Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3480 0 пікір 8 Желтоқсан, 2012 сағат 12:46

Күй көркемі (Халық Қаһарманы, атақты сазгер Нұрғиса Тілендиевке арнаймын)

Бірінші бөлім

Емхана іші.
Бөлме тыныш, жап-жарық.
Жүргендер жоқ ары-бері сандалып.
Құстөсекте торсық шеке бір арыс,
Сұлап жатыр тіршілікке таңданып.

Көрсе-дағы талай-талай құқайды,
Ақ шалмаған сұйық шашын сипайды.
Сығымдады салалаған саусағын,
Ұштасады бір қайғы мен бір қайғы....

Жаңа жазған опера анау бітпеген,
Жеткізе алмай жеріне оны діттеген.
Симфония аяқталмай ол қалды,
Кездесті де мына сәтке күтпеген.

Егеменді Ел жайлы анау шығарма,
Қалды ұқсап
шыңға шыққан шынарға.
Түрі жаман мына сырқат кәпірдің,
Жығар ма екен, өстіп барып бір орға.

Кілең болат.
Темір емес тотығар,
Жүрегінде лапылдаған оты бар.
Домбыраның дүркіреген перісі,
Алыстады оркестры «Отырар».

Балалар жас қанаттары қатпаған,
Әлі күнге әудем жер-ау аттаған.
Әлі күнге жас түлек пен тастүлек,
Ала алмайды қырғауылды қаптаған.

Кездесетін алда жаңа ғасыр бар,
Аңсап жүрген ақ берен күй басылар.
Махаббаттың тұнық әнін арнаған,
Бар тағы да Дариғадай асыл жар.

Кез де қалды жүз граммен емделер,
Жастан кетті аруды алға өңгерер.
Өз жай-күйін өзі білер бұл күнде,
Не деп айтса, о деп айтсын өзгелер.

Бірінші бөлім

Емхана іші.
Бөлме тыныш, жап-жарық.
Жүргендер жоқ ары-бері сандалып.
Құстөсекте торсық шеке бір арыс,
Сұлап жатыр тіршілікке таңданып.

Көрсе-дағы талай-талай құқайды,
Ақ шалмаған сұйық шашын сипайды.
Сығымдады салалаған саусағын,
Ұштасады бір қайғы мен бір қайғы....

Жаңа жазған опера анау бітпеген,
Жеткізе алмай жеріне оны діттеген.
Симфония аяқталмай ол қалды,
Кездесті де мына сәтке күтпеген.

Егеменді Ел жайлы анау шығарма,
Қалды ұқсап
шыңға шыққан шынарға.
Түрі жаман мына сырқат кәпірдің,
Жығар ма екен, өстіп барып бір орға.

Кілең болат.
Темір емес тотығар,
Жүрегінде лапылдаған оты бар.
Домбыраның дүркіреген перісі,
Алыстады оркестры «Отырар».

Балалар жас қанаттары қатпаған,
Әлі күнге әудем жер-ау аттаған.
Әлі күнге жас түлек пен тастүлек,
Ала алмайды қырғауылды қаптаған.

Кездесетін алда жаңа ғасыр бар,
Аңсап жүрген ақ берен күй басылар.
Махаббаттың тұнық әнін арнаған,
Бар тағы да Дариғадай асыл жар.

Кез де қалды жүз граммен емделер,
Жастан кетті аруды алға өңгерер.
Өз жай-күйін өзі білер бұл күнде,
Не деп айтса, о деп айтсын өзгелер.

Тағдыр заңы шырма-шату мың қабат,
Асыр салған құлаққа әуен тыңдалад.
Қара мысық кіріп кетіп қарынға,
Жатқандай-ақ ет жүрегін тырналап.

Лайлы әуен барып-барып тұнады,
Артты ойдың салмағы да құнары.
Тыңдап жатыр тыным алмай бір минут,
Нұрағаңның лакатрдай құлағы.

