Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақиқатқа қиянат 3297 7 пікір 11 Тамыз, 2022 сағат 15:06

Нығматулинмен ерегестің құны - 21 жыл!

"Бастан бағың таймасын" дейді қазақ. Мәселе қандай бақта? Біреудің бағын тартып алып, бақытты болуға бола ма? Болмайды. 

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин мен оның сыңарыі Ерлан Нығматуллиндер талай жанды зарлатып, талай адамның бағын басынан тайдырып, рейдерлік әрекетке қатысы болған дейді кей ақпарат көздері. Ал ҚазТАГтың жазуы бойынша, олар осы айып негізінде қылмыстық іс фигуранттары атанған.

«Балқаш оқиғасына келсек, екі ірі кәсіпкердің қарым-қатынасы жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппараты тергеп жатқан қылмыстық іс аясында қаралуда. Ол 2022 жылдың сәуірінде қозғалды. Осы іс аясында Сұлтанбеков жәбірленуші деп танылды. Тергеу тобы құрылды. Бұл істің бір бөлігі ретінде Нығматулиндердің қатысы, олардың ықпалы, патронаттығы дәл солай бағаланып, тергелуде», - деді астаналық адвокаттар алқасының адвокаты Мәулен Әлімбаев.

2012 жылы ел ішінде Ерлан Нығматулин мен кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков арасында жанжал болғаны жайлы ақпараттар шыққан болатын. Жанжалдан кейін балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков сотталып, 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 10 жылын түрмеде өткізіп шықты.

Қарағанды ​​облысы Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Николай Абттың айтуынша Қуат Сұлтанбековтың темір торға түсуіне оның жемқорлықпен белсенді түрде күресуі себепкер болуы ықтимал. Ал кейін прокуратура қаланы абаттандыру, көшет егу мен гүлдендіру жұмыстарына қатысты өрескел заң бұзушылықты анықтаған.

Артынша 2012 жылдың 27 қаңтарында Балқаштан Астанаға келе жатқан жолда Сұлтанбеков заңсыз қару сақтады және алып жүрді деген күдікпен ұсталды. Бұл сәйкестік пе? Тергеу бар болғаны алты күнге созылып, кәсіпкер 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін ол іс бірнеше мәрте қаралып, 21 жылға соттау мерзіміне өзгертілді. Сұлтанбековті ұзақ жылға отырғызу үшін тағы бес қылмыстық іс қозғалған дейді ақпарат көздері. 2022 жылы 10 жыл түрмеде отырғаннан кейін кәсіпкерге қатысты үш қылмыстық іс қаралып, ол ақталып, босатылды. Жәбірленушінің адвокаты Юлия Джафарованың айтуынша, Сұлтанбековке қатысты барлық айыптар ойдан шығарылған екен.

Міне, енді осы іс қайта ақпарат көздеріне шығып, Нығматулиндерге қатысты тың деректер жарық көруде.

Abai.kz

7 пікір