Сенбі, 20 Сәуір 2024
Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі: 3435 21 пікір 9 Тамыз, 2022 сағат 15:11

Асекең мен Мұхаңдар араша сұрап жатыр...

Есім-сойлары елімізге белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет майталмандары Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов пен Жоғары соттың төрағасы Жақып Асановтың атына үшбу хат жолдап, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұрапты.

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына араша сұраған хаттың мәтіні Abai.kz порталының редакциясына да жолданыпты.

Хатқа Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Медицина Ғылым Академиясының және Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Төрегелді Шарманов, Қазақстанның халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұхтар Шаханов, КСРО Халық әртісі Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған өзге де танымал тұлғалар, «Шапағат медалінің иегерлері», «Құрмет орденінің иегерлері», КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі Дарико Хасанғалиева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Хасен Смагулов,  Музыка зерттеушісі, өнертанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Пернебек Момынов ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Дәлел Уәш, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Ая Қалиева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Мәдина Сәдуақасовалар қол қойған екен.

Олар экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тергеу ісінің әділ өтуін талап  еткен. Араша хатта Арыстанбек Мұхамедиұлының  мәдениет пен өнер, спорт саласына сіңірген еңбегі мен ел алдындағы азаматтық адалдығы туралы айтылған. Сондай-ақ, министр болған тұста ұлт руханиятын дамыту жолында қабылданған заңдар мен қолға алған көптеген ауқымды жобалар және еліміздің мәдениет пен спорт саласында жеткен жетістіктеріне тоқталған.

Хаттан үзінді:

«Арыстанбек Мұхамедиұлының басқа игі істерінен бөлек, оның тікелей бастамасымен Қазақстан тарихында алғаш рет «Кинематография туралы»,Тарихи, мәдени мұраларды сақтау туралы» заңдар қабылданды. Әр жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтіліп жатқан «Ұлттық домбыра» күні де - Арыстаньбек Мұхамедиұлының тікелей қолтаңбасы.   

Ұлтым, жұртым, өнерім деп ішкен асын жерге қойған азаматтан елдің қаржысына қол салатын арсыз қылық шықпайтынына қарт жүрегіміз сенімді», - деп жазылған араша хатта.

ҚР Мәдениет және спорт министрі қызметінен алынған Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Ұлттық мұражайын басқырған еді.

Мамырыдң орта шенінде Нұр-Cұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген.

Ал 17 мамырда Қазақстан Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы үйінде тінту жүргізілген кезде ауруханаға жатқызылғаны хабарланды.

Мамырдың аяғында (28 мамыр) Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қамауға алынғанын мәлімдеді.

«ҚР Ұлттық музейінің лауазымды тұлғаларына және басқа да тұлғаларға қатысты «Алтын адамның әлем музейлері шеруі» халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт аясында 146 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды.

2022 жылдың шілдесінде Нұр-Сұлтанда бұрынғы мәдениет министрі, Қазақстан ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша тергеу соты басталды.

Abai.kz

21 пікір