Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6831 0 пікір 30 Қараша, 2012 сағат 09:37

Жанар Байсемізова. ЖҮРЕКТІҢ ЖҰЛЫМ ЕТІ...

;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

 

 

Шетелдіктер асырап алған қазақстандық жетім балаларды жоқтаған сапар АҚШ-тан басталып еді. Тура бір жыл өткен соң қаракөздерді іздеп, Кәрі Құрлыққа жол тартық.

 

;hl=ru_RU&rel=0" />;hl=ru_RU&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

 

 

Шетелдіктер асырап алған қазақстандық жетім балаларды жоқтаған сапар АҚШ-тан басталып еді. Тура бір жыл өткен соң қаракөздерді іздеп, Кәрі Құрлыққа жол тартық.

 

Бельгия корольдігі - Батыс Еуропадағы кішкентай ғана мемлекет. Тіпті жер көлемі жағынан Алматы облысы аумағындай ғана десе болады. Еуропалық өлшемнің өзінде Бельгия корольдігінің территориясы тар саналады. Бір қарағанда бұл ел сәулетті үйлері, орта ғасырларда салынған зәулім сарайлары тізілген, тіпті ағаштары да түзу өсетін, мұнтаздай таза мемлекет - әдемі ойыншық сияқты әсер қалдырады. Бельгиялықтардың өздері «біз ойыншық мемлекетпіз» дейді. Бірақ мәдениеті, экономикасы жағынан талайды шаң қаптырады. Осындай кішкентай ғана жерде он млн-нан астам халық тұрады. Бельгиялықтардың 75 пайызы католик, 500 мың мұсылман бар. Иудаизм, провослав, протестанттар да жетеді. Бізбен салыстыруға мүлдем келмейді. Тәуелсіздік алғанына 180 жыл болған мемлекеттегі негізгі ұлт - бельгиялықтар өте бай тұрады. Мемлекеттік билік саясаты да сол мемлекетті құраушы  ұлттың ыңғайына сай жүргізіледі. Бас-басында баспана. Бельгия халқының 58 пайызы фламандықтар, ал 31 пайызы валлондықтар. Қалған он бір пайызы этникалық топ өкілдері. Жалпы ресми түрде Бельгияда 900 мың шетел азаматы өмір сүреді. Солтүстігінде Голландиямен, шығысында Германиямен, оңтүстік-батысында Франциямен шектесетін елде нидерланд, француз, неміс тілі мемлекеттік тіл болып саналады. Бірақ үстемдік негізгі ұлттың ана тіліне берілген. Оқу орындардында сабақ нидерланд яғни фламанша жүргізіледі, мемлекеттік емтихан да осы тілде тапсырылады. Қазақтар сияқты ұланғайыр алқапты иеленіп жатпаса да экономикасы өрістеген, Еуропадағы бай мемлекеттің бірі. Дегенмен бізге Бельгия да, Бельгияның байлығы да маңызды емес. Бізді алаңдататыны - Бельгиядан бақыт тапқан  қазақстандық жетім балалардың жағдайы.

1. Фламанд Брабанд провинциясы, Бирбейк елдімекені

Тай Азаес-Талгат Жалдашев. Туған жылы  09.07.04. Алматы, №3 Балалар үйі.

Талғаттың үйі ауылдың шетінде орналасқан. Бельгияның ауылдары да қаладан кем емес. Он мыңдай халық тұрады. Біздің қараша ауылдармен салыстыру тіпті қисынға келмейді. Талғатты асырап алған әкесі медицина саласында, ал анасы хатшылық қызмет атқарады. Ал, осыдан бір жыл бұрын ғана Талғат Алматыда шауып жүр еді. Қазақтың жерінде туып, тілі қазақша шыққан қара бала үшін қазір ана тілі бөтен. Қазақша сайрап жүрген балғын Белгияға келген соң ұмытқан бәрін. Небары екі ақ айдың ішінде бөтен жұрттың тілінде сөйлеп кеткен. Шетелдіктер Талғатты асырап аларда балалар үйінде түсірген бейнетаспаны сақтап қойыпты. Оның «Ана» туралы әнді қазақша айтып жатқанын көргенде жанарға жас үйіріліп, жүрек сыздады. Бейнетаспада Талғатқа тәрбиешісі қайшыны қалай ұстау керектігін қазақша үйретіп жатты. Қазір бөтен жұрттың тілінде жылмай сөйлетйін Талғат өзінің өткен өмірін тек компьютерден ғана көре алады. Мүмкін сананың саңылауында бір сезім қалған да шығар. Бірақ бара бара ол да ұмытылады. Балалар үйіндегі тәрбиешінің жарқын жүзі ғана елестейтін болар. Бірақ сол алыста қалған елестер ішінде туған анасының бейнесі жоқ. Қазақ баласын бауырына басқан шетелдік ерлі-зайыптыларды Талғаттың бірден бөгде тілді меңгеріп кеткені  қатты таңқалдырыпты. Өте алғыр дейді. Бельгиялық отбасы Талғаттың есімін  өзгертіпті. Өйткені нидерланд тілінде Талғаттың соңғы қосымшасы жамбас деген ұғымға келеді екен. Шетелдік ата-ана өскенде Талғат өз атынан қорланбасын деп осындай шешім қабылдаған. Қазақстандық сот Тал дегенге келіспеген соң Тай деп атаған. Осылайша Талғат Жалдашев бір демде Тай Азаес болып шыға келді. Қазақтың баласын бауырына басқан Люк Азаес пен Мари Роуздың өз кіндіктерінен тараған 26-19 жас аралығындағы екі қызы бар. Олар есейіп кеткен соң, ерлі-зайыптылар бала асырауға бел шешкен. Ең бірінші Қытайдан алады, кейін көрші жатқан Қазақстанға көз салады. Талғат пен Мантай бір біріне көрші жатқан елден екендерін де біледі екен.  Осылайша қытайдың  қызы қазір біздің Талғаттың әпкесіне айналды. Екеуінің жұптары жазылмайды.

