Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Абай мұрасы 2719 0 пікір 11 Тамыз, 2022 сағат 15:00

Ол сыпатты қазақтан дүниеге ешкім келмепті...

Ел аузында бір сөз бар: бірде Абай өз шығарған сөздеріне мастанып:- Әке! Мен сенен асып тудым десе керек. Сонда Құнекең: - Менен асып туамын десең алдымен маған ұқсап өзіңнен асырып ұл туғызып ал-деген-мыс.

***

Бірде Жамбыл (Жабаев) атамыздан жазушылардың бірі сұрапты:- Сіз қазақтың арғы-бергі тарихында ең мықтысы, бірегейі деп кімді атар едіңіз?

Жәкең біраз ойланып: - Құнанбайдан артығы болмас, - депті.

- Қалайша?! - деп таң қалыпты жазушылар, - Абайды қайда қоясыз?

- Е,Құнанбай сияқты әкеден Абай туады да, - депті Жәкең. Кейінірек жаңағы жазушы сауалды Мұхаңа (Әуезов) да қояды. Мұхаң іркілмей:

- Абай деп жауап беріпті.

- Жоқ Мұха, олай емес екен. Жәкең басқаша жауап берді.

- Пәлі! Не депті сонда?

- Құнанбай депті.

Мұхаң үндемей ойланып қалыпты, сонсоң:

Иә, Жәкең тегін қария емес екен, - депті.

***

Арғын Тобықтының атақты биі Ырғызбайдың Өскенбайының жалғыз ұлы Құнанбай (1804-1885) бала кезінен айтқанынан қайтпайтын, өжет, бірбеткей, тікмінез болып өседі. Бойы ортадан биік, қол-аяғы сырықтай, маңдайы кереқарыс, жүзі нұрлы, ажарлы кісі болған көрінеді. Кезінде жаугершілік ұрыста оң көзінен айырылады. Жалғыз көзімен шаншылып қараған кезде кісінің дәті шыдамай бұрылып кетеді екен. «Абай жолындағы» орта жастағы Құнанбайдың сырт бейнесі осындай болып елестетіледі.

***

Құнанбайдың анасы Зере айтыпты: - Түсімде пірім Өскенбай кең алаша үстінде малдас құрып алып алтын сақаны иіріп отыр екен. Алтын сақа-ғайыптағы аңның құлжасынан алынған алынған білем. Алашаның үстіне тәйкесінен түскен сайын маңайына жарық сәуле шашатын көрінеді. Жорыған кісілер: бойыңа біткен қошқардай ұл, сол ұл есейе келе елді соңына ілестіреді депті.

Сонда туған ұл-атақты Құнекең екен. Сол Зере анамыз бертін келе әңгімелесіп отырады екен: «Мен Құнашты бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ, және омырауымды тазалап жумай, бисмилла деп айтпай емізген мезгілім болған емес», - депті.

***

ХІХ ғасырды поляк саяхатшысы А.Янушкевич «Құнанбай би... Барақ сұлтаннан аз-ақ үлкен, бұл да қыр еліне әйгілі адам. Қарапайым қазақтың баласы, жаратылысынан ақыл дарыған, зерек, қара сөзге шешен, ойлы, тыңғылықты кісі, халқының қамын ойлайтын, қыр елінің әдет-ғұрып заңына және шариғат жолына жүйрік, орыс елінің қырғыздар (қазақтар) туралы заң ережелерін де жақсы біледі, параға сатылмайтын әділ би, үлгілі мұсылман, қарадан шыққан Құнанбайды жұрт пайғамбардай көреді», - деп жазған.

***

Шәкәрім жазыпты: «Қажы марқұмның (Құнанбайдың) алдына келген қазақ намаз оқымай жүрген болса намаз оқушы еді, насыбай харам деп бір молла айтқан соң, насыбай атқандардың мұрнына тотияйын құямын деп насыбайшыларды да тиып еді. Бұрын зекет бермейтұғын қазаққа зекет бергізген де сол кісі еді. Осы күнгі Қарқаралыдағы мешіт сол кісінің салғызған құдайы қылған мешіті еді».