Естілсе егер, бірі иттей ыңырсып,
Естіледі екінші әуен қылымсып.
Енді бірі аңсарыңды басады,
Емгеніндей қулықтан кеп құлын сүт.

Самал ессе сәби үнмен гуді үрлеп,
Тағы бірі кісінейді гүлдірлеп.
Соқса бірі дауылындай даланың,
Екіншісі жан жылытады күмбірлеп.

Шықса бірі бозторғайдай шырылдап,
Төзе алмайсың төбе құйқаң шымырлап.
Тағы бірі құшағында аяздың,
Тербелтеді тартқан сымдай ызыңдап.

Саңқылындай естілсе егер қыранның,
Және бірі шықты үні боп бұланның.
Таң алдында аш қасқыр боп бассалған,
Құлынының дауысындай құланның.

Сияқтанған асқар таудың көшкіні,
Күй көлінің толқындары естілді.
Асыл жар мен балаларын күлдіріп,
Елес болып көз алдында дос тұрды.

Кейбіреуін ноталарға түсіріп,
Үлгере алмай жатты дерттен қысылып.
Қыз меңіндей май кілкіген бетінде,
Қымыз-дағы тұрды бітпей ішіліп.

Ауырсынтты бүйрек пенен бауыры,
Осылай боп күй Нарының ауруы.
Сабыр сақтап жатты сазгер
бір кезгі
Сапыратын қарлы-жаңбыр дауылды.

Біраз жатып өзін-өзі шыңдады,
Ар жағынан құштарлығы тынбады.
Қолын созып сергиін деп азырақ,
Қасындағы қобдишаны тыңдады.

«Тілендиев, күйдің аты - «Әлқисса»,
Тыңдаңыздар!
Орындайтын Нұрғиса».
Деген диктор сөзінен соң
желпініп,
Кетті күйден, отты күйден бір хиса.

Екі ішектің құдіреті басталды,
Қанатымен шарлап сонау аспанды.
Бұлбұл үні, жыр жұлдызы шарықтап,
Осылайша басталды күй дастаны.

Біраздан соң «Көшкеруені» басталды,
Жан толқытып ат үстінде жастарды...
Күй толқыны гүл біткенді тербетіп,
Кең дала мен басты қарлы асқарды.

Асып кетті биік-биік таулардан,
Күй күмбірі тарауланды тарлаудан.
Сұқсыр іздеп су жағасын шарлаған,
Сұңқардайын бір талмады самғаудан.

Көкорайма көріктенген келбетті,
Көк жайлаудың көсілген кең елдегі.
Тұлғалары күй тілімен жырланды,
Аспан асты, жердің үсті тербелді.

Қозықадай секірген тау сулары,
Домбыраның шанағынан тулады.
Көкалалы көп жылқыны қайырған,
Жылқышының жиреніндей зулады.
Көз алдына «Көшкеруені»елестеп,
Көрінгендей түйелері белес боп.
Жемжеміл мен Құмжемілдің хош иісін,
Пұратады алдан соққан жел ескек.

«Қайран, Дала-ай!
Жұпар иісі пұраған,
Кәусар толқын тік жартастан құлаған!»
Деді-дағы пипсиколды ары қойды,
Күрсінді де үлкен талант - Нұрағаң.

«Ол кездерім жалындаған жас еді,
Өнерге де, ойынға да мас еді.
Күйлерім мен әндеріме сол шақтың,
Тимей қойған жоқ еді-ау әсері».

Деген оймен жатқан кезде әбігер,
(Баян қылар сөздері бар тағы дер).
Аяқтарын еппен басып, сынықсып,
Сөйлей келді бекітілген дәрігер...

***
Композитор емханада ауырып жатқанда Елбасы «Халық Қаһарманы» белгісін әкеліп таққан еді

Келіп қалды...
- Иә, иә, келді, әне.
Абыржумен бас дәрігер көрді, әне.
Өнердегі Нұрағаңа бәйек боп,
Өмірдегі тағы бір Нұр келді әне.