Мари РОУЗ: -«Мантай қызымыз сабырлы, ұялшақ, ал Тайдың мінезі ашық, адамдармен тез араласып кетеді, өте ақылды бала. Шапшаң қимылдайды. Не айтсаң да қағып алады. Бізге азиаттық түр өте ұнайды. Жасымыз егде тартқан соң бала асырап алайық дедік. Ең бастысы жетім балаға бақыт сыйлағымыз келді, мейірімге бөлегіміз келді. Өйткені балалар отбасында өсу керек. Бұл Құдайдың алдында өте сауапты іс. Жетім баланың басынан сыйпап, оған махаббатыңды білдіруден асқан жақсылық жоқ шығар. Біз Тайды өте жақсы көреміз, оның тәрбиесіне қатты көңіл бөлеміз. Ол болашақта үлкен азамат болады, біздің сенімімізді ақтайды. Біздің іс-әрекетіміз оған үлгі болады».

Талғат кемтар болып дүниеге келген. Шаранасының қолының шолақ екенін көрген туған анасы бірден бас тартыпты. Шақалақты перзентханада қалдырып кеткен. Ұрпағына тек есімді ғана қалдырыпты. Тегі белгісіз, тұқымы бөлек қазақ баласынан әкелік қамқорлығын аямайтын бельгиялық азаматтың пікірін тыңдағанда кемтар балғынның қорлықтан құтылғанына шын жүрегіммен қуандым. Люк Азаес,-«Біз оның мүгедектігі туралы  басынан ақ білдік. Бірақ бұл бізді шошындырған жоқ. Бельгияға әкелген соң  дәрігерге  қараттық, ол Талғат есейген соң  протез салуды өзі шешсін деп айтты. Өйткені көптеген балалар протез салдырғанмен көп қиналады екен. Сонымен Талғатымыз кейін протез керек десе, салып береміз. Ол өзін кемтармын деп есептемейді, бізге ешқандай қиындық келтірмейді». Талғат қазақтың туының түсін әлі ұмытпапты. Қазақстан туралы үлкен кітапты ақтарып тауып алып, бізге мақтанышпен көрсетті. Табақ толы тәтілерді маған ұсынғанда «Таудай бол» дедім. Ол үнсіз басын изеді. Нидерланд тілінде «Рахмет тәте» деді. Менің не айтқанымды түсінген жоқ. Бірақ жамандық тілемегенімді біледі. Жақсы тілек айтқанымды да іштей сезеді. Осылайша қазақтың екі баласы бірін бірі  тілмен емес, көзбен ғана ұғындық.  Мари РОУЗ-«Тай өзінің түп-төркінін біледі. Асырап алған бала екенін, қазақ жерінен екенін де ұмытпайды. Балабақшада  Қазақстандағы жетім балалар үйлерінің суретін де салған. Біз Қазақстан туралы кітаптар сатып аламыз, Тай оны тастамайды, балабақшаға алып барады. Түрлі елдердің мәдениеті мен тарихы туралы шара өткенде Тай Қазақстан туралы баяндама жасаған. Біріншіден біз оның ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға болып қалғанын сақтағымыз келеді. Егер болашақта Қазақстанды көремін немесе кіндік қаны тамған жерге ораламын десе қарсы тұрмаймыз. Оның әр шешімі біз үшін маңызды».

Қазақтың қара баласына қазақтан артық жақын болған Мари Роуз Талғаттың туған баламнан кем көрмеймін, ол да бізді туған әке-шешем деп қабылдайды. Біз бір бірімізге тез үйреніп кеттік дейді. Жетімсіреп жүрген баланың ана мен әке махаббатына сусап қалғанын анық аңғартса керек бұл сөздер. Бельгиялық жұп католик дінін ұстанады. Бірақ Талғатты әлі шоқындырған жоқ. Бұл елде мұсылмандар да көп. Қай дінді қабылдайтынын Талғаттың еншісіне қалдырыпты. Шетелдіктер қазақ баласының қазақтың тарихына, мәдениетіне, тіліне жетік болғанын қалайтыны көңілге медеу болды. Ер жеткенде еліне барғанда Талғаттың қазақшаға қысылып тұрғаны ұят болады дейді. Жетім балалар үйінде жүрсе Талғат аш қалмас еді, бірақ қазіргідей жағдай, молшылық болмас еді.  Ең бастысы ата-ана мейірімінен қағылар еді.

 

Антверпен провинциясы. Дессел қаласы.

2. САЛТАНАТ ДИДАНОВА-САЛТАНАТ БЕРТЛС

3. АИДА САДЫҚОВА-АИДА БЕРТЛС

Салтанат Қазақстаннан асырап алынған Бельгиядағы тұңғыш қазақ қызы. Бір жарым жасар бүлдіршінді Абайдың жерінен Еуропаға алып келгенде бүкіл ақпарат құралдары шулапты. Қазір 11-ден асты. Өз қандарынан жаралған екі ұлы бар Анами мен Пол Салтанаттың есімін өзгертпеген. Тек тегі ғана ауысты. Ол енді Салтанат Бертлс. Балалар үйінің бастығы бельгиялық отбасына - «бұл қызды алмаңыздар, басқасын берейік  өзі аурушаң, сал болып қалуы мүмкін, аяқ-қолдарын әзер қимылдатады»,- деген екен. Алайда  шетелдіктер осы қызды қалаған. Анами Салтанатты бес жасынан бастап гимнастикаға берген. Оның денсаулығының түзеліп кетуіне  осы үлкен ықпал етіпті. Семейден келген Салтанат өте талантты, ұқыпты, ақылды қыз. Гимнастикадан Олимпиадаға қатысуды армандайды.  Салтанат: -«Мен Қазақстанда туылғанымды жақсы білемін. Кішкентай кезімде асырап алғаннан кейін де мен менің есімде ештеңе қалмады. Қазақстанның елордасы Астана екенін білемін. Мектепте әлем елдерінің мәдениеті күнінде Қазақстан туралы баяндама жасадым. Мен ата-анамды өте жақсы көремін. Олар маған жақсы қарайды. Не қаласам соны орындайды. Мен оларға өмірлік қарыздармын. Ағаларымды да жақсы көрем, олар маған үнемі көмектеседі».