Ендеше шариғатта көрсеткен харамдардан тиып, халқын намазға жығылуға үйретіп, ең алғаш Алла Тағаланың 5 парызының бірі болған зекеттің орындалуына назар аударып, құдайға құлшылық жасайтын орын-мешітті де Арқа өңіріне алғаш салдырған Құнанбай десек қателесе қоймаспыз!.

***

Әйгілі Біржан мен Сара айтысында ақын Әріп (Тәңірбергенұлы) «Құтыма тіл тигізбе, ер Құнанбай, алашқа шыққан даңқы кер бұландай» деп ұлы додада дәріптейді.

***

М.Әуезов, Құнанбай туралы: «Қолға найза ұстап, астына жүйрік ат мініп, өз малын өзі бағып, жауға шапқыш, жау түсіргіш жігіт болған... Құнанбай қолмен келе жатқан қазақты жиып алып, Құрқұдықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қас қылмау,а уәделесіпті. Кейін атыс болғанда Жуантаяқ Төбет дейтін батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай қуып жүріп сабап, боқтапты»-деп тағы бір қырынан жазады. Бұл жерден біз Құнекеңнің орыс отаршыларына жаны қас болып,  ұлт азаттық көтеріліс басшысы Кенесарыны іштей қолдағанын көреміз.

***

Шөбересі Ахат Құдайбердіұлы: «Әкесі молдадан оқытып, Құнанбай шала хат танып қалса да, әкесі Өскенбайға келген хаттарды бір-біріне салыстырып, өз талабымен хаты толық танып, түрікше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болды. Қазақ балаларының, сахара жұртының сауатты, көзі ашық болуын көздеген Құнанбай өзінің күзегінен алғаш рет ұста жалдап, там салдырып, мұсылманша мектеп ашады. Жылына Түркістанға бір мәрте керуен жіберіп, түрік тіліндегі шығыс әдебиетінің жұлдыздарының кітабын тең-тең етіп алғызып, шәкірттерге таратып беріп отырған. Қағаз-қаламды да өз қаражатымен алғызған... Сол мектептің орны - «Ескі там» әлі бар», - деп жазыпты.

***

Шәкәрім: «Омбыдағы орыс ұлығының назарына ерте ілігіп, жұртқа жаққан қызметі үшін әуелі старшын, сосын аға сұлтан шенін алған. Құнанбай қашан Меккеге қажылық сапарға барғанша ел адамдары «Мырза» деп атап кеткен. Ел аузында бұл кісінің діндарлығы мен ел билеу жөніндегі ірілік, мықтылығы, алысты болжағыш ақылдылығы көп айтылады. Одан соң  мінезінің суықтық, қаттылығы, сонымен бірге мырзалығы жайынан көп кездеседі. Намаз оқушы кедейлерге ат беру, киім беру сияқты әдеттері көп болса керек...», - деп жазады.

***

Абай атамыз арқа сүйер білімді ұлы Әбіш өлгенде: «Арғы атасы қажы еді, Бейіштен татқан шәрбетті. Жарықтықтың өнері айтуға тілді тербетті. Адалдық, ақыл жасынан, қозғапты, тыныштық бермепті. Мал түгіл жанға мырза еді, әр қиынға сермепті. Мұңды, шерлі, жоқ-жітік, аңсап алдын кернепті. Бәрінің  көңілін тындырып, біреуін ала көрмепті. Әділ, мырза, ер болып, әлемге жайған өрнекті. Тәубесін еске түсіріп, тентекті тиып жерлепті. Қазақтың ұлы қамалап, іздеген жүзін көрмек-ті. Ақылынан ап қайтқан, өлгенше болар ермекті. Ол сыпатты қазақтан дүниеге ешкім келмепті. Өлмейтін атақ қалдырып, дүниеге көңілін бөлмепті. Жарлығына Алланың ерте ойлаған көнбек-ті», - деп әкесі Құнанбайдың ұлағатты істерін, өнегесін тебірене еске алады да: «Олар да тірі қалған жоқ, тірлік арты өлмек-ті. Оны да алды бұл өлім, сабырлық қылсақ керек-ті», - деп өзіне жұбату айтады.

