Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4462 0 пікір 3 Желтоқсан, 2012 сағат 08:40

Төлен Әбдік. Тозақ оттары жымыңдайды (жалғасы)

* * *

Кияку таңғажайып бір тастан қалаған "лашықтың" ішінде көзін ашты. Өңі ия түсі екенін айыра алмай ұзақ жатты. Тіпті өзінің тірі екеніне де толық сенген жоқ. Теп-тегіс, аппақ қабырғалар, әр түрлі түсініксіз бұйымдар, үстінде жатқан жұп-жұмсақ жамылғы. Бір қызық ертегі тыңдап жатқандай ұйқылы-ояу сезімде біраз жатты да, бірте-бірте есі кірген сайын қиялға сыймайтын жұмбақ күйде екенін аңғарып, таңырқау әсерінен басқа түк жоқ, ешқандай түйсікке әсер етпейтін сәулесіз, түссіз, жылусыз, беймәлім кеңістікте қалқып қалғандай бір күйге енді. "Жоқ, әлде Янумака қарт айтатын о дүние осы ма екен" деп ойлады ол маңайына бағдарлай қарап.

* * *

Кияку таңғажайып бір тастан қалаған "лашықтың" ішінде көзін ашты. Өңі ия түсі екенін айыра алмай ұзақ жатты. Тіпті өзінің тірі екеніне де толық сенген жоқ. Теп-тегіс, аппақ қабырғалар, әр түрлі түсініксіз бұйымдар, үстінде жатқан жұп-жұмсақ жамылғы. Бір қызық ертегі тыңдап жатқандай ұйқылы-ояу сезімде біраз жатты да, бірте-бірте есі кірген сайын қиялға сыймайтын жұмбақ күйде екенін аңғарып, таңырқау әсерінен басқа түк жоқ, ешқандай түйсікке әсер етпейтін сәулесіз, түссіз, жылусыз, беймәлім кеңістікте қалқып қалғандай бір күйге енді. "Жоқ, әлде Янумака қарт айтатын о дүние осы ма екен" деп ойлады ол маңайына бағдарлай қарап.

Кенет қайдан шыққаны белгісіз, өзіне жақындап келе жат­қан киімді, еңгезердей қара кісіні көрді. Қорыққаннан денесі өз еркіне бағынбай, жылан арбаған бақаша сіресіп, қозғалмай қалды. (Қорыққаным - тірі болғаным ғой деп ойлап үлгірді осы арада). Көзінің алды қарауытып, бір тұңғиыққа шым батып бара жатқандай сезінді. Әлден уақытта сейіле
бастаған тұман арасынан өзіне ерекше мейірімін төгіп, жылы жүзбен, аяушылық білдіре қараған әлгі адамды көрді. Өз тілінде бірдеңе айтып, ыммен "қорықпа, жата бер" дегенді білдіріп тұр. Жанына келіп, әлдеқандай жылтыр ыдысты Киякудың аузына тосып, "іш" деп ишарат жасады.  Кияку жеміс шырынынан жасалған сусын екенін білгенде айырылып қалатындай жанталасып, ыдысқа бассалды. Мейірбан кісі аузына жылы-жұмсақ, дәмді бірдеңені салғандай болды, оны да шайнамастан, қомағайлана қылқ еткізді...

Көп күндер өтті. Кияку бірте-бірте әл жинап, оңала бастады. Күтуші негр күніне үш рет тамақ беріп, асырайды. Киякудың түсінбейтінін біле тұра, кешкілік өзінен-өзі мәз болып ұзақ әңгімелер айтады. Үй ішіндегі заттарды қолымен көрсетіп, атын атап, Кияку оны бұлжытпай қайталап айтса, одан сайын мәз болып, рақатқа батады.

Кияку кейін негрден бәрін естіді. Мұны орман ішінде ес-түссіз жатқан жерінен каучук фабрикасының жұмысшылары тауып алыпты. 5-6 жасар шамасындағы кіп-кішкентай, ап-арық индеец баланың әлі тірі екенін көрген соң, олар плащ­қа орап, деревняға алып келеді. "Ит тұмсығы бат­пайтын қалың орманда жападан жалғыз не ғып жүр және қайдан жүр" деп бәрі де таң қалысады. Ақыры фабрика директоры оқыған, мәдениетті әрі ер көңілді кісі болғандықтан, қызметші негріне индеец баланы емдеп, асырап алуына рұқсат етіпті.

Күтуші негр Киякуге Эдуард деп ат қойды. Сынаптай қалқыған сәби санада Кияку деген ат бірте-бірте ұмытылып, Эдуард есімі біржола орнығып қала берді.

