Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Пікір 3881 13 пікір 25 Шілде, 2022 сағат 12:35

Тауды қанша үңгісеңде құлата алмайсың...

Мұхтар Шаханов 80 жаста!

Тарихың тұр санаңа өткел тастап
Өз тіліңде ойлау, сөйлеу тоқталған сәттен бастап,
Бүкіл баба рухымен
Ұлттық, гендік-ақпараттық байланысың кесілер,
Тағдырыңнан ата мұра шамын солай өшірер...
Өз тіліңді жерсінбеудің,
Өз тіліңді менсінбеудің
Арсыздығы қай дәуірде болып еді тапқырлық?
Ол-рухи мүгедектік әрі ұлттық сатқындық!
М. Шаханов

...Әлқисса, осыдан он үш жыл бұрын елімізде ойда жоқта «Көп ұлтты, көп конфессиялы» атымен жасалған «быламық доктрина» пайда болды. Билік органдары мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері («Ел бірлігі» доктринасын) аймақтарда кеңінен нені насихаттап, не талқылап, нені үгіттеп жүргенін өздері де білмеді. Айтатындары: «Еліміздегі экономикалық, әлеуметтік қатынастарды дамытуға, халықтар достығын сақтауға және бірлікті нығайтуға ерекше ықпал жасайды» деп сендірді. Ел бірлігін нығайтудың өзегі – елдегі тұрақтылық, осы тұрақтылықты қалыптастырып отырған этносаралық және конфессияаралық қатынастар болып табылады» деген догма, жаттанды сөздермен қаруланды.

М. Шахановтың: «Қазақстандық ұлт» идеясы да бізге сырттан таңылып отырған нәрсе. Бұл идеяны өзіміздің шала қазақтар да қолдап, қолпаштап жүр. Олжастарға (Сүлейменов) керегі осы. Неге? Өйткені, «Қазақстандық ұлт» болсақ, қазақ тілінің қажеті болмай қалады. Президенттің өзі де, оның айналасындағылар да балаларын да, немерелерін де қазақша оқытқан емес! Оқытқысы да келмейді! «Қазақстандық ұлт» деген сылтаумен қазақты әуелі орыс, сонан кейін ағылшын жасамақ» – деген сөзін 24.06.2008 ж. «Жас Алаш» газеті алғашқылардың бірі болып жариялады.

«Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасы өзінің негізін американдық ұлттан алады. Бұл идея бойынша республикада қанша ұлт болса, соның барлығы өзінің рухани құндылықтарын бірте-бірте ұмытып, бір ұлтқа айналуы керек. Олай болса біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы арманы қайда қалады? Сондықтан бұл идеяға біз түбегейлі қарсымыз» деген М. Шахановтың соңынан қазақ зиялылары бір кісідей қолдап, 2009 жылдың 25-қарашасында «Ел бірлігі» доктринасына қарсы шығып, даулы доктринаны 17-желтоқсанға дейін кері қайтарып алмаса, аштық жариялайтындарын күллі әлемге паш етті. Аштық жариялайтын уақыт жақындап келеді. Кезінде абыз жазушы атанған Әбіш Кекілбай мен қазақты елінен қуған «Хамит коммунист» – Досқан Жолжақсынов, «Сарай бұлбұлы» Ертісбаев пен пәлсапашы Ғарифолла Есімнің есі кеткен, Қуаныш Сұлтанов пен Олжас Сүлейменовтың «сүйсінген» пікірлерімен арқаланған ұлтты жояр «доктринаға» ие боп жүрген ассамблея төраға орынбасары Е.Тоғжанов Алматыға қайта-қайта ұшып барса да, Мұхтар ағаны «райынан қайтарам» деген арманы орындалған жоқ. Орынбалмақ түгілі маңына да жолатқан жоқ. Астанадан шыққан премьер-министр К.Мәсімов те Алматыны жағалап барғанмен Шахановқа жол таба алмай, Астанаға бос сандалып қайтты.

