Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 3774 3 пікір 26 Шілде, 2022 сағат 14:42

Бетбұрыс: Қазақстан қорғанысты күшейтпек

Қазақстан Ресейден келетін соғыс қаупінен сақтанып, қорғаныс саласын күшейтіп жатыр, - деп жазады WSJ.

Басылым: "Қазақстан билігі Ресей мен Украина соғысынан сабақ алды. Украинаның табандылықпен қарсылық көрсетіп жатқанын көрді. Сол себептен Қорғаныс саласының бюджетін 441 млрд теңгеге (шамамен $918 млн) көбейту туралы шешім қабылдады.  Оған қоса, Нұр-Сұлтан Мәскеумен қарым-қатынастарын қайта саралап, сыртқы саясатта АҚШ, Түркия және Қытаймен байланыстарын күшейтіп жатыр", - дейді.

Біз Wall Street Journal-дың аталған мақаласын Abai.kz оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.


Жыл басында Қазақстанда өткен мемлекетке қарсы наразылықты басу үшін Ресей одақтасына 2000 әскерін көмекке жіберді. Алты аптадан кейін Ресей Украинаға басып кіргенде, көршісінің көмегіне жауап қайтаратын Қазақстанда мүмкіндік болды. Бірақ Қазақстан олай істеген жоқ.

Оның орнына Қазақстан бейтараптықты сақтай отырып, Ресейдің оңтүстік шекарасы бойындағы Орта Азияның басқа елдеріне қосылды, соның нәтижесінде Беларусь Ресейге қолдау көрсеткен посткеңестік кеңістіктегі жалғыз мемлекетке айналды. Қазақстан Мәскеуге қарсы Батыс санкцияларының іске асуын қамтамасыз уәде берді. Ол Ресейді айналып өтетін бағыттар бойынша Еуропаға мұнай экспортын ұлғайтатынын мәлімдеді және қорғаныс бюджетін арттырды. Қазақстан Орта Азия елдерін Вашингтонға жақындатуды көздеген АҚШ делегациясын қабылдады.

Мәскеудің Орта Азиядағы ең ірі одақтасымен арадағы алшақтық ұлғайып келеді. Бұл Ресей президенті Владимир Путин үшін күтпеген сынақ. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ондаған жылдар бойы бұрынғы бауырлас республикалармен әскери және экономикалық одақтар арқылы Мәскеу Орталық Азиядағы ықпалын сақтауға тырысты. Олардың ішіндегі ең негізгісі, көлемі жағынан Батыс Еуропаны тұтастай алғанда басып озатын, мұнайлы ел Қазақстан. Ол Ресеймен құрлықта 4750 миль ұзындықта шектесіп жатыр. Бұл АҚШ пен Канаданың шекара ұзындығынан кейінгі әлемде екінші орындағы ұзақ ұзындықтағы шекара.

Қазақстанға ұқсастығы өте көп Украинаға Ресейдің шабуыл жасауы, бұл қарым-қатынасқа сызат түсірмей қоймайды. Қазіргі және бұрынғы қазақстандық шенеуніктердің, заң шығарушылардың және сарапшылардың сұхбаттарына қарағанда, қазір Қазақстан сыртқы саясатындағы Ресейдің рөлін, оған берген артықшылықтарын қайта қарастырып, АҚШ, Түркия және Қытай сияқты елдермен байланысын кеңейтіп жатыр.

Оның көрінісі маусым айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Путиннің Санкт-Петербургтегі экономикалық форумына келгенде айқын көрінді. Ресей президентімен бір сахнада сөз сөйлеген Тоқаев мырза Мәскеу қолдаған, Путин "бостандық алып бермекші" болып отырған Украинаның шығысындағы екі сепаратистік мемлекетті мойындамайтынын айтты. Тоқаев мырза модератордың "Сізге Батыс қысым көрсетін отыр ма?" деген сұрағынан жалтарды.