Негр ешқашан да үйленбеген, жалғызбасты адам болатын. Жас шамасына сай келмейтін ерекше ақылды, кіп-кішкентай индеец баланы бауыр басып, жақсы көріп кетті. Кейін тіпті сырттан келгендердің бәріне Эдуардтың орманнан табылғанын жасырып, қайтыс болған әйелімнен қалды, әйелім баладан өліп еді деп өтірік соғып жүрді.

Эду екі жыл өткен соң мектепке барды. Оның ересек адамнан бетер орнықты ақылына, ұғымталдығына мұғалімдер де қайран қалып, бастарын шайқайтын. Ал кішкентай Эду болса, ақыл-ойлары жұмбақ боп көрінген ақ адамдардың балаларының өзінен неге артық емес екеніне түсінбей, әрі өзінің барлығынан зерек болып шыққанына біртүрлі ыңғайсызданатын секілді еді.

Бірте-бірте Эдуардтың орманнан табылғаны туралы лақап та ұмытылды. Тағдыр айдап, өз тайпасынан көз жазған жас бала жаңбырдан кейінгі бұрқанған ағысқа лақтырған құм
кесектей, мүлде басқа, о дүниедей бейтаныс өмір тасқынына біржола ыдырап, сіңіп кете барды.

Адам баласы бүкіл ғұмырының өн-бойында ғана кешуге тиісті сыбағалы қайғы-қасірет, қорқыныш, түңіліс, қиыншылық тақсіретін алты жасының ішінде басынан өткеріп біткенін, әрине, оның өзінен басқа ешкім де білген жоқ. Және білгілері де келмеді. Эду тоғызға толғанда фабрика қожасы әлдеқандай қылмысты іске араласқаны үшін жауапқа тартылып, каучук фабрикасының жұмысы тоқтап қалды. Жұмысшылар тарап кетті. Ең соңынан есеп айырысқан негр Перри Эдуардты алып, Мату-Гроссу штатының астанасы Куяба қаласына келді. Мұнда бір жыл тұрғаннан кейін, тағы да жұмыс іздеп, Бразилия қаласына, одан Сан-Паулуға келді. Одан Рио-де-Жанейроға көшіп, жарты жыл қайыршылық тұрмыс кешкен соң, Эдуды ертіп, Америка Құрама Штаттарына келді. Ақыры Нью-Йоркке өкше тіреп, біржола тұрақтап қалды.

Перри Эдудың оқуға деген алабөтен зейінділігін жақсы бі­летін. Сондықтан ертең мектепті бітіріп шыққан соң, кол­ледждердің біріне оқуға түсіруді армандайтын. Өмірі семья құрып, бала сүйіп, аталық сезімді басынан өткеріп көрмеген бейнетқор негр Эдуардқа жасаған бүкіл қайырынан кішкентай балалардың "семья" болып ойын ойнағанда өздерін кәдімгідей үлкен адамдарша сезініп, рақаттанып қалатыны секілді ләззат алатын.

Перриді көшеде өлтіріп кетті. Оны кім өлтіргенін, неге өл­тір­ге­­нін Эдуард білген жоқ. Тек өзінің енді жалғыз қалғанын, үлкен ба­қытсыздыққа ұшырағанын анық білді. Көшедегі қайыршылар­ға қосылып, аштан-аш, бос сандалған күндерінде ол "жоқ, бұлардың бәрі мен көрген азаптың жанында түк емес, мен бұдан да зор­ды көргем" деген ойды ғана медет қылды. Ол магазинге кү­зет­ші болып та, газет таратушы болып та, жүк тасушы болып та, аяқ киім тазартушы болып та көрді. Екі жыл өткен соң қаланың шет жағындағы түнгі шағын ресторанда официант болып істеп жү­ріп, колледжге түсті. Күндіз сабаққа барып, түнде жұмыс іс­тейді. Күніне бес-ақ сағат ұйықтап, тамағына жетер-жетпес қаражатпен тағы екі жылдай жоқшылық зардабын тартуға тура келді.

Міне, дәл осы тұста каторганың кесімді жылының аяқталғаны секілді, тағдыр тауқыметі мойнынан біржола сыпырылып, басқа бір сәулелі, жарқын өмірдің кіріспесі басталды.