Салтанат бұл сөздерді таза қазақша айтты деп ойлау арман. Бүлдіршін кезінде елінен кеткен қара қыздың есінде қазақ тілі қайдан қалсын. Тілі нидерландша шыққан Салтанат енді өзін таза бельгиялықпын деп есептейді. Қара көздері ғана біздің қанымыз екенін байқатады. Өте ибалы. Қазақ қызына тән қасиеттер бойында төгіліп тұр. Шашы да ұзын. Анасына  шашымды кестірем деп бірақ қиғылық салыпты, бірақ Анами қазақ қыздарының шашы ұзын болуы керек деген соң райынан қайтқан.   Салтанат: «Мен сіздердің қазақ балаларын іздеп келгендеріңізді, олардың қалай өмір сүріп жатқандарын көру үшін келгендеріңізді білемін». Анами мен Пол Салтанатты асырап алғаннан кейін Қазақстандағы балалар үйлеріне жиі қолдау көрсетіп отырған. Осындай сапарларының бірінде тура сол Салтанатты алған балалар үйінде төрт жасар бүлдіршін Анамидің етегіне орала кетіпті. Кішкентай ғана қыз бала, -«тәте мені алып кетіңізші» деген екен. Анами бейкүнә бүлдіршіннің қорғансыз кейіпі есіме түскен сайын көзіме жас келеді дейді. Өстіп Әй-әй тәтелеген Аиданы да асырап алады бельгиялық отбасы. Айта кетерлігі балалар үйінің тәрбиешілері бұл қызды да дерт меңдеген, мерез бен сары ауруға шалдыққан деп қара аспанды төндірген екен. Алайда бір тоқтамға келген ерлі-зайыптылар бұны естігенде шоршып түспеген. Бельгияға әкеле салып, ауруханаға апарған. Дәл осы кезде қазақстандық дәрігерлердің қызды құр дәрімен улап тастағандары, дені сау екені анықталған. Аида жылқыға өте құмар. Ата-анасы тегіне тартқандығы ғой деп жымиысады. Аида сегіз жасынан бастап аттың жалын тартады. Еуропалықтарша қопаңдамай, жылқының үстінде отыру мәнері де ерекше. Ипподромға арнайы барып, сіңіліміздің аттың құлағында қалай ойнағанын тамашаладық. Қатты толқып тұрғаны бірден білінеді жүзінен. Барлық ықылас Аидаға ауған. Оның атқа мінгенін бүкіл қазақ жұртының көретінін айтқан анасы. Сондықтан да қазақтардың алдында ұятқа қалмау үшін қаршадай қыз намысқа тырысып бақты. АИДА: -«Менің әпкем Салтанат мектепте Қазақстан туралы баяндама жасағанда жылқылар туралы да жазған. Қазақтардың  жылқыны өте қадірлейтінін және жылқымен аңға шығатыные білемін. Аттарды бала кезімнен жақсы көремін. Олар сұлу. Мен қазақ болғаннан кейін, қанымда осы қасиет қалған деп ойлаймын». Аидаға өзіңді қазақпын деп есептейсің бе әлде бельгиялықпын деп санайсың ба деп сұрағанымызда ол 50/50 деп жауап қатты. Екі жаққа да тәнмін деген сөзі жүректі ерітті. АИДА: -«Өскен кезде Қазақстанға барғым келеді, атамекенімді көргім келеді өз көзіммен. -Қазақ тілін үйренгің келе ме? -Білмеймін бұл тіл маған өте қиын сияқты». Төрт жасында елден кеткен Аида қазір он екіге аяқ басты. Өскенде дәрігер болғысы келеді. Анами мен Пол қызымыздың бұл мамандықты таңдауы тегін емес, ол өте мейірмді, ешқашанда ашуланбайды дейді. Біздің де тегіннен тегін келмегінізді ұғады қаршадай қыздар. Түрімізден ұқсастық тауып, жылы ғана күлімсіреп қояды. Қанның бәрібір жібермейтінін, арамызда көзге көрінбейтін  нәзік жіп барын сезіндік. Осылайша Салтанат пен Аидаға аналық мейірім мен әкелік қамқорлық сыйлаған жандар олардың бір тал шашын түсірмей бағып-қағып жатыр. Олар да өздері десе ішкен астарын жерге қоятын бельгиялық ерлі-зайыптыларды  жақсы көреді. Бұның бәрі көрер көзге анық байқалып тұрды. Бельгиялық отбасының шаңырағынан қазақтың қара домбырасын да, қымыз құятын тостағандарды да ұшырастырасың.  Шетелдік ерлі-зайыптылар қыздарынан ешнәрсені бүгіп қалмай, олардың қазақ топырағында жаралғандарын айтып отырады.

4. АСЫРАП АЛҒАН ҚАЗАҚ ОТБАСЫНАН ОПА ТАПАҒАН ҚЫЗ

Шыгыс Фландрия провинциясы, Темза каласы.

Жанна-Әйгер1м-Кеймелен-Көздебаева. Туылған жылы 28.11.04. Алматы.

