Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Абай мұрасы 6680 0 пікір 5 Тамыз, 2022 сағат 15:06

Біржан мен Абайдың кездесуі

(екі таланттың ішкі байланысы жайлы талдаулар)

Атақты сал, әнші, ақын Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) өмірі туралы Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин сынды классиктер қалам тербеген кезінде. Ғалымдар, әлбетте, «Біржан – Сара айтысы» тақырыбына назар аударған.  Мысалға «Біржан мен Сара айтысы болған ба, жоқ әлде, оны өз жанынан шығарып жазған Әріп Тәңірбергенов пе?» деген мәселені Б. Кенжебаев, Қ. Мұхаметханов, М. Ғабдуллин, Е. Ысмайылов, М. Имашев және т.б.ғалымдар көтергенін айтсақ та жеткілікті.

Әйтсе де, Біржан салдың Абаймен кездескені және екі тұлға арасындағы  шығармашылық байланыс ашылмай-ақ келеді. Қолымызға түскен «Біржан сал Қожағұлұлы. Шығармалары» (Алматы, 2013) атты кітаптан осыған көз жеткіздік. Біржан сал Абай ауылында қай жылы болған? Әуелі осы мәселенің басын ашып алайық.

Көкшетаулық атақты әнші алыс сапарға бір-ақ рет шығып, Шыңғыстау арқылы Жетісуға жеткен. Бұл туралы жазушы Сәбит Мұқанов былай деп дерек береді: «Біржанның Сараны іздеп барып айтысқанында қасында болған немере інісі Ахметжанның айтуынша, ән айтып, ел аралап шыққан бір жолында Біржан атақты Абай ақынның елі Тобықтыға келеді, одан Балқаш көлінің түбегіне барады. Бұл арада отырған арғын руы, Балқаштың күнгей бетінде отырған найман руымен бақас. Ол екі елдің шаруашылық, рушылық бақасынан басқа мәдениет бақасы бар, соның бірі – ақындардың өнерлерін салыстыру» (аталған кітап, 158-бет).

Екі елдің мәдениет бақасы деген сөзге көңіл бөлейік. Біржанға шекті арғыннан барған Жанақ, Кеншімбай, Орынбай сынды ақындар Сарадан жеңіле беріпті. «Сарадан арғынның өзге ақындары жеңіліп жүрген соң, – дейді Сәбең, – еліне келген Біржанды арғыннан найманға алып барып, Біржанның керейлігін жасырып, «арғын ақыны» деуге керек» (сонда, 159-бет).  Сәбеңнің бұл болжамын аталған кітаптағы өзге естеліктер де растап береді. Сөйтіп, Біржанның туған жері Көкшетау дуанынан Сараны іздеп аттанғанын аңдауға болады. Сал-сері жұрттың жер жаннаты Жетісуда, Матай дейтін елде атақты ақын  қыз бар дегенін үнемі естіп жүрген секілді. Сарамен алғаш кездескенде Біржанның:

Көкшетау дуанына даңқың барған,

Мен Біржан алтын тудай айқындалған.

Естігелі Сара сені үш жыл болды,

Қыран ем төңірекке қанат жайған.

Мен келдім алыс жерден атқа мініп,

Есітіп, атағыңды сенің біліп, –

дейтіні сол (Алатаудың етегі – Жетісуға екінші рет бару әншінің арманы болған, бірақ бері келе кедейленіп, қол қысқалығы мүмкіндік бермеген).

Сонымен, Біржан сал Абай ауылында қай жылы болған? Осы мәселені анықтау біздің міндет.

Мәселеге қатысты құнды дәйек Абайдың қолында өскен немере інісі Әрхам Ысқақовтың естелігінен кездесті. Ұлы ақын өмірінен мағлұмат берген әңгімесінің бірінде Әрхам Кәкітайұлы кездесу жайында жеңгем  Әйгерімнен төмендегіні естідім дейді. Қар кетіп жатқан мезгіл көрінеді. Біржан келе жатыр дегенді естіп Абай «Сасық қамал қорада қалай қарсы аламын?» деп, Аралтөбе қыстауына бір жарым шақырым Тізесу деген жерге үй тіккізіпті. Біржанды сонда күтіп алған ғой. Әйгерім: «Мен сонда бір балама босанып, қыстауда отыр едім. Несін айтайын, Біржанның Тізесудан салған әні тап қасымнан естілгендей болды. Біржан сол жылы Тізесуда бір ай жатып, жайлауға бізбен бірге шықты» деген екен.

