Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4875 0 пікір 8 Желтоқсан, 2012 сағат 12:33

«Ұрпағыңа медет бер, Ұлы бабам!» М.Мақатаев

Райымбек батырдың тарихтағы орны бөлек. Қазақтың бүгінгідей Тәуелсіздікке қол жеткізіп, іргелі мемлекет болуының берік негізі батырлығы жауда сыналған Райымбектей ерлердің арқасында қаланды.  Қазақ деген елдің мүлде жойылып кету қаупі төнген қисапсыз шайқастарға тұспа-тұс өмір сүрген ұлы тұлғаның батырлығы да арғы бабасына тартты. «Басып алам жеріңді, Сындырамын беліңді, Шауып алам еліңді, Жетім етіп балаңды, Көрсетемін көріңді. Қалың шерік артымда, Жасағым бар сенімді», - деп астамси өкіректеген қалмақтың Құба батырына: «Жер иесіз дедің бе? Мал иесіз дедің бе? Жан иесіз дедің бе? Тыныш жатқан елімнің, Тынышын бұзған кім едің? Қағынған қалмақ, жөніңді айт, Аттан түсіп бас иіп, Айыбыңды төлеп, жөніңе қайт! Көнбейтін болсаң айтқанға, Тұрысатын жеріңді айт! Қаһарыма тиіссең, қанды басың бері тарт!» - деп атойлап барып, сол қалмақтың  басын алған әйгілі Хангелді батырдың немересі осы Райымбек болатын. Ел басына күн туып, қазақ деген ұлттың тарихта қалу-қалмауы сын тезіне түсіп тұрған тұста «Қарабет болып қашқаннан, қайрат көрсетіп өлген артық» ұстанымымен өмірін елі мен жерінің амандығы үшін құрбандыққа байлаған Райымбек секілді жаужүрек ұлдардың еңбегі мен есімі бүгінгі ұрпақ жадынан өшуге тиіс емес.

Райымбек батырдың тарихтағы орны бөлек. Қазақтың бүгінгідей Тәуелсіздікке қол жеткізіп, іргелі мемлекет болуының берік негізі батырлығы жауда сыналған Райымбектей ерлердің арқасында қаланды.  Қазақ деген елдің мүлде жойылып кету қаупі төнген қисапсыз шайқастарға тұспа-тұс өмір сүрген ұлы тұлғаның батырлығы да арғы бабасына тартты. «Басып алам жеріңді, Сындырамын беліңді, Шауып алам еліңді, Жетім етіп балаңды, Көрсетемін көріңді. Қалың шерік артымда, Жасағым бар сенімді», - деп астамси өкіректеген қалмақтың Құба батырына: «Жер иесіз дедің бе? Мал иесіз дедің бе? Жан иесіз дедің бе? Тыныш жатқан елімнің, Тынышын бұзған кім едің? Қағынған қалмақ, жөніңді айт, Аттан түсіп бас иіп, Айыбыңды төлеп, жөніңе қайт! Көнбейтін болсаң айтқанға, Тұрысатын жеріңді айт! Қаһарыма тиіссең, қанды басың бері тарт!» - деп атойлап барып, сол қалмақтың  басын алған әйгілі Хангелді батырдың немересі осы Райымбек болатын. Ел басына күн туып, қазақ деген ұлттың тарихта қалу-қалмауы сын тезіне түсіп тұрған тұста «Қарабет болып қашқаннан, қайрат көрсетіп өлген артық» ұстанымымен өмірін елі мен жерінің амандығы үшін құрбандыққа байлаған Райымбек секілді жаужүрек ұлдардың еңбегі мен есімі бүгінгі ұрпақ жадынан өшуге тиіс емес.

Біз Райымбек бабамыздың батырлығы мен әулиелігі, көрегендігі жайлы айтыла­тын әдемі аңыздарға тамса­нып өстік. Алайда кеңес тарихы елін, жерін аман сақтап, ұрпағына аманат етуді өмірлік мұраты санаған мұндай ұлы тұлғалары­мызды өз дәрежесінде ұлықтады, тарих пәнінің оқулықтарына толықтай адал, шынайы көз­қараспен мәлімет енгізді дей алмаймыз.