Университеттің профессоры Джорж Бейкер сырдаң,  өзімшіл, ақсүйек адам еді. Бірақ ғылымға жан-тәнімен берілген және ғылым алдында оқымыстылық ар-ұжданын биік ұстауды бірінші мақсатым деп білетін. Профессор Эдуардтың бо­йында жасырынып жатқан талантты бірінші болып байқады. Ол Эдуардқа көңілі құлап, жақсы көргендіктен көмектесті ме, әлде өзінің ішкі принциптерін орындау үшін - ғылым алдындағы азаматтық борыштарының бірін өтеу үшін көмектесті ме, ол арасы беймәлім. Джорж Бейкер Эдуардты өз қолымен жетелеп, ғылым әлеміне енгізді. Шәкірт оған жауап ретінде өзінің тұңғыш ғылыми еңбегін Бейкер деген фамилиямен жариялап, кейін сол фамилияда біржола қалып қойды.

* * *

Эдуард ғылым дүниесіне ессіз құштарлықпен берілді. Оның осынау оңаша, тынымсыз тіршілігі әлдебір қанына қатқан өшпенділіктің кегін алуға өршеленген жанның өлермендігіндей немесе кісі өлтіріп жатқан қарақшының "әлі жаны шыққан жоқ" деген күдіктен құтырына түсетін сойқан ісіндей ессіз, шапшаң, толассыз бір қарекет еді. Осы бір қарекеттің сыртында рақат, тыныштық, тыныстық өмір болары Эдуардтың есіне келіп көрген емес. Қайта осының бәрі көңіліне еміс-еміс елес беретін, сәби күнінде көзімен айқын көрген Ажал елесі, Мәңгілік үрей азабымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, арзан боп көрінеді.

Сол үрей мұны өмір бойы өкшелеп қуып келеді. Жабайы аюдан қашқан адамның жүгірістен рекорд жасасам деп ойламайтыны секілді, Эдуард та ол кезде ұлы жаңалық ашып, даңққа бөленсем деп ойлаған жоқ. Бірақ даңқ өз аяғымен келді. Және өзімшіл, сұлу әйелдей өзінен басқаның бәрін ұмытуды, өзінен басқа ештеңені сүймеуді талап етті. Ал Эдуардтың бұған дейін қастерлеп, жүрегіне жақын тұтатын ештеңесі қалмағандықтан, даңқпен оңай табысқан. Жалғыздық дерті жайлаған жан дүниесіне бір сәуле енгендей болып, еңсесін көтерді. Сонда ол тауға көтеріліп келе жатқан адамның кенет төменге қарап, өзінің қалай биіктеп кеткеніне таң қалатыны, әрі аздап үрейленетіні секілді бір сезімге келген.

Даңқ мұны Мәңгілік үрей азабынан құтқарды. Енді ол өзінің осы­нау құдіретті күш-жігерін үлкен, мәнді мақсатқа арнау керек екендігін түсінді. Арнамаған күннің өзінде сол қыруар ең­бегінің ішінен ақылға сыйымды, мәнді бірдеңе тапсам деп ойлады. Ол бір затқа - жеке бастың мансапшыл өзімшілдігі мен ха­лық­тық, азаматтық игі мақсаттардың кереғарлық қылмай, қабысып кете беретініне қайран қалды. "Ендеше, - деп ойлады ол, - ме­нің міндетім ғылымға ғажа­йып жаңалықтарды ашып беру ғана емес пе... Ал одан әрі мақсат та, борыш та, мән-мағына да өзінен-өзі сол нәтижеден тарай беруге тиісті... " Ақыры міне, медицина ғылымындағы әлемді дүркіреткен Эдуард Бейкер дәуірі басталды.

Эдуард Бейкер адамдарды қайран қалдырудан, аһ ұрғызудан жалыққан жоқ. Үйткені ол сондай жанға жәйлі, жағымды. Мынау өмірді бәсеке-күреспен теңестіріп тұрған заманда сол бәсекенің жеңісінен артық ләззат, содан артық абырой, содан артық мән-мағына бола ма?..

Доктор Бейкердің есін жиып, қызметшісін шығарып жібергеннен кейін есіне түсіргендері осылар еді. Ол енді өзінің сонау ағысты, лай өзен жағасында қалған араку тайпасынан жеті бақсымен бірге не мақсатпен шыққанын және не деп ант бергенін есіне алды. Осы тұста көкірегін қақырат­қан бір дертті сағыныштан көзінің алды тұманытып, есінен тануға шақ қалды.

- О-о-о-о! - деді кенет ұлыған тәрізді бір үнмен күйініп. - О-о-о!!! У-у-у!!!

Шынында да ол хайуанша, көкке қарап ұлығысы келді. Адамдық белгімен жеткізе алмастай дәрежеге жеткен күйініш даусы аузын ашқанда жабайы, хайуани үнге ұласты.

