Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 6460 0 пікір 18 Шілде, 2022 сағат 14:58

Жауынгерлік ту - өр рух белгісі!

Кез келген мемлекет үшін арнайы қасиетті нышандар болады. Мемлекеттік дәрежеде ол ту, елтаңба және әнұран. Бұл мемлекеттің тәуелсіз әрі өз алдына ел екенін айшықтайтын басты белгілер.

Ал бұл белгілерді және мемлекетті қорғайтын не? Әрине әскер. Қарулы күштер. Қуатты әскер - қуатты мемлекет. Бұл ежелден қалыптасқан, өзгермес қағида. Қазақстан әскерінің өз нышандары барын да айта кетуге тиіспіз. Әр бөлімшенің, әр күштердің өз туы, ұраны және нышандары бар. Бұл да өте маңызды. Әскердің туы дегеніміз намыс, қайсарлық және мықтылықтың белгісі. Туды құрметтеуді қазақ ежелден білген және хан алдында туұстар батыр ең айбынды баһадүрлерден таңдалып алынған. Ұрыс даласында байрақтың құлауы, елдіктің шайқалуы іспеттес қабылданған және ол шындық.

Қазақ жауынгерлік туды жоғары ұстауды ұрпаққа үлгі еткен, өнеге тұтқан. «Ту түбінде тулап өлген Қазымбет» атты сөз тіркесі содан қалған. Қазақ-жоңғар шайқасында жанынан туды артық көріп, кеудесіне жау жебесі қадалса да байрақты жықпай, елдікті тік ұстаған Қазымбет батырдың әрекеті туға деген, жауынгерлік байраққа деген қазақтың бір нақты көрінісі. Бұл қазір де өзекті, қазір де маңызды.

Елімізде әскери рәміздер күні де бар. Бұл дата 1996 жылғы 18 шілдеде Елбасының «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери рәміздері туралы» Жарлығының қабылдануымен байланысты құрылған болатын.

Әскери рәміздердің терең патриоттық және рухани-адамгершілік мәні бар. Оларға әскер түрлерінің тулары, әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары және Қарулы Күштердің рәмізі (елтаңбасы) жатады. Елтаңба бес бұрышты жұлдыз түрінде жасалған. Алтын сұлбамен көмкерілген жұлдыздың ортасында сәулесі бар күн мен оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Қыран қашанда өрліктің, мәрттік пен батырлықтың символі. Ал күн адамзатқа ортақ, жарықтың нышаны, түнекке қарсы күш.

Құрлық әскерлерінің, Әскери-әуе күштерінің, Әуе қорғанысы күштерінің және Әскери-теңіз күштерінің тулары әскери ұжымның ерлік пен даңқ, бауырластық пен бірлік идеяларын бейнелейді. Олар Жауынгерлік туда Отанға адал болуға ант береді. Жәдігер әрбір сарбаздың қаны мен өмірін аямай, Отанды қорғау – қасиетті борышын бейнелейді.

Жауынгерлік әзірлікте және мемлекеттік-құқықтық дайындықта ерекше көзге түскен офицерлер, әскери қызметшілер мен әскери оқу орындарының курсанттары бөлімнің жайылған Жауынгерлік Туында суретке түсу құрметіне ие болады.

Әскери рәміздер арқылы Қарулы Күштердің мемлекеттік тиесілігі анықталады. Ол Отан қорғаушының ұлттық болмысын және халықтың рухани құндылықтарын ықшам көрнекі құралдар мен түс гаммаларының көмегімен көрсетеді. Әскери рәміздер жауынгерлік рух пен жеке құрамның еліміздің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау жөніндегі міндеттерді орындауға дайындығын арттырудың тиімді құралы болып табылады.

Жауынгерлік тудың маңызын адамзат тарихының сан түрлі соғысы көрсетіп берді. Екінші жаһан соғысында қазақ сарбазы Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа ту тігіп, зұлымдыққа қарсы нүктені қойды. АҚШ сарбаздары Жапониямен соғыста Иводзима түбінде ту тіккен сәті әлем тарихына алтын әріппен жазылды, ал Қарабақ соғысында Шушаны басқыншы армян әскерінен қайтарған Әзербайжан сарбаздары ту тігіп, отанды азат еткенін жариялады. Бұл әрекеттің барлығында мемлекеттік тумен қатар, жауынгерлік ту да қатар желбіреді. Міне, бұл нағыз үлгі боларлық әрекет.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3563