Біз үшін Райымбек бабамыздың болмысы әлі буалдыр. Ел аузындағы әңгі­меде Райымбек батыр төңірегінде тартыс көп. Туған жылы мен әртүрлі ұрыстары, тіпті туған жері жайлы айтылатын, ұсыны­латын деректерде бір-біріне сәйкес кел­мей­тін тұстар да кездеседі. Мұндай таласты дүние тек Райымбек батырымыздың төңі­регінде ғана емес, кез келген қазақ үшін қадірлі азаматтарының төңірегінде де туындап жатады. Бұның бәрі, әрине, тәуел­ді тарихтың «тартуы». Тәуелсіздік алғалы бері тарих саласы жаңаша көзқараста қай­та зерделеніп, жас ұрпақ тәліміне шынайы сипатымен ұсынылуда, десек те таза та­рих­қа жүк боларлық талай томдық  ақи­қат­тар әлі айтылмай жатыр. Тұлғалар төңі­ре­гіндегі әңгіменің аңызы қайсы, ақиқаты қайсы екенін ажырату қиын.  Райымбек батыр төңірегінде айтылатын аңыз көп. Оның батыр, ержүректігінен бөлек, әулие-көріпкел, арқалы адам болғаны жайлы да аз айтылмайды. Тіпті «Райымбек көзге көрінбейді екен. Өзі де, аты да ұшып жүре­ді екен. Батыр, әулие келе жатқанда қара су қақ айырылады екен» секілді әдемі аңыздар желдей еседі. Ұлтының тұтасты­ғын сақтап, келешек  ұрпағын біреуге күң, біреуге құл болудан аман алып қалған ерлер жайлы ақиқатқа бергісіз мұндай аңыздардың айтылуы заңды да. Ең басты­сы, ол - қазақтың ұлы тұлғаларының бірі. Ал оның өзіне, өмір тарихына қатысты мұндай талас-тартыстар оның халық жүре­гіне ұялаған батырлық болмысына  ешқан­дай нұқсан келтіре алмайды.

Аңызға негіз ақиқат қайдан шықты?

Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ жоғарыда айтылған сөздердің төркініне былайша тұжырым жасайды:

«...Қалмақ хандары Қорын да, Секер де, Ағанас пен Арыс та және олардың ба­тыр­лары мен жауынгерлері де - ешқайсысы бұрын-соңды Райым­бекті бетпе-бет көрмеген.Тек ол жайын­дағы бірінен-бірі өткен үрейлі әңгіме­лер­ді ғана естіген. Шапқанда қазақтың бәрі «Райымбек!» деп шабады, ал оның қайсысы Райымбек екенін ешкім біл­мейді. Бүкіл қазақ түгелдей Райымбек болып кеткен сияқтанады. Ешкім білмеген, ешкім көрмеген қазақ батыры туралы сан түрлі әңгіме туып, соның бәрі Райымбектің өзінен бұрын қалмақ арасына тарап кетеді. Ал ондай әңгіме қайдан туады? Райымбек өте жүректі адам болған. Өйткені ол үнемі жаудың ортасына күні бұрын кіріп алып, солар­мен араласып жүріп соғысады. Қасына бір топ қалмақша білетін батырды ірік­теп алады екен де, бәрін қалмақша киіндіріп, қалмақша қару-жарақ асындырып, өзі де қалмақша киініп, жауының ортасына қалмақ боп кіріп кетеді екен. Ал негізгі қолын жақын маңайға жасырып қойып, іштен өзі соғыс ашқан кезде олар да сырттан «Райымбектеп» лап қояды екен. Іші де, сырты да - бәрі Райымбекшілеп кеткен кезде, қай жақтан сақтанарын да, қа­зақтардың қай жақтан шыға келгенін де білмей, қалмақтар қатты сасады екен. Сасқан қалмақ, сөз жоқ, бас сау­ғалап қашады. Ал қазақтар қуа жүріп, қырады. Осыдан барып: «Ойбай, Райымбек деген көзге көрінбейді екен, оның қайдан шыға келгенін ешкім көр­мейді де, білмейді де. Аты да көрінбей­ді, ұшады екен. Аяқ астынан шыға келеді екен» дегенді бірінен-бірі естіген қалмақтар «Райымбек!» деген ұран естілгеннен-ақ зәрелері ұша бастайтын болған. Тіпті олар «Райымбек!» деп айқайлаған адам өлмей қалады екен дегенге сеніп, қазақтар лап қойғанда, өздері де «Райымбек!» деп ұрандап қоя беретін болған. Ақырында «Райымбек!» деп ұрандап жүргендер­дің қайсысы қазақ, қайсысы қалмақ екенін ажырата да алмайтын зәрезап халге жетеді. Бұл - ертегі де, аңыз да емес, тарихи шын­дық. Жүректі жауынгерлердің батыр­лығы мен айласынан туындаған таңға­жайып жағдай. «Райымбек әулие екен» деп тараған сөздің төркіні осы жағдай­ды жөндеп түсіне алмауда жатыр. Алай­да Райымбек атамыздың көріпкел­дігі, болашақты болжағыш­ты­ғы бол­ған, ол ерекшелік атасынан дарыған болар деп ойлаймын. Өйткені Хангелді батырдың жауырынға қарап айнала­дағы жағдайды болжайтынын Қазыбек бек жазған ғой. Аздаған болжағыштық қасиет ұрпағы Мұқағалидан да байқа­латын. Райымбектің тағы бір жұртты өзіне табындырған қасиеті - әділді­гінде, дүниеге қызықпайтын тазалы­ғын­да болған. Сол кездің дәстүрі бо­йынша, жауды жеңгеннен кейін одан түскен олжаны бөлісу керек-ті. Сондай­да Райымбек батыр өзі ештеңе алмай, өзіне тиесі үлесті кембағалдарға түгел­дей бөліп беріп отырған. Ол қалмақ­тармен тек соғысып қана қоймай, сан рет келісім жасап, қазақ мүддесін үнемі үстем етіп отырған. Көреген мәмілегер, өз заманына сай саясаткер болғаны ерлігі мен істерінен әрдайым көрініп тұрады.