Бес жасар Жанна осы уақытқа дейін қасіреттен көз ашпады. Тауқыметке толы тағдыры ақырында  маңдайынан сыйпады. Жаннаның жүрегіне екі рет жара түсті. Алғашқысында туған анасы безінді баласынан. Екіншісінде асырап алған қазақстандық отбасы қайта өткізді балалар үйіне. Өгей әке-шеше екі жасар балғын тамақты көп жейді деп шағым айтыпты. Қазір Жанна бес жасқа келді. Екі жылдан бері бельгиялық отбасын бақытқа бөлеп келеді. Осылай қазақ өз перзентіне мешкей деп мекіренетін жағдайға да жеткен. КЕсірімізді Алла кешірсін деп күрсінгеннен басқа амал жоқ Жаннаның тұңғиық жанарынан именген сәттерде. Ең ауыры қазақтардың жетімекке кесірі туралы мақаланы Жаннаны бауырына басқан Франки Кеймелен мен Линда Брюгеман әлі күнге сақтап қойыпты. Жаннаны асырап алып, есімін Әйгерім деп өзгерткен отбасының масқара тірлігі «Комсомольская Правда» газетінде 2007 жылы жарияланған. Еуропаға барып, мұншама жер боламыз деген ой келмепті бізге. Екі жарым жасар бүлдіршінді  жары жыл баққан Айгүл Нұрымбетова,-«бұл қыз өте ашқарақ, тамақты екі баламнан асып, опырып жейді, маған алдап ауру баланы бердіңдер»,- деп Балалар үйінен моральдық шығын талап етіп, сотқа бермек болыпты. Жетімін жылатпаған ұлттың осынша қатыгезденгені бүкіл Бельгияға әшкереленді. Бір перзентке зар болған шетелдік отбасы Жанна десе ішкен астарын жерге қояды. Айналып-толғанып, бар жиған тергендерін алдына қойып, мәпелеп өсіріп жатыр. Бұл асыра айтқандық емес. Ақиқат осы. Алғашында бұларды жатсынған Жанна қазір шетелдік әйелден бір елі қалмайды. Линда Брюгеман:Алғашында қатты қиын болды. Ол бізге жақындамай, жанына жолатпай жүрді.  Тағы тастап кетеді деп қорыққан шығар. Біз оны шын жақсы көретінімізді, енді балалар үйіне өткізбейтінімізді сездіру үшін бәрін жасадық. Сегіз ай бойы жаныма алып жаттым. Құдайға шүкір, әйтеуір сеніміне кірдік. Қазір біз Жаннасыз, ол бізсіз өмір сүре алмаймыз. Қызымыздың өткен өміріне қатысты әңгімені мүлдем қозғамаймыз. Жүрегін жаралағымыз келмейді». Линда Жаннаның тәрбиесі үшін хатшылық қызметін тастап үйінде отыр. Ал, әкесі жүк көлігінің жүргізушісі. Бірақ тапқан табыстары жетіп артылады. Ас та төк дүние.  Қазір Жаннаның жүрегін жонып откен зұлым күндер алыста қалды. Денсаулығын да да кінарат жоқ. Қазақшаға жүйрік қара қыз Бельгияға келе сала нидерланд тілінде сөйлей бастаған. Линда Брюгеман: «Жаннаға дейін жарым көңіл болдық. Өзімізді толыққанды отбасы сезінбедік. Қазір біздің шаңырақтан күлкі арылмайды. Әлемде қаншама бала бар ата-анасы жоқ, бақытсыз күй кешіп жүрген. Солардың біреуін бақытты еткенімізге қуанамыз. Бала асырап алғанға дейін еркін болдық, ешқандай жауапкершілікті сезінбедік. Қазір бізде үлкен жауапкершілік пайда болды, қызымызды өсіріп, жақсы тәрбие беруіміз керек. Сол үшін тырысамыз, сол үшін жұмыс істейміз». Жанна табанды, өзіне не керек екенін біледі, мінезі өте жайдары  дейді қазақ қызының қылығына тоймаған шетелдіктер. Жаннаның бұл жақта достары да көп. Анасының етегіне оралып жүріп Қазақстанда түскен суреттерін көрсетті. 2008 жыл, Жанна тәрбиеленген балалар үйінің, тәрбиешісінің суреттері самсап тұр. Бельгиялықтар қандай болса да Жанна  қайдан келгенін, қай ұлт екенін ұмытпаса екен дейді. Глобустан Қазақстанның қайда орналасқанын да дәл табады. Әке-шешесі де қыздарына сенің атамекенің өте үлкен деп жатты. Үлкен өте үлкен. Бірақ сол алып далаға маржан түйіріндей бір қыз сыймады. Сыйғызбадық. Жанна бізге де бірден жақындамады. Қайтарда ғана құшақтап, бетінен сүйгізді. Қоштасып, көлікке отырдық. Бұрылып, артыма қарадым. Жанна біз ұзап кеткенше соңымыздан қарап тұрды.... Ол әлі ешнәрсені ұмытқан жоқ....

Жалпы, Бельгияда Жаннамен тағдырлас қазақтың төрт баласы тұрады. Дүниеге келмей жатып тастанды атанған сәбилерді кейіннен асырап алған қазақ отбасылары балалар үйіне қайта өткізген. Бір қазақ әйелі  баласынан айырылған соң жетім баланы бауырына басыпты. Алайда  ұлының қазасынан айыға алмаған келіншек тұлдыр жетімектің көзін жәудіретіп қайта әкеп тастаған. Қазір ол бала бес жарым жаста. Есімі Едгар. Бельгияда тұрады. Біз оған бара алмадық, жол шалғай болды. Жалпы, жетім балаларды асырап алып, кейіннен олардан бас тартқан қазақстандық отбасылардың саны төрт жүзден асады.  «Маған сорасы аққан, ауру, дені дұрыс емес бала беріпсіңдер» деп жанжал шығаратындар көп кездеседі.

5. Антверпен провинциясы, Боргерхаут қаласы.

Кайрат Спортсманс-Данағулов. Туылған жылы 01.12.08. Алматы.

Біз барғанда қазақтың маңдайына сыймай кеткен Қайрат алаңсыз ұйықтап жатыр екен. Әкесі терезені ашты. Бөлмеге күн сәулесі түскен бойда, сәл ғана дыбыстан Қайрат оянып кетті. Жұмыртқаның уызындай аппақ бала екен. Жан-жағына таңырқай қарайды, жүздері бейтаныс, бірақ, қаны бір, соншалықты  жақын адамдарды көріп аңырып тұрып қалды. Қайраттың бөлмесіне бельгиялық ата-ана қазақтың көк байрағын іліп қойыпты.  Ұйқысынан оянған ұлының бетінен шөпілдетіп сүйіп жатыр. Көрініп тұр, біздің Қайратты қатты жақсы көретіні бельгиялық азаматтың. Қолыма алып көтердім, көзіме тесіліп қарап тұрды да түрі бөтен адамға қарай  жалт бұрылып, жылап жіберді. Жатырқамай қайтсін, жат бауыр боп өскен ұрпақ...