Бір Нұр менен екінші Нұр өбісті,
Кеңігендей болды олардың өрісі.
Арадағы қуаныш пен қайғыны,
Шарадағы қымыздай ғып бөлісті.

Көл көңілде қанаттанды көгілдір,
Көбелектей бұлт та жоқ көгім тұр.
Аспан асты Алатаудың бауырында,
Күн қалада табысты кеп екі Нұр.

Қандай ғажап табысқаны Нұрлардың,
Бұлбұл болып ойға жетті қырдағы үн.
Қарлығаштың балапаны секілді,
Қанаттанды менің-дағы жырларым.

Жүрегімнен ұшып шыққан жырларым,
Күлкісіндей қосылысқан Нұрлардың.
Осы кезде тартты менің көзімді,
Қызғалдақ боп ұялапты қырға күн.

Ғажайып боп ой тербеген қырдағы,
Қуаныш боп елестеді жырдағы.
Әнге толды бұлбұлдардың дауысымен,
Алатаудың баурайындағы күз бағы.

Айналадан алтын сәуле ағылды,
Қанаттары жанды тербеп қағылды.
Күй Нарының кеудесіне
Елбасы
Қолыменен ұлы орден тағылды.

Дана күйші баладайын қуанды,
Қуанды да бұл атақты құп алды.
«Сарыарқа да», «Адай да» емес,
жап-жаңа
Сазды шалды лакатрдай құлағы...

Аспандағы ақ шарпы бұлт сияқты,
Нәзіктенген лебізінде ұяты.
Тұнықтағы тұмалардай,
ақ жарқын
Шаттығы бар.
Қиялында күй жатты.

Айналада лаулағандай сан түрлі от,
Ду-ду,
гу-гу
кетті бойды әлдилеп.
Адамдардың сөздері мен күлкісі,
Нұрғисаға естіледі ән-күй боп.

Секунд сайын қуанышы артқандай,
Ұлы өнер шабыттанса мәрт қандай?!
Күліп жатыр,
сөйлеп жатыр күй Нары,
Көрерменге жаңа күйін тартқандай...

Қуаныштан жанары сәл алды жас,
Шөліркеген сусынына қанды рас.
Ақ қайыңның ұшқан жапырағымен,
Нота болып қалықтады қарлығаш...

Жатқан кезде деп «Құдайым қолдасын!»
Жатқан кезде тамағына ем басым.
Осы жерге іріленіп шақырмай,
Кім ойлаған келеді деп Елбасын.

Кестелеген тақиясы басында,
Дариға мен Қаршыға да қасында.
Кім ойлаған келеді деп Президент,
Атақ беріп, жетпіс асқан жасында.

Әлде елдесі болған соң ба
келгені?
(Ойламайды десеңші осы ел нені)
Ойлай берсін...
Ұлт Өнерін ұлы деп,
Елағасы басын иіп келгені.

Бізге мұрат.
Ту ғып ұстап сенгені -
Тамаша рух, тамаша жыр елдегі.
Тағы емес, Бағы санап Өнерді,
Осы үшін Нұрғисаға келгені.

Ұлы мұрат Елбасының сенгені,
(Айдынымен салтанатты көлдері).
Домбыраны сүйген үшін жасынан,
Нұрағаңа Нұрсұлтанның келгені.

Бала кезде өтті оқиға сан алуан,
Оның бәрі жастығымен саналған.
Домбырамен алғаш қызға сыр айтқан,
Оған куә осы күнгі Шамалған...
Бәрі ғажап шақта мынау жас келген,
Қазір болса айтылатын басқа өлең.
Тұңғыш рет домбыра үні толқытқан,
Оған куә толқындары Қаскелең...

***

Сонау кезден тебіреніп күні-түн,
Сүйсіндіріп, сұмдық сүйген ұлтын.
Нұрғиса аға!
Алдыменен біз үшін,
Қазағымның қалқан құлақ ұлысың.

