Жұма, 19 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 5068 2 пікір 27 Шілде, 2022 сағат 13:57

«Қайрат» клубы қазақ тіліне қарсы ма?

«Қайрат» футбол клубының жүргізушісі Әділет Бисариев өзінің инстаграм парақшасында спорт клубының қазақ тілін қыспаққа алғысы келетінін айтты. «Қайрат» ФК жүргізушіні 24 шілде күні белгісіз себеппен жұмыстан шығарып жіберген. Әділет Бисариев мұны «Қайрат» ФК-ның қазақ тіліне қарсы екендігімен түсіндіреді.

Оның айтуынша, өзі жұмысқа кірген 2019 жылдан бері «Қайрат» ФК басшылығының қазақ тіліне деген немқұрайлығын байқаған. «Қайраттың» жанкүйерлері қазақ тілінде ән сұраса да, Орталық стадионда қазақ әндері қосылмаған. Жүргізушіге ешқашан қазақ тілінде сценарий берілмеген.

Журналист басшылықтан өзінің жұмыстан шығарылу себебін сұрағанда, клубтың демеушілерінің бірі «Один хбет» конкурсты дұрыс жүргізбегені үшін шағым түсіргенін естіген.

Әділет Бисариев «Один хбет» өкілдеріне де барған. Алайда олар не үшін шағым түсіргенін нақты түсіндірмеген.

«Олармен сөйлескенде мен мынадай ойға келдім: бұл менің өз ойым. Бұл кісілер қазақ тіліне қыспақ көрсеткісі келеді. Қазақ тіліне қарсы екеніне көзім жетті. «Ты ведешь на тойском», «Әп бәрекелді» дейсің дейді. «Что такое Адилет Ап барекелди» дейді. Олар маған сөз сөйлеуге мұрша берген жоқ. Бұл менің өз ойым: Бұл – қазақ тіліне деген қыспақ, қарсылық. Енді ойын орысша өтіп жатыр. Сонда орысша түсінбейтін қазақтардың қамын кім ойлайды? Тіл үшін жаным ашып тұр. Аллаға шүкір, табысым мол. Өзім өнер азаматымын. «Қайратта» тіл мәселесі қиын. «Қайрат» командасы өзін халық командасы деп таныстырғанымен, қазақ тілін менсінбейді, Бұл менің өз ойым», - деді ол.

Әділет Бисариев Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа, құзырлы органдарға «Қайратты» тіл мәселесі бойынша тексеруден өткізіп, егер өзі айтқан мәселелер расталса, жауапты адамдарды жазаға тартуын сұрады.

Айжан Темірхан

Abai.kz

2 пікір