Асыраушылары киім ілгішке дейін Қайраттың есімін жазып қойған. Оның әлі тілі де шыққан жоқ. Шетелдік ерлі-зайыптылар менің бауырымды, яғни қазақтың баласын айналып-толғанып жүр. Анасы ұлының ең әдемі киімдерін шығарып жатыр. Іздеп келген әпкесінің алдында ұятқа қалмайық дегені шығар. Алыстағы Еуропада қазақпен жолықсаң туған бауырдай болады екенсің. Бауырымды өзекке теуіп, енді іздеген жүрісіме лағнет айттым.

Қайрат Бельгияға желтоқсанның басында ғана келді. Алты ай бұрын  ол Алматыда еді. Он жыл бойы бір перзнетке зар болған отбасы қазақтың бір түйір қанын жатсынбаған. Қайратты әке мен ана мейіріне бөлеген шетелдік шаңырақтың шаттығында шек жоқ. Игор Спорсманс «Тойото» компаниясында қызмет істейді, әйелі Элс Вехолендердің мамандығы медбике. Бұл үй бай тұрады. Қайраттың ішкені алдында, ішпегені артында. Жалғыз ұлды мәпелеп, өсіріп жатыр. Қайраттың өзі де бақытты сияқты. Тек, тегімнің жалғасы, әулетімнің шырағы деген ата сүйегі қабірге сыймай жатқан шығар. Игор Спорсманс:-«Бірінші минуттан ақ Қайраттың біз үшін жаралғанын, арамыздағы байланысты сездік. Бұл сезімді, сол кездегі толқынысты айтып жеткізе алмаймыз. Қайрат біздің ұлымыз. Біз оны жанымыздан артық жақсы көреміз». Жасымыз қырықтан асқанда бұндай бақыт бұйырады деп ойламаппыз, қазір біз он жылға жасардық дейді шетелдік ерлі-зайыптылар. Қайрат осы босағаның табалдырығын алғаш аттағанда қазақтар сияқты қонақ шақырып, бесік той жасапты.

Элс Вехолендер: -«Басында әрине қатты қиын болды, біз оның қай уақытта тамақ ішетінін, қай уақытта ұйықтайтынын білмедік, біз де Қайрат та бір бірімізге үйренгенше қиналдық. Бірақ бұның бәрі тәтті шақтар. Бала деген бақыт қой, өмірімізді байытты. Ол келісімен үйіміз күлкіге, қуанышқа толды. Қайрат бір күн сияқты бұған дейінгі сүреңсіз өмірімізді шуақтандырып жіберді. Бізге жаңа өмір сыйлады. Қазір көшеге шықсақ та бізге бұрылып қарамайтын адам жоқ. Барлығы ой қандай сүйкімді бала, көздері қандай әдемі деп айтады. Осындай сөздерді естігенде төбеміз көкке жеткендей болады». Қайратты туған қазақ қызы алты сағаттан соң шаранасын перзентханаға қалдырып, өзінің аты-жөні туралы жалған ақпарат беріп, тайып тұрыпты. Осылайша алты айлық алаш баласы Бельгиядан бір ақ шықты. Перзентінен безінген әйел тағдыр тәлкегіне тастаған ұлын ойлап, аңсап, зарыға ма екен?... Есер қылығына өкінеді ме екен? Бірақ өткенді қайтара алмайды. Қайратты қанша іздесе де таппайды.     Игор Спорсманс: «Қайраттың шешесін полиция іздеген екен бірақ аты-жөнін өтірік айтқан соң таба алмапты. Қайрат деп сол перзентханадағы медбикелер атаған. Ал, тегі анасы берген жалған  фамилия, сонда да біз оны өзгерткен жоқпыз. Данағұлов қылып қалдырдық. Қайрат деген есімнің де мағынасын жақсы білеміз. Ұлымыз өскенде қайратты болсын, өмірдің ешқандай қиындығына тайсалмайтын қажырлы болсын дейміз. Мен  балаларын тастап кеткен адамдарға түсіністікпен қараймын. Олардың жағдайлары солай болған шығар. Тағдыр ғой. Бірақ мен ешуақытта баламнан тартынбас едім». Қайраттың ата-анасы католиктер. Ал, Қайраттың кім болатыны әзірге белгісіз. Әкесі: «Біз оны әлі шоқындырған жоқпыз. Бұл таңдауды оның өз еркіне береміз. Ол өзі таңдайды католик болғысы келе ме, жоқ әлде мұсылман дінінде қала ма, мұны өзі шешеді. Бұған араласпаймыз. Бізге бұл маңызды емес. Ең бастысы жақсы тәрбие берсек, өсірсек, қызығын көрсек сол да жетеді»,- дейді. Біздің елден бала алуға құмар Американдықтар көбінесе сау бүлдіршіндерге жүгірсе, бельгиялықтарға бұл басты нәрсе емес. Елден кетіп жатқан дімкәс қарагөздерді олар баптап, барлық жағдайын жасап, дертінен құлан таза айықтырып алады. Қайраттың да денсаулығына кінәрат бар. Физиологиялық ауытқушылықтан зардап шегеді. Туылғаннан кейін аяғында ісік пайда болған. Бельгиялық мамандар бұл ешқандай қауіпті емес, өскен соң операция жасап, алдыртып тастауға болады депті. Ең бастысы бельгиялық жұп Қайрат есейгенде қазақ екенін түсіндіреміз дейді. Көзі ботадай жәудіреген балғын қазір бәрінен бейхабар. Алаңсыз өсіп келеді. Жанындағы құрақ ұшып жүрген шетелдіктерден асқан қамқоршы да, қолдаушы да жоқ ол үшін. Қазақтың кішкентай жетімегін төбесіне тұтып, көкке көтеріп жүр бельгиялықтар. Қазақстаннан кәмпиттер алып келіпті Игор мен Элс. Сақтап қойған. Қайрат оң солын танығанда алдына қоямыз, туған жерінің дәмі ғой дейді. Ал, біз «дәм тартсын сені балапан» деп іштей тілек тастадық...

6. Антверпен провинциясы. Дюрне қаласы.

Олег Ванробайс-Софиев  Туылған жылы 30.06.06. Алматы.

