Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Деп жатыр 3854 18 пікір 1 Тамыз, 2022 сағат 13:18

Петиция: Қорғаныс министрі отставкаға кетсін!

Кеше «alash.online» сайтына Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты орнынан босатуды талап еткен петиция жарияланды.

«Қасым-Жомарт Тоқаев Қаскелеңнің тумасы Руслан Жақсылықовты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа 2022 жылғы 19 қаңтарда қол қойды. 2022 жылы 6 мамырда оған «Генерал-полковник» атағы берілді.

Содан бері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын жас сарбаздардың өлімі туралы деректер толастаған емес. Қазақстан әскерінде сұмдық тәртіпсіздік орнаған. Ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Жастарды ұрлап, оларды еріксіз әскерге жөнелткен жағдайлар да болды. Біз, петицияға қол қойған азаматтар, ел Президентінен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты отставкаға жіберуді табанды түрде талап етеміз», - делінген петицияда.

Кейінгі уақытта әскерге кеткен сарбаздар өлімінің жиілеп кеткені рас.

Бірінші наурызда Жамбыл облысы «Андас батыр» әскери бөлімінің жоғалып кеткен сарбазы Ұлықбек Бердешевтің өлі денесі  Қырғызстаннан табылды. 18 жастағы жігіттің әкесі «ұлының соңғы кезде жиі хабарласып, ақша сұрағанын» айтқан.

22 сәуір күні Маңғыстау облысының тумасы қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Оның Жамбыл облысы Гвардейский кентіндегі әскери бөлімге шақырылғанына төрт күн ғана болған еді. Марқұмның туыстары, Әлібектің соққыға жылғылғанын, оның денесінің көгеріп кеткенін айтқан.

Маусым айында Маңғыстау облысының Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери  қызмет атқарған 19 жастағы Тешебаев Еділ қайтыс болды. Оның өлімі туралы әскери қызметкерлер біресе «аяқ киімінің бауына асылып қалды» десе, біресе « белбеуіне асылып қалды» деген. Оның хат жазып кеткені туралы да әртүрлі ақпарат берген.

Шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы «Кіші Майлан» оқу-жаттығу алаңында әскери жаттығу кезінде сарбаз Дархан Мәлік көз жұмды. Ол «Айбын» президенттік полкында әскери борышын атқарған. Полк басшылығы «Сарбаздар өзара әзілдесіп, ойнап, Дарханды әріптесі қауіпсіздікті сақтамай тапаншамен атып жіберген», деп түсінік берді. Марқұмның туыстары бұған сенбейді.

Таяуда ұлттық ұланның екі сарбазы өзін-өзі өлтірді. Степногорск қаласындағы әскери бөлімнің қызметкері Оразбай автопарктегі қоймада асылып тұрған күйінде табылған. Ол 1995 жылы туған, Жетісу облысы Қорғаныс істері жөніндегі Панфилов басқармасынан 2021 жылдың күзінде шақырылған екен. Ал, Аға сержант Мерғалиев Абылай 30 шілдеде Ақтаудағы үйінде дәретханада асылып өлген. Ол 1990 жылы туған, ұлттық ұланда 2015 жылдан бастап қызмет еткен.

Журналистер Қорғаныс министрінен «әскердегі сарбаздар өлімі неге жіилеп кеткенін сұрағанда», министр: «Бірінші кезекте жастар өз өмірін не себепті қиып жатқанын түсіну керек. Бұған тек әскер ғана кінәлі емес. Әскерге келген жігіттің өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктеледі. Дегенмен олар әскерге азаматтық қоғамнан келеді және бұл жастардың өздерінің проблемалары да болады. Әскердің мақсаты – бізге ақыл-ойы жетіліп келген адамның проблемаларын шешуге жәрдем жасау», - деп жауап берген Жақсылықов әскердегі заңсыздықтың нақты себебін айтудан жалтарды.

Руслан Жақсылықов Қаңтар қырғынынан кейін Қорғаныс министрі қызметіне келді. Ол 1966 жылы 4 наурызда Алматы облысының Қаскелен қаласында қызметшілер отбасында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Педагогика ғылымдарының кандидаты, әскери шені - генерал-лейтенант, Ресейде білім алған.

Бұған дейін, 2007 және 2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас штабының бастығы,  2008 жылғы 4 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Қолбасшысы,  2013 жылғы 22 қантардан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы, 2014 жылғы 24 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланынының Бас қолбасшысы, 2021 жылғы 29 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы болып жоғары дәрежелі қызметтер атқарған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты 2022 жылы 19 қаңтарда «қаңтар оқиғалары кезінде командирлік қабілетін көрсете алмады» деп кінә тағып, орнынан босатқан болатын.  Ал, 19 ақпанда бас прокуратура Мұрат Бектановтың үстінен қылмыстық іс қозғап, екі айға қамауға алды.

Abai.kz

18 пікір