Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 4739 15 пікір 25 Шілде, 2022 сағат 13:40

Саудия сапары: Қазақстан Ресейді ығыстырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбдел Әзиз Әл Саудтың шақыртуымен Джидда қаласына барды.

Екі ел арасында бірқатар келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар алдағы уақытта өзара тауар айналымын арттыруға ниетті екендіктерін мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді» деп санайды.

«Сауд Арабиясы - Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретін кез келді. Бұл - елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Біздің өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Мұхаммед бен Салман Бен Әбдел Әзиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың жақсы деңгейде екенін атап өтіп, мұны одан әрі кеңейте түсу керек екенін еске салды.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Сауд Арабиясының кәсіпкерлерін біріктіретін Іскерлік Кеңестің ерекше маңызы бар.

Атап айтқанда, Мұхаммед бен Салман Бен Әбдел Әзиз Әл Сауд саудиялық компаниялардың қазақстандық аграрлық секторға инвестиция салуға мүдделі екенін білдірді. Жаһандық азық-түлік дағдарысы кезінде бұл бағыт өте өзекті болып есептеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман келісімге келген құжаттар іске асып, оның нәтижесін тақылау мақсатында шақыруды қуана қабылдайтынын және Қазақстанға келуге дайын екенін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына сапары туралы біз экономист Мақсат Халықтан пікір сұрадық...

Мақсат Халық, экономист:

- Араб елдерінен инвестиция тарту мүмкіндігі болса, барынша қолданған дұрыс. Себебі, оларда инвестициялық мүмкіндік өте жоғары. Ұлттық қор жағынан Араб елдері Норвегия елінен кейінгі орынды алады деуге негіз бар. Ең маңыздысы, бізге үлгі болатын жері – мұнайлы ел мұнайдан басқа да секторды, даму мүмкіндігі бар салаларды қалыптастырып отыр. Олардың қызмет көрсету саласын, сервистік экономиканы құру жағынан тәжірибесі жоғары. Сондықтан Қазақстанның ішінде, әсіресе, қызмет көрсету саласы бойынша, Жасыл экономиканы дамыту бойынша, Исламдық қаржыландыру бойынша инвестиция тартатын болсақ, ол біздің экономикамыздың өсуіне септігін тигізеді. Қазақстанның өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Инвестиция тарту кезінде ең үлкен мән берілетін дүние – елдің несиелік және инвестициялық рейтингісі. Ол рейтингті Standard and poor's, Fitch ratings,  Moody's сияқты әлемдегі ірі агенттіктер жасайды.

Бұрын Ресейдің инвестициялық рейтингісі бізден қарағанда жоғары болатын. Соңғы жағдайлар бойынша Ресейге санкциялар салынғаннан кейін, Ресейдің рейтингісі қатты түсіп кетті. Қазіргі кезде өңірде, Орта Азияда Қазақстан инвестициялық рейтингте көш бастап тұр деуге болады. Көптеген мемлекеттерді қызықтырып отыр. Ресейде жабылған зауыт-фабрикалар Қазақстанға қарай көшіп жатыр. Көбісі Америкалық, Еуропалық компаниялар. Сондықтан Қазақстан қазіргі жағдайда қызығушылық рейтингінде жоғарылап отыр. Біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек деп ойлаймын.

Украинадағы соғыс жағдайы, соның ішінде Ресейдің астықты шығаруға шектеу қоюы белгілі бір дәрежеде әлем елдерінің қызығушылығын Қазақстанға аударып отыр.

Біздің егіс алқабымыз әлем бойынша 7-ші орында. Яғни, Қазақстан астық та жеткізе алатын, азық-түлік қауіпсіздігін бере алатын елдер қатарына кіреді. Сондықтан, осы мүмкіндікті жібермей, өзімізге ыңғайлы инвестиция тарту мақсатында пайланғанымыз жөн деп ойламын.

Abai.kz

15 пікір