Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 3772 3 пікір 9 Тамыз, 2022 сағат 14:23

Құдайдың «құдасы»

Бір күні Мұрман Мұғматуллин деген мырзаны  көшеде келе жатқанда, машина қағып кетті де, тура анекдоттағыдай оқиға болды.  Шіреніп қайтыс болды. Жол шетінде шіреніп жатты. Кейпінде адам баласын менсінбеу, тәкаппарлық бар.  Содан, ол о дүниеге визасыз жөнелтіліп, Құдайдың алдына келді. Құдайдың кабинеті кең еді, жылап-еңіреп кірген Мұрман Мығматуллин басын иіп, тізерлеп отыра кетті.

– О, Құдайым! Мені неге өлтірдің? Мен деген бұрынғы сенат спикерімін ғой! Кімсің? Мұрман Мығматуллинмін!

– Сен Құдайыңды, мені ұмыттың! Менің құдамсың ба?

– Жооқ, о не дегеніңіз, аса мәртебелі Құдай!

– Президент кетті, сенің де бағың тайды, сосын бейшара болып жүрмесін деп, ажалмен амандастырдым.

– Бірақ, менің жарық дүниеге қайтқым келеді, көп нәрсені жұртқа айтқым келеді –деді, ол күрсініп.

– Халықтан, әсіресе, сен тапсырма беріп, жазықсыз соттатқан, кейін ақталған әкелі-балалы Қатайыптардан кешірім сұрайсың ба?

– Ия, ия!

– «Салықтан жалтарды, ақша жымқырды» деп оларға жала жапқыздың. Ал, сенің балаң «Қазфосфат» бастығы болып жүріп, былыққа батты. Жарайды, бір жолға кешірейін, жарық дүниеге қайта ғой, – деді Құдай. Мұрманның көзіне екі шелектей жас келді. «Болды, дүниені шайқадым, Залым екенімді байқадым. Енді шетелге қашып кетіп, адамша өмір сүремін!» – деп ойлады ішінен. Ішінен Құдайдың өзін менсінбей тұрғанымен, өтірік жылады. «Кешіріңіз, киім бермейсіз бе?» – деп сұрады мөлиіп. «Саған тас та жоқ! Жарық дүниеге жалаңаш әкелген едім, жалаңаш қайта ғой!» – деді Құдай.  «Дамбал...» «Бар, бар!» Содан, ол жарық дүниеге аспаннан терминатор сияқты топ ете қалды. Тыр жалаңаш болып.  «Өләә, мына кісі жынды ма?» – деп таң қалды бір қыз. «Моншадан шыққан шығар?». «Моншадан шықса, жалаңаш жүруі керек пе?». Бұрынғы спикер, өзін құқық қорғаушылар танып қоймас үшін, жыртық көйлек, ескі шалбар тауып киіп алды да, мұрын астына мұрт жабыстырды. Көзіне қара көз әйнек киді. Сол күйі, көшеде шіреніп келе жатыр еді, бір кісі:

– Ойбай, сіз Мұрман Мығматуллин емессіз бе? – деп шырамытты.

– Жоқ, Құдаймын! – деді бұл. Сол екен,  бір «Камаз» жүйіткіп келіп, оны мыжып кетті.  Құдайдың алдына тағы келді еңіреп.

– О, Құдай, халықтан енді кешірім сұрасам ба – деп жүргенде, өлтіре  салғаныңыз қалай – деп сұрады. Сонда Құдай мысқылдап: «Ей, пендем, шынымды айтсам, сені мұртыңнан танымай қалдым!» – деді. Бірде Құдай, бірде Құдайдың құдасы болып жүрген бейшара сол жерде үшінші мәрте «өліп» қалды. Халықтың  алғысын емес, қарғысын алған соң, осы да... Кешіріңіз, мұның бәрі қиял болғанымен,  ол қазір тірі өлік...

Мұхтар Шерім

Abai.kz

3 пікір