Сен шығарған айтсам бітпес күй атын,
Есімің жыр дастаныма сиятын.
Алдыменен күй қанатын білеміз,
Бір өзіңдей Тілендидің қияғын.

Бара алатын неге болса батылы,
Алдыменен ағалардың асылы.
Қазағымның кең аспанын шарлаған,
Қаз қанатты әсем әндер ақыны.

Беу, Нұраға!
Барлық ақын жырысың,
Деп айтпаймын көп сазгердің бірісің.
Ұлы Ахмет Жұбановтай қазақтың,
Сахнадағы саңлақ дирижерісің.
Алатаудың асқарындай ірісің,
Айтатұғын ғасырлардың жырысың.
Сұрапылдың суығымен сұстанған,
Соғыс күнін көргендердің бірісің.

Мінезіңде салқыны бар қатал таң,
Қалған шығар сол күндегі қаһардан.
«Отырардың сазыменен» даңқты ең,
Бүгін аға, атандыңыз Қаһарман.

Сонау кезден тебіреніп күні-түн,
Сүйсіндірген,
Сұмдық сүйген ұлтын.
Болмасаң да Халық Қаһарманы сіз,
Нұрғиса аға!
Онсыздағы ұлысың.

Егеменді ел арқасында батыл боп,
Бара жатқан ғалым, сыншы, ақын көп.
Өнер отын осылайша қолдаған,
Елбасына көп рақмет!
Рақмет!

Халық Қаһарманы болдың.
Қолдаймыз,
Ортамызға құт әкелді сондай күз.
Кең аспанды күйге бөлеп
біз енді.
Тойлаймыз кеп,
Тойлаймыз кеп.
Тойлаймыз!

Екінші бөлім

«Өлмейтін пенде жоқ. Бірақ не бітірдім деп өлесің, осыны ойладың ба?»
Нұрағаның журналист
інісіне айтқан сөзінен.

Қызыл-жасыл шынылардан құйылған,
Құтылары ойыншықтай құбылған.
Ыдысы үлкен болмаса да
дәрінің,
Дәріханада тұрады оның құны нән.

Өзі сирек табылатын дәрілер,
Өзі қымбат.
Салады әрі әбігер....
Бүйрек, жүрек, бауырларға арналған,
Мұның жайын білетін тек дәрігер.

Заманадан аты шығып құтайған,
Бұл дәрілер шыққан Тибет, Қытайдан.
Индия мен Америкадан да бар,
Әсері аз.
Тек құр үміт Құдайдан.

Бәйек болып жүрсе-дағы үй-іші,
Сағат сайын кетті әбден күйісі.
Ордасына айналғандай жыланның,
Тыныстатпай дөңбекшітті жиі іші.

Неше түрлі инелер де қолданды,
Шетелдерден дәрілер де жолданды.
Мұның бәрі көңіл үшін болды да,
Амал нешік, шипалану болмады.

Көздерінде әуездерден жас тамған,
Күрсінеді жабырқаумен жақсы ән.
Ұлы талант Нұрекеңнің сырқаты,
Өкіндіріп ем қонбастай асқынған.

Осыншалық Жаратқанның неткені,
Өкіндіріп тіршілікті тектеуі.
Бүйрек іріп, бауыр толып сары суға,
Қинады-ау
емнің қонбай кеткені.

Жатты бірақ емдеу жолы жалғаса,
Атырумен үмітпенен таңды аса.
«Үмітсіздік - шайтан» деп біз айтсақ та,
Болды бәрі құр әншейін далбаса.

Күйзелдірді шыққан күн мен батқан ай,
Мамық төсек жамбасына батқандай.
Атар таңнан үміті де үзілген,
Ажалдан да отырған жоқ сақтанбай.
Тау ғана емес, бұлттан ары асқанмен,
Жүрсең-дағы жұлдыз болып аспанмен.
Қаза деген қарыс жерден табылар,
Құтылмайды одан адам қашқанмен.

