Жұма, 19 Сәуір 2024
Пікір 2290 8 пікір 8 Тамыз, 2022 сағат 13:13

Бабақұмаров туралы бір ауыз сөз

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ

Алматы. Қазақтың көп жылдар астанасы болған аяулы да асыл қала. Алматы қазақ мәдениетін әлдилеп өсірген алтын бесігі. Біздің қазақтың ғылым академиясы, драма театры, жазушылар, композиторлар, суретшілер, театрлар одағы дүниеге келіп, өркен жайған киелі топырақ. Қазақтың қайталанбас бір туар таланттары мен ұлы дарындарының рухани дүниеге келіп, қайта тірілген құт мекені.

Алматы сонымен бірге ұлтымыздың кемеңгер тұлғаларын да қалыптастырып еді-ау. Біз әсіресе, қазір ұлтымыздың мәдениетінің өсіп-өркендеуіне бар ғұмырын арнаған бабаларымызды ет жүрегіміз  елжірей еске аламыз. Отызыншы жылдары шын мәнісінде қазақ мәдениетінің ренесансын жасауға белсене атсалысқан Темірбек Жүргеновті, кейін сол істі сәтті жалғастырған Ілияс Омаров пен Өзбекәлі Жәнібековті үнемі сүйіспеншілікпен есімізден шығармауымыздың тарихи мәні бар.

Осы орайда ұлтымыздың ұлы кемеңгерлерінің бірі Ахмет Жұбановтың Темірбек Жүргенов туралы естелігінен аз ғана үзінді келтіруді жөн көрдік: «... Міне сол мемлекеттік қайраткерлердің ішінде Жүргенов Темірбектің рөлін айрықша атап өту керек. Өзінің Қазақстанда болған үш-төрт жылының ішінде ол адам таңқаларлықтай кесек-кесек жұмыстар атқарды...» (А.Қ.Жұбанов «Өскен өмір» 27 б. «Ғылым» б.1985ж.)

Қазақстанда болған үш-төрт жылының ішінде... Қандай аянышты мұңға батыратын сөйлем. Содан көп ұзамай 1938 жылы «Халық жауы» Т.Жүргенов атылды...

Бір ғажабы мәдениетке деген әкелік қамқорлық ешбір уақытта да үзіліп қалған емес. Сол данагөй ақсақалдарымыздың заңды жалғасындай ұлт мәдениеті десе ішкен асын жерге қоятын, күн демей, түн демей еңбек ететін, жан-дүниелері аса бай жастарымыз өсіп жетілді.

Тек Алматыға қаратып айтатын болсақ, әлдеқашан мегаполиске айналып, дамыған алып шаһардың әлеуметтік мәселелері мен мәдениетіне жауап беретін қала әкімінің қазіргі орынбасары Арман Қырықбаев пен бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың іскерлігі мен біліктілігін көзімізбен көріп, жанымызбен түйсіне отырып біздің кейінгі ұрпақ – жастарымыздың қаншалықты өсіп, биік тұлғаға айналғандарына шын жүректен риза боламыз.

Мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып еңбек етіп жүрген Арман Қырықбаев туралы әзірге ықылас-пейілімді жүрегіме жасырып, үндемеймін.

Ал күні кеше басқа жұмысқа ауысқан Ержан Бабақұмаров туралы ағалық адал пікірімді сіздермен бөліскім келеді.

Мен Ержанды сонау жылдары Қазақстан ақпарат министрінің орынбасары кезінен білемін. Сол алғашқы күндерден байқап, көңілге түйгенім – Ержанның қазақ мәдени кеңістігіне деген консептуалдық жаңаша көз қарасы аналитикалық ұшқыр ойы. Міне, содан кейін оның ұйымдастырушылық қабілетінің басқаға ұқсамайтын заманауи жаңашылдығы көзге бірден ілігетін.

Бақытжан Сағынтаев пен Ержан Бабақұмаров Алматыға жұмысқа келген кезде алып шаһарда оппозициялық митингтердің өршіп тұрған кезі еді. Бірде Аблязовтың ұранымен, бірде Мамайдың бастауымен, әйтеуір Алматының алаңдары ереуілшілерден босамайтын. Менің бірден назар аударып, көңіл бөлгенім – қала әкімінің жаңадан келген орынбасары Ержан Бабақұмаровтың сол ереуілшілердің үнемі ортасынан табылып, олардың көтерген мәселелері мен қойған талаптарына қала басшыларының бірі ретінде байсалды жауап беріп, өз ойын қысылып-қымтырылмай жеткізе білетіндігі. Бұл көрініске үйреніп  кеткеніміз сондай, кейде белгілі себептермен ереуілшінің арасынан Ержан Бабақұмаровты көрмей қалсақ бірдеңе жетіспей тұрғандай қоңылтақситынбыз. Митингтерге байланысты тағы бір назар аударатын мәселе – Ержан Бабақұмаров ереуілшілермен бейбіт әңгімеге кіріскен кезде құқық қорғау органдарының қызметкерлері – полицейлердің айналасына жайбарақат қарап, байсалды тұратындығы. Бұрынғыдай жиналғандарға тұтқиылдан шабуыл жасап, бейбіт адамдарды арнайы машиналарға қол-аяғынан сүйреп апарып тоғыту мүлдем тоқтағандай болып еді.