 

 

«...Райымбек батыр келді де, Алмадай үзді мойынды»

Жазушының бұндай нанымды уәжін тарихшы Мәмбет Қойгелдінің сөзі де толықтырып, бабамызға қатысты ақиқат­қа жетелей түседі: «15 жастан асқанша, садақ тарту, қылыш шабу, күресу секілді сарбазға лайық даярлықтан өтіп біткен Райымбек жоңғарларға қарсы жорықтарға қатыса бастайды. Жолбарыс жүректі жас жігіттің тапқырлығын қаруластары бірден байқа­ған. Оның негізгі ұстанымы аз шығынмен жеңіске жету екен. Бұл мақсаты алғаш Іле бойындағы шайқаста жүзеге асады. Содан соң жас батыр Түргенді жау­дан азат етеді. Қалмақ қолындағы тұтқын­дар босатылады. Керісінше, жаудың көп сарбазы тұтқынға түседі. Осыдан соң Райым­бек жоңғардан Сөгеті мен Ойрантө­бені және Жалағашты босатады. Алды-артына қарамай қашқан қалмақтардың «Ойрантөбе ойылды, Секер, Барақ жойыл­ды. Райымбек келді де, Алмадай үзді мойынды»  деп зарлай­тыны, міне, осы тұс еді. Батырдың бұдан кейінгі жорығы Жіңі­ш­кені, Таушілікті, Қара­бұлақты, үш Меркіні, Кеңсуды, Қарқараны азат етуге арналды. Райымбек батырдың тағы бір үлкен жоры­ғы ретінде Орта жүз еліне көмекке баруын атаймыз. Қабанбай батырдан оралған шап­қыншы Тарбағатай мен Шәуешек арасын жауып, жауды өзара қатынасуға мүмкіндік бермеу туралы ұсы­нысын әкел­геннен кейін Райымбек батыр бірден атқа мінеді. Сарытау, Үйген­тас­ты азат етуге атсалысып, Ілені бойлаған күйі Қорғаспен бері қайтады. Дәл осы дерек Шыңжаңдағы Зейнолла Сәнік зерттеуінде де бар».

 

 