Сапар барысында Ресейдің мемлекеттік арнасына берген сұхбатында Тоқаев мырза Ресейге санкцияларды бұзуға көмектеспейтінін мәлімдеді. Бірақ Ресей негізгі одақтас болып қала беретінін атап өтті. "Қазақстан өзінің одақтастық міндеттерінен бас тартпайды", - деді ол.

Бұл өте нәзік тепе-теңдік. Қазақстанда Мәскеуді ашуландыратын соғысқа қарсы наразылықтарға тыйым салынған, сондай-ақ Ресейде насихаттық нышанға айналған "Z" белгісін жария етуге де тыйым салынған. Қазақстанның қазіргі ұстанымын түсіндірген министр Саясат Нұрбек бұрынғы Сібір ертегісін мысал етті. "Ертеде аю мен боршатышқан дос болыпты. Бір күні аю боршатышқанның арқасынан сипапты, бірақ тырнағының ізі қалыпты. Осылайша боршатышқанның арқасында ала сызық пайда болыпты", - дейді ертегіде.

"Бұл ертегінің айтары – досыңыз аю болса, әрқашан сақ болуыңыз керек",-деді Нұрбек мырза.

Қазақстанның Ресей айтқан ізбен жүрмейтінінің тағы бір белгісі байқалды. Наурыз айында Біріккен Ұлттар Ұйымы Ресейдің басқыншылық соғысын тоқтатуға шақырған қарар қабылдады. Әлем елдері дауыс берді. Қазақстан дауыс беруден бас тартты. Бірнеше күннен кейін ол Украинаға Boeing 767-мен 28 тонна дәрі-дәрмек жіберді, бұл Қазақстанның Украинаға көмек ретінде жіберген бірнеше рейстерінің бірі еді.

Шілде айының басында Қазақстанның қаржы министрлігі Ресейге экспорттың кейбір түрлеріне Батыстың санкциялық шектеулерін ұстанатын бұйрық жобасын жариялады.

Қазақстанның ұстанымы Ресейдегі кейбір адамдарды қатты ашуландырды. Әсіресе қаңтарда наразылықтарды басуға "көмекстескендерін" бұлдады.

"Қазақтар, бізге білдірген ризалықтарыңыз осы ма?", - деді сәуір айының соңында Ресейдің мемлекеттік телебағдарла жүргізушісі Тигран Кеосаян. "Украинада не болып жатқанын мұқият қараңыздар... Егер сіздер осылай қулықпен құтылып кетем десеңіздер, сіздерге ештеңе болмайды деп ойласаңыздар, қателесесіздер»,- деді ол видеоүндеуінде.

Қазақтар мұндай риторикаға бұрыннан үйреніп қалған. Халықтың шамамен 20%-ын этникалық орыстар құрайды. Орыс ұлтшылары Қазақстанның солтүстігін "орыс жері" деп баяғыда мәлімдеген. 2014 жылы Ресей Қырымды Украинадан тартып алғаннан кейін Путин мырза Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Қазақстанның мемлекеттігі болмағанын айтқан. Ресейдің Украинаға басып кіргенінен кейін, мұндай риторикаға ел мән бере бастады. Оның үстіне Орталық Азиядағы Қазақстан Ресеймен шекаралас жалғыз ел. Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Қазақстанның оңтүстігінде жатыр. Ресейдің басқыншылығын ешкім қолдамады, ал Өзбекстан бөлінген Донбасс республикаларын мойындамайтынын ашық айтты.

Елдердің ішінара Ресейдің ықпалынан шыға бастауы соңғы жылдары өңірге әсер етуден бас тартқан АҚШ-қа дем берді. Президент Байденнің адам құқықтары жөніндегі бас дипломаты Узра Зея аймаққа сапарлағаннан кейін, АҚШ шенеуніктері сәуірден бастап Орта Азия елдеріне бірнеше рет келді. Мамыр айының соңында АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу Қазақстанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға және Өзбекстанға сапарлады. Маусым айында АҚШ Орталық қолбасшылығына жаңадан тағайындалған басшысы, армия генералы Эрик Курилла да осы елдерге келіп кетті.