- О-О-о-у-у-у!!! - Доктор Бейкер кемсеңдеп, көкірегін тырнады. Ол мынау дүниенің құны сертті сәтте өзі үшін түк емес екенін осы уақытқа дейін қалай ажыратпағанына өзегі өртеніп, бұдан да қайыршы болып, не жынданып кетсем әлдеқайда жеңілдер едім деп ойлады.

Тағы да есіне көкпен таласқан қалың джунгли, қаз-қатар тігілген лашықтар, кешкі отты қоршап, жарылқаушы рухты шығарып салып тұрған бақсылар, толық ай мейрамындағы ойын-күлкі, шешесінің таңғажайып, мұңды жанары елестеді...

Торығып, белін ұстады.

- О-о-о-о-у-у-у!!!

Тау басында сірескен қарлы мұз ерісе, сел боларына ұқсас қатал жанның ішіндегі беріш қайғы жібігенде оқыс шешілген бір қауырт әрекеттің болары сөзсіз.

Таң алдында доктор есін жиып, сабырға келді. Түнімен адасқан адамның жарық түсе қай жерге келіп тоқтағанын жобалағанындай, түндегі еске түскен өмір тарихы мен журналистен естіген әңгімесін салғастырып, қазір өзінің қандай жайға душар болып тұрғанын және оның өз өмірі үшін қаншалықты маңызы бар екенін ақылға салды.

ІІІ

Доктор Бейкердің аяқ астынан Бразилияға жүріп кетуі бәлендей дабыра-шуға ұласқан жоқ. Жандайшап қалалық газеттердің бет­терінде "Бүгін доктор Эдуард Бейкер ресми сапармен Бразилияға жүріп кетті" деген хабардан басқа ештеңе жарияланбады. Док­тордың ішкі жан-дүниесіне бір де бір рет бас сұғып көр­мегендіктен айналасын қоршаған қошеметшілері де, қыз­меткерлері де, жанашыр көңілдестері де бұл сапардың мәнісіне тү­сінген жоқ. Және қай күні жүретінін де ешкім жобалай алмады. Тек үйіндегі қызметшісі ғана доктордың жан-дүниесіндегі әл­дебір аяқасты өзгерісті іші сезіп, "тегі әйел, махаббат төңірегіндегі бір құпия сыр болмады ма екен" деп өзінше топшылады.

Доктор өзін шығарып салып тұрған ешкімнің жоқ екенін жақсы білсе де, самолет басқышында тұрып, артына бұрылды. Киноаппараттардың тызылы мен фотоаппараттардың тырсылына, бірін бірі кимелеген журналистер мен лауазымды адамдардың қошемет белгілеріне, салтанатты дабырға дағдыланған докторға ың-жыңсыз самолет басқышымен көтеріліп бара жатқаны біртүрлі ыңғайсыз көрініс секілді еді. Бірақ осылай болғанына іштей қуанып қалды. Өзімен-өзі болып, көңіл күйінің бұрауын бұзбай, көз алдына сол бір суреттерді қайта-қайта елестетіп отырып, өзінің осы уақытқа дейін жалғыз болғанын, енді тіпті, мәңгі-бақи жалғыз қалғанын айқынырақ сезінгісі келді. "Аракулардың қираған лашықтарын өз көзіммен көрейін, - деп ойлады ол. - Олардың қолдары тиген, ұстаған құрал-саймандарының бір сынығын тапсам, қалған ғұмырыма бәлкім алданыш болар". Ол жол бойы осыдан басқаны ойлаған жоқ. Рио-де-Жанейроға түсісімен, аэропорттан билет алып, Бразилия қаласына ұшты. Бразилиядан әлдеқалай жолаушы тасып жүрген әскери самолетке отырып, түс кезінде Куяба қаласына келіп қонды.

Көзінің алды күлтілдеген, бадырақ көз губернатор докторды қабылдап отырып, қалаға әдейі арнап келгеніне қуанышты екенін, бірақ сапарды ресми түрде хабарламағандықтан, лайықты сый-құрметтің жасалынбай қалғанына қатты қынжылатынын айтты.

- Бұл жақта бұрын болмаған шығарсыз? - деді ол секретарь қыз әкелген ыстық кофені аузына апара беріп.

- Жоқ, - дей салды доктор.

- Сырттан келген адамға табиғаты аса жағымды емес. Күн ыстық. Ыстықты ыстық қана қайырады. Кофе ішіңіз.