Қаңтар оқиғасы кезінде де әкім Бақытжан Сағынтаев басқарған  Алматыны қалпына келтіру комиссияның құрамында болған Ержан Бабақұмаров айырықша табандылық көрсетті. Сол бір қиын-қыстау кезіндегі Алматы қаласы әкімі орынбасарының жан қиярлық еңбегі елеусіз қалмауға тиіс.

Қаңтар айының 4 жұлдызы күні басталған көтеріліс кезінде қала әкімі басқарған жедел топтың құрамында болған  Ержан Бабақұмаров жеке басына төнген қатерге қарамастан көтеріліске қатысқан лаңкестерге қасқая қарсы тұрды. Қала әкімі орынбасарының өлшеусіз ержүректілігінің арқасында қала бірте-бірте қалыпқа келіп, жағдай дұрысталғанына біз куәміз...

Алматы қаласының әкімдігі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығын жоғары деңгейде атап өткенін де реті келгенде айта кеткен абзал. Бұрын бастары бірікпей жақ-жақ болып жүретін желтоқсандықтар 30 жылдық кезінде бір-бірімен қайта табысқан еді. Жылдар бойы елеусіз қалып, еңбектері еленбей келген желтоқсандықтардың асыл есімдері арнайы аталып, мемлекеттік наградаларға ие болды. Пәтерлер, басқа да марапаттар жасалды. Дәстүрлі театр сарайында желтоқсан көтерілісшілеріне арналған салтанатты жиналыс болып, жаңадан түсірілген деректі фильмнің тұсауы кесілді. Ал ең бастысы Алматының шығыс бетіндегі бәленбай гектарлық тоғай ішінен Желтоқсан көтеріліске арналған музейдің ашылуы Қазақстан халқы үшін қайталанбас ғажап оқиға болды. Сонда деймін-ау Желтоқсан көтерілісінің 30 жылдығына арналған іс-шаралардың басты кейіпкерлері – самайларын ақ қырау шалған ағалар мен аналар орталарында жарқылдап жүрген інілері Ержан Бабақұмаровқа алғыстарын жаудырғанда біз де ініміз үшін іштей мақтанғанбыз...

Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласының әкімі боп тағайындалғаннан кейін көп кешікпей Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына арнайы келіп, жазушылармен емен-жарқын кездесіп, 4-5 сағат асықпай әңгімелесіп, пікір таластырып кетіп еді. Соңыра Алматыда тұратын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері қала әкімінің арнайы стипендиясына ие болып бір жасап қалған. Қаланың 37 жазушысының жаңа шығармалары жеке кітап болып шығып, той-тойға ұласты.

Жазушылар одағының ғимаратына Алматы әкімдігі толықтай күрделі   жөндеуден өткізді. Жазушылар үшін бұрын-соңды болмаған жақсылықтардың аржағында күлімдеген Ержан Бабақұмаровтың жарқын бейнесі тұратын. Ол шын мәнінде өнер адамдарын ерекше жақсы көреді. Ержан Бабақұмаровтар Алматы әкімдігін басқарған жылдары ақын-жазушыларды, өнер адамдарын мерейтойларымен арнайы құттықтау дәстүрге айналды...

Бақытжан Сағынтаев әкім болған жылдары Қазақстанда тұңғыш рет мектеп кітапханалары көркем әдебиетпен толықтырылды. Кейін бұл игі бастаманы Қазақстан білім министрлігі қолдан алып кетті. Әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаров осынау игі шараның іске асуын жеке бақылауына алып, қадағалап отырды.

Алматы қаласының кітапханаларындай Қазақстанда руханият орталықтары жоқ. Заманауи технологиямен қайта жабдықталған Алматы кітапханалары кірсе-шыққысыз ғажайып ғимараттар, бұл қасиетті руханият мекенінде Қазақстан баспаларынан жарық көрген жаңа кітаптардың бәрі бар.

Ержан Бабақұмаровтың Алматыда еңбек еткен үш-төрт жылында біз жақын араласып, мәдениетіміздің өркендеп, өсуіне шамамыз келгенінше атсалыстық қой деп ойлаймыз. Мен Ержанның әргі-бергі тарихты терең білетініне, әлемдік әдебиет жауһарларымен мейілінше таныстығына, тереңдігіне риясыз көңілмен тәнті боламын. Әсіресе оның Қазақстаным өссе екен, өркендесе екен деп жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, қолынан келгеннің бәрін туған өлкесіне арнап жүрген данагөйлілігіне ризамын.

Ержан Бабақұмаров сияқты дара тұлғаларымыз онша көп емес екенін де ұмытпағанымыз жөн сияқты.

Әсіресе мынау алмағайып заманда жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту сөз білген жанның ағалық парызы ғой.

Мереке Құлкенов

Abai.kz

8 пікір