Олег Софиев деген бүлдіршінге  барамыз дегенде көз алдымызға орыстың сап-сары баласы елестеген еді. Келгенде таңырқап тұрып қалдық. Сөйтсек бұл да қазақтың тұқымы екен. Олегті жетімдер үйіне өткізген анасының ұлты  орыс, әкесі қазақ бодып шықты. Биыл ол төртке  толды. Қазіргі әкесінің ұлты кәріс, оны да кезінде бельгиялық отбасы асырап алған. Полиция бөлімінің бастығы, зайыбы қалалық әкімдікте хаштылық қызмет атқарады. Бельгиялық отбасылардың көпшілігі балалардың есімін өзгертпейді, ал кейбірі азан шақырып қойған атын екінші есімі ретінде қалдырады. Қазір Олег Софиев-Хектор Ванробойс болған. Шетелдіктер үшінші балалар үйінен оны бір жарым жасында алып кеткен. Ерлі-зайыптылар ұлымыз көпшіл, қонақ келгенде қатты қуанады дейді. Олегтің денсаулығы жақсы, бірақ ақыл ойының дамуында тежеу бар. Ата-анасы келесі жылы оны арнайы терапиядан өткізбек. Шетелдіктер Олегті  асырап аларда оның салмағы аз, ақыл ойы дұрыс жетілмегенін білген, бірақ бельгиялықтар бұл баладан бас тартпапты. МАМАСЫ: «Біз қазір Қазақстаннан екінші бала алайық деп жатырмыз, әзірге қыз ба ұл ма білмейміз. Бұл аса маңызды емес. Ең бастысы бала алғымыз келеді. Қазір соған асығып жүрміз». Көшпенділер ұрпағы өсіп жатқан жат үйден «Көшпенділер» фильмін де кезіктіресің. Жетім баланы бауырына басқан ерлі-зайыптылардың жақсы адамдар екені бірден байқалады. Баланы жан-тәнімен жақсы көреді. Риясыз күлкі, жүректен шыққан мөлдір мейірім сырт көзге де білініп тұр. Хектар бұл шаңыраққа сегіз жылдан кейін келген шаттық.  

7. Фламанд Брабанд провинциясы, Херенд қаласы

Ерлан Бирбейк-Ерлан Қатабаев, туылған жылы 2007 жыл, 9 мамыр. Алматы.

Ерлан құлдыраңдап қолды аяққа тұрмайтын бала екен. Артынан қуып жүріп ұстап алдық. Қимылы шапшаң, көз ілестірмес жылдамдықпен жүгіреді. Құлап жатса да жыламайды. Ерлан Алматыдағы 1-балалар үйінен бір жасында кеткен Бельгияға. -Сәлем Ерлан!, -«Салем» -Ой білесің  бе қазақша? Атың кім сенің? Ерланның сәлем деген сөзін естігенде құйқам шымырлап кетті, оның қазақша білмек түгілі түсінбейтінін ұғып тұрсам да, бір үміт пен бір күдік айқасып кетті. Бірақ қуанышым көпке созылмады, Ерлан артынша маған мүлдем түсініксіз сөздерді былдырлап айта жөнелді. Әрине Бельгияда тұрғанына екі жыл болған бала қалай ана тілді білсін. Қазір Ерлан үштен асты. Әкесі Брюссельде Әділет министрлігіне қарасты Прокуратура қызметкері. Анасы телекоммуникация саласында жұмыс істейді. Қырыққа келгенше карьера қуып, сәби сүймеген жұптың қазіргі бар қуанышы қазақтың баласы.  Дирик БИРБЕЙК: -«Біз баламызға жақсы тәрбие бергіміз келеді. Ес білгеннен кейін оған асырап алғанымызды айтамыз, қазірдің өзінде Ерлан Қазақстаннан екенін біледі. Ол білу керек өзінің  туған жерін». Дирик Бирбейк  Қазақстаннан тағы бір қарагөзді алмақшы. Құжаттары да дайын тұр. ГААГА конвенциясына қатысты ережелер қабылданған соң тағы бір жәудіркөз бельгиялық атанады. Католик дінін ұстанатын отбасы Ерланды елге әкеле салып, бір жасында шоқындырған. Ерланның қылығына тоймай отырған кезде осы үйге тағы бір қара қызды көтеріп, бір қонақ келді.

8. САРИТА БАҒЫЗБЕКОВА-ВАНДЕРБЕЙКЕН

Бұл қыздың есімі Сарита. Ол да Алматыдан.  Бельгиялық екі отбасы қазақтың балаларын алғаннан кейін ғана танысқан, қазір араласып тұрады. Ерлан мен Сарита да бір бірін жақсы таниды. Ерлан Сарита көрген бойда құшақтап, бетінен сүйіп жатты. Сарита қазақ қызына тән қасиетпен ұялып, тартыншақтап тұрды. Қазаққа бөгде атты балалар үйінің тәрбиешісі қойыпты. Үнді фильміндегі басты кейіпкердің есімі екен. Сарита Еуропаның балаларына ұқсмайды. Өте ұялшақ, бірден адамға жақындамайды. Әкесі: «қызымның мінезі қырсық, тегіне тартқандығы болар, айтқанынан қайтпайтын қайсар қыз», дейді. Сарита да Бельгиядағы өзге қазақ балалары сияқты еш нәрседен қыжалат көрмей өсіп жатыр. Асырап алған әкесі мультимедия маманы, анасы телекоммуникация жүйесінде жұмыс істейді. Бұл отбасы да қазақтан тағы бір бала алуға құмартып жүр. Сарита әлі мұсылман дінінде. Әрбір жас бала Исламға бейім, таза, пәк болып дүниеге келеді, оның әке-шешесі я христиан қылады, я отқа табынушы етеді деген Пайғамбарымыздың хадисі еске түседі осындайда. Жақында Саританы да өз діндеріне бұрады ата-анасы. Қазір қаршадай ғана, тәмпіш мұрын қара қыздың Бельгияда өмір сүріп жатқанына екі жыл болды. Әкесі нидерланд тілінде «Қызым, қазақтар келді» деп айтып жатыр. Бірақ Сарита әлі ешнәрсенің байыбына жетпейді. Өскенде анам мені неге тастап кетті екен, Қазақстан неге мені Бельгияға берді екен деп ойлайтын да шығар. Бәлкім тасбауырлар отанын ұмытуға тырысар...