"АҚШ-тың Қазақстанға жасаған үндеуі Мәскеуде таң қалдырды", - дейді Ресей Ғылым академиясының Орталық Азия зерттеушісі Андрей Грозин. Кремль әлі Қазақстанды ойлап жатқан жоқ, бірақ егер де Қазақстан Үкіметі Ресейге дұшпан ниетпен қарайтын болса, ол Украинадан да қауіпті болмақ.

"Бірақ менің ойымша, оған дейін жетпейді", - деді Грозин мырза. "Қазақстандық элитаның Украинадағы әріптестеріне қарағанда өзін-өзі сақтау инстинкті басым",- деді ол.

АҚШ Орталық Азия мемлекеттеріне Украинаны қолдап, Батыс жағына шығуға көндіруге әрекет жасауда, бірақ олар шамадан тыс қысым жасамауға тырысады, деп мәлімдеді Мемлекеттік департаменттің екі өкілі.

28 маусымда Путин Украинаға басып кіргеннен кейінгі алғашқы шетел сапарына, Тәжістанға  барды. Бұған дейін бір апта бұрын Тәжікстанда АҚШ армия генералы Курила келіп кеткен.

"Біздің одақтасымыздың доспейіл жеріне келгеніме қуаныштымын", - деді Путин тәжік әріптесі Эмомали Рахмонға.

Сәуір айында Қазақстанға сапарлаған Байден мырзаның адам құқықтары жөніндегі өкілі көрші Қырғызстанға барды. Сол кездегі елдің Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевпен бірлескен баспасөз мәслихатында олар "Қырғызстан мен АҚШ жақын арада елге экономика және білім беру сияқты салаларда АҚШ-тың көмегін алуға мүмкіндік беретін ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге қол қоятынын" мәлімдеді. Ал, Қазақбаев мырза денсаулығына байланысты сегіз күннен кейін отставкаға кету туралы өтініш берді. Дереккөздің хабарлауынша, ол Мәскеудің өтініші бойынша отставкаға кеткен. Бұл туралы Кремль мен Қырғызстан СІМ-і  түсініктеме берген жоқ . Қазақбаев мырза да түсінік беруден бас тартты.

Орталық Азия елдерінің  Ресеймен мәдени, экономикалық және тарихи байланысы тереңде жатыр. Мәскеудің Қырғызстан мен Тәжікстанда әскери базалары, сондай-ақ Қазақстанда зымыранға қарсы қорғанысты сынауға арналған полигоны бар.

Мамыр айының басында 10 000-ға жуық адам Екінші дүниежүзілік соғыста нацистік Германияны жеңгенін атап өтіп, Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда шеру ұйымдастарды. Олар Кеңес Одағының жалауларын желбіретіп, кеңестік диктатор Иосиф Сталиннің портретін алып, орыс әскери балладаларын шырқады.

Ресей өңірдің басты сауда серіктесі және Орталық Азиядан миллиондаған жұмысшыларды жұмыспен қамтамасыз етеді. Ақша аударымдары Қырғызстанда ЖІӨ-нің үштен бір бөлігін, Тәжікстанда төрттен бір бөлігін және Өзбекстанда шамамен 10% құрайды. Үлкен үлесі Ресейге тиесілі. Батыс санкция енгізгеннен кейін Қазақстанның Еуропамен Ресей арқылы өтетін дәстүрлі сауда бағыты тоқтап қалды, ал сақтандыру қызметі мен импорттаушылар ел арқылы өтетін жүктерге сақтықпен қарайды. Бұл жағдай қазақстандық шенеуніктерді өз саудасын әртараптандыруға ұмтылуға итермеледі (Дүниежүзілік банк биыл Орталық Азия экономикасы орта есеппен 4,1% - ға қысқарады деп болжап отыр).

Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін бірнеше апта өткен соң, қазақстандық ресми тұлғалар делегациясы Әзербайжан мен Грузияға аттанды. Олар Орта Азия, Кавказ өңірі мен Түркия арқылы Қытайдан Еуропаға өтетін сауда маршруты - орта дәлізді қайта жаңғырту туралы келіссөздер жүргізді.

"Бұрын сауда бағытын Орталық Азия елдері де, Қытай да, Түркия да байыпты зерттеген жоқ, өйткені Орта Азия елдері Ресейдің ашуына тигісі келмеді",- деді Азия-Тынық мұхиты зерттеулер түрік орталығының директоры және қазір Қытайдағы университетте сабақ беретін Түркияның Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы кеңесшісі Селчук Чолакоглу.

Оның айтуынша, Ресейдің басқыншылық соғысы аймақ елдеріне, соның ішінде Қытай мен Түркияға Ресейдің үстемдігіне қарсы тұруға серпін берді.

"Қазақстандық Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарында қазіргі сәтте қызмет қарқынды жүруде. Контейнерлік тасымалдар қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш есе өсті",- деп хабарлады ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Көлік саясаты және инфрақұрылым департаменті директорының орынбасары Зейнолла Ахметжанов.

Сауданы әртараптандыру Қазақстан үшін экзистенциалды мәселе болып тұр. Соңғы бірнеше ай ішінде Ресей екі рет Каспий құбырын жауып тастады, ол арқылы Қазақстан мұнайы экспортының 80%-ға жуығы өтеді. Наурыз айының соңында Ресей дауылдан зақым келді деп терминалдың үш айлағының екеуін бірнеше аптаға жауып тастады. Айлақтарды Қазақстанның энергетика министрі мен оның делегациясы сәуір айында келіссөздер жүргізу үшін Мәскеуге барғаннан кейін ғана бірнеше күн өткен соң қайта ашты.

Шілде айының басында Ресей соты экологиялық бұзушылықтарға байланысты газ құбырын 30 күнге тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бірнеше күннен кейін сот өз шешімін жойды, бірақ бұл қадам Қазақстанда толқу тудырды. 7 шілдеде Президент Тоқаев өз елінің мұнай компанияларына жаңа кеме қатынасы маршруттарын әзірлеуді тапсырды.

Көптеген жылдар бойы Мәскеу мен Бейжің арасында жасырын еңбек бөлінісі болды: Ресей қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз етті, ал Қытай аймақтың экономикасын дамытты. Қазір ол өзгеріп жатыр.

Сәуір айының соңында Қытайдың Ұлттық қорғаныс министрі Вэй Фэнхэ Қазақстанға келіп, Тоқаев мырзамен кездесті. Қытай Ұлттық Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тараптар әскери ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Қазақстан сондай-ақ аймақтық державамен және Түркиямен Солтүстік Атлант Шарты Ұйымының мүшесімен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылуда. Мамыр айының басында Тоқаев мырза Анкараға ұшып барды, онда Түркия мен Қазақстанның ресми тұлғалары Қазақстанда әскери ұшқышсыз құралды бірлесіп өндіру туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан сондай-ақ өзінің қорғаныс бюджетін 441 миллиард теңгегеғ яғни 918 миллион долларға ұлғайтты. Жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, ақшаның бір бөлігі қазақстандық әскери резервтерді ұлғайтуға жұмсалады. Сондай-ақ, Қазақстан Украинаның берілмей қарсыласқанынан сабақ алды. Қазақстан гибридті соғысқа қарсы күресте неғұрлым мобильді және шебер болу үшін реформа жасау керегін түсінді.

Орта Азиялық шенеуніктің айтуынша, Ресей амбициясының алдындағы қорқыныш тек артып жатыр. "Қазір оларда мазақ қылатын Украина мен шығыс еуропалықтар бар. Егер Украина болмаса, біз болар ма едік?",-дейді ол.

Ағылшын тілінен аударған Айжан Темірхан

Abai.kz

3 пікір