Өз рухын ешкімге де тонатпай,
Болды өмірден аттанатын қонақтай.
Дос-жаранға өзі айтып ақылды,
Беки берді болған іске болаттай.

Нұрғисаның соңғы сөзі
немесе
Дариғамен тілдесуі

Шіркін, дүние!
Шыр айналдың төбемнен,
Шырайыңда жоқ ешқандай көнерген.
Келбетіңді қия алмай жатырмын,
Кездерінде қызығыңа бөленгем.

Жалғаныңды жалпағынан кешкен ем,
Ескегім де қалмап еді еспеген.
Ажал деген арсыз екен
мінеки
Келе жатыр қойыныма еш шешпеген.

Оған күн де, керек емес оған Ай,
Жерлері жоқ кететұғын жоламай.
Өнерің де, өлеңің де бір тиын,
Барып тұрған, барып тұрған қомағай.

Жарық дүние жүрегіме орнаған,
Жарқылдаған жас айбынмен толған ән.
Жанарымның оты сөніп барады,
Жан далбаса, денем дел-сал толғанам...

«Алтын таулар», «Достық жолмен»,
«Менің Қазақстаным»,
Талантымнан тауларыма ұшқаным.
«Ататолғау» менен «Арман», «Махамбет»,
Заманалар биігінен құшқаным.

Солар менің махаббатым, сүйгенім,
Иманымдай көкірегіме түйгенім.
Сол қолыммен солқылдатып шертетін,
Солар менің сұңқар қанат күйлерім.

Жарлы байып, жастарымыз өседі,
Самалымыз «Сарыарқа» боп еседі.
«Жан әкелер» жары болған мәңгілік,
«Аралдағы жеңешелер» қош, енді.

«Сарыжайлауым» - Мұқағали жүрген жер,
«Жан сәулем де» - Тұманбайым күлген жер.
«Алатау» мен «Баян тауым» тегінде,
Нұрғисадай дара бозын білген жер.

«Баянжүрек»1 - Дариғашым жүрген жер,
Қиялымның қырмызына тимеңдер.
Сол өлкеге сұлу жырды арнасаң,
Ризамын,
Мені жақсы сүйгендер.
Бұл шын сырым жүрегімнен жарылған,
Көңілімнен кінәратсыз ағылған.
Ешкімге де басымды имей жүріп мен,
Ең соңында саған ғана бағынғам.

«Баянжүрек» - Дариғашым дидары,
Бақтары мен шатқалдары - күй бәрі.
Жазылмаған дертіме де осылар
Көзім жетті боларына сый дәрі.

Аспанымда қалықтаған «Аққұсым»,
Тағдырыма қонған менің бақ құсым.
Шамырқанғыш шалыңды сен көндірген,
Дүниенің бәрінен де жақсысың.

Дүниенің бәрінен де мықтысың,
Аспандағы айдан сұлу, сүт мүсін.
Бірақ жаным!
Сен Ақан боп зарлама,
Бүгін менің Құлагердей бітті ісім.

Бұдан былай қалар қаусап сүйегі,
Домбыраның қурайды енді тиегі.
«Мекеніме» кеткеннен соң
Аяулым,
Бәрінен де саған ауыр тиеді.

Білем, білем балалар да толады,
Жетектейді оларды әлі жол әрі.
Нұрғисасыз өткізсең де той-думан,
Жәй-жағдайың тым ауырлау болады.

Жасыратын жоқ өзіңнен сыр, ойым,
Сен де шөжіп жүргеніңді білемін.
Қасыретке қайыстырма жаныңды,
Қара жердей салмақты бол!
Тілерім.

Үмбетовке айт! Менің барар жерімді,
Тұманбайға айт! Жырмен асар белімді.
Серкуныма2 сыр ғып бәрін жеткізгем,
Қалай сүйетіндігімді
Елімді.

Қазағымның болды тілек, қалауы,
Нұрғисаның бар күйі мен бар әні.
Дариғашым, сен қиналма тегінде,
Сапарыма жұрт шығарып салады.