Губернатор әрнеден хабары бар, мінезі әкімге ұқсамайтын жұм­сақ, ақжарқын кісі екен. Доктордың келу мақсатын үй­рен­шікті әңгімедей сабырмен тыңдап отырды да, Мату-Гроссу штатында кезінде индеецтер өміріне үлкен қатер төнгенін, оның бәрі авантюристер мен бандиттердің ісі екенін, қазір Шингу ұлттық паркінде жағдайдың біршама жақсы болғанын және сөз арасында өзінде де индеец қаны бар екенін, үлкен әжесінің тупи тайпасынан шыққанын, әрі өзі соны мақтаныш тұтатынын айтып кетті.

- Губернатор мырза...

- Білем, - деді губернатор елгезек қызметшілердей әрі айтқызбай, - сізге жеңіл самолет және жолсерік бірнеше адам керек.

- Біреу. Жол бастайтын бір адам болса да болды.

- Бәрі де болады...

- Айтпақшы, - деді ол шығып бара жатқан докторды тоқтатып, - безгек, сүзек, іш ауруларына қарсы егілуді ұмытпаңыз...

Үш күннен кейін доктор Бейкер мен индеецтерді қорғау қызметінің бөлім командирі, полковник Мауро Мартинс күн шыға самолетке отырды.

Самолет көтерілген сайын тұтасқан жасыл орман ұшы-қиырсыз жазылып, тарам-тарам өзендер жалғыз аяқ жол секілді жіп-жіңішке болып көрінеді. Күн батар тұстан көтерілген қара бұлт лезде төбеге көтерілді. Оң қанаттан соққан желден самолет жүрісі бұзылып, шайқалып келеді.

- Жаңбыр маусымы да басталып қалды ғой, - деді полковник самолет гүрілін баса айқайлап.

Көп ұзамай жел бағыты өзгеріп, жарқ-жұрқ еткен қара бұлт қапталда қалды.

- Тәубә! - деді сағыз шайнаған ұшқыш ыржия күліп. Сонан соң айқайлауға ерініп, найзағайлы бұлттың ауып кеткенінің жақсы болғанын ыммен көрсетті.

Доктордың тас мүсіндей көсе жүзі бозарып, қуқыл тартты. Ұшқыш шайнаңдап отырып, жалғыз қолымен картасын жазды.

- Кеп қалдық, - деді көңілді үнмен. Самолет төмен құлдилап, солқ ете түсті де, шоқалақ жер бетімен зіркілдеп біраз барып, тоқтады.

- Бұл арада американдық миссионер тұрады. - Полковник ағаш арасынан көрінген ақ шатырды көрсетті.

Ат жақты, ұзын бойлы, сыртқы пішіні ковбойларды еске түсіретін, орта жастағы американдық миссионер жолаушыларды жылы жүзбен қарсы алды. Кофе үстінде полковник докторды таныстырды.

- Ал мен осындағы этнограф ғалымдардың бірі ме деп едім, - деді миссионер кешірім өтінген жүзбен күле қарап. - Онда келу мақсатыңыз бірыңғай туристік болды ғой...

Доктор Бейкер кіржиіп, біразға дейін жауап бермей отырды да:

- Мату Гроссу штатындағы ең соңғы, тірі индеецтерді көріп қалғым келеді, - деді самарқау. - Сіз бізге осы маңайды аралата аласыз ба?

- О, не дегеніңіз!.. Сөз бар ма... - Миссионердің үнінен аса құлап түскен пейіл байқалмады. - Аралатуға болады ғой.

- Алайда, - деді ол сыртқа шыққанда, - индеецтер мәселесі әбден ескірген тақырып, доктор мырза. Ол туралы индеецтер жайын білмейтіндер ғана сөз қылады. Ал біздер үшін... Бері қарай жүріңіздер, қашық емес... Ал біздер үшін өзінен өзі белгілі, әлдеқашан шешілген, әрі ешкімнің көмегі жүрмейтін табиғи процесс...

Доктор Бейкердің басына қан шапшып, тізелері қалтырап кетті. "Шошқа!" дегісі келді айқайлап. Ол тіпті бұдан да зор, жанға бататын бірдеңелерді айтқысы келді. "Бейбіт тайпаларды динамитпен, умен, уколмен қыру табиғи процесс пе?! - дегісі келді долданып. - Сеніңше осы табиғи процесс пе, сұмырай! Таң алдында ұйқыда жатқан деревняға гранаталар лақтырып, опат қылу табиғи процесс пе?! Табиғаттан жаралған өзіңдей адам баласын екі ғасыр аулап, жер бетінен жойып жіберу табиғи процесс пе, сұмырай! Қарақшы!!!" Бірақ доктор мұны айтқан жоқ.

- Бұрын бұл тұста қанша индеец тұрған? - деді сигарет ұстаған саусақтары қалтырап.