Міне, бізге керек деректің көкесі осы! Көмескі дүниеге сәуле түсті деп сүйіншілесек те артық емес. «Біржанды Абай күтіп алды» деп Әйгерім 1886 жылдың жазғытұрымын айтқан. Тексерейік.

Әйгерімнен Тұрағұл, Мекәйіл, Ізкәйіл, Кенже туған. Тұңғышы Тұрағұл 1875 жылы Ақшоқы қыстауында дүниеге келген. Екінші ұлы Мекәйіл 1884 жылы Бөріліде, үшінші ұлы Ізкәйіл он жыл кейінде, 1895 жылы Аралтөбеде дүниеге келгені мәлім. Ортаншы ұл Мекәйілдің  туған жеріне зейін қоялық.

1885 жылы Абай кіші ауылын (Әйгерім ауылы) Бөріліден Аралтөбеге көшірген-ді. Неге? Себебі, Бөріліні Мұхаңның атасы Әуез бастатқан Қожа әулетіне босатып береді (бұған дейін Қожа ауылы Шыңғыс тауының Қызылшоқы деген жерін қоныстанған).  Міне, Абайдың  нәрестелі болған Әйгерімге арнап, сол маңдағы Аралтөбе деген жерден жаңадан там – «қамал қора» соққан себебі осы.

Сөйтіп, Әйгерім «Мен сонда бір балама босанып, қыстауда отыр едім» деп Аралтөбе қыстауын айтқаны анық. Қолында бір жастан асқан Мекәйіл болғаны да анықталып отыр. Әрі қарай: «Біржан сол жылы Тізесуда бір ай жатып, жайлауға бізбен бірге шықты» десе, бұл жерде «жайлау» деп Сырт Шыңғысты, яғни Бақанас жайлауын айтқаны өз өзінен түсінікті. Біржан сал сол кең қоныс жайлауда бірер ай емін-еркін бой жазады. Онан соң Абаймен қош айтысып, Жетісу сапарына бет түзеген ғой.  Бұл туралы Мұхаң: «Атақты ақын қыз Сарамен айтысатын сапары болуы керек» дейді.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән менен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, –

дейтін Абайдың жаз бойы Біржан салдан көп ән үйренгені және Әйгерімге де үйреткені «Абай жолы» эпопеясынан көпке аян.

Осы айтылғандар Біржан 1886 жылдың жазын Абай ауылында өткізген деп тұжыруға мүмкіндік береді. Демек, Біржан-Сара айтысы дау-дамайының да нүктесін қоюға болатын сияқты.

Айтысты жіті тексеріп, ғылым кандидаты дәрежесін қорғаған Мұқан Имашев: «Алдыңғы толқын ағалардың өздері «Айтыстың» болған жылын анықтауға келгенде бір пікірге тоғыса алмай өтті» дей келе, былайша түйін түйеді: «Егер, сол ағалар: «Біржан сал мен жетісулық ақын Сара Тастанбекқызы тура мына жылы айтысқан» деп нүктесін қойып кеткенде бұл әңгіменің аяғы күні бүгінге дейін созылмас та еді» (Аталған кітап, 179-бет). Біз тексеріп, анықтап отырған датаның маңыздылығы осыдан-ақ айқын.

Сол Бақанас жайлауында өткен ғажайып күндерде Біржан сал Абайдың екі өлеңіне ән шығарған. Олар: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» және «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» деген аударма өлеңі (бұл аталған өлеңдер 1886 жылы жазылған деген сөз емес). Осы кездерде Абайдың «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» деген ән өнері туралы алғашқы өлеңі дүниеге келеді (кейініректе оған ән де шығарған).

Көкшетаудан Шыңғыстау етегіне жетіп, ақын Абаймен танысып-табысқанда Біржан Қожағұлұлы 52 жаста. Әйгілі композитор Ахмет Жұбанов өзінің «Біржан сал» атты белгілі еңбегінде: «Әдемі ертоқымды ат, әшекейлі киім, аңыраған дауыс, көркем келбет – жүрген жерінің бәрінде Біржанның қадірін көтереді. ...Енді қайда келсе де, өзінен бұрын аты естілетінін көреді», – дейді. Біржанның өзі туралы айтқаны:

Арқаның түгел көрдім кәрі-жасын,

Ұмытпас құрбы-құрдас асыл тасын.

Енді Абайға келер болсақ, 1885 жылдың мамыр айында Қарамола деген жерде төтенше сияз өткен күндері генерал-губернатор Цеклинский ақынды төбе би сайлатып, билер ережесін түзуді тапсырға-ды. Негізі, «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» бастатқан әйгілі өлеңдері Абайды  екі облыстың (Семей, Ақмола) халқына танытып үлгерген еді.  Абай (Ыбырай) есімін  Көкшедегі Біржанның да естіп, білгені сол. Сарамен айтысында «Ыбырай жас жолбарыс жүректенген» дей келе:

Орта жүз Абай қойған атын батпай,

Үйіне ояз кірмес жауап қатпай, –

деп түйеді.

Қос таланттың ішкі байланысы деген мәселеге оралайық. «Біржанның шығармашылық өнерінде үлкен бір оқиға оның Абай ауылына баруы, – дейді профессор А. Жұбанов жоғарыда аталған еңбегінде. – Баста өзінің әдеттегі ән саяхаты есебінде барғанымен, поэзия алыбы Абайдың әсері Біржанға күшті болады. ...Данышпан ән еркесі Біржанның үлкен талант екенін танып, оған тиісті баға береді. Әншінің халық шығармашылығын бабына келтіріп орындаумен қатар, өзінің шығарған әндерінің терең мазмұнына таң қалады».

Абайдың әсері күшті болғанына дәлел – Біржанның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңіне ән шығаруы. Мұны композитор былайша бекітеді: «Өте жұмсақ, ойлы, философиялық астары бар шығарма. Ән сөзінің мәнін, сырын Біржан өзінше ашады, өзінше музыка тілімен талқылайды. Мұнда өзінің бұрынғы музыкалық қазынасына Абай ауылына барғаннан қосылған жаңа арна бары сезіледі».

11 жас үлкен әншінің Абайға күшті әсерін «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» атты өлеңнен аңдауға болады. Алайда Абай жинақтарында бұл өлең «1896 жылғы» деп қате таңбаланып келеді. Мұның өзі Біржан мен Абайдың байланысы ашылуын қиындатып отырған елеулі кедергінің бірі. Сол себепті айналып өте алмаймыз. Аталмыш өлең он жыл бұрын, екі тұлға кездескенде жазылғанын дәлелдеу шарт.  

Арқаның ардагері Біржан әнді ащы самғаумен бастап отырған.  Естелік әңгімелер әншінің ащы дауысы кейде «он-он бес шақырымдай» жерге жеткен деседі (аталған кітап, 369-бет). «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңінде ән айтудың осынау мәнерін Абай:

... Көбінесе ән басы келеді ащы,

«Кел, тыңда!» деп өзгеге болар басшы, –

деп атап өтеді. Біржанның Абайдың екі өлеңіне («Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын») шығарған  әндері мұндай мәнерден ада. «Абай сөзіне жазылған әндер өзгерек, – дейді белгілі әнші, музыкант Еркін Шүкіман. – Біржанның, жалпы Арқа өнерпаздары әндерінің басы ащы, яғни алғашқы нотадан-ақ аспанға қалқиды, Абай сөзіне жазылған мына екі әнде ондай ащы самғау жоқ. Төменгі нотадан басталып, Абайдың төл әндері сияқты салмақпенен, баяу, кең үнмен айтылады, сонысымен ерекше». Сөйтіп, әнді баяу, кең үнмен айту Біржанға Абайдың берген әсері.

«Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңі мазмұнында екі талант кездескенінің дәлелі дегізетін жәйттер баршылық.  Жарамды әнді Абай былайша сипаттайды:

Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды,

Жүрек тербеп, оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.

Тыңдаушыда әннен бәһра ала алатын ойлы құлақ болуы керек. Ал әннің көркі мен мәні тыңдаушыға, әрине, Біржан сынды әнші арқылы жетпекші.