Құлақ берген Жамбыл атам жасымда,
Құдіретті ой үйірілткен басыма.
Бабалардың күй аңызын тыңдайын,
Ұлы ақынның бірге болып қасында.

Мен күйредім!
Мен күйредім, күйредім.
Көзіңе жас көбейтемін үйге мұң.
Көмілгенмен топырақтың астына,
Көмілгем жоқ.
Көмілмейді күйлерім.

Суретім тұр қабырға да
үйдемін,
Баламыз бен өзің де бар
сүйгенім.
Мен лақатта жатқаныммен тұрмастай,
Кең даламда күмбірлейді күйлерім.
Әлі күнге айтылмаған сыр менде,
Әлі күнге жазылмаған жыр менде.

Күзде тудым,
Күзде кетіп барамын.
Көркі болдым Алматыдай қаланың.
Ән мен күйім мәңгі жасай береді,
Тұрғанында дарқандығы даламның.

Туған елім берген маған кең дарын,
Түсінесің, ұғынасың сен бәрін.
Қанын төгіп қорғаған кең жері бар,
Қазақ деген халықта да мен бармын.

1 Композитордың менің сөзіме жазылған осындай әні болған.
2 Нұрағаң Серік Үмбетовты осылай атайтын.

***
«Нұрғиса!... Бұл есімнің синонимі
Құдірет, Өнер, Тәңір. Ғасырларда біртуар дарын иесі Нұрекең дауылпаз тұлға».
Академик Манаш Қозыбаев.

Барыс жылы.
Он бесінде қазанның,
(Алыстатты табиғатта жаз әнін).
Таңғы сағат жетіден он кеткенде,
Болмыстан естілді бір азалы үн.

Әлсіретті тұла бойға күш келмей,
Жегі болып бара жатыр іштен ой.
Бойың дел-сал, ойың ойран-асыр боп,
Бүйіқұрт кеп буыныңа түскендей.

Ұлы өнердің иесі еді жан-жақты,
Жаратушы Нұрғисаны таңдапты.
Көшесінде күңіренген күй біткен,
Аһ ұрды, ауыр оймен Алматы.

Бозғылттанған бұтақтары шаңкіштің,
Әлсірейді жойғанындай ән күшін.
Тұңғиықтан тұман басып тұтасты,
Тұншықтырып, артқандай-ақ қан басым.

Алатауда тұнжырады сұқтанып,
Ауыр-ауыр қанаттарын бұлт қағып.
Ағыл-тегіл көз жасындай бұлақтар,
Абыржыды арнасынан кілт тайып.

Іле, Есіл, Ертіс, Еміл, Ақ Жайық,
Жағасынан болғандай-ақ ән ғайып.
Сұлқ түсіп, сұлап ағып сұстанды,
Толқындардың түсі өзгеріп шаң қауып.

Алтай, Арқа, Атырау да күрсінді,
Аза тұтқан айқындалды күй сыры.
Маңғыстауда Аруана боздады,
Домбыра елі еске алды күйшіні...

Шырылдады Нұрағаның арманы,
Шолпан болып жарқырады таңдағы.
Ұлы сазгер көзін жұмған сағатта,
Махамбеттің аунап түсті аруағы.

Сұм тағдырдың соқтықпалы соқпағы,
Сүріндірді жерге қарай оппалы.
Көкірегін қасіретке толтырып,
Күңіреніп күй біткендер жоқтады.

«Шыңыраулар», «Кішкентайлар»,
«Ақпайлар»...
«Бауырымдады» жерін таппай ат байлар.
Қарсы айырылды көкірегі қазақтың,
Жер бауырлап, көкті жұлып жатты ойлар...

Күңіреніп домбырада күй қайғы,
Күрсінуі пернесінде ұлғайды.
«Тумақ-сүннет, өлмек-парыз» десек те,
Туған елі Нұрғисасын қимады.

Бұлбұл едің сызылтып «ән салатын»,
Жыр гүлі едің ғашық болған бар ақын.
Ойламаппын мына күнді, Жан аға,
Орайланып қанаттарың талатын.

Аққу едің жеттің айдын көліне,
Шынар едің шықтың асқар беліңе.
Өлді деуге ауызым менің бармайды,
Өлмейтұғын күй қалдырдың еліңе.

Көңілімді көргеніңде күрсінген,
Жасықсың деп жігер беріп ұрсушы ең.
Енді кімге базынамды айтамын,
Біржолата алыстадың көгімнен.

Көктемдегі мөлдіріндей жаңбырдың,
Кең даланы керім күйге қандырдың.
Ахаң берген домбыраңды Жан аға,
Мұра қылып, кімге ғана қалдырдың?

Меңдуана жегендеймін тап шыным,
Күйін кешіп тұрғандаймын бақсының.
Ойларымның оты болып лаулаған,
«Отырардың сазын» кімге тапсырдың?

Домбыраның мұңы болды мұндай күн,
Қасіреттің күйі болды тыңдайтын.
Қара тиек, қара ішек тағылған,
Домбыра үшін жылаймын да жырлаймын.

Дариғаның жоқтауы

Ел үшін талай толғанып,
Мен үшін талай толғанып.
Бақыт қып санап өмірге,
Баулыдың құс қып қолға алып.

Ардағыңның жас құсы ем,
Арманыңның жақсысы ем.
Аспанынан түспейтін,
Әндеріңнің ақ құсы ем.

Нұрлары едің көзімнің,
Жырлары едің сөзімнің.
Көктемім болып келетін,
Күзім де едің өзімнің.

Түзімдегі қайнарым,
Үйімдегі айбарым.
Аптабы бар жаныңның,
Ақпанынан айналдым.

Асқарға шыққан жалбызым,
Аспандап ұшқан жалғызым.
Көзіңнен таса қылмаушы ең,
Артыңа қалай қалдырдың?

Ғарышым едің көк тілген,
Арысым едің көп білген.
Қадірлің едім
қажытып
Қалайша қиып кеттің сен?

Құдірет қып ел сені,
Құрмет қып белсенді.
Аза тұтып қайғырып,
Алатауың теңселді.

Аспаны болған қапырық,
Алматың жатты аһ ұрып.
Көшесінде Абайдың,
Көздердің жасы шашылып...

Балығы шошып сол күні,
Балқаштың үдеп толқыны.
Жетіген болып Жетісу
Жүректі тербеп толқыды.

Атырау толқып, толғанып,
Дауыл боп соқты долданып.
Махамбет болып күтуші ең,
Домбыраңды қолға алып.

Торлады ауыр үйімді ой,
Тұрайын қалай күйінбей.
Құлазып жатты кең далаң,
Құйын боп соққан күйіңдей.

Өмірімнің күндізін,
Көңілімнің құндызын...
Жарым деп жүріп білмеппін,
Жаһанның жарық жұлдызын.

Ертеңі едің үйімнің,
Көркемі едің күйімнің.
Таланттың тауы едің сен,
Тауап қып мәңгі иілдім.

Таң едім.
Қазір кешкірдім,
Тағдырдың көрдім көшкінін,
Өнердің ұлы адамы
Екеніңді әттең, кеш білдім.
Бұлбұлға шіркін кең ғой бақ,
Түсіндім бәрін енді ойлап.
Ұлылық кернеп жүргенде,
Ұрсыппын саған, мен бейбақ!

Шайқалды көңіл көп көлі,
Артпаймын саған өкпемді.
Өзіңдей маған ренжіп,
Өзіңдей сүйген жоқ мені.

Әніңді санап өзіңе,
Аламын жасты көзіме.
Самал боп соғып аңқылдап,
Не жетсін айтқан сөзіңе.

Домбыраң қалды ілулі,
Шағамын соған мұңымды.
Тарқатам сағынышымды,
Тартқызып тарлан күйіңді.