- Қанша болғанын дәл айту қиын. Осыдан 100 жылдай бұрын шамамен осы жердегі тайпада 150-200 мыңдай адам болған....

- Қазір қанша?

- 20 адам.

Доктор Бейкер сигаретін аузына апара алмады.

- Қалғаны қайда? - деді меңірейіп, не сұрап тұрғанына өзі де түсінбей.

Миссионер докторға таңырқай қарады.

- Індеттен қырылып қалды ғой.

- Сосын.

Миссионер докторға тағы қарады.

- Сосын... Рас, ақ адамдардың қолынан да аз қырыл­ған жоқ. Ақ адамдар қарудың күшімен оларды қалың орман түкпіріне ығыстырды. Бірақ индеецтер де қарап қалған жоқ қой. Олар да талай рет бірнеше тұтас отрядтарды қырып салған. Сондықтан бұл соғыста әрқайсысы да кінәлі.

- Сізге индеецтердің өз жерлерін қорғағысы келгені соншалықты таңқаларлық нәрсе ме?

- Неге?.. - Миссионер иығын қозғап, жымиған болды. - Әне, - деді содан кейін қолын шошайтып.

Он қадамдай жерден екі индеец баланың шашы жалбыраған бастары көрінді. Одан кейін қарындары тасырайып, ағаш тасасынан өздері шықты. Доктор Бейкердің жүрегі шымырлап, ауырғандай болды. Жанына соншалық жақын, ыстық көрінген қап-қара, тыр жалаңаш екі баладан көзін ала алмады.

"Мінекей, келдік" деген миссионердің қарлыққан даусын естігенде барып, қарсы алдында тұрған таңғажайып, кіп-кішкентай лашықтарды көрді.

Миссионер қолындағы таяғымен лашықтың төбесін қақты:

- Ей, тезірек шығыңдар! Сендерге қонақ келіп тұр.

Лашықтан қабырғалары ырсиған, жүдеу үш кішкентай бала шықты. Іштен әлдекімнің күңкілдеген, жөтелген дыбысы естіледі.

- Ей, тезірек! - деді миссионер тағы да айқайлап. - Тезірек. Сендерді суретке түсіреміз.

Көп ұзамай деревня тұрғындары түгел жиналды. Үйре­тіл­ген цирк хайуандарындай үн-түнсіз, бір-бірімен де тіл қатыспастан қатарласып тұрып жатыр. Белі бүгіліп, қаусаған шал-кемпірлер, таяққа сүйенген ақсақ еркектер, бір тісі жоқ, қызыл иек әйелдер, соқырлар, бүкірлер, ши борбай балалар... Қатарласып тұрып жатыр.

Полковник Мауро Мартинс фотоаппаратын алып, бірнеше дүркін суретке түсірді. Содан кейін доктордың жүзіне қарап, ұнатпай тұр ма деген оймен:

- Доктор, бұлар осы өлкедегі ең намысқой, жауынгер тайпалардың бірі болған, - деді кепілдікке көзімен миссионерді нұсқап.

Миссионер басын изеп, қолындағы таяғымен етігінің қонышын сарт еткізді де:

- Отыз жыл соғысты, - деді докторға қарап.

Доктор миссионердің сөзін тыңдаған жоқ, торкөз орамалымен қайта-қайта сіңбірініп, әлдене деп сыбырлағандай болды.

Миссионер индеецтерге таяғымен жайқап, тараңдар деген белгі берді. Содан кейін қонақтарды бастап, тайпа көсемі тұратын лашыққа кірді. Қақ төрде, жапырақ үйіндісінің үстінде жерге үңіліп отырған кәрі шал келгендерге нұры қашқан ақжем көздерін бір аударды да, ештеңе көре алмағандай, жерге қайта тұқжиды.

- Сексенде, - деді миссионер тізесін бүгіп. - Тұра алмайды.

Лашық ішіндегі сынған найза, ескі қауырсын қалпақ, шоқпыт шүберек, шашылған жаңғақ қалдықтары, жағымсыз сасық иіс - тіршілік мәнінің мүлде жойылғанын, ал мына шалдың әлдебір себептермен бір күннен бір күнге жылжыған уақытша ғана көрініс екенін дәлелдеп тұрған секілді.

Шал басы қалтылдап, миссионерге баяу бұрылды да, әрең дегенде қырылдаған үнмен бір сөз айтты.

- Қайыр сұрайды, - деді миссионер.

Доктор шалға қалтасынан бес доллар алып, ұсынды. Шал ақшаны астындағы жапырақтың астына тықты да үн-түнсіз, әуелгі күйіне түсіп, қозғалмай қалды.

