Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
2216 2 пікір 9 Тамыз, 2022 сағат 15:40

Тоқаевқа қастандық. ҰҚК не дейді?

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қастандық жасамақ болған күдіктінің жеке мәліметтері мен қандай қылмысқа қатысы бар болуы мүмкін екенін айтып берді.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы журналист Аян Атығаевтың Президентке және бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілерге қастандық ұйымдастырған шетелдік агент екендігі туралы хабарлаған болатын.

«ҰҚК Атығаев Аянға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, 1-бөлігі және 255-бабы, 4-бөлігі бойынша қылмыстық істі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз»,-делінген ҰҚК хабарламасында.

24-бап, 1-бөлім – қылмысқа дайындық, ал 255-бап 4-бөлім –  Қоғамдық қауiпсiздiктi бұзу, халықты үрейлендiру, Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, шет мемлекеттiң немесе халықаралық ұйымның шешiмдер қабылдауына ықпал ету, соғысқа арандату не халықаралық қарым-қатынастарды шиеленiстiру мақсатында жасалған, адам өмiрiне қол сұғу, сол сияқты дәл сол мақсаттарда, мемлекет немесе қоғам қайраткерiнiң мемлекеттiк немесе өзге де саяси қызметiн тоқтату не осындай қызметi үшiн кек алу мақсатында жасалған оның өмiрiне қол сұғу не халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, адамды кепiлге алумен, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, әуе немесе су кемесін, жылжымалы темiржол составын не өзге де қоғамдық көлiктi айдап әкетумен, сол сияқты басып алумен ұштасқан адам өмiрiне қол сұғу.

Күдікті осы баппен сотталатын болса, мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Еске салайық, ҰҚК 3 сәуірде Президентке жасалған қастандық жасамақ болған күдіктінің ұсталғанын  хабарлаған болатын.

 

Abai.kz

2 пікір