Тапқырлықтың бастауы

Наурызбай батыр бастаған қазақтың қолы Жетісудың оңтүстігінде қалмақтарға соңғы соққысын берген шайқаста Райым­бектің атасы, Хангелді батыр бастаған көптеген албан батырлары қатысады. Осы жеңістен кейін атасының өзін ертпей кетіп қалғанын біліп, соңынан қуып, Іленің бойына жетеді. Қараса, бір топ әскер өзен­нен өте алмай отыр екен. Райымбек бала кезінен табиғатпен жақын өскен. Астын­дағы Көкмойнақ атымен әскери ойын­дарды жетік меңгеріп, Жетісудың талай жерін аралап, ер жетеді. Атасының тәрбие­сінде өскен бала батыр болуға дайында­лады. Әлгі жерде, батырларды өзеннің арғы жағалауына Іледегі сең өткіз­бей жатыр екен.  Кесек-кесек мұз жүре бастаған кез­де, адамның атпен бірге батып кету қаупі орасан зор. Өйткені сең адамды да, атты да соғып, жүзуге мүмкіндік бермейді. Сол кезде Райымбек: «Рұқсат болса, сіздер­ді мына жерден өткізіп берейін...» - дейді. Жиналған­дардың бәрі таңғалса керек. Райымбек қырық жігіт, қамыс оратын орақ, ұзын қыл арқан сұрайды. Жас баланың сұраған керек-жарағын олар береді. Сөйтіп, жігіт­терге қамысты шапқызып, оны ұзыннан-ұзын буып, қамыс белдеу жасай­ды. Ар­қан­ның бір ұшын қолына алып, Көк­мой­нағына мініп: «Мен арқанды әрі қарай алып өткенде, сіздер қамысты жыл­жыта итеріп отырыңыздар»,- дейді. Райым­бек қамысты тартып отырса, олар жер жағынан итере отырып, Іленің арғы бетіне шығады. Өзеннің жағасындағы жуан ағашқа апа­рып, қамыс белдеудің ұшын мықтап байлайды. Қайтадан өтіп, мына шетін байлайды. Сөйтіп, қамыс белдеу Іленің бетінде көлденең жатады. Оны «күзер» деп атайды. Қамыс белдеуге келіп тірелген сең мұздар бір-бірімен жабысып, қабысып, тұтас мұз құрай бас­тайды. Түнгі суықтан қатқан мұз, ертесіне даяр өткел болып шығады. Хангелді бастаған батырлар Іленің арғы бетіне сол мұзбен өтіп кетеді.

Райымбектің, Райымбек жасағының жасаған ерлігі қазақ тарихындағы бірде-бір батырдың ерлігіне ұқсамайтыны тарих­шылар тарапынан көп айтылады.  «Ол қа­зақ­тың Робин Гуды сияқты. Жаса­ғын өзі құрады, өзі басқарады, туған жерін жаудан азат етеді. Оған хан да, басқа да билік бермейді, өзінің ерлігімен жау қолында қалған бауырларымды азат етемін деген азаматтық намысымен ерлік жасайды» дейді тағы бір дерегінде жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы.

Жүрегінде оты бар, ұлтын сүйетін  ұр­пақ үшін бабалар мұраты - тәрбие бас­тауы. Ұлттық идеологияны іздеп аласұ­рып, біреудің қаңсығын таңсық қыла бастаған қоғам үшін аталар аманатын сезіну - парыз. Ол үшін үлкен күштің қа­жеті де жоқ, тек осындай аяулы ерлердің айтулы өмір тарихына үңілудің өзі-ақ жетіп жатыр.

Хангелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:

- Райымбек батыр - қазақ тари­хында өзіндік орны бар ерекше тұлға. Батырдың әскери соғыс өнері, дұш­панға (жоңғарларға) қарсы соғыста көрсеткен ерліктері, шыққан тегі халық ауыз әдебиетінде, халықтың тарихи санасында нақ сақталған керемет құбылыс. Әрине, әзірге Райымбек батыр туралы мұрағат деректері табыла қойған жоқ, дегенмен халықтың сана­сында кездейсоқ тұлғаға орын болмай­тыны ақиқат. Ал Райымбек батырға деген құрмет пен халықтық махаббат­тың үзілмей, ғасырдан-ғасырға жеткені бұл тұлғаны ұлықтауымыздың жоғары дәрежеде болуын талап етеді. Райым­бек батырға зерттеулер де жазылды, кезінде Мұқағали да батыр бейнесін сомдағаны аян. Яғни Райымбек батыр - ХVIII ғасырдағы азаттығымызды қорғауда, қазақтың жер бетінен жойы­лып кетпеуін қамтамасыз етуде зор қайрат қылған және сонысымен өзінің атын мәңгіге қалдырған ұлы адам.