Миссионер түрегеліп, тізесінің шаңын қақты. Сыртқа шыққан соң доктор тағы да қаз-қатар қолдарын созған кемтар-қайыршыларға тегіс ақша үлестіріп шықты.

Доктор Бейкер миссионердің бұрынғы индеецтер туралы, олардың әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары, әкімшілік-басқару жүйелері туралы айтқан әңгімелерін тыңдай алмады. Тағы да сол жалғыздық дерті жанын күйзелтіп, "тым болмаса, басыма түскен қайғы-қасіретімді бөлісетін адам бар ма?" деп ойлады ішінен "Кім бар?! Әлде әділет жоқшысы, журналист синьор Палетелли ме? Әлде құрып жатқан тайпалардың тұрмыс-тіршілігін тарихқа енгізу үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ұжданы биік ғалымдар ма? Әлде индеецтерді қорғау қызметінің негізін салған атақты, мейірбан генерал Кандидо Мариано Родон ба?.. Жоқ! Синьор Палетелли бөлісе алмайды! Үйткені оған араку да, ваура да, бороро да, шаванте де, каражо да бәрібір. Ол тек дүниедегі әділет заңының принциптері бұзылмауы үшін күресіп жұр. Жоқ! Ұжданы биік ғалымдар да бөлісе алмайды. Олар тек тарих пен ғылымның ақиқаттығы үшін, шындық үшін күресіп жүр. Жоқ! Мейірбан генерал Родон да бөлісе алмайды. Ол тек өз нәсілі үшін жанын кемірген ар-ұяттың әмірімен қызмет қылды. Өзін тарих алдында ақтау үшін күресті.  Сонда араку тайпасының рухы оятып, түндер бойы ұйқы көрмей, азап кешетін, жаны ауырып, көзіне жас келетін, сағынатын, іздейтін кім? Ол - мен. Мен - Эдуард Бейкер. Басқа ешкім де емес. Мен! Мен! Мен!... "

Келесі күні тағы күн шыға ұшқан самолет тірі қалған индеецтердің мекені - ұлттық парк орналасқан жерге сәскеде қонды. Мейманханаға түсісімен полковник индеецтер пос­тының басқармасына телефон соғып, машина шақыртты.

Жарты сағат өткенде бұлар отырған машина шаңы бұрқылдаған, ойқы-шойқы, қисық жолмен өзен бойлап келе жатты. Пальма ағаштары жиілеп, зәулімденіп, жол да жіңішкеріп, жалғызаяқ соқпаққа тірелгеңде полковник машинаны тоқтатты.

- Бұдан әрі жол жоқ, доктор. Жаяу барамыз... Әне, естіп тұрсыз ба?

Әлсіз гүмпілдеген барабандар үні естілді.

- Қазір бұл жер туристер орталығына айналған. Әсіресе, июнь, июль айларында киноға түсірушілер қаптап кетеді.

Барабандар үні күшейе түсті. Ширек сағат шамасында доктор Бейкер мен полковник Мартинс джунгли ішінде ерсілі-қарсылы сапырылысып жүрген туристер тобына қосылды. Зоопарктегі секілді аралайтын маршруттарды тақтай стрелкалармен белгілепті. Тек тақтайларда тайпалардың аттары жазылған. Әр тұстан дабырласқан көңілді шу, кинорепортерлардың "ал, кәне, бастаймыз, бастаймыз!" деген даңғой ай­қайлары естіледі.

Доктор полковник Мартинстен көз жазып қалды. Қалай қарай жүрерін білмей, аңтарылып, аз-кем тұрды да, "леопард аулауға болмайды" деген тақтай афишаны айналып өтіп, жал­ғыз аяқ жолға түсті. Шу бірте-бірте алыстай берді. Әлден уақытта сүрлеу де із-түзсіз жоғалып, доктор қауырсын жапырақты папортниктер мен тұтасқан шырмауықтардың қамауында қалды. Ол енді келген ізімен кері қайтпақ ойда еді. Кенет алдан бір қалыппен барабандар үні естілді. Доктор жолын бөгеген шырмауықтарды қолымен үзіп, аяғымен аршып, ілгері жылжыды. Барабан үні, дабырлаған дауыстар бірте-бірте жақындап келеді. Әлдебір жерде жасырын, құпия әрекет жасалып жатқандай аса жаңғырығып, қатты шуламайды.