***

Құнанбай бірде Шорманның Мұсасына: «Пұт болдым деп мақтанба, Пұттан да ауыр батпан бар. Биікпін деп мақтанба, Асқар-асқар таулар бар, Ар жағында аспан бар. Басыма бақыт қонды деп, тосылмаймын енді деп, алдаушы жалған дүниеген ғапыл болып азбаңдар. Қарсы келген дұшпанның, басы келіп иілсе, Оған да қыл бостандық, аяққа салып баспаңдар», - деп тәкаппарлығын басыпты дейді.

Енді бірде басына іс түсіп Сібірге айдалып келген керей Бейсеке деген кісіге: «Жаңылмас, қате баспас хан бола ма? Тапжылмас, табан таймас жан бола ма? Бәйгеге күнде қоссақ алдын бермес, тұлпарда арықтаса сән бола ма? Шықпайды жан, кесімді қаза келмей, асыл ерлер өтті ме, наза көрмей? Ел үшін еңбек етіп азап тартқан, мақшарда бейішке енер жаза көрмей», - деп жігерлендірген екен.

***

Ел аузында Құнекең айтты деген сөз біршама көп. Соның бірі: «Бақ тайса ажарыңа қарамайды. Біреуді біреу сырттай табалайды. Басына қарапайым бір іс түссе, қылды деп білместікпен шамалайды, «Адамның басы - Алланың добы» деген, дәм тартса әр тарапқа домалайды».

***

Құнанбай жер ортаға келіп ел билігінен бірте-бірте суынып, бұл дүние қызғынан ол дүние қызығына ойша ойысып, тақуалыққа бет бұрғаны мәлім. Сол кезде Түркістандағы әйгілі Қарнақ медресесіне арнайы адам жіберіп, осы медресенің түлегі, әрі көкірегі ояу, қажырлы Бердіқожаға пейілі түсіп, кейінше араларынан қыл өтпейтін дос болады, үйелменімен жанына көшіріп алады. Құнанбай қалыптастырған ортадан оның белінен өрбіген Абай мен Шәкәрім, сонымен қатар Бердіқожаның шөбересі әлем таныған жазушы Мұхтар Омарханұлы да дүниеге келіпті. М.Әуезовты «Абайдың баласы екен» дейтіндер де бар. Әрине, Ол (Әуезов) - Абайдың рухани баласы.

«Алыпты - алып ғана арқалай алады». Алаш қайраткерлерінің аманатын ақтаған Әуезов Абайды әлем көгіне арқалап шығарды. Абайды әлемге мойындатуы арқылы қазақ деген халықты дүниеге паш етті. Сол арқылы өзінің де ұлылығын көрсете білді.

Иә, қазақ халқының бетке ұстар осы үш алыбы «жұрты пайғамбардай жақсы көретін Құнанбайдың» (Янушкевич) ауылында туып, қазақ деген ұлттың ұлылығын әлемге мойындатты.

***

Абай 39 жасында өзінің әйгілі 37-ші қара сөзіндегі мына жолдарды әкесінің басына тәжім етіп шығарған деген жорамал бар: «Дүние-үлкен көл, заман-соққан жел. Алдыңғы толқын-ағалар, артқы толқын-інілер. Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер».

***

Айтпақшы,1992 жылы 8 желтоқсанда Н.Назарбаевтың араб елдерін аралап қайтқан сапары бойынша республикалық теледидардан сұқбат берді. Сонда бір көрермен: «Меккедегі Құнанбайдың үйін көрдіңіз бе?» - деп сауал қойғанда Елбасы: «Көрдім, сол тарихи такия жайды жөндеп қалпына келтіруді ойластырған жөн», - депті.

Демек, Сириядағы Әл-Фараби, Мысырдағы бейбарыс зираттарына жөндеу жүргізіп, ата-бабалар аруағын ұлықтаған біздің Үкімет, Меккедегі екі ғасыр бұрын Құнекеңнің қазақтарға арнап салдырған қонақ үйіне де назар аударатын мезгіл жеткен болар!

Әзірлеген Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

0 пікір