Жолдарды басып ақтабан,
Жан тілегімді ақтаған.
Өзіңдей ұлы адамға
Өмірім болып мақтанам.

Ой тербеу

Алтындап соқпасам да жыр бедерін,
Алқынған арнасында бір көл едім.
Еркелеп кездескенде өзіңе аға,
Елеусіз сәлем беріп жүргендеймін.

Жүзіңде жайдарылық, имандылық,
Жүректен кісілікті иландырып.
Жүруші ең ән қабылдап, жыр қабылдап,
Сезімге сергектікті құйған күліп.

Адамнан аяры жоқ құт жүрегі,
Санаушы ең бауырыңа құдды мені.
Милықты келгенменен жазық маңдай,
Иығың мінезіңдей тіп-тік еді.

Ерекше қадір тұтып жүруші едім,
Талантты самародный білуші едім.
Аңқылдап келе жатып
қайран аға,
Баукеңнің мінезіне күлуші едің.

Ерентау еменіндей бойың сұңғақ,
Сөзіңнен жүруші еді ойың тулап.
Ада ғып сезіктентіп, секіртетін,
Адамды тұщытпайтын татымсыз зат.

Ақ самал аңқылдаған дала едің,
Дарагер өнердегі дара едің.
Тегінде табиғатың тартып туған,
Кезінде нәрестедей бала едің.

Толассыз тебіренткен толқы жырым,
Сақтай біл табиғатын жол сырының.
Қолдай гөр, Нұрғиса аға аруағыңмен,
Болса егер дастанымда олқылығым.

Туғанмен шуақтанып өзіңде Күн,
Тұрмастай жатып алды төрің де мұң.
Жалғаспай жатса Ән мен асқақ күйім,
Жалғай түс, жетпей жатқан жерімде өзің.

Бақытсыз ақындықпен жазып өлең,
Қоштасқан едім жастық жазымменен.
Сілкінген жердің күші сияқтанып,
Сілкінтіп едің «Отырар сазыңменен».

Адамдай түн ішінде айды күткен,
Жүрегім қан жылаған, шайлығып мен.
Азынап Байжігіттің күйлеріндей,
Азаннан таралады қайғы біткен.

Болғандай лапылдайды жырларым от,
Жақсыдан айырылу - бұл да бір дерт.
Ауырып жатқаныңда Елбасының,
Көңіліңді сұрауы өзі бір ғанибет.

Қарасам бұл жағынан бақыттылық,
(Жаратқан өнерліні бақытты ғып).

Ал менің ондайым жоқ.
Сау жанымды,
Кейбіреу жаралайды атып, ұрып...

Жүрегім осыны ойлап тұралайды,
Ойымның оққа ұшып құралайы.
Жатқанда емханада орден тұрмақ,
Шіркін-ау!
Көңілімді ешкім сұрамайды.

Болғандай лапылдайды жырларым от,
Көңілдің қош болмауы бұл да бір дерт.
Ауылың туып-өскен алыс болмай,
Қасыңда тұруы өзі бір ғанибет.

Аударып ықыласын дүйім көптің,
Қазақтың қасиетті күйін шерттің.
Арқардың құлжасындай шалт қимылмен,
Сан рет оркестрді дүрілдеттің....

Биіктеп көтерілген шыңдарына,
Бас имеу мүмкін емес шын дарынға.
Ұлттық музыка үнін жарқыратқан,
Жатушы ед құдіреттілік ымдарыңда.

Қазақтың дарагері, әйгілі ұлы,
Әнімен шуақтанған айлы түнді.
Саусақтың саласымен күй тербеген,
Киелі сахнаның сәйгүлігі.

Алыстап жүректерге жара салдың,
Алаулап туған кезде жаңаша Күн.
Ұлысың.
Тірлігіңде куә болған,
Куә боп қалды мәңгі Алатауың.

Кеңесжан Шалқар

"Ана тілі" газеті

 

0 пікір