Доктор ағаш арасынан индеецтердің қызылкүрең жоталарын, түрлі-түсті қауырсын қалпақтарын көріп қалды да, жүгіре басып, ентігіп алаңның жиегіне тоқтады. Айналдыра бөренелер қойылған, оңаша шағын алаңда индеецтер билеп жүр. Бұлшық еттері білеуленген 40 шақты жас жігіттің қолдарындағы жуан таяқтар барабан екпінімен ілесіп, сарт-сұрт соғысады. "Бум! "Бум!"

- Жорық биі! - деді доктор Бейкер қалтырана күбірлеп. - О, тәңірім, мынау жорық биі ғой!..

Сайыпкерлер бір шегініп, бір қосылып, ырғақтан жаңылмай, таяқ қағыстырып, көңілді үнмен гу ете қалады.

- Һа!

Бірақ жүздерінде күлкі. Қимылдары жеңіл. Әлі терлемеген. Аяқтарын ұштарынан басып, бір-бірінен шегініп кетеді де, жалт бұрылады. Таяғы да бетпе-бет келіп, сарт-сұрт қақтығысып өтті. Бірте-бірте қимылдары тездей түсті. Барабандар сартылы да жиілеп, күшейіп барады. "Бум-бум-бум-бум!!!"

Әлден уақытта қимылдарына мүлде көз ілеспей кетті. Бірақ ешкім ырғақтан жаңылған жоқ.

- Һа-а!

Бишілердің жүздерінен күлкі ізі жойылып, көздерінде ашу-ыза, қанды кектің жарқылдаған ұшқыны ойнады. "Бум!"

"Жорық! Қанды жорыққа шақырады. Бум! Қасиетті ата-баба құны үшін, қатын-бала қаны үшін, ақырғы жорыққа, қырғын айқасқа шығыңдар! Жорық! Дүниенің соңғы тынысын ерлікке арнайық! Бум! Ең соңғы рет қасиетті жорыққа!! Ең соңғы рет! Бум! Қане, баста!"

- Һа-һа!!

Доктор шамырқанып, көзін жұмды. "Шіркін, мына дүниені талқан қылып қиратар ма еді!" - деген кекті дәме өн-бойына шымырлай тарап, би ырғағымен теңселе берді. "Бум! Қайда біздің даңқты күндеріміз?!!.. Оралмайтын күндер үшін! Бум! Өлгендер үшін!.. Жер үшін!.. Ақырғы рет... Бум!"

Иңдеецтердің қызылқоңыр жоталары термен жалтылдап, етек жапқыш етіп байлаған жіңішке, ұзын жапырақтары қатерлі ұрысқа шақырғандай беймаза, тынымсыз суылдайды.

Доктор тынысы тарылып, галстугін ағытты. Дәл осы сәтті ол сонау ес білген күннен бастап тағатсыз күткен тәрізді. "Жорық биі, - дей берді күбірлеп. - Дәл осылай билейтін..."

"Бум!.. " Соңғы барабан үні дүңк ете қалды да, тынып қалды. Би аяқталды. Терге малшынып, ауыр ентіккен индеецтер көздерінің оты сөніп, бастары салбырап, қажыған, таусыл­ған түрмен бір-біріне үн-түнсіз мөлие қарайды. Әлдекім туристерден ақша жинай бастады.

Доктор дір ете қалды. Теріс айналып, ағашқа сүйенді. Кедір-бұдыр, тастай қатты қабықтар шынтағына батты. Ауырған сайын батыра түсті. Батырған сайын басқа біреуді қинап жатқандай жаны кіріп, айызы қана түсті. "Әлде де қинар ма еді, жанын көзіне көрсетер ме еді" деген, өзіне-өзі өшіккен бір сезім тұрған секілді көкейінде.

- Доктор, - деген жұмсақ үн естілді ту сыртынан. Доктор Бейкер полковникті даусынан таныса да қозғалмай тұра берді.

- Доктор, мен сізді іздеп, шарқ ұрмаған жерім жоқ. Бұл араға қалай тап болдыңыз?

Доктор жалт бұрылды.

- Араку тайпасының мекенін білесіз бе?

- Араку... дейсіз бе? Араку тайпасының мекені Рибейро селосынан аса қашық емес.

- Рибейро?..

- Иә, Рибейро. Сондай фабрикант болған. Этнографтардың айтуынша араку осыдан 60-70 жылдай бұрын сол село тұрған төңіректі жайлаған екен. Рибейроның бандиттерінен тас-талқан болып жеңілгеннен кейін ығысып, тіршілікке қолайсыз аудандарға шығып қалған.

Доктор Бейкер қалтасынан орамалын алып, тер бұршақтаған маңдайын сүртті.

- Жүріңіз, - деді содан кейін шаршаған үнмен. - Аралайық. Бәрін де аралайық.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір