Жұма, 19 Сәуір 2024
Бетбұрыс 3570 7 пікір 2 Тамыз, 2022 сағат 11:54

Қазақ балалары қазақша оқуды таңдап жатыр

Биылғы жаңа оқу жылында 1-сыныпқа баратын балалардың 70%-ы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрлік мәліметінше, 1-сыныпқа құжат қабылдау мерзімі 4 айға созылып,
400 мың өтініш түскен. Оның 80%-ы электронды форматта тапсырылған. Құжат тапсырғандардың 70%-ы мемлекеттік тілде оқуға құжат берген.

Бірінші сынып оқушыларының ең көп саны:

Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды ​​облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында.

Балаларды қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қамтудың жоғары көрсеткіші:

Қызылорда (89,6%), Ұлытау (86,6%), Маңғыстау (86,2%), Жамбыл (80,4%) облыстары.

Сонымен қатар, Оқу-ағарту министрлігі 1-сынып оқушылары тек ана тілінде білім алатынын мәлімдеді. Бұл шешімді белді депутаттардың өзі де қолдап отыр.

Олардың пікірінше, басқа мемлекеттерде ең алдымен бала миына ана тілін жетік меңгертеді.

«Миы әлі қалыптаспаған кішкентай ғана 6-7 жастағы баладан бірден ана тілінен бөлек, орыс, ағылшын тілін оқыту бірде-бір мемлекетте жоқ. Мен әлемнің бүкіл дамыған мемлекеттерінің білім жүйесін қарап көрдім. Соның ішінде екі тілді 1-сыныптан оқытатын екі-ақ ел бар екен. 2-сыныптан оқытатын 4 мемлекет бар», - дейді сенатор Мұрат Бахтиярұлы.

«Ана тілінің сөйлеу әрекетін 1-2 сыныптың соңында меңгеріп бітеді. Сол кезде бала ана тілінің төл сөйлеу әрекетін біледі. Өз жасының деңгейінде меңгереді деп айта аламыз. Осылайша шет тілін 3-сыныптан бастап енгізген дұрыс», - дейді тілтанушы ғалым Таңат Аяпова.

Abai.kz

7 пікір