Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3467 0 пікір 4 Желтоқсан, 2012 сағат 09:08

Елеужан Серімов. Мемлекеттіліктің ұлттық негіздері

Кешегi көшпелi қоғамның тұрмыс-тiршiлiгiнен туындаған, туған хал­қы­мыз­дың рухани-моральдық жүйесiне, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпына сүйен­ген,­ өзiне ғана тән әдiлдiк категориялардың орнығуына негiздеген ереже, қа­ғи­да­ла­ларды бекiткен заң институттарымыз керектi дәрежеде жан-жақты қа­рас­ты­ры­лып, түбегейлi зерттелмегендiктен, олардың талай ойларға өзек болар ішкі қабаттары әлi де болса ашылмай жатқаны анық. Осы мақсатта айтылмай-жазылмай қал­са, ең өкiнiштiсi сол болар деген уайымшыл ойдың желеуiмен мемлекеттілікке негіз болған телегей те­ңiз­ кешегi ата жосықтары жөнінде аз-кем ой қозғауды қайыл көреміз.

Кешегi көшпелi қоғамның тұрмыс-тiршiлiгiнен туындаған, туған хал­қы­мыз­дың рухани-моральдық жүйесiне, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпына сүйен­ген,­ өзiне ғана тән әдiлдiк категориялардың орнығуына негiздеген ереже, қа­ғи­да­ла­ларды бекiткен заң институттарымыз керектi дәрежеде жан-жақты қа­рас­ты­ры­лып, түбегейлi зерттелмегендiктен, олардың талай ойларға өзек болар ішкі қабаттары әлi де болса ашылмай жатқаны анық. Осы мақсатта айтылмай-жазылмай қал­са, ең өкiнiштiсi сол болар деген уайымшыл ойдың желеуiмен мемлекеттілікке негіз болған телегей те­ңiз­ кешегi ата жосықтары жөнінде аз-кем ой қозғауды қайыл көреміз.

Әсілі, еліміздің түпкі негіздері әдет-ғұрып заңдарымен тікелей астасып жатыр. Әдет заңдары - халқымыздың көп ғасырлық құқықтық танымын аса бір айқындылықпен сипатталатын мұрасы екені даусыз. Әдет заңдары дегеніміз - қазақтың дәстүрлік құқығы. Белгілі заңгер С.Ахмет ол туралы: „...қазақ өлкесіндегі патриархалды-феодалдық қоғамдағы саяси қарым-қатынастарды қолдаған, оның шырқын бұзбаған заң нормалары әрі осы қоғамдық құрылыстың құқықтық негізін жасаған. Мемлекеттік өкімет санкциялаған әрі кепілдік берген қоғамдық қатынастар мен тәртіптерді қорғаған заң жүзіндегі әдет-ғұрыптардың жиынтығы" деп өтеді де, „әдет-ғұрып" деген атаудың сөздің мазмұнын ашып анықтай кетеді: „Қазақтар „әдет" терминін әдет-ғұрыпты білдіру үшін қолданған. Бұл арада құқықтық, құқықтық емес әдет-ғұрыптың ара-жігін ажырататын шекара жоқ. „Әдет" сөзі кәдуілгі құқыққа негіз бола тұрғанымен де, оның дәл мәніне "заң" сөзі толығырақ сай келеді" - дейді ғалым. Нақтылай айтқанда, жақсы әдет әдепке, әдеп дәстүрге, дәстүр әдет-ғұрыпқа, әдет-ғұрып салт-санаға айналып, заңдылықпен қалыптасып, құқықтық заң болып өмір қолданысына айналған. Қашан да аламан тартысты дау-шары бітпеген, тентегі мен  даукесі көп болған далиған даламыздың заңдарына - Түркi қағанаты (VI ғ.), Шыңғыс хан бе­кiткен (1206 ж.) әдет, құқық, әскери тәртiп жүйелерi, Ақсақ Темiрдiң құқықтық дәстүр, ғұрып негiздерiнде жасалған (Түзiк) заң­да­ры жатады. Осылардан арна тартып жататын Қазақ Ордасының төл заңы - «Же­тi жарғы». Көп уақыт бойы ата билігінің негізгі жосығы осымен өлшенді. Одан кейiнгi хатталғандардан белгiлiсi - „Сібір қазақтарын басқару ережесі" (1822ж.) және «Орынбор қазақтарын басқару ережесі» (1824ж.). Сібір қазақтары деп отырғаны - орта жүз, Орынбор қазақтары деп отырғаны - кіші жүз еді. Бiрақ бұ­лар­ қазақ елiн әлсiрету, орыстың отаршылдық үстемдiгiн орнату мақсатында ғана жасал­ған өзгерiстер. Бұл өзгерiстер 1867-1868 жылдары басқару ре­фор­маларында көрiнiс тапты. Ал ол саясаттың негізі көп жыл ойластырылып барып 1867 жылы қабылданған Жаңа Низам ережесі болатын. Аталмыш ережеде патша үкіметі қазақ жеріне болыстық билеу жүйесін ендірді. Өйткені онда бодан ел болған соң патша билігіне бағындыру көзделеді. Тек бір кілтипаны, болыстық билеу жүйесінде рулық-әулеттік басқару және территориялық-аумақтық басқару жүйесі бар еді. Қазақ билері осы рулық-әулеттік басқаруды қалады. Осы жүйе қазақ жеріне енгізілсе, әулеттік тұтастықта өмір сүріп үйренген ел тыныш болады деп түсінді. Расында солай еді. Бір рулы елді бір болыс басқарады. Сол рудың ақсақалдары ұсын­ған адам ғана сайлауға түседі. Ең бастысы, тыныш отырған ел алатайдай бүлінбейді, таласып даурықпайды. Бірақ патша үкіметі территориялық-аумақтық басқару тәсілін қолданды. Неге? Өйткені оларға қазақты ыды­ра­тып жіберу керек болатын. Түпкі мақсат сол еді. Бірінші рет осы территориялық-аумақ­тық басқару жүйесін Сырдария гене­рал-губернаторы Николай Гродеков енгізді деген дерек бар. «Түлкібас ауданында Майлыкент деген болыстық құрылады. Тәжірибе жүзінде. Экс­перимент ретінде. Олар болыстыққа 12 рудан тұратын 12 ауылды таңдап алады. Құли, Шылмамбет, Қоралас, Сіргелі, Жаныс секілді жеке-жеке руларды біріктіріп, бір болыс жасайды. Сосын осы рулардың арасы­нан болысты өздерің дауыс беріп сайлап алыңдар дейді. Алғашқы жылы халық би­лік­ке, облыстыққа онша таласа қоймайды. Ал келесі сайлауда қатты дау болады. Патша саясаткерлерінің де көздегені осы еді. Мүдделері - қазақтарды өз ішіне сыймастай етіп, бірін-біріне айдап салу. Қазақтарды қырықпышақ қылып қойып сырттан бақылап отыру, ал төрелікті өздері айту».

Әйтсе де ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресей империясының отарлау саясатының жолында қазақ жерінің тұтастығына негіз болған билердің соттық жүйесі, әдет-ғұрып құқығы мен „жарғы" заңдар жүйесі үлкен кедергі болған. Сол себепті де патшалық үкімет бұратана халықты еркін билеу мақсатында әкімшілік-аумақтық реформалар мен басқару жүйесіндегі өзгеріс ретінде далалық халық судьяларының билер съезін құрған. Бұл жайт билер билігін ұйымдастыру, қалыптасу және қызмет атқару жағынан күрделі өзгерістерге ұшыратты.

Ендігі бір белгілісі - сол кезеңдегі ахуалға байланысты туындаған ұлы ақынымыз Абай жазды дейтін Ере­же (ХIХ ғ.). Десек те мұны Абай жазды дейтін байламға күмәнмен қараушылар да жеткілікті. Ол өз алдына бөлек тарқатылар әңгіме. Бұл заңдық құжат - 1885 жылы мамыр айында Семей облысының Қарамола дейтін жерінде бес дуан елінің билері мен құрметті адамдарының съезінде қабылданып бекітілген 73 баптан тұратын «Ереже» деп аталатын нұсқа. Оны ұлықтың алдына ұлықсатсыз кіретін ерен тұлға Абай патша үкіметі өкілдерінің қолқалауымен жасады дейтін сөз бар. Мұндағы баптар далалық тірлікке, таным-түсінікке, салт-санаға байланысты қамтылып, шешімін тапқан.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың «Сот ре­формасы жай­ында хат» деген еңбегiнде билердің билігі алғаш рет ғылыми түр­де­ салыстырмалы теориялық талдауға түсiп, оның құрылымдық және сот жүр­­гiзу үдерісінің басты қағидаттары ашылып айқындалды. Ш. Уәлиханов қазақ да­­ласында билер сотын қалдыруға талпынып, оны қандай да болмасын басқа ор­ганмен алмастыру мүм­кiн еместiгiн айтып, Батыс Сiбiр әкiмшiлiгiне хат жолдаған. Айта кетерлiгi, Абайға телінген Ереже де, Шоқан бабамыздың еңбегі де келiсiп қой­ған­дай ғажап үндестiк танытады. Шоқан: «...мен уезге орыстың қазақ ортасында­ғы дау­ларын бiтiру туралы шығарған заңның қазақтың әдет-ғұрпына қайшы ке­ле­тiнiн айттым» - десе, Ереженiң 70-бабында: «Қа­зақ­тың­ өз ара­сындағы болмашы дауларға орыстан яки ноғайдан уәкiлдiк алып кi­рiспесiн...» деген сөз де назар аударарлық. Бұл жерде қазақ­тың әд­ет,­ салт, заңын бiлмейтiн басқа ұлт өкiлдерiнiң iстi шеше алмайтын­ды­ғы ай­ты­лып отыр. Де­мек, Ереже жасаушылар әр ұлттың өзiне лайық заңы бо­луы ке­рек дегендi нұс­қайды.

Енді айтпақ ойымызға көшелік. Заң ғылымының докторы, профессор Зайлағи Кенжәлиев Абай.kz-те жарық көрген академик Сұлтан Сартаевқа арнаған мақаласында: „Шынайы діннің және оның білімдерінің ақиқаттығының ең басты және бұлтартпас критерииі әрі дәлелі - адамның, қоғамның не мемлекеттің дінге, және діни білімдерге деген сенімі. Атеистік сенімдегі адамға, оның қоғамына және мемлекетіне, адам құқықтары мен бостандықтарына деген танымдық қағидалардан, көзқарастардан, ұғым-түсініктерден және оларға енген бұрмалаулардан тазарту кеңестік дәуірде қалыптасқан құқықтану ғылымына, соның ішінде қазақстандық заң ғылымына аса қажет-ақ" - дейді. Міне, ұлттық құқықтанудағы болашақ игерілетін игілікті істердің бір парасы осында жатыр. Қазақтың заң ғылымдарының қай бағытта басымдық алып дамуы керек-ті деген көп мәселелердің басын ашып беретіндей. Әсілі, негізгі тұғыры - демократияны, яки халық билігін күйттейтін өркениетті елдер, тіпті АҚШ-тың өзі де діннен бөлек емес. Ол жақта Президент халық алдында „Библияға" қолын қойып ант береді, сот жүйесінде де солай. Неге? Бұл - ақиқатқа деген сенімге дінді тіреу ету, сол арқылы мемлекеттік мұраттарды шешудің бір амалы. Өйткені басты заңға дәуір тынысына қарай толықтырулар мен өзгертулер, түзетулер ене береді, ал Көктен түскен басты кітап өзгермек емес. Ал біздегі ахуал басқаша, ақсақ ит жатып үредінің кері. Мемлекет қалыбы әлемдік стадарттарға сай түзілсе де, мазмұны шын мәнінде ұлттық мұратта емес. Мемлекеттің заңдық негізі - Конституция дейміз. Еліміздің Басты заңы, қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттің кескін-келбетін, бағыт-бағдарын, құрылғысы мен құрылымын анықтап, ап-айқын бедерлеп береді. Онда Қазақтан зайырлы мемлекет ретінде танылған. Ал зайырлы қоғамда атеистік түсінікке орын жоқ, болмауға тиіс. Әлемдік, адамдық тұрғыдан келгенде кешегі кеңестік кезеңнен мұра боп қалған атеизмде бабаларымыздың арман-мұраттарына орын табылмаған. Түп негізде сенім, имандылық жатпаса, құқық қорғау секілді конституциялық органдардың ант беру, ар-намыс кодекстерінің қауқары шамалы.

Қорыта айтқанда, құлды құдайға теңер, қылшығы мен қан-жыны аралас арам замандардың арам саясаты кесірінен қазақтың төлтума мемлекеттік жүйенің құрылғылары мен құрылымдары өз жолымен дамымады, әлі күнге уақыт нәшіне жауап беретіндей толыққанды бола алмауда. Бүгінгі күні бабалар жосығына үңілудің, нәрлі бастауға ара-кідік болса да қайта-қайта айналып соғып отырудың, әсіресе қазіргі кезеңде берер тағлымы мен сабағы мол көрінеді бізге.

Елеужан Серімов,

Қарағанды қаласы

«Abai.kz»

0 пікір