Жаманға «жар» деген-ақ ән көрінер,

Жақсы ән білсе, айтуға кім ерінер?

Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер.

Ән «ұйықтап жатқан жүрегің оянардай», «жаның еріп, жабырқаған көңілің көтерілердей» шырқалуы керек. Абайдың әншіге қояр шарттары осы. Бірақ нағыз талант иесі сирек, сондықтан Абай: «Адам аз мұны біліп ән саларлық» деп ескертеді.

Сөйтіп, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңі ақынның Біржанды ерекше қадір тұтқанының куәсі есепті. Біржанның есті әндерін тыңдап, көңілі өскен, жаны уанған  Абайды көз алдыңа әкеледі.

Мәселе сонда, кездесуге бірер жыл өткенде (1888-1890 жж.) Абай өзі де ән шығаруға ден қояды. Бұл екі талант арасында болған тартылыс күшінің дәлелі. Ең басты себеп, Абай айналасына талапты жастар үйіріліп, ақындық мектебі қалыптасқан болатын. Ән – көңілді өсіру, жан дүниені көркейту құралы деп сазгерлікке кіріседі Абай. Кейінде өзінің  ақындық қуатын айтқан «Қуаты оттай бұрқырап» өлеңінде «Сайысып-ақ бақты ғой, Неше түрлі айла етіп» дейді. Міне, ән шығару – сол айласының бірі еді. Реті келген соң айтайық, шәкірті Көкбайдың: «Кейін 1889-1890 жылдарда тыныштық алып отырғанда, барлық әндерін де бір-ақ қыста, жазға салым шығарды», – дегенін ұмытпай ескеруіміз керек. Әсіресе, композиторлық қырын зерттеуші мамандар. Абай ән шығарумен санаулы жылдар ғана айналысқан, сазгерлікті ұзақ жылдар серік еткен деген жаңсақ ой туғызбаған жөн.

Абай жинақтарында аталмыш өлең «1896 жылғы» деп он жылға қате таңбаланғаны несі?  Осыны жетер жеріне жеткізе байыптап өтейік.

Абай әнге арнаған өлеңі екеу ғана: біреуі – «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа», екіншісі – «Құлақтан кіріп бойды алар». Соңғының  жазылу тарихын Тұрағұлдан естиік: «Әнді өлең қып суреттегенінің себебі: мен де жасымда ақын шығармын деп аз-маз өлең жазып жүргенімде, әнді өлең қып көрейінші деп едім, қисынын келтіре алмадым. Сонан соң әкеме айттым: әнді өлең етіп суреттеңізші деп, сонан соң, әнді оған жалғас күйді суреттеп: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй» деген өлеңді жазды».

Бұл 1897 жылы болған оқиға. Ән туралы екінші өлең  не себептен жазылғанын Тұрағұлдан білдік. Егер «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңі  де осы кездері жазылса, Тұрағұл мұндай кесек туындыны естелігінде атап-ақ өтер еді. Өлеңді мүлде аталмаған. Неге? Себебі, ол он жыл бұрынғы туынды, ол күнде Тұраш небары он жастағы жеткіншек. Абай жинақтарында бұл өлеңнің 1896 жылғы кілең ойшылдық шығармалар арасында «арпа ішінде бір бидай» сияқтанатыны бұл пайымды бекіте түседі.

Шыны сол, 1895-1897 жылдар Абайда уақыт байлығы болмаған. Ойшыл әлемдік деңгейге қадам басты: қарасөздерін індете жазды, ең бастысы, «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» деп өзі айтқандай, ойшылдық өріске   –  Алланың ісін, хикметін танып-білуге ауысты. Тың тақырып – «толық адам» танымын қолға алғаны да осы тұс.

Қорыта айтқанда, ән өнері туралы екі өлең бір кезеңдікі дегенге күдік-күмән көп. Сондықтан, өздеріңіз көріп отырсыздар, «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» Біржанмен кездескен 1886 жылғы туынды екенін дәлелдеуге күш салдық. Қатені түзетудің ерте-кеші жоқ, 1909 жылғы тұңғыш жинақта жіберілген жаңсақтық түзетіліп, ән өнері туралы өлең өзінің заңды орнына қойылуға тиіс.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

0 пікір