Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 3009 0 пікір 8 Желтоқсан, 2012 сағат 12:37

Алапат аштықтан аман қалған ұрпақ екенімізді ұмытпайық!

 

 

Ашаршылық жайлы айтқанда, аза бойы қаза болмайтындар тек ұл­тын жанымен сүймейтіндер дер едік. 1920-21 жылдарды айтпағанда, 1931-32 жыл­дардағы алапат аштық, жалпы, ХХ ғасырдағы қазақтың үл­кен трагедиясына бастау болған сол бір нәубетке биыл - 80 жыл.

Осыған орай, таяуда Қазақстан Тарих­шы­лар қауымдастығы, ҚР Мемлекеттік Ор­талық мұрағаты, Ш.Уәлиханов атын­да­ғы институты, «Абай-ақпарат» қазақ ин­тернетін дамыту қоры және «Алаш жолы» қоғамдық қоры, «Әділет» тарихи-ағарту қор­лары бірлесіп үлкен конференция ұйым­дастырды. «1931-33 жылдардағы Қа­­зақстандағы аштық: себебі мен сал­дары» атты ғылыми-тәжірибелік конфе­рен­­цияға елімізде ашаршылық тақырыбын сонау кездерден бері зерттеп жүрген Мәмбет Қойгелді, Қайдар Алдажұманов, Талас Омарбеков, Әзімбай Ғали, Светлана Смағұлова сынды тарихшылармен қатар Сма­ғұл Елубай сынды аштық тақырыбына ал­ғаш қалам тартқан жазушылар, қоғам қай­раткерлері қатысты.

Талас ОМАРБЕКОВ, тарихшы:

- Ашаршылықта құрбан болған мал мен жанның сандық көрсеткіштері жөнінде әркім әртүрлі дерек ұсынады. Соның көбі - тарихқа кездейсоқ келгендер. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тарихына кіріскен шетелдік ғалым Роберт Конкрес  аштықта 1 млн қазақ қырылды десе, Йосифов, Тө­леп­баевтар - 1,5 миллион, ал одан әрі­рек­те азулы тарихшы ағамыз Манаш Қо­зы­баев пен демограф Мақаш Тәтімовтер бұл көрсеткішті 1 миллион 750 мың деп көр­­сеткен. Осындай деректерді тарихшы­лар­дың қайдан алғанына басқа-басқа, мына біз, тарихшылар, таңбыз. Себебі мұ­ра­ғатта отырып, нағыз дереккөзіне жеткен, шыны керек, елімізде үш тарихшы ғана бар­мыз. Бірі ірі ғалым, тарихшы Мәмбет Қой­гелді ағамыз болса, екіншісі - Қайдар Ал­дажұманов, үшіншісі - мына мен. Бұл жер­де айтпағымыз: осындай бірізділіктің жоқ­тығынан халық қазір кімге сенерін біл­мейді. Оқулықтар дұрыс емес, содан келіп біз ҰБТ тапсырушы ұрпақты қиындыққа са­лып жүрміз. Сондықтан біз қандай да бір та­рихи кезеңімізге жай қарамауымыз ке­рек. Өйткені тарихтың дамымай отыруы­ның бір себебі біздің сол нақты дәлелдер мен дәйектер, яғни құжаттар емес, бол­жамдарға иек артуымыздан дер едім.

Олесь ДОНИЙ, Жоғарғы Раданың депутаты, УДАР партиясының мүшесі:

- Аштық - қазақ пен украин халқын жақын­дастырған сұмдық трагедия. Қазақ халқы өзінің жүріп өткен жолында сұмдық қырғындар мен зауалдарды бастан өткер­ді, бүгінгі Тәуелсіздік үшін барын сала кү­рес­ті, талап етті, әйтпесе жайдан-жай сіз­дер­ді аштан қырмас еді. Империяға Орта­лық Азияға өтетін жол керек болған, сол се­беп­ті сол жолда кедергі болған қазақ­тар­дың көзін жою керек болған. Украин хал­қына қатысты да дәл осы сөзді айтуға бо­лады. Өйткені 1917 жылы және 1921-22 жылдары украиндер өз алдына дербес ел болу үшін қайта-қайта көтеріліс, дүмпу жасаған. Аштық біздің халқымыздың тек саны­на ғана зарарын тигізіп қана қойған­дай, біз үнемі сандық деректер келтірумен шектелеміз, ол дұрыс емес. Себебі біз сапа­дан айырылдық, олай дейтінім, ашар­шы­лық кезінде адамдардың бойында жырт­қ­ыштық қасиеттер бой көтеріп, көп тек­тілеріміз көз жұмды да, қандай да бол­сын жолмен тірі қалуды көздеген жаны сірілер қалды.

Қазір біздің украин билігі «геноцид» сө­зін айтуға қорқады. Ал ашаршылық гено­­цид­­тің нағыз өзі болды. Мәселен, Гер­ма­­ния сыған халқына келтірген зарар­ла­рын ге­но­цид деп мойындап, ол үшін өкіне­тін­­дерін, айыпты екендерін мәлімдеді. Біз­ді азап­таған империя өздерінің геноцид жасағандарын мойындамайынша, Тәуел­сіз ел бо­лып қалыптаса алмаймыз.

Конференция басталмас бұрын жи­нал­ған қауым Еркін Рақышевтің осы тақы­рып турасында тың деректермен жасалған «Ұлт­тық трагедия» атты деректі фильмін та­ма­шалады.

Еркін РАҚЫШЕВ, режиссер:

- Кейде осы ашаршылыққа қазақтар­дың өзін кінәлап, «Қазақтар аштықта қы­рыл­са, өздерінен де кінә бар, олар жалқау, мал баққаннан басқа ештеңе қолымыздан келмеген. Әйтпесе малымызды тартып алса, құс атып, балық аулап күнелтуге бо­лар еді ғой» деген сияқты пікірлер кезде­се­ді. Алайда мен мұ­ра­ғаттан қазақты олай кінәлау қате еке­нін дәлелдейтін құжат таптым. Онда «егер қазақтар судан балық ауласа немесе ауадан бір құс атып алса, кемінде сегіз жылға сотталсын» деп, Куй­бышев қол қойған. Осыдан кейін қазақтар­ды жалқау деп кім айта алар екен? Бұл - Ресейдің өз қылмысын жабу үшін кінә­ні қазаққа итермелеу әдісі.

 

Түйін

Қожаберген жыраудың «Елім-ай» әні сонау 1723 жылғы қазақ пен жоңғар арасында болған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тұсында жазылса да, ХХ ғасырдағы аштықтың картинасын көз алдыңызға келтіретіндей. Аштық пен шөлден кезерген ерін, нұры қашқан жанарлар, әйтеуір, әл-дәрмені жеткенше, соңғы демі шыққанша сүйек пен терісіне ілініп  келе жатқан қазақтың бар арманы - бір тілім нан... бір жұтым су. Соңғы демі біткендер орта жолда үзіліп, топ-топ құлап жатқан кар­тинаны, бәлкім, мынадай аузымыздан ақ майымыз ағып отырған тоқшылық за­ман­да елестету, бәлкім, қиын болар. Бірақ ол - миллиондаған қандасымыздың ғұмы­рын қыршыннан қиған тарихи шындық. Біз өзіміздің сол алапатта қырылып қал­май, Жаратқанның мейірімімен тірі қалғандардың ұрпағы екенімізді ұмытпайық!

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3525