БЕЛЬГИЯДА ТАСТАНДЫ БАЛА ДЕГЕН ТҮСІНІК ЖОҚ.

Бельгиялықтар ешуақытта перзент інен безінбейді. Сол себептен де бұл елде жетімдер үйі жоқ. Тек қараусыз қалған балаларды уақытша оқшаулау орталықтары жұмыс істейді. Ол мекемелерде  иммигранттардың, көбінесе сығандардың балалары тәрбиеленеді. Жалпы, Бельгия Қазақстаннан бала асырап алу жағынан  үшінші кезекте тұр. Тәуелсіздік алғалы бері мұнда ағылған қазақстандық балалар саны 343-ке жеткен. Тек Былтыр ғана бельгиялық отбасылар 26 қарагөзді бауырына басыпты. Бельгияда өмір сүру деңгейі жоғарылаған сайын адамдар өмірге ұрпақ әкелу қабілетінен айырылып жатыр. Сондықтан да олар  бәріне дайын, баланың денсаулығын түзеу үшін ешнәрседен тартынбайды. Бельгиялықтар балажан, өздері сәби сүйе алмағандықтан да шығар, асыранды балаларға ерекше сүйіспеншілікпен қарайды. Өгейсіту жоқ. Ойыншықтар да барлық жерде шашылып жатады. Бұл Бельгияда қалыптасқан дәстүр. Үйдің іші қанша кең болса сонша жерді баланың меншігіне береді. Ойыншықтардың шашылып жатқаны олар үшін керемет дүние. Қазір Бельгия корольдігінде тұрып жатқан қазақтар бас тартқан төрт жүзге жуық бүлдіршіннің 250-ден астамы Алматы мен Алматы облысынан  асырап алынған балалар. Олардың басым бөлігі елдің Фландрия өлкесінде тұрады, ал француз аймағында үш бүлдіршін бар. Қазақстандық жетімектер ана тілі мен ата дінінен мақұрым. Көпшілігін әкеле салып шоқындырған. Болат ӨТЕГЕН-ҚР БЕЛЬГИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КОНСУЛЫ: «Әрине жүрегің ауырады,  әсіресе өзіміздің қарадомалақ балаларды көрген кезде көзіңе жас алғың келеді. Өмір бір орында тұрмайды ғой, олар да біздің қоғамның бір мүшесі ретінде бақытты болуға, жақсы өмір сүруге олар да тең құқылы ғой». Болат Өтеген бұған дейін шетелдік азаматтар тарапынан қазақ баласына қағажу көрсеткен фактілер тіркелген жоқ дейді. Бельгия корольдігіндегі  Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаевтың және Консул Болат Өтегеннің ұйымдастыруымен жылына бір рет Қазақстаннан асырап алынған балалардың басы қосылады. Алайда  жиі араласпаған соң өкінішке орай  қарагөздер түп-төркінін ұмытып жатады. Болат ӨТЕГЕН-ҚР БЕЛЬГИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ КОНСУЛЫ:  «Қазақстаннан асырап алынған балаларға қазақтың мәдениетінен, дәстүрінен мағлұмат беретін экспонаттар жасаймыз,  қазақ тағамдарын әзірлейміз. Елшілік атынан қазақ әндерінің шығу тарихы жайында, орындалуы, қазақ билерінің орындалуы туралы мәлімет беріп, концерт ұйымдастырамыз, балаларға кәде-сыйлық береміз, оның ішінде қазақтың бұрынғы ертегілері қазақша-ағылшынша, қазақша-французша жарияланған ертегілерін сыйлыққа тартамыз. Қазақстан жайлы мағлұмат бар дискілер таратамыз». Қазақтың балалары қазаққа жат болмасын деген ниетпен біз де  қазақтар туралы деректі фильмді сыйладық. Бұл туындыны күзге салым Бельгияның түкпір түкпірінен жиналатын қазақстандық балалардың барлығы тамашалайды. Бұдан қарагөздер ұлттың дәстүріне, тіліне қанық болып кетеді демейміз, бірақ  олардың санасында ұлтқа қатысты ұйықтап жатқан бір түйсік оянады деп ойлаймыз. Шөкімдей болса да бір ақпарат қалса дейміз. Бұл шараны Салтанат пен Аиданың анасы Анами және оның құрбысы вьетнамдық қызды бауырына басқан Аник Йорис құрған агенттік ұйымдастырады. Қарагөздер мен олардың ата-аналары қатысатын жиында қазақтың ұлттық тағамдары да, салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысы да жасалады. Мұның бәрі жаттанып бара жатқан бүлдіршіндердің түп-тамырын ұмытпауға бағытталып отыр. Бельгиядағы «Кішкентай ғажайып» деп аталатын ұйым  2006-ші жылы ашылған. Бұған дейін бельгиялық азаматтар қазақ балаларын өз беттерінше әкетіп отырыпты. Енді олар тікелей тек осы ұйым арқылы ғана Қазақстаннан бала асырай алады. Агенттік бала сую бақытынан айрылған отбасыларға қатысты барлық мәліметтерді жан-жақты талдап, зерттеп болғаннан кейін ғана көмектеседі. Осылайша үш жылдың ішінде 168  балғын бала сүю бақытынан айырылған бельгиялықтарға беріліпті.  Анами ПАСКОЙЗЕ- «HET KLEINE MIRAKEL» АГЕНТТІГІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Біз Қазақстандағы балалар үйлеріне қаржылық, материалдық көмектер көрсетеміз. Бельгияда қайырымдылық шараларын өткізіп, түскен қаражатты алып барамыз. Жалпы,   бельгиялық ата-аналар қалаған баланы асырап ала алмайды. Біз оларды барлық жағдайға дайындаймыз. Олар Қазақстанға бара жатқан кезде қандай баланы алатындарын білмейді. Ауру бала бола ма, сау ма, олар үшін бұл маңызды емес. Ең бастысы  бельгиялықтар балалы болғандарына шүкір дейді. Негізінен біздің азаматтар асырап алатын сәбилердің басым бөлігі аурушаң. Өздері емдетіп, операция жасату керек болса жасатып, адам қатарына қосады». Бұл агенттік Қазақстаннан басқа Польшамен де жұмыс істейді. Бірақ поляктар шетке тек ауру балаларды ғана береді. Польшаның заңы осындай. Ал, Қазақстаннан бала асырап алар кезде оның денсаулығында кінәрат болса бұл ата-аналарға ескертіледі. Қазір Бельгия азаматтары қамқорлығына алған қазақстандық бүлдіршіндердің ішінде СПИД, мерез сияқты қатерлі кеселдерге шалдыққан балалар көп. АННИК ЙОРИС-«HET KLEINE MIRAKEL» АГЕНТТІГІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Бельгиялықтар асырап алған балалары кіндік қаны тамған жерінің, ұлтының  құндылықтарын білсе екен дейді. Қазақстаннан бала алған соң қазақтың мәдениеті, тарихы бәрі-бәрі маңызды олар үшін. Бельгияға келген соң үш айдан кейін біз сол отбасылар туралы қайтадан мәлімет жинаймыз. Баланы қалай тәрбиелеп жатыр, қалай қарайды  деген сияқты. Қазақстандық бала кәмелетке толғанша  оның бүкіл өмірі біздің көз алдымызда болады деп айтсақ артық емес. Он сегіз жасқа дейінгі жиналған ақпараттар, олардың суреттерін консулға жіберіп отырамыз. Елшілік ол мәліметтерді Қазақстанға жолдайды». Осы тұста Қазақстанның шет мемлекеттердегі консулдық қызметтері бала асырап алуға ниет танытқан азаматтардың құжаттарын қабылдауды 24 мамырдан бастап  уақытша тоқтатқанын айта кету керек. Бала беруді тоқтаттық дегенге масаттанудың қажеті жоқ. Өйткені ГААГА конвенциясына байланысты ережелер дайындалған соң қазақ балалары қайтадан ағылады шетелге. Қазірдің өзінде бізден бала алған бельгиялық отбасылардың отыз пайызы қайтадан қазақ баласынан дәмелі. Олардың құжаттары Қазақстаннан бала асырап алумен айналысатын агенттіктікте қаралуда. Қазақстанның Бельгиядағы консулы Болат Өтегеннің айтуынша Конвенцияға сәйкес енді агенттіктер заңды түрде жұмыс істеуге тиіс болады, осымен қатар олардың жауапкершілігі артады. Балалардың тұрмыс-тіршілігін қадағалау қатаң болады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖЕТІМ БАЛАЛАР ҚАНША ТҰРАДЫ?....

