Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2988 0 пікір 8 Желтоқсан, 2012 сағат 12:35

Күмәнді деректермен қолжетімді баспанаға қол жеткізе аламыз ба?

 

 

Баспана - қалың қазақтың басым көпшілігінің ділгір дүниесіне айналған қордалы мәселе. Рас, билік те шамасын­ша жұртшылықтың жағдайын жасауға, үй-жайды жайлас­тыру­ға ұмтылысып-ақ жатыр. Алай­да бар проблема онымен бітпей тұр. Дегенмен биыл Елбасының тапсырмасы­мен жаңадан «Қолжетімді баспа­на-2020» бағдарламасы қа­был­данды. Баспанаға қолы жет­пей жүрген қалың халық одан зор үмітті. Сондықтан да мәсе­ленің мәнісін жете ашу үшін кеше баспана проблема­сын ауқымды талқылауға ар­нал­­ған парламенттік тыңдау өтті.

Парламенттік тыңдауды ашқан комитет төрайымы Дариға Нұрсұлтанқызы өз сөзін қолда бар статистиканың көңілге үміт ұялат­пайтынынан бастады.  «Ресми дерек­тер бойынша 2011 жылы кезекте тұрған 147 мың адамның 4 мың 901-і ғана, яғни олар­дың 3 пайызы ғана ойдағы арманына қол жеткізіп, баспаналы болған. Мұны сөз­бен түсіндіріп жатудың өзі артық болар. Қар­қынымыз осы болса, біз қолжетімді тұр­ғын үй тапшылығын елу жылда да ең­сере алмасымыз анық», - деді комитет төр­а­йымы. Бұл ретте депутат мұндай қол­же­тімді баспанадан азаматтардың төрт са­нат­ы ғана үміттене алатынын, ендеше, кел­­тірілг­ен мәліметтер қалыптасқан жағ­дай­ды толық суреттей алмайтынын жеткіз­ді. Яғни тұрғын үйге нақты мұқтаж адам­дар­дың саны ресми мәліметтен екі-үш есе­ге асып түседі. Сөзінің дәлелі ретінде депутат Назарбаева өңір әкімдіктерінде бас­пана мәселесімен кезекте тұрғандар ту­ра­лы мәліметтеріне де үлкен күмән кел­тір­ді.  «Әрине, статистикалық мәліметтер көп. Алайда соның ішінде бізге ең керекті, аса маңызды әрі аса қажетті көрсеткіштерді біз ала алмадық. Мәселен, барлық об­лыс­тардан баспана кезегіне қатысты нақты жағ­дайды көрсететін мәліметтер беріл­ме­ді. Келіп түскен кейбір санның өзі үлкен кү­мән туғызады. Мәселен, халқы ең көп қо­ныстанған Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да баспанаға ресми кезекте бар-жоғы 10 мың адам ғана тұр. Ал Шығыс Қазақ­стан­дағы кезекте тұрғандар саны 15 мың 156 адамды құрайды. Осы көрсеткіштерді тек­серу керек деп санаймыз», - дейді Дариға  Назарбаева. Сондықтан да комитет төр­айымы баспана саласының осындай олқы дү­ниелерін талқылайтын тыңдауда «көңіл кө­терер цифрлар мен  қолданысқа беріл­ген миллиондаған шаршылар туралы емес, керісінше қоғам мен мемлекет ал­дын­дағы проблемалар туралы» барынша қаузауды сұраған болатын.

«Үйі  жоқтың - күйі жоқ», - деп баста­ды ке­лесіде сөз алған Премьер-министрдің орын­басары Қырымбек Көшербаев. Бұл проб­лема әрқашан өзекті болып келген. Өз­деріңізге белгілі, кейбіреулер бұл мәсе­лені саясиландырғысы келеді. Сол арқылы маңызды әлеуметтік проблемаларды билік пен қоғам арасындағы барьер ретін­де пайдаланғысы келетіндер де байқала­ды. Шын, нағыз патриоттар олай жасайды деп айта алмаймын. Керісінше, нағыз пат­риот - «нашарлаған сайын маған жақсы» деген қағидатпен айтақтайтындар емес, әлеуметтік маңызды мәселенің шешімін табатын тиімді тетік ұсынатындар деп бі­лемін», - деді Премьер орынбасары. Бұ­дан бөлек, Қырымбек Елеуұлы жоғарыда айтылған «күмәнді деректерге» нақты жауап қатып, жағдайды шынайы суреттеу­ге тырысты. «Рас, қолына біршама қара­жат жинай алған біздің азаматтар үшін пә­т­ер сатып алу да, үй салу да, ең ақыры өзі­нің баспана проблемасын қалай болса да шешу өте күрделі күйінде қалып отыр­ға­нын мойындауымыз керек. Бүгінгі күні баспананың ресми кезегінде 200 мың адам тұр. Ал аядай бөлмеде таныс-тамы­рын паналап, әйтпесе тапқанына пәтер жал­­дап тұрып жатқандары қаншама?! Яғни біз баспанаға мұқтаждардың саны рес­ми мәліметтен әлдеқайда жоғары, ең кемі екі есе жоғары екенін білеміз», - дей­ді Қы­рым­бек Елеуұлы. Басты баяндаманы жа­са­ған Құрылыс және тұрғын үй-комму­нал­дық шар­уашы­лық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин халықтың сатып алу параметр­леріне қатысты зерттеуге назар аудартты. Әлгі зерттеу нысаны ретінде төрт адамнан тұратын, соның екеуі жұмыс істейтін және айына 106 мың теңге нақты табыс табатын орташа статистикалық отбасы қарасты­рыл­ған. «Осы отбасының шығыстары 64 мың теңге сомасында - бір адамға айына 16 мың теңгеден тиеді. Ал пәтер сатып алу үшін бос лимит 42 мың теңге (106 - 64 = 42). Алаңы 40 шаршы метр пәтерге ай сайынғы төлем - ипоте­калық қарыз (15 жыл мерзімге, 12% жылдық ставка) бойынша: жа­ңа үйде - 86 мың теңге, бұл 42 мың тең­ге деген қол­же­тімді лимиттен екі есе артық. Осындай шартпен қайталама на­рық­та 63 мың теңге құ­раса, бұл лимиттен 1,5 есе артық. Соны­мен, айына нақты 100 мың теңгеге дейін табысы бар отбасы үшін өз бетімен тұрғын үй сатып алу үлкен проб­лема болып отыр», - дейді Серік Ке­ңес­ұлы. Айтпақшы, Қазақ­станда халық­тың экономикалық жағынан белсенді бөлігі 8 миллион адамды құраса, соның 6 мил­лионының айлық табысы 106 мыңға жет­пей­ді екен. Ендеше, осынша адам бүгінгі жағ­даймен баспаналы бола алмайды де­ген сөз. Әрине, бұл тек мысал ғана. Десе де, қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін «Қолжетімді баспана-2020» қабылданға­ны анық. Бұл бағдарламаның жай-жап­сары баспасөзде жан-жақты жа­зыл­ды. Сон­дықтан оған бұрылмай, басты жауап­ты тұлға Серік Нокиннің ұсынысына тоқ­тал­сақ. «Бағдарламаға сәйкес, жалға берілетін пәтерлер үшін жас отбасылардың тізімін қалыптастыруды жергілікті атқару­шы органдар жүргізеді. Сосын «Тұрғын-үй құ­рылыс жинақ банкі» үміткерлердің тө­лем қабілетін бағалайды.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576