«Біз не айтсақ, не істесек те біздікі дұрыс» деген есек дәмеге дәнденіп қалған үкімет басшыларын қорқыныш билеп, жандары мұрындарының ұшына келді. Оңай емес қой, ел бүлініп төңкеріс болып, барынан айырылып, сот алдында жауап беріп, итжеккенге кетіп жатса... Қаншама амалы, жолдары, тығырыққа тіреліп, М. Шаханов тамақтарына сүйек болып қадалды. Соңғы үміттері қазақ халқына сыйлы, абыройлы, беделді, сөзі өтеді-ау деген қазақ зиялыларынан, Сенат пен Мәжіліс депутаттарынан, Үкіметтен министрлерді, Ақорда өкілдерінінен құралған елдің қаймақтары Астанадағы бұрынғы «Ақорда», қазіргі Президент мұражайы ғимаратының дөңгелек үстеліне жиналды. Бақылап отырмын: Мына сенатор терең ойда, не ойлап отыр екен?.. Мынау ше, үш мәрте Мәжіліс депутаты болды. Бірақ әлі халыққа тиген пайдасы да, шыққан мүйізі де жоқ. Жылда сапырылысып келіп-кетіп жатқан келгінбай анау министрлер ше?.. Еліне, халқына берері жоқ жыл құсындай болған мемлекеттік хатшы Қ. Саудабаев көсемсіп, экономикамыздың әлемдік дәрежеге жетіп, бақытты да баянды өмір сүріп жатқанымызды есімізге түсіріп отырды. Халқына бергенінен берері көп Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев үнсіз отыр. Әлгі «әлемде теңдесі жоқ доктринаның» иесі боп жүрген Ассамблея басшысының ұнжырғасы түсіп кеткен. Араларында «қазақ ұлтым сақталатын болды» деп қуанып отырғандары да бар шығар. Өкініп отырғандары: ұрлаған, тыққан, жымқырған байлығын ойлап, ел теңселіп кетсе күніміз не болар екен деп, зәрелері зәр түбіне жетіп отырғандары да бар, әрине. Біреуі сөйлейді, оны қоштап немесе сөз таластырып, пікір алмастырып жатқан жан жоқ. Мүлгіген тыныштық. Бір кезде М. Жодасбеков ағамыз: Бұрынғы Ақорданың шаңырағына бір қарап қойып: «Мұхтар бауырым, шақырып едік келмедің. Біз де халқың да сені жақсы көреді. Райыңнан қайт, ел бүлінбесін. Бәріміз де осы елдің болашағы үшін жүрміз ғой» деген т.б. ойларын біртүрлі жеткізді. Бірақ одан басқа Шахановты не жамандап, не сөз арасына қыстырып ауызға алған жан болмады. Бір нәрсеге толық көзім жетті. Жүгенсіз кеткен ел басшыларының еңсесін Шахановтың мысы басып, мүлгіген өлі тыныштық орнады. Сонда отырғандардың бойларын біртүрлі үрей ме, күдік пе, билеп, беттерінде сөл жоқ, сәлден соң алапат дауыл келіп, жайпап кететіндей дәрменсіз, шарасыздық жайлап отырды... Сөйтсек, бұл жиын олардың Шахановты келісімге шақырған соңғы жиыны екен. Өз мүддесінен ұлтын жоғары қойған М. Шаханов болса, әрине, келмеді.

2009 жылы 25 қарашасынан тура 20 күн өткенде Шаханов билікпен келісімге келгенін мәлімдеді. Шахановтың жеңісі қазақ халқының жеңісі - екеуі егіз ұғым. Назарбаев қабылдап қойған,  қазақ ұлтын жоятын доктрина күшін жойды. Бірақ Шахановтың көрмеген құқайы қалмады.

Қазақстан халық Ассамблеясының өзі, оның атынан ұсынылған доктрина қандай заңға сәйкес келеді. Өйткені, елде екі бірдей сайлау құқығын иеленіп отырған Ассамблея мүшелерінің іс-әрекеті конституциялық нормаларға қайшы. Оның үстіне Ассамблея мүшелері сайлана ма, тағайындала ма деген сұраққа мардымды жауап та жоқ. Ал «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» әуелі орыс тілінде даярланып,  қазақ тіліндегі мағынасы көжеботқа болған. Яғни, шаласауатты дайындалған. Осының жаршысы Е.Тоғжанов мырза: «Еуразия университетінің үш ғалымы дайындап еді», - деп авторы кім, ертең бұған кім жауап береді деген сауалға, не аты, не заты жоқ лақпа әңгімені соға салды. Алғашқыда жарты әлемге жар салып, өз атынан лепіріп мақтанып, керемет құжат екеніне елді сендіріп жүрген жарықтық, артынан шикілігі шыққан соң өзгелерге өз күнәсін аударып тайқып шыға келді.

...Қазақ халқы мен қазақ зиялылары арасында үлкен дүрбелең туғызатын «Ел бірлігі» доктринасы, жерді шетелдіктерге сату, үш тілділік, қазақ ұлтын жою  сияқты қазақ ұлтына қарсы жасалатын барлық іс-әркеттердің авторы белгісіз. Сонда заңдарды кім жазып, мемлекетті кімдер билеп отыр?.. Ұлтымыз жойылып барып тоқтап қалды. Доктринаның бірінші де соңғы мақсаты «Қазақстандық ұлтты» қалыптастырып,  Қазақ паспортына қазақ деп емес, «қазақстандық» деп жазылатын еді. Сол кездегі премьер министр К. Мәсімовтың айтуынша, «Доктрина қабылданбай жатып үш мың қазақ, қазақ деген ұлтынан жиреніп, паспортын ауыстырып, төлқұжатындағы ұлты деген жерге «казахстанец» деп жаздырып үлгеріпті. Сол кезде Шаханов шырылдап, басын қатерге тігіп шықпағанда шынында қазір күніміз қандай күйде болар еді... Назарбаевтың рұқсатынсыз шыбын ұшпайтын Қазақстанда неше миллион қазақ ұлтынан безіп, «әлем халқы» атанар еді. Ойлаудың өзі қорқынышты.

Тоғайбай Нұрмұратұлы

Abai.kz

13 пікір