Бельгиялық азаматтар қазақ баласын алу үшін Қазақстанға үш рет барып қайтады. Орташа есеппен әр отбасы балалы болу үшін 18 мың евро жұмсайды. Ал, агенттік көрсеткен қызметке 1250 евро төлейді.

Сапарымыздың соңында Кастрле қаласында Қазақстаннан бала асырап алған тағы жеті отбасымен кездестік. Олардың арасында қазақ елінен бірнеше баланы бір ақ алғандар көп болды. Шұрқыраған қаракөздердің арасында отырғанда сананы сан ойлар қаузады. Мұнша көп баланың бәрі Қазақстаннан әкетілген дегенге сенгің келмейді. Көкек ана баланы соңғы рет көріп, қатал шешім шығарған кезде бұл бүлдіршіндер ештеңе сезбеген. Олар қазір алаңсыз ойнап жүр. Өскен кезде қазақы мінез оларда болмайды. Бұл балалар адамшылыққа ғана бас иетін космополит буынға айналады. Өйткені, бөгде адамдардың құшағанынан бақыт тапты, аналық-әкелік махаббатқа бөленді. Саританы бұл жиынға атасы мен апасы ертіп келіпті. Тәмпіш мұрын қара қзы саусағын аузына сала береді. Осы кезде балалар үйінің бір бөлмесінде шырқырап жылаған жетім қыздың дауысын естігендей боласың. Анасы келмейтінін білген сәби қолын аузына салып, қалың ұйқыға кеткендей. Түсінде бейтаныс адамдар оны жетелеп алып барады...

Жәудіркөздерді жанынан артық бағалаған бельгиялық отбасылар Қазақстанға алғыстарын жаудырып жатты. Қазақ жерінде балаларын туып, тастап кететін опасыз адамдар болмағанда олар бала сүю бақытын сезінбес еді. Рахмет саған Қазақстан! ...Бізде әлі сіздерге беретін бала көп. Таңдағандарыңызды алыңыздар дегеннен басқа не айтарыңды да білмейсің... Қазақстанда әлі 47 мыңнан астам жетім бар, олардың 85 пайызы қазақтар.

ҚАЖЫТАЙ ІЛИЯС-АҚЫН: «Қазақ осыншама жердің иесі, осы жердің үсті де асты да жетеді қаншама миллион жетім болса да, шеттегі ұрланған-жырлаған ақшаны әкеліп, осында ана балалардың несібесі ғой, есі кірмеген, ақылы кірмеген кристалдай сәби ғой, оның ішінде  Махамбет те, Абай да жүруі мүмкін, Олжас та, Сәкен Тұрысбеков те, Бекболаттар да, Саттарханов та, кешегі Қажымұқан да жүруі мүмкін.  Кім көрінгенді заң қылып ап, жетімдерді сатуға болмайды. Ешкімнің қылшығы да қисаймайды».

 

PS  Осылайша қазақ керек етпеген қарагөздер өзге ұлттың қамқорлығына бөленді. Олар енді жетімдіктің азабын тартпайды. Қазақ балаларының жүзінен қайғының табы кетіп, қуаныштың лебі ескенін көріп сүйсінесің. Олар енді төрт дүниесі түгел ортада өмір сүреді. Балалық шақтары да баянды болатыны даусыз. Бірақ бәрібір де қазақ жерінен бүтін бір ауыл үдере көшіп кеткендей жүрек сыздайды...

 

«Құның сенің аспай қалды қалтадан,

Қаңғытты да қайырымға тар қоғам...

Осы ұшақпен у-заһарың ұлғайып

Біздің елге келе көрме қайтадан....»

Жанар Байсемізова

Бельгия-Брюссель-Антверпен, Фламан Брабанд провинциялары

«Abai.kz»

0 пікір