Райымбек батыр тұғырына қонды

Кеше, 7 желтоқсан - қасиетті жұма күні, Алматы қаласында халқымыз­дың даңқты қолбасшыларының бірі, аты аңызға айналып, есімі елге ұран болған, ерлік жорықтары қазақ халқына кең тараған ұлы бабамыз Райымбек батырға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа бой көтерген асқақ ескерткіш қаланың Райымбек даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында орналасқан. Бұл жерде осы уақытқа дейін Кеңес өкіметінің негізін қалаған Қазан төңкерісі қаһармандары - қызыл революционер­лерге арналған композициялық мүсіндер жиынтығы тұрған болатын. Моральдық тұрғыда ескірген мұндай ескерткіштерді қазіргі заман талабына сай мазмұнды да тәрбиелік-тағылымдық сипаты мол жаңа  дүниелермен алмастыру - әлемдік тә­жір­и­­беде бар құбылыс. Ендеше, Райымбек сынды әулиелік деңгейге көтерілген тарихи тұлғамыздың ерлікпен әспеттелген есімін ұлықтау - бүгінгі Тәуелсіз ұрпақтың атқарып жатқан сауапты істерінің бірі десек, артық айтпағандығымыз. 

17 жасында-ақ жоңғар басқыншыла­рына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған, өз есімін өзі ұрандап, ел рухын көтерген Райымбек батыр қалмақтың  Бадам, Қорын, Ағанас, Секер сынды хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат ету жолында жанын пида еткен. Батыр­лы­ғымен ғана емес, көрегендігімен, дана­лығымен халқының есінде қалған осы бір тарихи тұлғаның ерекше қасиет­тері де ел ішінде аңызға айналып кеткен. Бүгінде сол тағдыр талайы аңыз­бен көмкерілген дара батырдың тұлғасы ақиқатқа айна­лып, айнымас серігі Көк­мойнаққа мініп, ақ найзасы мен семсер, қалқанын ұстап, зәулім тұғырына қонды.

Батыр бабаға арналған ескерткіштің ашылу салтанатында Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов, Алматы қаласы­ның әкімі Ахметжан Есімов, Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов, Қа­зақстан Жазушылар одағы басқармасы­ның төрағасы Нұрлан Оразалин сынды қайраткерлер сөз алып, белгілі қаламгер Сейдәлім Тәнекеев жиналған жұртқа ақ батасын берді. Салтанатты жиынға сон­дай-ақ Алматы облысының бірқатар аудан­дарынан келген арнайы делегация мүшелері, белгілі ақын-жазушылар, та­рих­шы ғалымдар және танымал мәде­ниет пен өнер тарландары қатысты. Шара соңынан қаладағы үлкен мейрам­хана­лар­дың бірінде батыр баба рухына арналып үлкен ас беріліп, құран бағыш­тал­ды.

Cерік ҮМБЕТОВ, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттің қолдауымен, еліне адал қызмет етіп жүрген азаматтардың жұмылуымен даңқты қолбасшының еңселі ескерткіші өзінің есімімен аталатын Алматыдағы Райымбек даңғылында бой көтеруі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жасалған үлкен мұра болып табылады. Бұл ретте халқымыздың еңсесін көтеріп, рухын асқақтататын осындай игі шаруаларды ел Тәуелсіздігінің арқасы және Елбасы бастамаларының жемісті нәтижелері деп бағалағанымыз жөн. Қазақ жерінің түкпір-түкпірінен халқымыздың қаһарман ұлдарының ескерткішін тұрғызсақ, келешек ұрпаққа үлкен бір жақсы дәстүр қалдырамыз. Біздің тарихи мұрамыз бұл ең алдымен ұлтты тәрбиелеу үшін қажет құндылық болып саналады.

Аңсар МҰСАХАНОВ, Алматы облысының әкімі:

- Бұған дейін Райымбек баба ескерткіші Алматы облысының Кеген өңірінде бой көтеріп, ұрпағы тәу етер киелі орынға айналған. Ал бүгін батырдың тас мүсіні Алматыда рухани қаланың көркіне көрік, ажарына ажар қосып тұр. Ескерткіштер тек әсемдік үшін ғана емес, ол елдігімізді айғақтау үшін де аса қажет.

Осы еңселі ескерткіштің бой көтеруіне мұрындық болған «Райымбек» қоғамдық қоры мен осы игі істің басы-қасында жүрген азаматтар тағылымы мол шара атқарып отыр. Ендігі ретте «Ұранды елдің ұрпағы қайсар келеді» дегендей, қазақтың өжеттігі мен жасампаздығын паш етіп тұратын  бұл туындының болашақ ұрпақты елжандылық­қа тәрбиелеудегі үлесі зор болмақ. Ол - ерлік пен өрліктің символы, асылды ардақтаудың, батырды бағалаудың үлгісі, ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Ел тұтастығы жолында жанын пида еткен бабаларға тағзым ету - азаматтық борыш.

Алмат ИСӘДІЛ

"Алаш айнасы" газеті

 

0 пікір