс істемеген сияқтымын», - деді ол.

Ол алдағы уақытта көп жылдық мемлекеттік қызметтік өмірден алған тәжірибесін қорытып кітап жазумен және жоғары оқу орындарында дәріс берумен айналыспақ.

«Адам болған соң өмір қызметпен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Бастысы ойлау қабілетімді тоқтатпауым керек, зейнетке шықтым екен деп үйде отырып қалуға болмайды. Адам үйде отырып қалса – тез қартаяды. Бұған дейін жинаған архивтерім бар, алдағы уақытта кітап жазу ойда бар. Қай өңірде жұмыс істесем де, не істегенімді жазып жүретін әдетім бар.  Кіммен кездестім, қай жерге барғанымды күнделік ретінде жазып жүретінмін. Қазір соның барлығын топтастырып, қарап жазып шығуым керек. Өйткені артымнан қандай да бір естелік қалу керек», - дейді Бердібек Сапарбаев.

Abai.kz

15 пікір